Өлеңдер ✍️
Сотқа
Құттықтау халық аралап келген сотқа,
Тұрсындар ту көтеріп келіп қотқа.
Ақ тұзын Үкіметтің анық ақтап,
Байлатып бай біткенді аттың отқа.
Оларды ошағыңа отын қылып,
Қайнаттың қазаныңа біраз ботқа.
Бай емес бәрінде де байтақ елдің,
Шатақ бар шыға алмайтын салып шотқа.
Қан сорғыш қарны әйдіктер қалды отырып,
Сынғандай сырық тиіп бел омыртқа.
Жолынан жүретұғын қалды айырылып,
Айналып капиталдың күні ымыртқа.
Ерлерден ел билеген ерік кетіп,
Текке отыр ие болып сақал, мұртқа.
Айта алмай сасқанынан сұлулап сөз,
Сыймай тұр нешеулердің тілі ұртқа.
Осы рет намақұл деп надан да айтпас,
Жүргізген жол жобаңды жалпы жұртқа.
Ойымша партияны ұйғарамын,
Жаңбырлы жазғытұрым жауған бұлтқа.
Әлбетте артыңды абат ойлап енді,
Әр түрлі миуа жеміс жегіз ұлтқа.
Қулардың құшағына қоса салмай,
Біздердей кеңшілік қыл кеткен мылтқа.
1924.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter