Өлеңдер ✍️

  19.07.2021
  226


Автор: Хамит Ерғалиев

Құрманғазы (Ерегес)

Жыл толды ескі кәсіп тоқтағалы -
Жылқымен қыста Құрман ықпағалы,
Құраулап ыстық күнде қауға тартып,
Жоқ қарап әр төбеге шықпағалы.
Жыл толды бал қымыздан жұтпағалы,
Ерніне майлы сарқыт жұқпағалы,
Ұсынып қоламтаға мұз табанын,
Жалынға ұлтарағын жаппағалы.
Көп болды көзгіл шұбат ұрттағалы,
Күркесін ескі жұрттан жықпағалы,
Күбірлеп өз өзінен домбырасын
Бейуақыт шертіп жатып ұйқтағалы.
Себеп бар серке жанға қасаратын,
Болса да бір сол үшін бас алатын,
Бермеді-ау Дөңбай бұған жыл еңбегін -
Тайшығын - тақымына басар атын.
Адам бір әділдікті сағынбай ма?..
Ол неге көрінбейді сағымдай да?!-
- Дөңбайда дөненім бар, балам!-деген
Мешінде өлген әке Сағырбай да.
Ант ішіп сұрамасқа жылдық үнем,
Құрықтың кесті бауын қыл түбінен
Кетті бұл. Бел байлады күн көріске
Тұлыпты тұмса түйе, мылтығымен.
Жері жоқ ағайынды запы қылған,
Дейтұғын: «Тіленбеймін, затым ұлдан!»
Сәуірде бір ат келді, нағашысы
Бесқасқа беріштегі Мәтіғұлдан.
Сол аттың есіңде ме сағымдағы
Көбігі күн нұрына шағылғаны?..
Белдеуде енді жалғыз елеңдейді
Әупілдек үнін тыңдап шағылдағы.
Үстінде ай сәулесі ағарады -
Кеппеген ащы тері бағанағы;
Маңдайын ол сүйкесе сықырлайды
Жұпыны жолымүйдің сағанағы.
Бір уақыт аш бүйірін сәл тартты да'.,
Жануар жалт қарады салт аттыға.
Салт атты - сақалды жан түсе қалды
Іздеген жолымүйін дәл тапты да.
Ұйқтатып келді тегіс Жиделіні -
Әсем ән қарсы алмады, күй де мұны.
- Бармысың, Құрманғазы? дегені бір
Оятты осынау тек үйдегіні.
Әуелі адам ба деп атты құшып,
(Әрнеге ұйқылы көз қақтығысып)
Ақыры құшақтады Құрманғазы
Жол соққан жолаушыны қатты қысып.
Күңк еткен құлақ тосып қарт сөзіне,
Қарады қараңғыда нарт көзіне;
Май шамын асыл ана Алқа жағып,
Жолымүй жолаушыны тартты өзіне.
Болмаған ана негіз қай балаға?-
Ақ қылыш тасын таппай қайрала ма?..
Сарыалқа, Алтыналқа ел атаған,
Қажымай отыр әлі қайран ана.
Ол көрді өз бақытын, өз шерін де,
Жап-жарық жұлдыз ағып өшерін де...
Аспанның көп тыңдады күркілін де,
Ашулы найзағайдың нөсерін де.
Өмірден ұмытпайды ұғынғанын,-
Қызықтап ертке желдің жұғынғанын,
Табанды теңіздің де күнге қарай
Ақ басын мың көтеріп жығылғанын.
Ол көрді суық бұлттың сылынғанын,
Шуақта мұздың жылап жылынғанын;
Ол көрді аз өмірге ыразыдай
Құлпырып гүлдің жарқын жұлынғанын.
Дерің жоқ мұнда пейіш, мұнда дозақ,
Табиғат күнде шьшқыл, күнде аңызақ,
Барлығын ұғып болған жүрегі бар,
Отыр ол жолаушыны тыңдап ұзақ.
Болмаса бойда намыс, тұнық ары,
Аржайы, алғыр жанның құны кәні?!
Құлағын жаулығынан шығарып ап,
Еңкейіп суық сөзге құнығады.
Ол солай хабаршыға тым құлаған,
Құлақта дыбыс бардай түн жылаған.
Уытты жүрегіне у төгіліп,
Құрман да құба суық тұнжыраған.
«Жүрегін өсіреді жау батырдың;
Бұйыртпа мазағына Әубәкірдің!
Жағаға күшті қолмен тартылғалы
Талықсып ақ шабақтай ауда тұрмын.
Сүйген жарың Әуес»
Оқыды ол осыны ашып мұсылманша,
Қарт сөзін ауыз-екі ұсынғанша.
Ойланып отыр енді қырсық күнде
Қияға барады деп құсым қанша?!
Шал айтты қиыстырып шешен, жорға:
- Кетпесін, кедей бала, есең молға!
Әубәкір Ақбайұлы старшина
Сәскеде келіп түсті Есенғұлға
Әсте мен әкімдерге керек емен,
Әйтсе де босағадан көреген ем:
Әубәкір әлдекімді іздегендей,
Түргізіп кешті көрді керегеден.
Алқызыл күнбатыста бұлт ыдырап,
Аулақта аунақшыды бір тұғыр ат.
Шаңдатып кете барды күннің астын
Желіден ағытылған жылқы жырақ
Ауылға бет түзеді қой маңырап,
Енесін ермек етті ойнап лақ.
Мейірін жеткізгелі ботасына
Боз інген ентеледі ойға құлап.
Ауыттап мініп алған бір үлекті,
Сорлы ақын сонадайдан жыры жетті.
Әуесқыз иығында шарқаты бар,
Осы кез отауына жүріп өтті.
Құлақта шолпысынан қалды ызың-үн,
Ол ғана патшасындай бар қызыңның.
Ақ қолын кеудесіне жинап басып,
Cop болды-ау сол өткені балдызымның.
Әубәкір отау жаққа - сыртқа құмар;
Мұртында күлкісі бар жұрт бағынар.
- Айнамды бос шошытпай алам!-деді.
Жетінші қыз жүрегін жұтпағы бар.
Бас құда, барлығымыз, аяқ құда,
Үлгердік үркер туа шай, асты да.
Ұрланып ол сағатта Әуес шығып
Жүгіре жоғалыпты ай астына.
Баланың көзі жеткен жеңбесіне:
Сескеніп шашбауының теңгесінен,
Бұрымын құшағына қысып апты,
Қағазды қалдырыпты жеңгесіне.
Жасырын сыбырлаған жалғыз үні,.
Кім білген, қандай үкім таңды өзіне?!
Тұрды ма кірпігінде мөлдір моншақ
Қадала қарағанда таң жүзіне.
...Селт етті Құрманғазы, бұзық аңды
Көргендей мұздап қатып жүзі қалды.
Сарыалқа білезікті кәрі қолын
Бір сілтеп әңгімені үзіп алды.
- Бар,- деді баласына өктем бүгін -
Көрермін ағып түссе көктен күнім!..
Құдайдың ортағы жоқ; жетегіңе
Дөңбайдың жылқыдан ал Кектеңбілін.
Ұйып бір тыңдар десем ел үніңді,
Сұм тағдыр қаһарына кері мінді,
Айдатсын аямаса Сібіріне,
Манаштан әкеліп бер келінімді.
- Қала бер, қайран шеше, жетті майдан.
Шыққан жоқ атқан аңым терең сайдан.
Жағадан алатұғын жауы жоқта,
Ұрыншақ ұл туады қатын қайдан?!
Демеймін қу жанымды құса қылам -
Жетпесем, арманыма пышақ ұрам!
Мұны айтып, Құрманғазы арпалысқа
Ананың ажырады құшағынан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу