Өлеңдер ✍️
Көктемгі жыр
...аяқ асты жылып күн,
елжіретіп, келді жетіп қылықтым,
ызғарды да,
мұз, қарды да кешегі,
томсырайған қыздарды да ұмыттым.
Аспанды ығыр еткен бұлты құр кетпес,
басталды бір күлегеш күн, жүрдек кеш,
құстарым да,
құштарым да мәз еді,
дұшпаным да болып кеткен дүрмектес.
Қыс бойына қыр арқасы сірескен,
қызғалдақтар қылтия ма күнестен,
құтты күнім мерекеге айналып,
шықты бүгін жазылмаған жыр естен.
Алақаны қышығанға азды-кем,
Алатау да айырықша мәз білем,
еритіні анық тегі қырда қар,
қылаң беріп қалып еді жазғы рең.
Соны көріп —
теріскейдің желі өктем,
ашуланып,
алты қырдан бері өткен,
Жүзіқара қызына ма, қайтеді,
күннің көзі бұзыла ма кенеттен.
Бұрынғыдай — оразасы, айты аман,—
сәуірде бір сәруар тірлік айта ма ән
деген едім,— бәрі қалып жайына
күн суытып кетер ме екен қайтадан?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter