Өлеңдер ✍️

  18.07.2021
  178


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Рауа бану

Тоқталмай топ ішінде, тілім сөйле,
Дауамат тұра алмайсың мұндай кейде.
Жаһанның опасызы ойға түсіп,
Қалмай ма қапаланып көндің кейде.
Жеті ықылым жетегінде болғанменен,
Киерсің үш-ақ қабат бөзден жейде.
Әлің біл һақ үкіміне мойның сұнып,
Ерте, кеш ет бенделік едірейме.
Жатпа тек және-дағы жаз хикая,
Айтылып жүретұғын әр кірейде.
Есіркеп есіткендер есіне алар,
Жан жортпас жатқанында бір түлейде.
Наһанын сенен сөздің сұрап тұр жұрт,
"Отыр, – деп, – өте терең бүркемейде".
Шешенсіп, шелиюдің керегі не,
Сөзіңді сақтап қойып құр көмейде.
Елінде Ысрайылдың бар еді қатын,
Деуші еді "Рауа бану" оның атын.
Жазы-қыс Жаппар ақтың жатын айтып,
Уәли еді өне бойы отыратын.
Артықша әйел еді біткен көрік,
Көргеннің кетуші еді кеулі еріп.
Жанында жарты сағат отырғандар,
Бар мүлкін бергендей еді жинап, теріп.
Кемі үшін киер киім, ішер астан,
Ері мен Рауаны қайғы басқан.
"Қалайша қаражатты табамыз?" – деп,
Отырып оңашада ақылдасқан.
Ері айтты: – Жоқтық, жүдә, жаман екен,
Бай болсаң, бар жұмысың тамам екен.
Болмаса қалтаңда пұл, қораңда мал,
Демейді ешкім сені "адам екен".
Құр сипай отырғанша сақалымды,
Жейде, ыстан жаңартайын, шапанымды.
Ат-арба, алатын пұл әкелейін,
Оңғарса Алла егер сапарымды.
Тілектес отырарсың болып сен де,
Бар ма еді сен дегенде сабыр менде?!
Қауышсақ саулықпенен болады да,
Көрмейді тіршілікте нені пенде.
Ақыры алысқа ері болып жүрмек,
"Кеуліңді келгенше отыр,– деді, – бірлеп".
Құшақтап мойынынан, қош айтысып:
– Отыра тұр,– деді, – енді отынды үрлеп.
Қоймады кедейшілік кетпесіне,
Қызметті халықтан шығып етпесіне.
Өтінді інісінен бірге туған:
– Жеңгеңнің жәрдем бол,– деп, – жетпесіне.
Інісі: – Аға, мұның мақұл, – деді,
– Менен кім, сірә, саған жақын? – деді.
Жүре бер, жолың болсын, Рауадан,
Болмаспын қай уақта қапыл, – деді.
Ырза боп інісіне кетті жүріп,
Емпеңдеп, екі етегін белге түріп.
Ағасы кеткеннен соң Рауаға,
Бұлай дед, отырғанда мәжіліс құрып:
– Ей, жеңге, жан-діліммен едім ғашық,
Кетті ағам келе алмайтын жолға қашық.
Өткізбей өмірді бос балалықта,
Тұрайық татулықпен араласып.
Етейік енді ұзамай ойын-күлкі,
Жанбыз ғой араласқан мал мен мүлкі.
Етті,– деп, – тілегімді тәңірі қабыл,
– Айтты сөз ұнамайтын үрпі-түрпі.
– Сөйлеме сүйкімсіз сөз, – деді, – қайным,
Бір туған інісісің біздің байдың.
Ұят сөз ондайынша аузыңа алма,
Біледі Ақ бәндалардың барлық айыбын.
Ағаң жоқ болғанменен Алла дайын,
Аз өмір әлі-ақ заман батар айың.
Қатынды қасиетсіз қайдан таптың,
Батпаққа батыратын белден байып?
Өмірімше отырамын сақтап хақын,
Отырма, олай десең, маған жақын!
– Көзіме көрінбе енді, кет үйімнен,
Денеңе диуана екенсің ұрған зақым!
Жеткізер Жаппар жейтін несібемді,
Алма асылы "мен бағам" деп, есіңе енді.
Кеуліңнен бұл ниетті шығармасаң,
Ашылмас, аулақта жүр, есік енді!
Ұялып, үміт үзіп шықты үйден,
Бұлайша қапа болып, қабақ түйген.
Келді де төсегіне аунай берді,
Адамдай "аһы-уһі" деп, іші күйген.
Артынан әзәзіл де оның жетіп,
Өз-өзін үйреніскен жар-досы етіп.
Жамбастай жанына кеп отырған соң:
– Жатыр,– дед, – жағдай, күйің қалай кетіп?
Бәрін де баяндады бастан-аяқ,
Жасырып ешқайсын тастамай-ақ.
– Тұзың сор, еңбегің еш болыпты-ау, – деп,
Баяулар болып бетбақ хастадай-ақ.
– Қорқытсаң айтқаныңызды етер, – деді,
– Жігіттік желдей заулап өтер, – деді,
– Барыңда базарыңның құдай шалқы,
Қайтып бар тұрмай мұнда бекер! – деді.
Рауаға оны айтқансын барды қайтып,
– Хош десең, – деді, – қоям пұлға байытып.
Болмаса "жеңгең зінә етіп жүр" деп,
Қаныңды төктірермін қазыға айтып.
Рауа: – Арманым жоқ, – деді, – өлсем,
Жолында жарым үшін жаным берсем!
Боламын қияметте қара жүзді,
Егер де айтқаныңа сенің көнсем.
Айтқанын етпеген соң ашу қысты,
Үрлеген мес сияқты кеуіп, істі.
Жалғаннан жалдап алып төрт куәні,
Жортақтап жын ұрғандай жолға түсті.
Қазыға барып бәрі берді шағым:
– Рауа болмады, – деп, – дінге бағын.
– Көрдік, – деп, – көзімізбен бұзықтығын,
Сұрлантып, суалтысты бет пен жағын.
Сол сөзге қапияда қазы нанды,
– Шақыр, – деді, – олай болса, осы манды.
Шығарып саһараға саңсар қыл! – деп,
Жіберді жендеттер мен осыларды.
Рауаны алып келді бұлар барып,
Топырақ қайтіп шашсын көпке ғаріп.
Шығарып сахараға саңсар қылып,
Тастады таспен көміп, басын жарып.
– Шығар, – деп, – кеткенсін көп, – анық өлген,
Сол жерге шаруа бір араб келген.
Кідіріп, тыңдады да тұра қалды,
Шыққан соң шамалы ыңыл осы жерден.
– Дыбыс, – деп, тұрды қарап, – қай жақтағы?
Қолында бар еді оның таяқ тағы.
Түрткілеп тасты аударып көре берді,
Итеріл етігімен аяқтағы.
Ішінде жатыр қатын көркі күндей,
Қан болып тұла бойы, есін білмей.
Едәуір аяғаннан жылап алды,
Еңкілдер егізімен болып бірдей.
Отырды сөйлесуге, есі кірсе,
Үйіне әкетуге еріп жүрсе.
Түрі бар тұратұғын түпкілікті,
Сабыр етіп сол араға сәл кідірсе.
Түс қайтып болғаннан соң, анық бесін,
Көтерді басын жерден, жиып есін.
Есіркеп іші-бауыры елжіреді,
Айтқан соң әлгі өткен әңгімесін.
Арқалап, үйіне алып келді кешке,
Алланы адам еді алған еске.
"Көп сауап табамын, – деп, – тасқындап жүр,
Оңалып осы ғарып ерсе көшке".
Әр түрлі жарасына дәрі септі,
Кісі еді көнді білгір, қолы епті.
Сауалып шамалы күн жатқаннан соң,
Жамалы таңырқатты тағы көпті.
Рауаға оның-дағы кетіп ышқы,
Қалжыңдап, қиқарсып кеп қолын қысты.
Тітіреп тұла бойы қорыққаннан,
– Ойла, – дед, – ақыретте болар істі.
Еңбегің етсең күнә еш болады,
Едәуір соңырағы күн кес болады.
– Деген соң, "олай болса тауба еттім" деп,
Рауамен ақыреттік дос болады.
Ерте-кеш етіп қызмет, енді күтті,
"Қылсын, – деп, – қадамыңды Құдай құтты!"
Хан, қара болсын яки құл мен құтан,
Ұйтқытар азған күн әркімді ірткі.
Бір қара құлы бар ед қоңқақ мұрын,
Көрген жан "құртсын" деуші ед оның түрін.
Оның да Рауаға ышқы кетіп,
Сүбі-шам салып жүрді көздің қырын.
Рауаға оңашада айтты жайын,
– Тұрам, – деп, – қызметінде әр кез дайын.
Сөзімді осы айтқан орындасаң,
Өлгенше кем болмас, – деп, – ет пен шайың.
Күдерін үздіреді кейіп құлдың,
Сабырына сансыз рахмет ондай гүлдің!
Кеуліне кейігенін кек тұтынып,
Осы күл ортасында тұрып түннің.
Баласын баярының барып шалды,
Ұйықтап ед ол уақытта жұрттың алды.
Десін деп "осы өлтірген" үйдің іші,
Үстіне Рауаның жақты қанды.
Мысықтай маймалаңдап барып қана,
Пышағын бас жағына тықты жана.
Кеуліне келді едеуір мақтандық,
"Кегімді алдым ғой, – деп, көрген мана!"
Орнына қайтып жатты, мұны етті де,
Ол құлдың мұны еткені ретті ме?
Баланың қырқыраған дауысымен,
Анасы түрегелді дір етті де.
Ойбайлап тура сала, жақты шамды,
Жаққан соң ағып жатқан көрді қанды.
"Өлтірген бұл баланы кім болад?" деп,
Бәрі де болып у-шу, естен танды.
Рауаның қан болған соң киген киімі,
– Осы қан, – десті, – үстіңе қайдан тиді?
Баланы бауыздаған анық сен, – деп,
Ұйғарып, бейшараға бәлені үйді.
Рауа: – Ұлық-кішік отыр, – деді,
– Тыңдаңдар, қылмай сөзімді топыр, — деді
Құдайдан қорыққан үшін саңсар болып,
Қылып ем үсті-басымды қотыр, – деді.
Қалайша бұл баланы бауыздайым,
Үстімді қанға бояп сауыздайым?
Өлтірсем, өздеріңде ойланыңдар,
Үстіме зәредей қан тамызбайым.
Қоямын бас жағыма қалай пышақ,
Өлтірген бұл баланы өзім ұсап?
Осыдан өздерің де аңғарыңдар,
Даурығып қорқытпай-ақ қысып-қышап.
Бәрі де: – Бұл айтқаның дұрыс, – деді,
– Жаламыз біздің қылған бұрыс, – деді.
– Кешіріп қатемізді осы қылған,
Ал бізден төрт жүз теңге күміс, – деді.
Рауаға беріп баяр төрт жүз теңге:
– Күніңді елт, келгенше ерің шығып кеңге.
Біреудің кесапаты тағы тиер,
Деп жылады, емес еді,– деп, – ойым өңге.
Рауа кетті алғысын бере-бере,
Берген соң біліп айыбын, дұрыс төре.
Жақындап бір базарға барып еді,
Алдынан андады адам өре-өре.
Жиналып жатыр халық, тұрса қарап,
Көмулі ортада түр күжім дарақ.
Басына бір жігітті қойыпты асып,
Еттіріп аяқ-қолын алақ-салақ.
Таңырқап тұрғандарға: – Бұл не? – деді,
– Таптыңдар мұнан нендей іле, – деді.
– Борышы үшін 400 теңге асулы тұр,
Аясаң, бер, – деп бәрі күледі енді.
Бұл жігіт 400 теңге бересі екен,
Алатын ол шаһардың төресі екен.
Уақытынан уәделі қалдырған соң,
Асылып осы дарда өлесі екен.
Жігіттің екі көзі жасарып тұр,
Ал төре өлтіруге қасарып тұр.
"Мысыққа ойын керек, тышқанға өлім",
Дегендей басы саулар наша ғып тұр.
Рауаның ол жігітке іші күйді,
– Мұндайды көрер ме ед,– деп, – болса күйлі.
Жанынан төрт жүз теңге санап беріп,
Құтқарып қылды дардан басын сыйлы.
Кідірмей жүре берді шығып кенттен,
Құтқарып Құдай үшін қалың өрттен.
"Еңбегің ессізге еткен еш болар" деп,
Қарттардың айтқаны шын бұрынғы өткен.
Құтылып алғаннан соң жігіт дардан,
Артынан "кім екен?" деп қуып барған.
Көркіне құн сияқты көзі түсіп,
Ақымақтың ашты ойы анықтарлан.
Жалынды: – Жүр, – деп, – жеңге, біздің үйге,
Көркіңді көргеннен соң түстім күйге.
Ықыласың ұқсайды анық маған ауған,
Тып-тыныш отырып ал, маған ти де.
– Жоқ,– деді, – ықыласым саған кеткен,
Жаныңа жас болған соң зақым жеткен.
Есіркеп, ел шетінен келсем-дағы,
Ғарыппын халысан һақ қайыр еткен.
Түрі жоқ тыңдайтұғын айтқан кепті,
Жер түгіл, көрер емес көзі көкті.
– Ғашықсың, аярлықпен айтасың, – деп,
Едеуір Рауаны ұрсып, сөкті.
Жалынып екі көзден төгіп жасты,
– Ал, өзің біл, – деді, – онда, иіп басты.
Онда да жіберетін болмаған соң,
Теңізге туралап бет тура қашты.
Қашумен бір кемеге келіп кірді,
Кідірмей келісімен кеме жүрді.
"Шорым, – деп, – мынау менің қашып жүрген"
Айқайлап жар басында жігіт тұрды.
– Бағасы, – деді, – алсаңдар, бір мың теңге,
Бермеймін қанша айтқанмен одан кемге.
Сатамын алғаныңа анығында,
Шорым көп болғаннан соң одан да өңге.
Сатуға келіп едім алып базар,
Жұрт біткен жамалына бөліп назар.
Таласып "мен алам" деп бір-бірімен,
Қуалап көше үстінде көрсетті азар.
Сондықтан келіп еді қашып мұнда,
Кеменді кідірт-тағы сөзім тыңда.
Қайтамын алмасаңдар үйіме алып,
Шығарып жіберіңдер асылында.
Артықша Алла оған берген көрік,
Қалмайды көрген жанның көндінде ерік.
Байы едім миллионшік шорылардың,
Сұлуын әр шаһардан алған теріп.
Рауаны ортаға алды: – Көрелік, – деп,
– Ұнаса айтқаныңды берелік, – деп.
Көрген соң бәрінің де кетіп ышқы,
"Жолында, – ой қылысты, – өлелік" деп.
Ақыры мың теңгеге алды бірі,
"Екен, – деп, – жамалға бай жаһан һүрі".
Кемемен кең теңізге кетті жүріп,
Қарай қал, қалай болар істің түрі.
Кемеде келе жатып болған соң кеш,
Алғанда Рауаны қалмады ес.
Мойнына қолын салып, сүйіп бетін,
Кеуде артып, келіспейтін көрсетті пеш.
Жайып қол жалбарынып, жылады һаққа:
– Осыдан, – деп, – пазлыңмен мені сақта.
Күркіреп көктің бетін, басып бұлт,
Бұрқырап, соғып дауын сол уақта,
Тербетті теңіз суын астын-үстін,
Ақылынан алжаспаған қалмады ешкім.
Рауаның аяғына бас ұрысты,
– Лажын ете гөр, – деп, – осы істің.
Көтеріп қолын көкке, қылды дұға:
– Тоқтат, – деп, – толқыныңды Қадыр Құда.
Аспаннан бұлттар тарқап, басылып жел,
Тып-тынық, жайма шуақ болдыс, жүдә.
Қуанды халықтың бәрі қайықтағы,
Қалған соң рахатқа байып тағы.
Уәдеге өткендегі айтқан опа ете алмай,
Әшепкі іс шығарысты айып тағы.
Шуласып, Рауаны ортаға алды,
Азайып ақыл, ойы орталанды.
Еркінсіп ерік бермей баратқан соң,
"Болды,– деп, — бұл қалайша?" қорқа қалды.
Қасқырдай қамап алып айналасын,
Шуылдап салғаннан соң шарға басын:
– Құтқара көр, – деп, – өзің осылардан,
– Жалбарды Жаппар һаққа төгіп жасын.
Қайтадан қарғыны зор соғып дауыл,
Ғарық болды барлығы да бұзып қауып.
Ол қайық ортасынан қақ айрылып,
Рауа аман қалды болмай ауыр.
Рауамен бірге еді салынған жүк,
Жүктерден су ішіне кетпеді түк.
Қалқумен бір қаладан келіп шықты,
Жүдеуге Жаппар алла жеткеріп ық.
Тақтаны су шетіне қойды байлап,
Шығарып жүктің бәрін буған тайлап.
Еркекше киім киіп айтуға арза,
Бұл кенттің падшасына келді айдап.
Тұп-тура мекемені сұрап, тапты,
Қақ жарды, қарсы алдында тұрған сапты.
Қалады күзетшілер кідірістеп,
Болған соң өте сұлу оның әпті.
Кідірмей падша үстіне келді кіріп,
Қасында бектер бар ед небір ұлық.
Бәрі де талғатына таңырқасты,
– Қыздан да таптырмас, – деп, – мұндай қылық!
– Кетті, – дед, – жолдасымның бәрі суға,
Қалған жоқ бәрінен де бірге тума.
Малдары меніменен аман қалды,
Алдыңа соның үшін келдім тура.
Шығарып су шетіне, келдім үйіп,
Алған жоқ зәредейін ешкім тиіп.
Түсетін күндік жерге көлеңкесі,
Күжім ең миуалы біткен биік!
Алдырып, аш-арыққа, тақсыр, тарат,
Болмаса орынына өзің жарат.
Тауып бер тынығатын өзіме орын,
Ғаріпке болған болсаң құйрық, қанат.
Рауаның өте тыңдап осы сөзін,
Салмақ боп шыныменен шапқат көзін.
Жіберді жүктеріне жігіттерді,
"Отыр, – деп, – өз қасымда енді өзің".
Алдырып аш-арыққа берді бөліп,
Патша еді фазылатты дінге берік.
– Біреуін отыруға ұнат, – деді,
– Шаһналық жайларымның бәрін көріп.
Қолайлы бір сарайды алды қалап,
Алған соң, ақыретті етті талап.
Отырды ертелі-кеш етіп шүкір,
Жылаумен: – Жарылқа,– деп, – енді,
Падиша Рауаны тутынды пір,
Кеуліне жан екен, – деп, – орнаған нұр.
– Дауамат дұғаңыздан тастама, – деп,
Беруші ед күміс, алтын, гауһар мен дүр.
Келуші ед әр тараптан науқас, кесел,
Құрт ауру, құныс, соқыр, ақсақ, мешел.
Бірі емес, бәрі-дағы шипа тапты,
Жын ұрған және-дағы не бір есер.
Қысқасы, халық біткеннің болды пірі,
Қол берді кемеңгерлер не бір ірі.
Жеті ықылым жетегінде болғанменен,
Қояр ма Қадыр Құда жанды тірі.
Падыша бір күндері болды хаста,
Жақындап жазылулы тағдыр баста.
Орнына отыратын ұлы жоқ ед,
Сол үшін түсті уайым кәрі, жасқа.
Бәрі де бек, уәзірдің деді жылап:
– Күжім ең көлеңкелі, тұрсың құлап.
Иелік ел атыңа етеді кім?
Халық болып келдік, міне, басты құрап.
Падыша: – Жыламаңдар, – деді, – халқым,
Шәрбатын бұл өлімнің татады әркім.
Орныма осы жігіт отырсын, – деп,
Жаһаннан жұмып көзін, болды марқұм.
Жұрт біткен жылап, еңіреп, тұтты аза,
Біткен соң шара нешік тағдыр қаза.
Болғанмен асыл, гауһар көмді жерге,
Намазын оқып болып, жуып таза.
Дүниеден өмірі бітіп өтсе де өзі,
Біздерге бар еді, – деп, – сондай сөзі.
Рауаны үлкен-кіші ортаға алып,
Өтінді: – Падышаның бол,– деп, – көзі.
Дағдарып Рауа мінді алтын таққа,
Қойғандар қор болмайды көңілін Аққа.
Жібер, – деп, – қыздарыңды құзырыма,
Бұйырды бек пен уәзір не бір наққа.
Қыздарын қуанғаннан киіндірді,
Үйретіп үлгі, өнеге иілдірді.
– Ұнатса әйелдікке алады, – деп,
Сыбырлап жүрерінде сүйіндірді.
Жиналып Рауаға келді қыздар,
Дейтұғын "Күйеу болса, міне, біз бар".
Келіншек келгеннен соң таңырқасты,
Солардай сұлулығы неше жүз бар.
Рауа ортада отыр болып һүрдей,
Жарқырап екі көзі гауһар дүрдей.
Шөпжелке шорылардай болып қалды,
Шүңкиіп бұл қыздардың бәрі бірдей.
Қорынып қыздар онда өздерінен,
Ұялып ажарлары өзгерілген.
– Қыжалат, қарақтарым, тартпаңдар, – деп,
Рауадан осы кезде сөз көрінген.
– Әйелмін, асылында ер емеспін,
Қорғайтын халықты жаудан шері емеспін.
Лаж жоқ еркектерге ұқсап жүрген,
Жұрты жоқ жүдеу тартқан келемешпін.
Айтыңдар аталарыңа біздің жайды,
Рауаның бар екен, – деп, – сондай айыбы.
Кең ойлы кемеңгердің келіп бірі,
Ертерек иеленсін тақтылайды.
Рауаның қыздар жайын айтып барды,
Айтқан соң, ашып қалды халықтың қарны.
– Жан ед, – деп, – жайтымызға қарайтұғын,
Жыласты жетім, жесір, жүдеу, жарлы.
Қатынды хан қоюға қоспайды заң,
Заң қосса, қоймайтұғын жоқ еді жан.
"Ер болса елді жауға бермес ед" деп,
Өкінді үлкен-кіші ұрысып сан.
Лажсыз бір адамды патша қойды,
Рауа елді жинап етіп тойды.
Бата алып бәрінен де барғандардың,
Жасырып жатып алды жұртқа бойды.
Ықыласы екі есе болды елдің,
Халқына кетті даңқы қайбір жердің.
Рауаны қоя тұрып, сөз қылайық,
Жайтынан жолаушылап кеткен ердің.
Қысы-жаз қылып қызмет, шығып шетке,
Шаң жұғып, шекпен-шалбар киіп етке.
Арқалап алтын, күміс қайтты бір күн,
– Болар, – деп, – мұным тоқтау, жоқтық дертке.
Сағынып Рауаны, айтып өлең,
Деп келед: "Дидарыңды қашан көрем?"
Қуанып, қошық айтып келе жатып,
Теңізге түсіп кетті-ау түбі терең.
"Алдымнан шығар-ау, – деп, келеді ойлап,
– Киіктің баласындай көзі ойнап".
Арманы — Рауаның бетін сүйіп,
Ойдағы уайымның бәрін жоймақ.
Жол жүріп жетті үйіне неше күндей,
Келген соң кеулі қалды болып түндей.
Рауа жоқ, інісі отыр, "бұл қайсың?"– деп,
Үңірейіп екі көзі, болып індей.
Деді: – Інім көретұғын көзің қайда?
Есепсіз келіп едім етіп пайда.
Рауа қаза жетіп қалды ма өліп,
Отыр ма иә болмаса басқа жайда?
Інісі таныды да, деді жылап:
– Ақыңа адал жұптың етті хилап.
Қылған соң, қарлық, қазы қаһар қылып,
Өлтіртті тас аттырып, халықты құрап.
Дос күліп, дұшпандарым табалады,
Ерте-кеш иттей шулап, абалады.
"Қылды, – деп, – қалайынша жеңгең қарлық?"
Үйімді қатын-бала қамалады.
Шыдамай сол азарға жылап едім,
Көл қылып көзім жасын, бұлап едім.
Қарайтын халыққа жүзім қалмаған соң,
Саттардан соқырлықты сұрап едім.
Тілегім қабыл болып, болдым соқыр,
Күнелтер күй мен дәулет, кетті қоқыр.
Білмеппін, көз артықша керек екен,
Ізде, аға, елде молда болса оқыр.
– Көңілімнен кетпес,– деді, – мынау күйік,
Рауадан шықпас деуші ем аспан қиып.
"Әйелде опа жоғы" рас екен,
Мен ақымақ, ол үшін пұл келген жиып.
Кесірі тиген екен саған-дағы,
Сен үшін пул құдайы ағаң-дағы.
Жияйын дұғахан мен дәрігерді,
Ырза бол, інім, осы шашам-дағы.
Деп, жиды дұғахан мен дәрігерді,
Бәрі де дұға оқып, дәрі берді.
– Болмас, – деп, – бізден себеп, бәрі қашты,
Бағысып көрді-дағы әрлі-берлі.
Ойы жоқ аянатын інісінен,
Айрылды ұйқы менен күлісінен.
Қатынын қарғауменен отырады,
Болғанын білсін қайдан жүрісінен.
Есітті, "бір әулие бар,– деп, – қатын,
Барады, – деп, әркім алып нар мен атын.
Батасын бере қойса ықыласымен,
Дерттілер табад,– дейді, – тән сағатын.
Інісін: "Жүр, – деп, – жаным", жетеледі,
Жетуге жатпай-тұрмай төтеледі.
– Қарағым, қалды ма, – деп, – өкпең өшіп,
Әлпештеп анда-санда көтереді.
Бір үйге, болған соң кеш, келіп қонды.
Жоқ екен, ол үйдің де, мазасы онды.
Бір соқыр онда да отыр ойбай салып,
Төңбекшіп "көзім-ай!" деп, онды-солды.
Қасында қарт атасы жылап отыр,
Тынбастан тұла бойын сылап отыр.
Сыйынып әулие мен әнбияға,
Саттардан сауалуын сұрап отыр.
Бұларға біраздан соң айтты жайын:
– Жанбыз,– деп, – заманасы болған қайым.
Көзіне жалғызымның зақым жетіп,
Ұйқы жоқ отырамын зарлап дәйім.
Бұл соқыр жігіт еді тұрған дарда,
Сол күні шұқитын ед көзін қарға.
Айырып Рауа оны өлімінен,
Кетіп ед борышын өтеп, айтып арма.
Жамандық жақсылыққа ол етіп еді,
Сол үшін көрер көзі кетіп еді.
Басқасын баян қылып не қылайын,
Әркім де әліне оның жетік еді.
Баяндап басындағы болды мұңын,
– Жүр, – деді, – баланды ертіп, бізбен бүгін.
Бұл жақта қасиетті қатын бар, – дейді,
Күні-түн болып жатқан алды жығын.
Батасын біздер алсақ, барып оның,
Қайғының жазар Жаппар бізден торын.
Оңалып екеуі де ауруынан,
Саулықтың саясынан алар орын.
Қуанып, "иә, құдайлап" жүрді ол да,
Ниязға алып пұлын, болған қолда.
Алатын Рауаны тас ішінен,
Құлы мен кездей болды арап жолда.
Көзі көр ол құлдың да екен болған,
Арап та емін істеп келген қолдан.
Дауасы бәрінен де болмаған соң,
Қылам, – деп, – қалайынша халықтан сорған.
Халық айтқан: – Қатынға бар, құлыңды алып,
Ниязға беретұғын пұлыңды алып.
Шынымен шипа табар дұға қылса,
Қоймаса Құдай егер қырыңды алып.
Деген соң келе жатқан түнемекке,
Құлының сауалуын тілемекке.
Ұшырасып өңшең бұзық жол үстінде,
Жыласты "Түстік-ау, – деп, – тірі әлекке".
Бұзықтар білмей айыбын, мұңдасады,
Есіркеп есіткендер тыңдасады.
Өнерлеп өтірікті айтқанменен,
Көзіңді көп ішінде құм басады.
Жол жүріп жүдеп, шаршап, бұлар жетті.
Рауа отыр еді бүркеп бетті.
Саттарға сансыз шүкір айлап іштен,
Бұларды бірнеше күн құрмет етті.
– Ықыласы әулиенің түсті, – десті,
– Құдайым енді оңғарар істі, – десті.
Қайтармыз қалайда да қуанысып,
Қайткенмен кереметі күшті, – десті.
– Бар ма, – дед бір күндері, – жұмыстарың
Тең екен ауруың мен дұрыстарың.
Айтсаңдар шындарыңды шипа тауып,
Қайта орнар қайтқан бақыт, ырыстарың.
Сөйле, – деп, – ертеде еткен істеріңнен,
Шын айтпай шықпас қайғы іштеріңнен.
Қатесіз қалайда да пенде болмас,
Ұялып айнымаңдар түстеріңнен.
Лаж жоқ, үшеуі де айтты сырын,
Есіткен, "түпә!" деді, қарап қырын.
"Өлімнен ұят күшті" екені рас,
Түстері болып кетті қара құрым.
– Рауаға рахмет! – деп жатыр халық,
– Екен, – деп, – ердің ақын күткен анық.
Мінажат Қадыр Аққа қылмақ болып,
Осынша етсе де олар бейопалық.
Деп айтты, қол көтеріп: – Ая, Саттар!
Қайткенмен Карим деген өзінде ат бар.
Айыбын aлy айлап осылардың,
Қасымнан қуандырып бәрін де атқар.
Сол сағат сәуле кірді көздеріне,
Түрлері қуанысты өзгеріле.
Құданың құдіретінен қиын іс жоқ,
Оңалып келді үшеуі өздеріне.
Құлдық, – деп, қусырысты қолын бәрі,
Көркейіп, кеуілдері, кірді әрі.
Керемет көрсеткен соң бұл сияқты,
Хан, қара қалды қайран, жас пен кәрі.
Рауаның жығылды олар аяғына,
Ойда жоқ, еткендері баяғыда.
Ерінің қолын ұстап "кіммін?" деді,
Бетіне бетін ашып таяды да.
– Ұқсайды Рауаға, – деді, – түсің,
Жаныма жағып барад еткен ісің.
– Солсың! – деп, соңыңа анық ерер едім,
Өлмесе өмірі бітіп ондай мүсін.
Обалы осы інімнің мойынына,
Қас болып алмаған соң қойынына,
Жалғаннан жалдап алып төрт куәні,
Қалдырған халық біткеннің сойылына.
– Рауаң "өлді" деген менмін! – деді,
Сен үшін сансыз бейнет көрдім, – деді.
Жетістім мәртебеге бұл сияқты,
Өзіндей сақтап хақын ердің, – деді.
Алжасып ақылынан, қалды құлап,
Рауа басын сүйеп тұрды жылап.
Бір кезде есін жиып, түрегеліп,
– Сен бе? – деп сүйді бетін, – сөнген шырақ?
Шат болып шамадан тыс, шүкір қылды,
Тапқан соң тап формында солған гүлді.
Қайтадан қосып Алла осы екеуін,
Тудырды ізді-ізімен төрт ұғылды.
Бақытты төртеуін де етті тәңірім,
Жүргізді әділдікпен халыққа әмірін.
Зиярат жұма сайын етіп жұрты,
Құрметтеп тұрад дейді әлі қабірін.
Ұқсатқан Рауаны Алла асқар тауға,
Келді өзі қор тұтқандар қорғалауға.
Басына бақыт қонған білімді ерлер,
Алдырмас қорған болып, халқын жауға.
Рауадай артым абат болсын десең,
Сайраған сары жолдан асылы аума.
Қолына туралықтың тұтса туын,
Ел-жұрты етер құрмет ардақтауға.
Осындай кейінгіге үлгі кеткен тастап,
Болмайды өткендерді еске алмауға.
Әлгі айтқан үш бұзықтан ыбрат ал,
Қашырмай қиялыңды әр тарауға.
Тапжылтпай тағдыр құрық салған күні,
Ерік бермес етерліктей жанға сауға.
Нені еккен соңғылықта соны ормақшы,
Күтін бол күні ілгері бос қалмауға.
Жол қуған жолығады дейді қазынаға,
Кездесер бәле іздеген бітпес дауға.
Ылайын ғысиянның кешкенменен,
Ізденбек ерге ләзім таупық-тәуба.
Гүлденген көңілімнің бостанынан,
Риза бол беглер осы берген бауға.
Үмітім "көп дұғасы — қол" деген бар,
Балықтай бітіп тағдыр, түссек ауға.
Жазып ем Рауаның ікаясын,
Жарар, – деп, жиын-тойда бір тыңдауға.
Менің де тілейтінім айтушыдан,
Сөзімді шала жаттап қор қылмауға.
Түгел сөз тура айтпаса болар жарты,
Сол үшін ескерткенім көп жырауға.
Баласы Ізтілеудің Тұрмағамбет,
Білмекке болса көңілің жөн сұрауға.
Сөз соңын соза бермей қысқарталық,
Іреті келмес бұдан енді ұзауға.

1911.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу