Өлеңдер ✍️

  23.07.2021
  132


Автор: Сәкен Иманасов

Аң-таң боп тұрмын ақ таңда

Аң-таң боп тұрмын ақ таңда,
кеудемде, қарғам, қайғы үдеп.
жақсы өсіп келе жатқанда,
қалайша жолдан тайды деп!
Апарған айдап қандай дәм,
келді ме шын-ақ сорлағың,
Жетелеп барып шалғайдан,
жықты екен сені орға кім?!
Ақталмай тағы үмітім,
тәңірім басқа салды әлек.
Қинала берем күні-түн,
менен де кінә бар ма деп.
Тәлімім теріс кетпек пе,
таңдатпай дұрыс жолды да,
Орысша берген мектепке
өзімнен бәрі болды ма?
Қай құдай мені қарғаған,
мүмкін бе көзге жас алмау,
Аңғалдау едің, жан балам,
азырақ алаңғасарлау.
Қалдың ба содан алданып.
малданып мадақ сөзді бір?
...Жасынды біраз жалға алып,
өтпесін, деші, тез ғұмыр!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу