Өлеңдер ✍️

  22.07.2021
  189


Автор: Сәкен Иманасов

Жайым да мәлім, күйім де

Жайым да мәлім, күйім де,
бесінге қарай күн ауып,
оңаша жатып үйімде
ойланған болам бірауық.
Айтылды біраз далбаса ән,
қызуы қысқа өтті жаз,
бойымды жаза алмасам,—
болды ма көрген тепкім аз!
Тозығы жеткен, көйлектей,
болды ма тірлік бұл қалай?
Ой жеткен жерге — бой жетпей,
амалдың құрып тұрғаны-ай!
Көнбейтін ешбір дәріге,
кеудемді жеген түрлі у бар,—
алдымды орап,
әлі де
алдайды күліп бір қулар.
Не болар екен ендігі ел,
тағынан тағы құлады Ар.
Ақылға бәрін жеңдірер,
таппадым ойлап бір амал.
Күнікейіңмен күң бірдей,
қазағым, қандай жұрт едің.
Азамат Ерің жүр білмей
қылышын кімге сілтерін.
Жайымен кетпес жақсылар,
жазылар бойы деген ек,—
берекесіжоқ "бақсылар"
басыма шықты-ау, не керек!
Жобалап атып жүр мерген,
жораға мүлдем жүрмей сын.
Кіжініп барып,
кімдермен
күресеріңді білмейсің!
Бесінге қарай күн ауып,
келе алмай ешбір түйінге,
Осыларды ойлап бірауық,
жатам да қоям үйімде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу