Өлеңдер ✍️

  21.07.2021
  146


Автор: Анар Шамшадинова

Ғашық болмай адамдар

Ай екеуміз сырласып, басыламыз,
Ол — аспанда, мен жердің бұрышында,
Бірде жылап, бірде мұң қашырамыз,
Бір әдемі аңсау бар тұрысында.
Нені аңсайды? Биікте тұрған жоқ па?
Тоз тірліктің соңында жүрген жоқ қой.
Түн пердесін парықсыз құрған шақта,
Айналасы жұлдыздар күлген бақтай.
Мен жерлікпін, мекенім жер бетінде,
Алыс аспан аймалар армандардай.
Алдау-арбау, ақсақ ой тербетуде,
Үміт ескі ақпаннан қалған қардай.
Аспан әлем — Ай мен Күн алмасады,
Бар ма олардың өзіндік тәртібі де.
Бір пиғылға, бір пиғыл жармасады,
Қарай алмай, масаң ер жар түріне.
Жылжысады бұлттар да басып қалмай,
Сүйінеді шаттанып демде көңіл.
Бір-біріне адамдар ғашық болмай,
Жақсармайды ешқашан жердегі өмір.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу