Өлеңдер ✍️

  22.07.2021
  156


Автор: Сәкен Иманасов

Жайым жоқ жасып

Жайым жоқ жасып
күрсінбек,
Төрт жағым бүгін түп-түгел.
Тындырмай түкті жүрсің деп,
Сірә бір қабақ шытты ма ел?
Астана болды тұрағым,
Баспанам да бар төбемде.
Асқақтау айтып қыр әнін,
Атым да жүр ғой өлеңде.
Қарасам,
тегі бар бәрі
Бәрі де бар-ау, наныңдар,
Бір жігіттің-ақ арманы –
Қылығы қыздай жарым бар.
Барымды бердім мен де елге,
Бұғуды тіпті білмеді ар.
Тартысар жерге келгенде,
Тіліп бір түсер тіл де бар.
Бас қоса қалған сәттерде,
Бағамды біліп қай-қашан, –
Қасқайып барып
Қақ төрге
Бәріңмен қатар жайғасам.
Жақсылармен де дәмдеспін,
Кездесіп көрдік көп қызбен.
Көркі де болып сан кештің
Көңілді күндер еткізгем.
Кей-кейде «бөсіп» мен енді,
Жүре алам кейде үн қатпай,
Қазақы қара елеңді
Жазар да ем бір күн құрғатпай.
Бедірейіп тұрған тіл өтпей,
Мен емес пендең Жат бауыр,
Болмай-ақ қойсын жібектей, –
Мінезім де бар тәп-тәуір.
Бар шығар деймін ақыл да,
Атағым да елден кем емес.
Жақыным түгіл,
Жатым да,
Жаманға мені теңемес.
Туысым да бар, дос та бар,
Жалғыздай қоймас мені ешкім.
Үлесінен өзі бос қалар,
Ынжық та жігіт емеспін.
Алдымнан атар ақ таңға
Айнымас айқын сенім бар,
Ауырлай берген шақтарда,
Арқамды сүйер елім бар!...
Тағдырға өкпем бар қандай?
Таттым ғой бәрін десем де,
Қызықтан маһрұм қалғандай,
Қысыла қарап осы елге,
Аққандай кері күрт ағын,
Қояды көңіл орнықпай.
Ұшқыр ма деген тұлпарым,
Жүргендей болып жолды ұтпай.
Ерсі де болар ендігім –
Кеудемді күпті от керней,
Тықыршып ұзақ мен бүгін
Тыншыға да алмай кеткендей.
Не болды деумен мен кейде
Отырам ұзақ сарыла.
Бір ойлар маза бермей де
Қойды ғой көптен тағы да.
Не жетпей тегі,
Не жетпей,
Елеңдей берем әр үнге.
Қойсам ба тіпті сөз етпей,
Кеудемнен қуып бәрін де...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу