Өлеңдер ✍️

  20.07.2021
  175


Автор: Анар Шамшадинова

Сегіз аяқтың ізімен...

...Анадан алтау,
Атадан төртеу
Жалғыздық көрер жерім жоқ.
Ағайын бек көп,
Айтайын ептеп,
Сөзімді ұғар елім жоқ...
Барар жерім жоқ,
Қарар елім жоқ,
Нән қалада қаңғырып жүрмін.
Досым жоқ даналы,
Қасым көп саналы
Мәңгіріп тұрмын.
Адамдай панасыз,
Маралдай анасыз
Сағынған кең даласын.
Сыр айтар халім жоқ,
Шын айтар зарым көп
Өлеңім,
Жалғыз дос сен ғанасың.
Жанарда жас жатып,
Бас қатып
Күлкім де қоштасты жел тілек.
Мұңыммен мазасыз,
Түріммен шарасыз
Абайда жүремін тентіреп.
Хақым жоқ бақытқа
Ақындай
Шуақсыз жыр туып шабыттан.
Ертеңі белгісіз
Тентегі бергісіз
Қазақтың мен деген бір қызы жабыққан.
***
Ардағым қашып,
Арманым жасып
Алданып жүрген шақтарда.
Өлеңім тілсіз
Көмейім үнсіз
Көмілем ойға бақтарда.
Қинаған өмір,
Қимаған көңіл
Тілегім ұшып желменен.
Шабытым қашып,
Табытым ашық
Күттірген көптен келмеген.
Үзілер үміт,
Тізілер күдік
Шашылып шындық далаға.
Шапағат жырақ,
Махаббат сұрақ
Жаздан соң қыс кеп қалаға.
Түк қалмай бойда,
Жүк толды ойға
Арманға сеніп кекілді.
Бақытты аңсап
Уақыт та шаршап
Күндерім біткен секілді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу