Өлеңдер ✍️

  22.07.2021
  98


Автор: Сәкен Иманасов

Қилы күндер

Кешелер мынау аспанды
тұрғандай едім мен тіреп.
қилы бір күндер басталды,—
тірлігім кетті тентіреп.
Келді ме дүние дерті анық,
көміліп күлге күлгенім,
кеудемді түгел өрт алып,
не болып кетті —
білмедім!
Бірімін деуші ем ірінің,
пірімін деуші ем мен де елдің,
естілмей қалып тұр үнім,
есірік жандай сенделдім.
Кешелер менің сөзімді
тыңдайтын еді жұрт ұйып.
Танымай тұрмын өзімді —
талықсып жүрек, үрпиіп.
Есе де алмай жүрдім бе,
қолыма берген ескекті —
көбейіп дұшпан бір күнде,
тоң-теріс болып дос кетті.
Көлденең жатқан тасты алып,
бізге де мойын бұрды кім,
қилы бір күндер басталып,
қыңсылай қашты тірлігім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу