Өлеңдер ✍️
Самарқанға сен неге бармай қалдың?
Бұралған балдырғаным,—
талдай балғын,
бұйырмай қойды-ау дәмі шалғайлардың!—
Уәде беріп тұрып,
ере тұрып,
сен неге Самарқанға бармай қалдың?!.
Уәде бере тұрып,
көне тұрып,
айтар деп кім ойдаған сені өтірік,
Соншама сенгеніме,
енді егіле,
біржола жүрсін деп пе ең мен өкініп?
Қасында құрақ ұшқан жанды кермей,
қалқам-ай, қалай ғана қалдың ермей?
Жұптасып жүрмес пе едік
біз де бүгін
Самарқан барып қайтқан барлық елдей!
Шағынам енді, жаным, өзге кімге,
Жас толып шыға келді-ау кезге мүлде,
Уәде бере тұрып,
ере тұрып,
айнып-ақ қалғаныңды сезгенімде.
Себебі болды деп бір бармайтындай,
азырақ не де болса, алдай тұрмай,—
Самарқан сапарына сақтап жүрген
көп сөзім
көкейімде
қалды айтылмай!..
Жаным-ай, жағада өскен талдай балғын,
бұйырар дәмі қашан шалғайлардың!
Уәде беріп тұрып, ере тұрып,
қайтейін,
Самарқанға бармай қалдың!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter