Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
19.07.2021
196
Мұңлы наз
Аз-ақ күндік азапқа бола қашқан,
Елік едім елсізде көп адасқан.
Алматыны сағыну бір бақыт та,
Ал, жете алмау қасірет одан асқан.
Айтысы да, хабарсыз Жүрсіні де.
Жетім көңіл жәутеңдеп күрсінуде.
Үйде жатып іргені солқылдатқан,
Құлақ түрем пойыздың дүрсіліне.
Арман деген асаулау арда құнан,
Белі сынған уайымның салмағынан.
Алқаракөк аспанда ұшақ ұшса,
Ала кет деп жындыша жалбарынам.
Қанағат жоқ қатігез туысымда,
Бір жұтым у тұратын уысында.
Елден жырақ елеусіз, ерім ауып,
Қышылақтың қалдым-ау қуысында.
Қой соңында секілді тозған малшы,
Аттан тақым қалғалы, қолдан қамшы.
Тойға да көп бармаймын, беу ағайын,
«Біреу өлді» деп жеделхат жолдаңдаршы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter