Өлеңдер ✍️
Көңіл
Құлын-тайдай тебісіп, тепкілесіп,
көңіл шіркін көлді ұрттап, кекті кешіп,
қызыл-жасыл дүние оттарына
көкпарына — дүрліккен — кетті ілесіп!
Ақталды ма үміті, ақталмады,
қайғылыға қарамай қақпандағы,
түк қалдырмай ұйтқыды жан-күйімен,
қарды үйірген борандай ақпандағы.
Тілегінің барлығы бекер ме еді,—
той-думан да биікке көтермеді,
жақсыға да бұрылмай, тапшыға да,
жалғыз барып жұлдызға жетем деді.
Кіріп-шықпай есіне ырым бары,
бата жасар жаққа да бұрылмады.
Айлаға да жоқ еді,
пайдаға да,—
қайда ғана, құдай-ау, ұрынбады!
Жол ұзарып жастықпен арадағы,
байлыққа да бұрылып қарамады.
Бақ-дәреже тұсына тоқтамастан,
топтан асқан дәмеде...
барады әлі.
Қарсы алдынан берсе де күзі қылаң,
тудырмапты ешкімге ізі күмән,—
Бәрі соның — өмірдің тәттілігі,
бәрі соның — тірліктің қызығынан!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter