Өлеңдер ✍️
Бүгінгі Алматы
Алматының өмірі өзгеріпті
Құндақтағы пәктігі байқалмайды.
Мәселесі мыңғырған кез келіпті,
Құмарлықтың шалабы шайқалмайды.
Кеш кіргенде көшеге суық толып,
Кафе-барлар тұншыға майысады.
Ғашықтығы ғаламның тауық болып,
Өтірік пен махаббат сайысады.
Тоқтағанда автобус, трамвайлар
Алматының таксиі жұтынады.
Виски ішер бозбала сыраңды алмай,
Казинода бір көкең ұтылады.
Мұғалімнің алты айлық табысына
«Жаңа қазақ» бір-ақ күн демалады.
Ағараңдап аршасы, қамысы ма,
Алатауды жаз шықса сел алады.
«Джип», «Хонда» — тілегі сатананың
Жолға шыққан күн сайын ұшағың да.
Бүлдіршіні ерке өскен ата-ананың,
Кете барды негрдың құшағында.
Телефоны сымы жоқ безілдеген,
Бір кәсіпкер жан жарын өкпелеткен.
Бұл қалаға, адалдық сезілмеген
Шуағыңды әзірге төкпе көктем.
Сағыныштан сая жоқ бойжеткені
«Гаванада» қызықпен табысады.
Қонақ үйге көп қабат ой жеткені!
«Заңғар» менен «Рамстор» жарысады.
Ал жігіттер өмірлік шартқа бастап,
Бірді сүйіп, бірімен сыйысады.
Фараби мен Бұхарды артқа тастап,
Абай менен Әуезов қиысады.
Үндемейді тәңірім қиналып құр,
Осы назы жерге тез жететіндей.
Белін буып Алматы жиналып тұр
Адамзатты талақ қып кететіндей.
* * *
Мен сонда бақыттардан бас айналып,
Көз көрмей қуаныштан қаумалаған.
Қайғының көкірегі тас байланып,
Жанарың өрттен озып, аймалаған.
Мұңдарым шарасы жоқ жасқа айналып.
Бойымды ескі досым жайламаған.
Көңілім көтерілістей басылды да,
Жүрегім жұмақ бағын аралаған.
Менсінбей жердегіні тасынды да,
Жазықты жалғыздықты қаралаған.
Өткенім өкініштен шашылды ма,
Кінәсіз сәттері үшін жаралаған.
Ойларым қиялымда сезімді алдай,
Тұла бой тағаттардан жарылардай.
Қарадым биіктіктен төзім қалмай,
Жер сорлы санасынан айрылардай.
Сонан соң көздеріңнен көзімді алмай,
Тұрғаным ләззәттардан арыла алмай.
Әлемнің әрекетін жай аңдадым,
Арманым жаңа әніне бастағанда,
Сеніммен болашаққа аяңдадым,
Күдіктен көлбеңдеген саспағам да,
Өмірді сен деп қана баяндадым,
Үміттер мені есейтіп тастағанда.
Мен солай алып-ұштым қуаныштан,
Сен тұрсаң, басқа әлемнен безінемін.
Суықты елемеймін шуағы ұшқан,
Жылуын қолдарыңның сезінемін,
Жүрегім жақұт тауып жұбаныштан,
Ең қымбат тілегіме кезігемін.
Келбетім сонда менің гүл боп кетті,
Жүрегім, жырға жерік қиналмашы.
Өтірік сағыныштар күл боп кетті.
Белгілі ондайлардың сыйланбасы.
Осы сәт ғасырдан көп жыр боп жетті,
Сүйіктім, қозғалмашы, жиналмашы,
Сүйіктім, қозғалмашы жиналмашы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter