18.07.2021
  151


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Сар Тараш хикаясы

Лайық ер жігітке бағу басын,
Ойланып андау дұрыс өз шамасын.
Ретсіз ілгергіні еліктеген,
Кемітер көпке шет боп өз мағынасын.
Ақылдың көкірегінде көзі барлар,
Қайткенмен таба берер іс ыңғасын.
Қылғанмен суретін бір, сүтін басқа,
Ежелде етсе Алла, не қыласың?
Ителгі "Аң құсы ед, – деп, – менің де атым",
Болар ма ұшқанменен, айтшы, лашын.
Қамалға "қайратты ер" деп қорқақ кіріп,
Табжылмай тартар ма оның нұғырасын.
Нар жүгін нарқы арзан тартпайды айыр,
Сондай біл, бір-біреудің шекарасын!
Аптықпа, аяғыңды абайлап бас,
Ізденбе таптан озбай тау қиясын.
Ер болып ертеде бір Шам Шарипта,
Жаһанның тапқан тамам даражасын.
Мал-мүлкін маңайына сыйғыза алмай,
Қойды отар қызметкердің бір парасын.
Хан-құлдың қадірі артса құлындай да,
Сақшы еткен соларға шам падышасын.
Бір кезде көңіліне оның кіріп тауба,
Тапсам деп талап еткен Ақ ризасың.
Сол айтқан сансыз малды садақа айлап,
Таппаған діллә түгіл, нан паршасын.
Бір кеште келіп бір қарт түсінде анық:
"Жаннаттың жерсің теріп миуасын.
Сүйікті Саруардың жараны боп,
Жаңа да жай қыларсың жақын қасын.
Саны жоқ саған болар жақсылықтың,
Ете бер, – деді, – енді шүкіранасын.
Озипаң бұл жаһанда, мінекей, мен,
Ізде ертең бұл шаһардың сартарашын.
Болған әл шашыңды алып Шайхылардың,
Барармын басқа киіп мен гүлласын .
– Көрінбей көзіме осы жүр едің, – деп,
Сол сағат сойылменен сен ұрарсың.
Болармын сонда өліп сап-сары алтын,
Бітіріп сартараштың мұддығасын.
Апарып сарайыңа сақтап қойсаң,
– Жаһанның көрмессің, – деді, еш жапасын!"
Көзінен көзі ұйқыда ғайып болып,
Оянып есітті азан ауазасын.
"Алла!" деп, орынынан түрегеліп,
Я, шынын білейін деп, я қатасын.
Сәскеде сартарашты тауып алып,
– Берем, – деді, – шашымды ал, соң бағасын.
Әлгі қарт айтқанындай, ұзамай көп,
Күллалы, келді алып қолға асасын.
– Құдайым қолға берді, құтылшы, – деп,
Көтеріп келтек, ұрды бұл құлашын.
Қарт құлап, қол-аяғын қыбырлатып,
Айтты да, көзін жұмды кәлимасын.
Ет кесіп бір жапырақ, беріп оған,
Арқалап келді үйге Ақ зияпасын.
Алтын боп айтуындай, алып жұмсап,
Жаһанның жана сүрген зауық-сапасын.
Ондай ер орын табар, ұмыт бол мас,
Есітті сартараштан сөз інтаһасын.
Қараса қолына алып, қызыл ділла,
Таңырқап, таба алмай ет нышанасын.
Ойына осы ұқшасты өлтірсе адам,
Ойланды "табады-ау" деп мал тазасын.
Қасты етті "Қартты осындай мен де өлтіріп,
Берсем де, бай болайын, – деп, – соң жазасын".
Сол оймен сопы нақыш адамды аңдып,
Жүргенде тапсам деп бір оңашасын.
– Бұл кешке келіп бізге кетіңіз, – деп,
Шақырды Шам Шариптің мұқтадасын.
– Шара жоқ шақырсаңыз бармасқа, – деп,
Үстіне жүрді киіп шайхы жамасын.
– Молайып мал-мүлікке қалам ғой, – деп,
Қуанып келіп, ашып дарбазасын.
Апарып адамнан бір аулақ жайға,
Өлтіріп орындады өз уағдасын.
Жанына жан шыққасын барып көрсе,
Болмайтын алтын түгел, ол қорғасын.
"Халық білсе қалай мені құтқарады", – деп,
Бишара болды ішкендей у тортасын.
Сасқанда сай таппайтын сорлы еді ғой,
Ондайдың бермей кетер кім қолқасын.
Таң ата тамам халық хабар тауып,
Ессізден келіп көрді іс омпасын.
Жұрт біліп жарым естігін жапса, болмас,
"Жесін, – деп, дарға астырды, – ит жаңқасын".
Сөз болып соңғыларға сол себептен,
Күлкі еткен кеші-күндіз көп ортасын.
"Әлемге әл білмеген, таң болад" деп,
Халық айтқан қариялардың нақылиясын
Дейтін ек: "Әшейін сөз, айтпай-ақ қой",
Тәңірі тар жаратқан соң көңіл ұясын.
Асылын анық білдік, енді ойланып,
Жайыңа жай жүріп-ақ қом жиясың.
Әл білмес — бұл дүнияның бәрін білмес,
Кел, қысқарт, қаламыңның сарық сиясын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу