Ертегілер ✍️
Жыл шежіресі
Бұл өзі январь айының аяғында болған оқиға. Өршелене соққан боран өте қорқынышты. Қарлы боран көшелер мен қиылыстарды қуалай соғады. Қар үйлердің терезелерін бітеп тастап, шатырдан түйір-түйірімен сырғи құлап жатыр. Ал жел әрлі-берлі өткен кісілерді қуалай түсуде. Олар бір-бірімен беттесіп, иық қағысып, бірінен-бірі мықтап ұстап бір мезетке аялдағанша зыр жүгіріп, құстай ұшатын. Күймелер мен аттар бейне бір опа жағып алғандай. Жалшылар өз орындарында, күймелерге сырт беріп, желге арқасын тосып тұр. Ал жаяулар қалың қарда әрең ілбіп келе жатқан күймелерді тасалап, желден құтылуға тырысуда. Ақыры боран басылды-ау дегенде, үйлердің іргесін қуалай қары тазаланып, жалғыз аяқ жол салынды. Жүргіншілер мезгіл-мезгіл бір-біріне соқтығысып, иық түйістіріп қалған сәтте кім алға түсер екен деп тосқан күйі тұрып қалатын: ешқайсысының да басқаға жол беріп, бірінші болып күртік қарға аяқ басқысы келмейтін. Енді, міне, іштей түсініскен секілді, екеуі де қаймықпастан қалың қарға қадам басты, бірақ бір аяқтарын ғана салды.
Кешке қарай боран сап басылды. Нақ бір сыпырып, тазалап қойғандай аспан шайдай ашылып, жарқырап кетті, ол тіпті биіктеп әрі мөлдірлене түскендей. Ал жұлдыздар болса қайта тазалап қойғандай көгілдір оттарын жарқыратып, ұшқын шашып тұр. Аяз буғаны соншалық, таңертеңгілік қардың беті тас боп қатып қалыпты. Торғайлар қарға батып кетпей, үстіне ұшып-қонып секектеп жүр. Олар бір омбы қардан екіншісіне ұшып барып та, тазаланған жалғыз аяқ сүрлеумен секіріп те жүр, алайда еш жерден жейтін дәнеңе таба алар емес. Торғайлар едәуір-ақ тоңды.
— Шиық! – деді олар бір-біріне. Жаңа жылы осы ма? Ескі жылдан да жаман ғой! Ауыстырудың да қажеті шамалы еді. Жоқ, біз риза емеспіз және оның себебі де бар!
— Ал жаңа жылды қарсы алған адамдардың, иә адамдардың осыншама дуылдатқанына жол болсын! – деді жүні үрпиген кішкене торғай. Мылтық та атты, есікке соғып саз құмыраларды да сындырды, қысқасы қуаныштан бастары айналса керек. Оның бәрі де ескі жылдың аяқталуына арналуын көрмеймісің! Енді күн де жылынатын шығар деген оймен мен де қуана жаздадым, бірақ сол сәтінде-ақ қуанышым су сепкендей сап болды. Аяз әдепкі қалпынан танып, тіпті қағынып кетті! Шамасы, адамдар, есептерінен жаңылып, жыл мезгілдерін ауыстырып алса керек!
— Сен де айтасың-ау! – деп оның сөзін іліп әкетті үшінші айдаршасы ағарған торғай. Олардың қолдарында өздері ойлап тапқан әлгі бір зат, өз атауларымен айтқанда күнтізбелері бар. Олардың ойларынша жарық дүниедегі жаңалық-өзгерістің бәрі сол бойынша жүретін сияқты. Мәселенің олай еместігін айтсаңшы! Кәне, көктем шықсыншы, сол сәтінде, одан ешқашан ерте емес, Жаңа жыл тусын.. Табиғатта әу бастан осындай өзгермейтін тәртіп қалыптасқан, міне, мең осы есепті ұстанамын.
— Ал көктем қашан келеді? – деп сұрады өзге торғайлар.
— Алғашқы құтанмен қатарласа келеді. Бірақ та ол соншалықты бір ықтиятты емес, сондықтан құтанның қашан ұшып келетінін күн ілгері болжап білу қиын. Айтқандайын, жалпы бұл жайлы білу мұнда, қалада мүмкін де емес қой. Деревняда болмаса мұнда оны ешкім біліп жарыта қоймас! Көктемді күтіп алу үшін сонда ұшалық. Қалай болғанда да онда көктем ерте келері сөзсіз!
— Мұның бәрі тамаша! – деді әңгімеге араласпаса да, баяғыдан шыр айналып осы жерден шықпай, шиқылдап жүрген ана торғай. – Бір ғана нәрсе толғандырады:. мұнда, қалада мен кейбір жағдайға үйреніп қалыппын, ал ондай жағдай деревняда бола ма, жоқ па беймәлім! Осында бір адамның семьясы тұрады. Олардың ойына қабырғаны тесіп, оны гүл қоятын үш-төрт бос құмырамен бекітіп қою түсіпті. Бұл, әрине, ақылдың ісі. Оның ауыз жағы ішке қарайды және қабырғамен бір деңгейлес орналасқан да, түбі сыртқа шығып тұр. Бір жақсысы, оның түбінде кішкене тесік бар. Мен содан ішке еркін кіріп-шыға беремін. Күйеуіміз екеуіміз соның ішіне ұя салдық, біздің балапандарымыздың бәрі сол жерден қанаттанды. Адамдардың осының бәрін өз рақаты үшін, өздері қызықтау үшін жасағаны белгілі. Әйтпесе олар саусақтарын да қимылдатпас еді! Олар бізге нанның қоқымдарын шашады, бұл да өздері қызықтауға арналған ал бұл қалай болғанда да бізге қорек қой! Сонымен мұнда біздің белгілі дәрежеде тұрмыс жағдайымыз бар, сондықтан күйеуіміз екеуміз осы жерде қалатын шығармыз деймін! Біз де мүлде риза емеспіз, алайда осында қаламыз.
— Ал біздер деревняға барамыз көктем келе жатыр ма, жоқ па, соны біліп қайтамыз! – деді де, өзгелері ұшып кетті.
Деревняда қыс қақап тұрған және онда қалаға қарағанда әлдеқайда суық болатын. Қар жамылған далада суық жел суыра соғып тұр. Қолына кең де жылы қолғап киген шаруа шанада отыр. Ол ішінен аязды қуып шығу үшін жиі-жиі қолын-қолына ұрып келеді.
Шыбыртқы оның тізесінің үстінде жатса да, арық аттар жортудан жаңылар емес. Олардың танауларынан бу бұрқырайды. Сырғанаған шана табанының астындағы қар сықыр-сықыр етеді. Шананың ізіне түсіп, секірген торғайлар тоңып жүр.
— Шиық! Көктем қашан келер екен! Қыс мейлінше тым ұзаққа созылып кетті!
— Тым ұзаққа созылып тұр! Қар жамылған биік төбеден шыққан дауыс жаңғырығып, даланы аралап кетті. Мұның жай ғана жаңғырық болуы да ықтимал, төбе басындағы қалың қардың үстінде отырған ғажайып шалдың дауысы болуы да мүмкін. Қария құдай аппақ болатын. Сақал-шашы аппақ болып ағарған. Үстіне кигені де шаруаның ақ тоны секілді бірдеңе. Оның ақ сұр бетінде аясы үлкен көзі ғана жарқырап тұр.
— Мына шал кім? – деп сұрады торғайлар.
— Оның кім екенін мен білемін! – деді шарбақта қонақтап отырған кәрі қарға. Ол «біздің бәріміз жалғыз жаратушының алдында ұсақ құстармыз» деген пікірді мойындайтын, осы себептен де торғайларды таңдандырған жағдайды ықылас қойып түсіндіруге кірісті.
— Оның кім екенін мен білемін. Ол Қыс, өткен жылғы кәрі әміршіміз. Күнтізбе айтқандай ол әлі өлген жоқ, қайта оған жас мұрагер Көктем келгенше уақытша ел билеу тапсырылған. Иә, біздің хандығымыздың билігі әлі Қыстың қолында! У-у! Немене, балдырғандар, жаурап қалдыңдар ма?
— Иә, мен айттым емес пе, – деді ең кішкене торғай, күнтізбенің адамдардың ойынан шығарған түкке тұрғысыз нәрсе екенін! Ол табиғатпен мүлдем үйлестірілмеген. Тегі, адамдарда қай бір сезімталдық бар дейсің? Жыл мезгілдерін бөлуді бізге-ақ тапсырса ғой, өйткені біз олардан әлдеқайда нәзік те сезімтал болып жаралғанбыз!
Апта артынан апта өтті. Орман қарайып, көлдің мұзы қатып қалған қорғасынға ұқсап кетті. Бұлттар... жоқ-жоқ, қаңғыған қайдағы бұлт?! Жер бетін түгел тұман қымтап алған. Үлкен қара қарғалар топ-тобымен ұшып жүр, бірақ та олар да тым-тырыс. Табиғат бейне түгелдей қалың ұйқыда жатқандай. Енді, міне, көл бетін күн сәулесі сипап өтіп еді, мұз еріген қалайыдай жарқырап кетті. Сай-саладағы қар көрпесінің көбесі сөгіліп, лезде өзінің жарқылынан айрылып қалды, бірақ қария қыстың ақ тұлғасы түстікке тесіле қараған күйі, әлі сол қалпында. Ол қар жамылғысының бірте-бірте жұқарып, жерге сіңіп бара жатқанында, әр тұстан жер қарайып, онда топ-топ торғайлардың бас қосқандарын да байқаған жоқ.
— Шиық! Шиық! Көктем шықты емес пе?
— Көктем! Осы үн жаңғырығы далалар мен көгалдарды аралап, кәрі ағаштар діңгегі жасыл жаңа мүк жамылған қара күңгірт орманның ішімен жүгіріп өтті. Осы кезде түстіктен бір жұп құтан көрінді. Әрқайсысының арқасында бір-бір тамаша бала отыр: біреуінде ұл, екіншісінде қыз. Жерге түсісімен балалар оны сүйіп алды да, қол ұстасып ілгері жүріп кетті. Олардың жүрген ізінен тура қардың үстіне кішкене ақ гүлдер шешек атты. Балалар қария Қысқа барып, оның кеудесіне бастарын сүйеді. Сол қас-қағым сәтте ол үшеуі де, олармен бірге бүкіл төңірек те қою, дымқыл тұман бұлтына оранып, жоғалып кетті. Сәлден соң жел соғып, тұманды түріп қуып тастады. Күлімдеп күн шығып, Қыс жоғалып кетті. Табиғат тағына Көктемнің сүйкімді балалары жайғасқан.
— Міне, Жаңа жыл деген осы! – деді торғайлар. Енді біз қыстай көрген жоқ-жітігіміз үшін сый-сыяпатқа бөленетін болармыз!
Балалар қай жаққа көз тікпесін, бәрінде де бұталар мен ағаштар жасыл бүршіктер жамылып, шөп бірте-бірте биіктей өсіп, егіс даласы да жасыл алқапқа айналып барады. Қыз жерге гүл шашудан шаршар емес. Оның белдемшесінде гүлдің көптігі соншалық қанша тауысуға тырысса да оның бәрібір азаяр түрі жоқ. Қыз жедел қимыл үстінде алма және шабдалы ағаштарына нағыз гүл жаңбырын жаудырып жіберді де, тіпті тиісінше жапырақ жамылып үлгерместен бұл ағаштар гүлге оранды.
Қыз қолын шапалақтап еді, бала да шапалақтады. Енді, міне, қайдан сая бола кеткені белгісіз, ұшып келген бір топ құс: «Көктем келді!» – деп әндетіп, сайрай жөнелді.
Төңірекке көз жүгіртудің өзі бір ғана ғанибет! Күн шуақтап құрысқан бойларын жазу және тура өздерінің сонау бір алыста қалған жастық шақтарындағыдай көгалдарды алтындай жалтыратқан сары гүлдерді қызықтау үшін бірде ана, бірде .мына үйден кемпірлер сыртқа шығып жатыр. Иә, әлем қайта жасарып кетті. Олар: «Бүгін неткен нұр жауған рақат күн!» – деп сөйлеп жүр.
Алайда, орман әлі де қоңыр-жасыл күйінде тұр, бүршік болмаса, ағаштарда жапырақ та жоқ. Оның есесіне орман алаңқайларында жабайы қияқ хош иіс атып, фиалка мен анемон гүл жайнап тұр. Барша қылтанақ біткен күш нығайтатын шырынға толы. Жерге сәнді жасыл кілем төселген. Оның үстінде бір-бірінің қолынан ұстап қыз бен бала жігіт отыр.. Көктем перзенттері күліп қойып, өсе берді, өсе берді.
Аспаннан жылы жаңбыр себелеп тұр, алайда оны елеп жатқан жан жоқ: жаңбыр тамшылары күйеу мен қалыңдықтың қуанышты көз жасына қосылды. Жас жұбайлар сүйісіп еді, сол сәтінде орман жасыл желегін жамылып үлгерді. Күн көкке күлімдей көтерілді. Ағаш біткен түгел жасыл жапырақтарға малынған.
Күйеу мен қалыңдық қол ұстасып осынау жаңа көтерілген көк шатырдың астымен жүріп келеді. Жарық пен көлеңкенің жарыса ойнақ салуының арқасында көк атаулының бәрі мың түрленіп, құбылып тұр. Анадан туғандай пәк те нәзік жапырақтар төңірегіне жұпар иісті ауа таратса, жібектей жасыл шалғын мен алуан түсті тастарды аралай қуалап аққан жылғалар мен шағын өзендер сыңғырлап, сыбдыр қағады. «Ғасырлар бойы осылай болған, болып отыр және бола да бермекші», – деді барша табиғат. Әнеки! Көкек шақырды, бозторғай шырылдады! Көктем нағыз күшіне енген.
Тек сүмбі тал ғана гүлдерінің түбіт қолғаптарын шешкен жоқ. Олардың осындай сақтығына қарап тұрып ішің пысады.
Күн артынан күн жетіп, апта артынан апта өтіп, жер қызған үстіне қыза түсті. Ыстық ауа толқыны бидай масақтарын қыздырып, олар ептеп сарғая бастады, Терістіктің ақ лотосы айнадай жарқыраған орман көлдерінің бетіне өзінің жалпақ жасыл жапырақтарын жайып тастады да, балықтар солардың көлеңкелеріне жасырынатын болды. Орманның арғы бетінде, күннің көзі қақталған жерде, шаруа үйінің ығында тұрған бақта, қытықтай қыздырған күн сәулесі астында, гүлденген сәнді раушандар мен шырынды, қара күрең ыстық жидектерге толы шие ағаштары өсіп тұр. Ол жерде біз әуелі қыз күнінде, сосын қалыңдық кезінде көрген ғажайып Жаз келіншек отыр. Келіншек бір-біріне мінгескен биік таулардай қара қошқыл бұлттарға қарап қалыпты. Олар үш жақтан бірдей көшіп келіп, ақыр соңында тасқа айналғандай, төңкеріліп теңіз сияқты боп орман үстіне төне қалыпты. Бейне бір сиқыршы таяғының емеурінін түсінгендей орман іші тым-тырыс. Жел сап тыйылып, құс біткеннің үні өшті, күллі табиғат салтанатты күту рәсіміне кіріскендей. Ал жолдар мен соқпақтарда арбалы, атты, жаяу адамдар жанталасты да қалды бәрі де найзағайдан жасырынуға асығулы. Кенет көз шағылысатындай күннің ашық сәулесі жарқ ете түсті, бейне бір күн қас қағым сәтке бұлтты қақ жарғандай, содан соң тағы да төңіректі қара түнек басып, күркіреген күннің сарыны құлақ тұндырды. Аспаннан су селдей құйылды. Жарық пен түнек, тыныштық пен күннің күркіресуі бірін-бірі алмастырып тұр.
Бастарыңда қоңыр айдарлары желкілдеген жас қоғаларды жел толқындай тербеп, жапырып жатыр. Ағаштардың бұтақтары қалың жаңбыр шілтерінен көрінбей кеткен. Жарық пен түнек, тыныштық пен күннің күркіреуі минут сайын алмасуда. Шөп пен масақ етпеттей жатыр. Олар енді қайтып көтеріле алмайтын сияқты. Әне-міне дегенше нөсер ірі сирек тамшылы жауынға ауысып, күннің көзі де көрінді. Қылтанақтар мен жапырақтардың үстіндегі тамшылар маржандай жарқырайды. Құстар сайрап, балықтар суды шолпылдата бастаса, сары масалар билей жөнелді. Теңіз толқыны соғып, көбік жуған қой тастың үстіне жайғасқан Жаз күнге қыздырынып отыр. Жаз күйеу, қуатты, бұлшық еттері бұлтиып-бұлтиып тұрған алыптың нақ өзі. Оның бұйра басынан су тасқындары сорғалай ағып, ол суық суға түсіп шыққандай жасарып, әдеміленіп кеткен. Бүкіл табиғат жасарып, әдеміленіп кетті, төңіректегінің бәрі бұрын-соңды болмағандай қаулай гүлдеп, сұлулығы көз тартып, тамылжып-ақ тұр! Жаз шықты, жылы, жанға жайлы жаз.
Қырда қалың өскен бедеден күшіңе күш қосатын таза ауа тарап, көне жиналыстар өтетін жерде аралар ызыңдайды. Жаңбыр жуған құрбан тасы күнге шағылысып жарқылдайды, бүлдіргеннің жабысқақ сабақтары оны қалың шашағымен орап тастаған. Оған ара ханымы өз ұясымен ұшып келді. Олар құрбан тасқа өз еңбектерінің жемісі балауыз бен бал қойды. Құрбандыққа шалынған тағамды Жаз бен оның өмірге құштар құрбысынан өзге ешкім де көрген жоқ. Табиғаттың осынау сый-сияпатының өзі де соларға әзірленген-ді.
Кешкі аспан алтынмен апталғандай. Онымен ешбір шіркеу күмбезінің теңесер түрі жоқ. Кеш батып, таң шапағы атқанша ай жарқырап тұрды. Аулада жаз болатын.
Сөйтіп, күн артынан күн, апта артынан апта өтіп жатты. Қырда бел орақ пен қол орақтың жарқылы бірден көзге шалынса, алма ағаштарының бұтақтары ал қызыл жемістердің салмағынан майысып кеткен. Хош иісті құлмақ ірі шоғымен ілініп тұр. Мәуесі тұнып тұрған жаңғақ ағашының көлеңкесінде ерлі-зайыпты екеуі өзінің ақылды, ойлы қалыңдығымен Жаз тынығып отыр.
Неткен молшылық! – деді келіншек. Қай жаққа көз тіксең де жатқан бір береке! Мұнда қандай рақат, қандай жақсы, солай бола тұрса да неге екенін өзім де білмеймін мен тыныштықты, демалысты аңсаймын... Басқа сөзбен айта алмаймын! Ал адамдар қайтадан жер жыртып жатыр. Олар өздеріне болған үстіне бола түссін дейді, мәңгі соған құштар!..
Әне, құтандар соқаның соңынан жүріп келеді... Осылар, египеттік құстар, бізді осында алып келген! Біздің осында, терістікке, бала кезімізде қалай ұшып келгеніміз жадыңда ма?.. Біз өзімізбен бірге алуан түрлі гүлдер, күн шуақ және жасыл жапырақтар ала келдік. Ал қазір... тентек жел оның бәрін дерлік жұлып әкетті, ағаштар қоңырланып, қарайып, енді, міне, түстіктің ағаштарына ұқсап кетті. Бірақ бұларда ол жақтың ағаштарындағыдай емес, алтын жемістер мүлдем жоқ!
— Сенің айналаңның бәрінен алтын көргің келе ме? – деді Жаз. Кәне, тамашала! Ол қолын сілтеп қалып еді, ормандар қызғылт және алтын түстес жапырақтарға толып малынып қалды. Мына кереметті қараңыз. Итмұрынның шоқ бұталарында оттай қызыл жемістер жарқырап, аю бадам бұтақшалары ірі қоңыр қызыл жеміске толып тұр. Жабайы талшынның піскен жемістері қоңыр жасыл ұядан өзі жерге түсіп жатса, ал орманда фиалка қайтадан гүлдеді.
Алайда жыл ханымы күн сайын сөйлеуі азайып, сұрланып барады.
— Суық та түсті! – деді ол. Түнде дымқыл тұман көтерілуде. Мен өзіміздің атамекенді сағындым!
Сөйтті де ол түстікке қайтқан құтандардың артынан сүзіле қарап, соларға қолын созды. Содан соң олардың бос қалған ұяларына қарады, бірінде сымбатты көктікен, екіншісінде сары сурепка өсіпті. Бейне бір ұя солар үшін, соларға қоршаулық қызмет көрсету үшін салынған сияқты! Торғайлар да соның ішіне кіріп-шығып жүр.
— Шиық! Үй иелері әйел қайда жоғалып кетті екен. Қарай гөріңіз, сәл жел соғып еді, олар табан астында тайып тұрды! Жолдарың болсын!
Ағаштардың жапырақтары әбден сарғайып, жапырақтар сауылдап түсе бастады, күзгі қара суық келіп, нағыз қоңыр күз күшіне енді. Сары жапырақтар жамылған жыл ханымы жерде жатыр. Оның момақан көзқарасы аспанның жарқыраған жұлдыздарына қадала қалыпты, қасында күйеуі. Кенет құйын көтеріліп, кепкен жапырақтарды шыр айналдырып әкетті. Құйын басылған сәтте жыл ханымы ізім-қайым жоғалып кетті. Суық ауада осы жылдың ең соңғы көбелегі шыр көбелек айналып жүр.
Жерді қою тұман тұмшалап алған. Суық жел суыра соғып, тастай қараңғы ұзақ түндер басталды. Анау тұрған басын ақ қырау шалған жыл патшасы. Ал шашының ағарғанын өзіде білмейтін. Оның ойынша бұйра шашын ағартып тұрған жаңа жауған қар! Жасыл қырларды жұқа ғана қар бүркеген екен.
Міне, енді қоңыраулар жұптасу яғни некелесу басталғанын хабарлады.
— Жыл қоңырауы соғылды! – деді жыл патшасы. Таяу арада жас хан мен ханымның отауы тігіледі, ал мен тыныштық тауып, әрі оның соңынан ұзамай жарқыраған жұлдыздарға тартып кетемін!
Қар басып қалған таза да жасыл қарағайлы орманның ішіне жаңа жыл періштесі келіп, діни мерекенің бейнесі болуға арналған жас ағашты дәріптеді.
Адамдардың үйлері мен жасыл ормандар түгел қуанышқа кенелген! – деді қартайған жыл патшасы. Бірер аптаның ішінде ол шашы қудай болып ағарған шалға айналыпты. Менің демалатын мезгілім таяу. Тәж бен патша билігі жас жұбайларға тапсырылады.
— Әйтсе де билік әлі сенің қолыңда! – деді періште. Дамылдама, билік ет! Жас өскіндерді қар қабаттарымен бүрке! Жаңа әміршінің салтанатпен жариялануын тағат етіп тос, билік әлі өз қолында тұрса да, осылай істе! Taп қазір сен тірі болғаныңмен, түбі ұмыт болатыныңды төзімділікпен тос! Көктем шыққан кезде сенің тыншығар сағатың да соғар!
— Көктем қашан келер екен? – деп сұрады қария Қыс.
— Түстіктен құтандар ұшып келгенде!
Енді, міне, сақал-шашы ағарған, мұз құрсанған, қартайған, бүкірейген, алайда, әлі де болса қарлы дауыл мен борандай күш-қуаты қайтпаған алып тұлғалы қария Қыс биік төбенің басында, қар үйіндісінің үстінде отыр. Өткен Қыс сияқты бұл да түстіктен көзін алар емес. Мұз жарылып, қар сықырлап, конькишілер көлдің жарқыраған айдынымен жебедей ұшып барады. Қара қарғалар ақ қар үстінде қараңдайды. Үп еткен жел жоқ. Осы тыныштық кезінде қария Қыс жұдырығын қысып еді, қалың мұз балық бұғаздарды құрсаулап тастады.
Тағы да қаладан ұшып келген торғайлар сауал қойды.
— Анау отырған қария кім?
Тағы да шарбақта отырған сол баяғы қарға ма, жоқ әлде оның баласы ма бәрібір, оларға жауап қайырды:
— Ол Қыс! Өткен жылғы әмірші! Күнтізбеде күні біткенімен ол әлі өле қойған жоқ, жас ханзада Көктем келгенше уақытша ел билеп отыр!
— Көктем қашан келер екен? – деп жамырай сұрады торғайлар. Бәлкім, үкімет өзгерген соң біз үшін жақсы заман туар. Ескісі ештеңеге де жарамсыз!
Ал қария Қыс әрбір түп бұтасы, әрбір бұтағы ашық та айқын көрініп тұрған қара орманға ойлы көзбен қарап,басын изеді, Сол кез жерді суық тұман бүркеп алды да, табиғат қысқы ұйқысына кірісті. Жыл әміршісі өзінің жастық және жігіттік шақтарын егіле есіне алды. Келесі күні таңертең барлық орман бозқыраудан жарқыраған шашақ тақты. Бұл Қыстың жазды ойлаған түсі болатын. Күн шығып, шашақтар саулай төгілді.
Торғайлар тағы да сауал берді:
— Көктем енді қашан келер екен?
— Көктем! – деп жаңғырықты қарлы төбе.
Міне, енді бірте-бірте күн де қыза түсті. Қар еріп құстар: «Көктем келе жатыр!» – деп шиқылдай бастады.
Аспанның асқақ биігінде ұшып келе жатқан бірінші құтан көрінді, одан кейін екіншісі де көзге түсті. Әрқайсысының арқасында бір-бір сүйкімді балалары бар. Қырға келіп қонған соң балалар жерді сүйді. Тіл қатпаған қария Қысты да сүйді, сол сәт, таудан жоғалған Моисей секілді, ол да тұманға сіңіп, ғайып болып кетті.
Жыл шежіресі осымен аяқталды.
Осының бәрі тамаша және нағыз шындық, – деді торғайлар, алайда күнтізбедегідей емес, сондықтан да түкке тұрмайды!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter