Өлеңдер ✍️
Қоштаспашы менімен
Жастық шақтың жарқырамай маңдайы,
Бәлкім өзім сәтсіздікпен тең өстім?!
Ажал-аңның кеберсіген таңдайы,
Арманымды қорғай алар емеспін.
Пәк арманым мезі болып мәңгіріп,
Бағытынан адасқандай шамасы.
Күндеріме қасаңсыған сән кіріп,
Тәтті түннің қайтыс болар анасы?!
Өзімменен бірге шыдап, шырылдап,
Шыңғырады шарасына сыймастан.
Бірде өлімші, даусы ғана қырылдап,
Егіледі сонда жасын тыймастан.
Сен бе арманым, әлде мен бе озбаған,
Күміс көңіл сәбиінен алданып,
Бозінгеннің ботақаны боздаған,
Балалық қап, жастық келді сандалып.
Жастығымда әлің құрып, шаршадың,
Егделікке енді қалай жетемін?
Қаншама жыл мен тек сені аңсадым,
Енді менің мұңдарыма төтеңіз.
Енді өмірдің мазағына төтеңіз.
Сені құшам, бірге өлемін сенімен.
Бәлкім, сөйтіп, сорларымнан кеш қашам
О, арманым, қоштаспашы менімен,
Қоштасқандар оралмайды ешқашан!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter