Өлеңдер ✍️
Інілерге реніш сөз
Жел өтінде тұра қалған топсыңдар,
әлі сендер көретін де кеп сын бар.
Дара құрмет дәметердей әзірге
жеке шауып жау түсірген жоқсыңдар!
Ерлік те әлі бұйырмаған сендерге,
бұлдайтының не, жұрағат, сонда елге?
Шөлдер ме әлде –шабан арын жетпеген,
ағаларың ат суарған көлдер ме?
Тұғыр болса деп тілейтін зауларға,
бір асуын алдырмаған таулар ма?
Сендер барып таба қояр қазына,
сендер жалғыз шаба қояр жау бар ма?
Ауыздағы ана сүті кеппестен,
батырлардай бұлданасың от кешкен –
Дара туған ұлан ба едің шетіңнен,
қыран ба едің көкірегін кек тескен?
Біз самғаған аспан шығар ұшпағың,
біз таңдаған жастар шығар құштарың.
Билейтінің – біздің ырғақ баяғы,
илейтінің – бір терінің пұшпағы.
Алдарыңда емес пе еді шырқар күн,
неге бұлай буырқана бұрқандың?
Астыңдағы арғымақтың өзі де
тұяғы ғой біз үйреткен тұлпардың!
Туған жердің тектісі тек сендер ме?
ептісі тек, беттісі тек сендер ме? –
Ата барын, аға барын аңғармай,
орын тілеп тұрғандарың төрден де.
Көзді қадап туылдырық, түңлікке,
Көкке қарап жатып алып күндікке,
Сендердей бір іні туар түбі деп,
босқа лағып, түк бітірмей жүрдік пе?
Өскендей-ақ таңырқамай-таңданбай,
Өрісті елдің өнегесін малданбай,
Қиылып кеп,
сұрайсыңдар сыбаға,
құйылып тек көктен түсе қалғандай?!
Құрмет үшін қырқыспай-ақ кіл сендер,
біз жаққа да мойын бұра жүрсеңдер –
Ата жолын қумап па едік біздер де,
бір анадан тумап па едік, білсеңдер!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter