Өлеңдер ✍️
Қалың мал туралы
Адамға Хауаны арнап жаратты Хақ,
Ғибрат түп атаңнан ойланып бақ.
Әлемнің тұңғыш ұлы, тұңғыш қызы -
Бұлардан басқа жандар келмеген шақ.
Екеуі сүйісті де жолдас болды,
Қалың малды шығарған қандай ақымақ!
Әркімнің жақсы, жаман өз теңі бар,
Ықтияр бірін бірі сүйіп таппақ.
Жылқы мен сиыр қайтіп үйір болсын,
Жұрт оған, білмей сөгіп, кінә тақпақ.
Садып пен дүр - қымбат бағалы тастың түрлері.
Сөккенмен, жылқы іздейді өз жынысын,
Жөн емес жануарға жала жаппақ.
Тегінен ауызы жалпақ, иісі сасық,
Сиырды жылқы қылшы қанша мақтап.
Жақсы мен жаман қайтіп қызық етер,
Жаман - дерт жазылмайтын, мазаң кетер.
Қашыр менен есекті бір қосақтап,
Бұларды теліп әуре болма бекер.
Жоғалтқан жанды адамның ықтиярын,
Халықтан осы дағды қалса нетер!
«Пәленше менің кісім болсайшы» деп,
Көз сүзіп көрінгенге өмір өтер.
Әркімнің жолдас болсын сүйген досы,
Біріксе, айырмасын көңіл хошы.
«Теңін тап та, тегін бер», түзел, жұртым,
Аумас көңіл, айнымас жүрек осы.
Жас қызды алпыстағы шал алады,
Әйел жағы тағы кем саналады.
Әлгі шалда үш қатын бұрын болса,
Мал беріп, төртінші қып ала алады.
Әке, шеше, ағасы ұнап қойса,
Олардан жас қыз қайтіп қала алады.
Зәулім боп жиырмаға жеткен қызды
Жеті жасар бір еркек бала алады.
Шал да емес, бала да емес, ең негізі,
Не туысы, не хайуан мал алады.
Бір болар бұл әдеттің қалар күні,
Бар әйелдің басында өмір түні.
Не жаманның, не шалдың жетегінде,
Не керек, кете барды шықпай үні.
Әкең құрысын жас қызын малға сатқан,
Шешең құрысын өтірік жылап жатқан.
Бұл тәртіп білімді елдің бірінде жоқ,
Шатылып жалғыз қазақ Тәңір атқан.
Осыған армандының біреуі өзім,
Тағы өзімдей өзгені көрген көзім.
Адамды адам тұсап малға сатқан
Қиянатқа қапа боп жазған сөзім.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter