21.07.2021
  292


Автор: Шілтерханов Әдіһам

МЕЙІРІМ

Шымқаланың барлық зауыты түтінін бұрқыратып тұрған жылдары көктем- де ұялайтын жыл құстары бірте-бірте азайып, сексенінші жылдардың соңына таман мүлдем келмей қалды. Мұны қоршаған ортаның ластануынан көріп, ренішімізді іште сақтап, үнсіз жүре беретінбіз. Тоқсаныншы жылдардың басында Кеңес Одағы деп аталатын қағанат ыдырап, алып өнеркәсіп орындары замана жүгін ауырсынып, ысылдап-пысылдап, ақыры біржола тоқтады. Көк түтін тұмшалап тұратын қала ауасы кәдімгідей тазарды. Жыл
құстарын ауламызда қайта көргенде, сағынып табысқан бауырлардай кәдімгі- дей көңіліміз өсіп, марқая масайрадық. Ең алдымен нәурізек, содан кейін қарлығаш, соңына таман мүшәкептерлер келді.Бәрі де періште құстар. Жұбын жазбайды. Адамдарды жатсынбайды. Менің қарлығашым, менің нәурізегім келді» - деп кішкене немерелеріміз де дән шашып, нан уатып беріп, мәз-мейрам. Атадан балаға өтетін, тұқым қуалайтын сенім күшінің құдіретіне таңданасың.
Мамырға таяу әлгі бейкүнә құстардың әбігері басталады. Алақанаттар аңдып отырып, бір сәтке босаған қарлығаш ұясына тез қонып, жұмыртқаларын шоқып жарып, ішіндегі уызын жеп кетеді. Шарасы таусылған қарлығаштар араға бірәз уақыт салып, қайта жұмыртқалайды.
Онысы да алақанаттарға жем болады. Балапан аша алмай, күзге салым үлкен өкінішпен жылы жаққа қайтып кетеді. Ал, мүшәкептерлер сәл қулау, бірер рет жұмыртқасын алақанатқа алдырғасын, қайта жұмыртқалағанда, жұбы келмей ұядан тұрмайды. Жұмыртқаны кезектесіп басады.
Алақанат құстар осыдан жарты ғасыр бұрын бұл өңірде мүлдем жоқ-тын. Өзі түгілі ұябұзар мұндай залым құстардың атын да естімейтінбіз.
Әсіресе, қарлығаштарға жанымыз қатты ашиды. Көктемімізге олар неді келмейтіндей көрінетін. Бірақ, көктем шыға қарлығаш та, нәурізек те, мүшәкептерлер де қайта оралады. Не деген ерлік?! Адамға деген сенімінің беріктігі ғибрат аларлықтай.
Алақанаттар осында қыстайды. Ешқайда кетпейді.Аңдығандары – тауыққа
шашылған жем, итке берген ауқат, жайып қараусыз қалдырған ет, құрт, ірімшік. Жеміс піскенде шиенің, өріктің, жүзімнің алғашқы дәмін де солар тартады.
Алақанаттардың өткен жылғы зұлымдығынан кейін қарлығаштар ұя саларда қәуіпсіз жер іздеп, көпке дейін мазасызданды. Соны дер кезінде байқаған Балдай балаларға қойма тамның терезесінің бір көзін алдыртып тастады. Қарлығаштар бірер күн сол жерден ішке кіріп- шығып жүріп, қауіпсіз екеніне көздері жеткендей, ұя салуға кірісті. Ал, алақанаттар тамға кіруге қорқады. Адамдарға сенім жоқ екенін қатесіз біледі. Достасу ниеті еш уақытта сезілген емес.
Біздей шал-кемпірді көлеңкеге айдап тыққан жаздың ыстық күндерінің бірі. Кешке таман сәкіде немереміз Әлияны ортамызға алып, өлең-тақпағын тыңдап, кейде ертек айтып беріп отырғанбыз. Қарсы алдымыздағы дуалға бекітілген газ құбырына қарлығаштар қонақтады. Тіпті жақын, қол созым жерде. Бір-біріне тым жақын тізіліп отыр. Бізге жәутеңдей қарайды.
- Мынау қарлығаштардың ортасындағы екеуі балапан. Екі-үш күн бұрын ұясынан ұшырып, еркін ұшуға үйретіп жүргенін көргенмін,-деді Балдай.
- Апа, тілі жоқ қой, қалай үйретеді?-деді Әлия.
- Тіпті оңай. Балапан анасының соңынан ұшады. Қанаты талмасын деп, анасы жақын дуалға не бұтаққа қонады. Бірте-бірте биіктеп, ұзақтау ұшып-қонып, қанаты қатайғанша қасынан ұзамайды. Енді, міне, қанаты қатайып, еркін ұшатын балапандарын бізге мақтана көрсетіп отыр ма, әлде қуанышын білдіргісі келе ме, немесе қауіпсіз жерге ұя салуға жағдай жасағанымызға деген ризашылығын білдіргісі бар ма? Ол жағын анық білмеймін. Бірақ, жәу- дірей қарасында, шиқ еткен дыбысында біз түсіне бермейтін бір тылсым бар. бәріміз де мейірлене, тесіле қарадық. Не деген жарастық?!
Былтыр балапан аша алмай кеткенде, бірдеңеміз жоғалғандай күй кешіп едік. Енді мерейленіп отырмыз. Бізден үркейін деген сыңайы байқалмайды. Кішкене көздерінен шапағат сезімі төгілгендей.
- Әлия, ортасындағы екі қарлығаш сенікі, енді келер жылы олар да ұя салады, - деді апасы.
- Онда мен олардың ұясын ешкімге бұздырмаймын, - деді Әлия да мәз болып.


9.12.2004-ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу