Өлеңдер ✍️

  22.07.2021
  143


Автор: Сәкен Иманасов

Қиқу сала шыққанда бәрі ұмтылып

Қиқу сала шыққанда бәрі ұмтылып,
Кейін қалып қойдым ба сәл іркіліп?
Асау шабыт қалыпты аласұра,
Жанарында жап-жасыл жалын тұнып.
Ұран сала тиіс те өр тірлікке,
Ақ шабыт, аларыңды еркін бүкте!
Қайтадан саңқ-саңқ етіп самғашы бір,
Қайта шыққан қырандай еркіндікке.
Осылай айқайды бір асырып ап,
Кетейін пенделіктен қашығырақ,
Көгінде жай отындай жарқылдайын,
Бір күшпен басқалардан басымырақ.
Ұшып-ақ кетердей боп мүлде құздан,
Тақа бір таусылғанша тілдегі ізгі ән.
Көрейін қас жүйріктей аңырап шын,
Бүйірі дүбір десе күнде қызған.
Қалмайын қайдағыны жиып-теріп,
Самғайын сеніменен биікке еріп.
Тұрайын туған жерге жүрегімнің
Шырынын жомарттықпен құйып беріп.
Сен жақтан алай-түлей күркіреп күн,
Төнгенде түсі бөлек бұлты көктің,
Қалайын құлақ түріп сарынына,
Қосардай арыныма бір тың екпін.
...Халқым, мені осылай сынап түсін,
Жетпесе құйғытуға қуат-күшім,
Шырқап-шырқап барып ап,
Жоқ болармын
Бір шыңнан табаныңа құлап түсіп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу