Өлеңдер ✍️

  22.07.2021
  152


Автор: Сәкен Иманасов

Күнәңді

Күнәңді,
кінәңді де сан кешіре,
Көніп ем,
азабыңның әммесіне.
Өтінем бір құшақта балқып тұрып,
сен мені ендігәрі алма есіңе.
Тындырар ендігі айтқан өкпе нені,
Мақтаудың, даттаудың да жоқ керегі,
Өтінем:
сыртымнан тек сөз етпеші,
«Жап-жақсы жігіт еді»,— деп те мені.
Кім білсін...
маған дақ па, саған дақ па,
кетерміз артымызға алаңдап та,
Әйтеуір өтінерім, бір еркекке
көзіңше мақтатпа да, жамандатпа.
Жанымның шұғылалы жарқылы едің,
білмеппіз бұл өмірдің шарты көбін.
Мен жайлы сөз етпе де, сөз еткізбе —
өзіңнен осы ғана бар тілегім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу