Әңгімелер ✍️
Қызғылт бордан құралған тау
(хикаят)
Маңғыстауға бару Прокофьевтің маршрутыңда ең соңғы орында тұрған еді. Ол спираль бойымен шығанақ айналасында жүруді бітірді және Қарабұғазбен айырғысыз болып байланысқан аудандарды зерттеу ісін аяқтаған болатын.
Прокофьевтің сөзіне жүгінсек, тек содан кейін ғана менің Қарабұғазға баруға құқығым бар болатын.
Маңғыстауға баруды жұлдыздар еліне сапар шегу деп айтуыма болатын еді.
Мен Урицкий фортыңда (бұрынғы Александр бекінісінде) партия мүшесі Васильевпен таныстым. Давыдов сияқты ол да шөл жөніндегі қаты безер аңыздарды жоққа шығаруға, сөйтіп оны социалистік өнеркәсіптің жәрдемшісіне айналдыруға әзірленіп жүрген еді. Ол экспедициялар (Андрусовтың, Нацкий мен Баяруиастың) материаддарын оқып зерттеп, осынау геологтар ашқан байлықтарды алғаш рет пайдаланудың қысқа да дәлме-дәл жоспарын жасаған. Ол Қаратауға жаңа жолдар салу қамын да ойластырған еді, ол жақта оттай ыстық ауа кең қорғаныс белдігін жасап, антрациттің, мұнай мен фосфориттің, мыс пен марганецтің кенін айнала қоршап жатады.
Қолы бос уақытыңда ол "Әлемтану" журналын оқуды жақсы көретін. Онда айдан-айға аспанның орасан зор, бірақ біздер байқай бермейтін өмірі, жаңа жұлдыздардың пайда болуы, метеориттердің құлауы, жаңа күн жүйелері туралы болжамдар және ғарыш сәулелерін зерттеу жұмысының барысы белгіленіп отырады.
Бұл жұмыспен айналасуға Васильевті итермелеген Маңғыстау аспаны ғой деп ойлаймын. Мен басқа ешбір жерден жұлдыздардың тап осылай ағындап жатқанын, планеталардың тап осылай көз қарыта жарқылдап жатқанын көрген емеспін. Олардың жарқылының күштілігі сондай, түнемелікте планеталар ғарыштан бізге қарай, жер шарының бір нүктесі — өлі Маңғыстау түбегіне қарай, зымырап ұшып келе жатқандай болып көрінетін.
Әрине, планеталар баяғыша тым алыста болатын, бірақ жан ұшыра құлап келе жатқан аспан көгінің менің көңілімде Маңғыстаудан қалған әсері әлі күнге дейін сақталып келеді.
Жарты аралға барған сапарымыз онша ұзақ болмады. Ол не бәрі алты күнімізді ғана алды. Мен Васильевпен бірге барғанмын. Біз сонау көкжиекте қызғылт және ақ таулар жағалауымен тұйықталып қалған құм теңіздерін көрдік. Таулар тұтас бір табалдырық сияқты өрлеп барып тоқтаған. Олардың шыңдары да, баурайындағы шөлдер сияқты, теп-тегіс еді.
Біз жер бетіне шығып жатқан тас көмір қатпарларын көрдік. 1914 жылға дейін осынау көмірді "Кавказ бен Меркурий" пароход компаниясы өндіріп тұрған, бірақ кейін оны тастап кеткен: көмірді тасу тым қымбатқа түседі, көмір кендері жатқан алқапта тұщы су көздері көп-ақ. Төбешік деген жерден біз тас болып қатқан мұнайға жабысып қалған құмды көрдік. Сол құмдардан өңдеп-жоөнделген Мәскеу көшелері секілді, гудрон иісі шығатын еді.
Мен Васильевке Прокофьев теориясының мазмұнын айтып бердім. Маңғыстаудағы мұнай, меніңше, соның кереметтей дәлелі.
Васильев ләм деп жауап қатпады. Черный Ярдан шыққан еділ түлегі үндемейтін, дәлме-дәл жауаптың адамы болатын, ол тызылап, тез қорытынды жасаудан, мезгілінен бұрын талдамай пікір айтудан бой тартып жоламайтын.
— Мүмкін, — деді ол күмілжіп. — Бірақ мені тап қазір фосфориттер көбірек ойлантады.
Фосфориттер кені қызғылт бордан құралған тау баурайында болатын. Аса терең жарлармен айғыздалған осы бір таулар алыстан қарағанда адамның ашылған миын еске түсіретін. Мен Маңғыстауды зерттеушілердің біреуінің аузынан — егер таудың қатпарларын жазып жіберсе, оның көлемі екі жүз есе ұлғаяр еді деген сөзді есіттім.
Таулар қызғылт күмбездерімен асқақтай көтеріледі, тап бір ұсақ саңылаулы алапат үлкен ысқыштардан құралғандай жеп-жеңіл болып көрінеді. Олардың бауырында, ыспа құм үстінде тас жұтқыншақтар, шарлар, көмештер шашылып жатыр. Васильев сондай көмештердің бірін аяғымен түртіп қалып:
— Фосфоритіңіз осы! — деді.
Кейбір шарлар диаметрінен алғанда метрден де биігірек екен, біз күннен қашып, солардың көлеңкесіне жасырындық.
Аптап лапылдап күшейіп, ми қайнатар деңгейге дейін жететін, күннің ең бір ауыр шағы, сағат түскі екіден өте берген кез болатын. Біз ыстықтан құтылу үшін, алдымызды бойлай созылып жатқан алқапқа келіп түстік. Васильевтің айтуынша, онда бір көгалды жер бар көрінеді.
Мен екі-үш шелек суы бар құдықты, оның айналасына бірер түп шеңгел өскен жерді көз алдыма елестетіп, мырс етіп күліп жібердім. Дүниенің бәрін күйдіріп, күлге айналдырып тұрған мына аспан астыңда қандай көгалды жер болмақ!
Біз фосфориттер ат-көпір болып тұтасып жатқан жермен жүріп келеміз, тау ішіндегі бір шатқалдан өтіп, биік қыратқа көтерілуіміз мұң екен, астымыздағы терең құздан танап-танап болып, бітік тары өскен алқап көзімізге шалынды. Сол бір шағын-шағын егіндіктерді көмкеріп, жасыл шынарлар жайнап тұр, шатқал түбінде тұнық су мөлдіреп ағып жатыр. Әлгі шынарлар аясында саманнан салынған төрт бұрышты үй ағарып көрінеді.
Васильев маған көз қиығын салды. Аттар жақын жерде суат барын сезіп, салт кісілердің асықпас салғырттығына шыдамай, оқыранып, шалыс мінез көрсете бастады. Қуаң шөл осы бір құнарлы көкорай жерді қалт етпей бағып жатқан секілді. Осы арадан қарағанда, шөл өлген түйенің айдай алып терісі тәрізденіп елестейді. Түп-түп шилердің түлеп те үлгірмеген қабықтары уыс-уыс болып жалбырап тұр. Жер үстіндегі қалқыған ауа сынап сияқты мөлтілдеп сағымданып көрінеді.
Ылдиға түсерде біз тағы да фосфориттердің кең алқабына кез болдық.
— Қарабұғазға қажет шикізат міне, осы. — Васильев екі бөлегі бірдей болып, ортасынан қақ жарылған бір шардың жанына барып тоқтады. Оның ішінен кристалдар көрінеді. Олар шардың кіндігінен сыртына қарай, мың-сан сәуле сызық болып тартылып жатыр. — Қарабұғаз комбинаты күкірт қышқылын дайындап шығарады. Егер фосфоритті осы қышқылмен өңдесе, онда кереметтей суперфосфат алынады. Біз теңізге шығатын жол салып, фосфоритті тиеп, Қарабұғазға жөнелтеміз. Біздің Орта Азияда мақталықты тыңайту үшін суперфосфат пен мақта күнжарасының қосындысы пайдаланылады. Оны пахтанұры деп атайды.
Мен Васильевтен Тәуір Қыр тауы және Қарынжарық сайларында жазғытұрым қуатты су тасқыны болатыны туралы біраз нәрсені білдім. Тәуір Қыр таулары Қарабұғаздың шығыс жағалауына жақын жерде, Құлан-Ғұрлан мүйісінің түскей бетінде жатыр. Ол тауларда тек бір-ақ адам — геолог Лупов болған. Сол жақтан ол көлемі бір мың алты жүз шақырымдық аумақтан тас көмір кенін, шашыранды фосфориттер қорын және көптеген жерден шағын-шағын тұщы су көздерін тапқан.
Геолог Баурнас Тәуір Қырға солтүстік жағынан, Маңғыстаудан бармақшы болған, бірақ сол бір бейтаныс үрейлі тауға барудан жұмысшылар бас тартқан.
Тәуір Қырдағы көмір кені — Қарабұғаздың мирабилитті кәсіпшілігіне ең жақын жатқан жер, бірақ ол әлі байыпты түрде зерттелмеген.
Қарынжарық — Қаратаудан Қарабұғазға дейін созылып жатқан алып арна-сай. Көктем сайын Қаратаудан ағатын судың бәрі осы арнамен шығанаққа барып құяды, бірақ судың бірсыпырасы ойпаңдарда көлкіп тұрып қалады да тірі жан өте алмайтын тұзды сорларға айналады, ал тағы бір бөлегін сансыз көп оқпандар жұтып қояды.
Көктем суы тасқынының күш-қуаты алапат мол болады. Сол судың жайылған іздеріне қарап есеп құрсақ, олардың ені жүз елу метрге, тереңдігі екі метрге жетеді. Қойын-қоншысы қисапсыз қуыстарға толы, ындыны кеуіп жатқан жер осынау сарқыраманы сорып, жұтып қояды да, оны тұздайды, не суға іш жүргізетін қасиет береді де, оны ол жерден — бұл жерден кішкене бұлақтар түрінде мөлдіретіп ағызып қояды.
Біз саманнан салынған үйге келіп, жас қазақтың зайыбымен — жүріс-тұрысы жылдам, аяғына мәсісінің сыртынан күміс әшекейлі кебіс киген арық әйелмен, оның әкесімен амандастық. Шалдың иегін қуалай өскен селдір сақалы кірпінің түгіндей тікірейіп тұр.
— Хабар бар, — деді шал
Біз өте дәмді суық суды шәліміз қанғанша іштік, қонақ кәдесін орындап, қала жаңалықтарын айтып бердік те сол қазақтың үйіне қондық.
Түні бойы шөл-баябан маған ұйқы бермеді. Қара барқын аспанда жұлдыздар мұз сынығыңдай болып еріп жатты. Еріген қар суы дымқыл тұман болып жер бетіне шашырап, табанда күңгірт жарыққа айналып барады. Құс жолының ұлы өзендері Қарын жарықтың түскейге қарай, сонау Қарабұғазға дейін созылып жатқан түнгі құм шағылдарына құйылып жатқан тәрізді.
Арықтағы су ұйқылы-ояу сыбырласып, сырласа ма қалай? Бүргеден мазасы кеткен Васильев маған біздің Күнімізден бізге ең жақын күн жүйесінің күні — Альфа Центавр жұлдызына — дейінгі қашықтық, Жерден Күнге дейінгі қашықтықтан екі жүз елу мың есе артық дегенді баяулап айтып берді.
Мен бұған таңғалып, қалғып кетемін. Сосын сирек те болса, әлденеден дір етіп, қайта оянамын. Түсімде мен әуездетіп жатқан арықтағы су емес, Жерге қарай триллион жылдар бойы зулап келе жатқан жұлдыздар жарығы екен ғой деп ойлаймын. Тағы да менің түсіме Құс жолының аспаннан Каспий теңізіне құлап түскені енді. Осынау жолмен "Чичерин" пароходы жүзіп келеді екен, оның әйнек секілді мөлдір табанынан сан мыңдаған балықтар мен медузалардың теңіз түбіне қатталып құлап түсіп жатқаны көрінеді екен деймін. Прокофьев маған бірде қыруар балық қат-қабат болып тығыздалып, теңіз түбіне жатып қадады да, мың жылдан кейін мұнайға айналады дегенді айтқан болатын.
Мен біржолата таң алдында ояндым. Шығыстан көгілдір жарық төгіліп тұр екен. Сарғая түскен жұлдыздар күннің жақындап келе жатқанынан семіп, кебе бастаған уақ жеміс сияқты болып көрінеді. Мен далаға шығысымен есік алдында тұрып, салқын суды қалай ішсе, таза ауаны да тап солай құныға жұтып-жұтып жібердім.
Аттар маған қарап, жайымен бір оқыранып қойды. Тегі, олар менімен амандасып, жүруге асықпаңыз деп сұрап тұрғандай тәрізді.
Кейін қайтып келе жатқан жолымызда, аппақ қатты теңіз сияқтанып, біздің алдымыздан, қарағанда көз қаритын Үдік атты борлы қырат кең жайылып жатты. Біз жайымен боз топырақты борпылдата басып жүріп келеміз, автомобиль айдауға қажет қара көзілдірігімізді киіп алдық. Бұл маңайдың күні көз атаулыны қатал сыннан өткізетін.
Аударған Әбілмәжін Жұмабаев
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter