Өлеңдер ✍️

  23.07.2021
  165


Автор: Сәкен Иманасов

Ылайым ықтиярсыз ырқыңды алса

Ылайым ықтиярсыз ырқыңды алса,
жүреміз жүз құбылып, жұртым қанша,—
бас шұлғып барлығына
енді бірде
көкиміз
көмейіміз жыртылғанша!
Елеңіз енді келіп елемеңіз,
айтуың, қайтуың да келеді егіз.
Жатып кеп баламызды жамандадық,
біткенше діннен безіп немереміз.
Бесіктен белі шықпас бала көріп,
болды ма бой көтерер далада ерік.
Көзіміз, сөзімізді төңкердік кеп,
өзіміз баяғыдай қала беріп.
Қылышты, ер ұстайтын, езге қиып,
ырысты ел басына сөзбен үйіп,
Айналып келе-келе келемежге,
болмадық қаншама бір көзге күйік.
"Батырың" ат орнына мінбе мініп,
ақының тыңдайды оны күнде егіліп.
Бәлденіп, бәлсінбей де отыр құдай,
кім білсін, қалсын дей ме үргені үріл.
Жыртыла берсін дей ме тегін көмей,
кім білсін, отырғанын неге үндемей,
Күнәдан арылтар ма, тарылтар ма,
бір күні жарылқар ма жерін кедей.
Әзірге тірлігіміз көңілге дем,
өзгеріп бара жатыр өмір деген.
Ән қайда — еңсемізді көтергендей.
дән қайда — көкірекке себілмеген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу