Өлеңдер ✍️

  22.07.2021
  127


Автор: Сәкен Иманасов

Бір ақбоз ат түсіме көп кіреді

Тұлпар туар тұқымы,
текті ме еді,
бір ақбоз ат түсіме кеп кіреді.
Қаншама рет қыр асып,
құйғытып кеп,
шырт ұйқыдан оятып кетті мені.
Асау өскен
даланың еркін малы
Ерді аңсай ма еңсегей
өр тұлғалы,
ағызып кеп,
арқырап тұрады-ау бір
жарқ-жұрқ ете жарқырап ер-тұрманы.
Қайшыланып
қамыстай қос құлағы.
ақырана ойқастап,
осқырады.
Үзеңгісі сыңғырлап,
іздеп келіп,
ауыздығы алынбай бос тұрады.
Қаншама рет осы бір арғымақ ат,
желіп келіп,
жер тарпып,
қалды қарап.
Талқан қылып тасты да тау асты ма,
қарақшыдан қашты ма
қандыбалақ!
«Ақбоз мініп атойлар қазақ қайда?» –
деп те мені,
кім білсін,
мазақтай ма?
(Қылп еткенін, қайтейін, ішім ептеп),
Тыным бермей тұрады
кісінеп кеп...
Бала жастан
қаныма ғұрпы сіңген.
не жақсылық жасадым жұрт үшін мен?
Азаптай ма соны айтып,
мазақтай ма,
бір ақбоз ат шықпай-ақ жүр түсімнен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу