Өлеңдер ✍️

  22.07.2021
  5420


Автор: Сәкен Иманасов

Еске алу

Қайран менің қасиетті,
нұрлы Анам,
қанша ғана қызығыңды ұрлағам! –
Алыс кетіп,
аңсатыппын,
қасыңнан
шығармағың келгенде де бір қадам!..
Тірлігіңде айтпадың ба ашып-ақ, –
күлдің де өттің –
жүрдім деппін асырап..
Ой мен қырды аралаттым, деппін-ау,
түскеніне қарамаппын шашыңа ақ!
Көрмей кетіп ел қарасын,
үй маңын,
қаншама жыл хат та жазбай, қинадым.
Сарқылмаған сағынышың, ішіңе, кім біледі,
қалай ғана сыйғанын!
Қабағымнан дос қаймығып,
жау үркіп,
сен дегенде жасамаппын тәуір түк.
Немереңді жібермедім қасыңа, –
кәрі кісі
ала ма деп,
ауыртып...
Ақ көңілі
аңқылдаған баладай,
қайран ғана қасиетті Анам-ай,
кеттім алыс,
күні-түні жол тосып,
мені күтіп жүргеніңе қарамай.
Киім бүтін,
шәйің дайын,
дайын нан, –
жүріппін-ау кем күттім деп қай ұлдан,
маңдайымнан айына бір сыйпатпай,
қанша ғана қызығыңнан айырғам!
...Елден ұзап кетіп еді бір балам,
болды бүгін көкірегім күнде алаң, –
хаты келсе –
жарылардай жүрегім,
хат келмесе –
тарылардай бұл ғалам.
Соның бәрін отырмын-ау енді ойлап,
қалай ғана аңғармағам мен бейбақ, –
ешкім мені күтпесін де езіңдей,
маңдайыма бітпесін де сендей бақ!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу