Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
22.07.2021
124
Сөзін де жұрттың ауырлап
Сөзін де жұрттың ауырлап,
Сергитін бір сәт іздесең,
Жүрсеңші біздің ауылға-ақ,
Қонаққа жүрші бізге сен.
Жеңілдеп бірден зіл дене
Жұмақ бар десе – сенер ең,
Құшағың толып гүлге де,
Құлпырып шыға келер ең.
Ерер ең небір «мықтыға»
Ерсілеу ісі байқалмас.
Көңіл жаққа алып шықты ма,
Құмарың қанбай қайтармас...
Көрер ең күнде кіл қызық
Көп болып кел,
Не жеке кел,
Астыңа тұлпар мінгізіп,
Көтеріп алып кетеді ел.
Шалқая құшып шаттықты,
Бақыттың көлін кештің бе,
Апталап-айлап жат, тіпті,
Ауырлай қоймас ешкім де...
Шығар-ау естен қайғы-мұң,
Реніш,
барлық өкпең де,
Алдияр келдің айдынын,
Аймалай жүзіп өткенде.
Жасарып жүре берер ең
Тап-таза таңды қарсы алып,
«Жұрт еді мынау не деген,
Не деген ел!» – деп,
Тамсанып...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter