Өлеңдер ✍️
Жолаушы мен дана
Жолығып бір жолаушы бір данаға:
– Жетемін, – деді, – қашан мен қалаға?.
– Барасың асықпасаң бір-ақ күнде,
Қонасың асықсаң бес екі араға.
Деп дана, езу тартып қала берген,
Ақылсыз, айтып жұмбақ бейшараға.
– Бес қонып күндік жерде кім жүред? – деп,
Кейіген көнді кетіп бір салаға.
– Сағатта-ақ, шаба берсем, барармын, – деп,
Соқтықты өз-өзінен бір қараға.
Қамшы ұрып, қатты шапты қағынғандай,
Әр түрлі ой жіберіп мажыраға. 38
Қара тер болып аты, қалды жүрмей,
Тастауға өлімтігін күр далаға.
Жаяулап "жануарым не қылдың?" деп,
Жетектеп жеткізді атты бес қонаға.
Жай жүрсе, жалғыз күнде-ақ баратын еді,
Асығыс, асылында еткен іс оңа ма?
"Артқа қой асығысыңды" деп даналар,
Кейінге кеткен жазып ырсалаға. 39
Кездессе, кейір ем мен сол данаға:
– Еттің, – деп, – еңбегіңді еш кем санаға.
Табылса тәтті сөздің төгіндісі,
Ер бермес есі бүтін мың сомаға.
"Арбамен асықпаған қоян алар"
– Деп айтқан құлағыңды қой жобаға.
Сақтаулы саспағанның сыбағасы,
Асыққан ұшырасар бір тобаға.
Басына ой құсының орнықтырып,
Тұрекең тігіп берді бір томаға.
Екінші нұсқасы:
Кездесіп бір жолаушы бір данаға,
Жетемін депті қашан мен қалаға.
Барасың асықпасаң кешке дейін,
Асықсаң бес қонарсың екі араға.
Деп дана езу тартып қала берді,
Аз ақыл айтып жұмбақ бейшараға.
"Бұл қалай мені мазақ еткені?" деп,
Шамданып қашырды ойды ол әр салаға.
Ақылы ауышқансын, айтқан шығар,
Қартайып жас келгенсін соншамаға.
Данадан дария заңды шыққан сөзге,
Абайлап, ақылы кемдер сер сала ма?
Бес қонып күндік жерге кім жүрсін деп,
Қасты етіп қашты осылай ой шамаға.
Шу-шулеп қамшы басты үсті-үстіне,
Жетуге көп ұзамай тез қараға.
Қара тер болып аты қалды жүрмей,
Тастауға өлімтігін күр далаға.
Жаяулап "жануарым не қылдың?" деп
Жетектеп жеткізді атын бес қонаға.
Жай жүрсе жалғыз күнде-ақ жетер еді,
Асығыс, асылында, еткен іс оңа ма?
Ақымаққа айтқан ақылың кетер босқа,
Көзі сау, көкірегі көр томаға.
Өткізер өкінішпен өмірін босқа,
Кездесіп қайда жүрсе қамтамаға.
Кездессем кейір ем сол данышпанға,
Еттің деп еңбегіңді еш кем санаға.
Сол үшін соңға нышан данышпандар,
Қалдырып кеткен жазып рысалыға.
Сақсаулы саспағанның сыбағасы,
Асыққан ұшырасар мұң, тобаға.
Табылса тәтті сөздің төгіндісі,
Ер бермес есі бүтін мың сомаға.
Басына ой құсының орнықтыр деп,
Тұрекең тігіп берді бір томаға.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter