Өлеңдер ✍️

  21.07.2021
  157


Автор: Анар Шамшадинова

Сөз бастасам, өтіне

Сөз бастасам, өтіне
Қапасты ойдан құтылардай көңіл де.
Қара сағат, қабырғаға қадалған
Куәсің сен тағдырдың мың сәтіне
Талайды әкеп өмірге,
Талайлардан жан алған.
Болар ма екен достасуға Сізбенен?
Қара сағат қабырғаға қадалған,
Куәсің сен қоштасуға
Жүздеген
Адамдарды алыстатқан адамнан.
Сынаптай сәт тіршілікте жоқ ісің,
Сырт-сырт тағдыр сенің үлкен үлесің.
Жүректердің қосқан бірге соғысын
Кездесуді тағы сен тек білесің.
Қара сағат, не өтпеді басыңнан?
Ырғағың сол бірақ шерлі кейде өнің.
Мен де жалғыз өстім сендей жасымнан
Өткен ұмыт, ал болашақ беймәлім.
Сен жеткіздің әуеніңмен тұрақты
Махаббаттың келіп, жылдам кетерін.
Қара сағат, қуанттың да жылаттың,
Не етемін?!
Нұрлы шақтар өтті-кетті, күрсінбен,
Шын бақыттың шымылдығын енді ашам.
Жүрегімнің дүрсіліндей сыртылмен
Өлерімді естіртесің сен қашан?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу