Өлеңдер ✍️
Алты ақынның өмір туралы айтысы
Шораяқтың Омарының ауырып жатқанда "Бұл науқас, сірә, менен үзбеді қол" деген өлеңін оқығаннан кейін Тұрмағамбет ақынның жазғаны:
Келтірмес өлімді ойға, нәпсіге ерсең,
Нәпсіге ер емессің, ерік берсең.
Тастайды ара шөлте адастырып,
Алдыңа "әуес" атты қойып көрсең.
Қанағат сол уақытта етпес көңілің,
Бар мүлкін бұл жаһанның жинап-терсең.
Олардан асылы пайда көре алмайсың,
Санаулы сарқылып дем, өліп көрсең.
Жеріңе көңіліңе алған жеткізе алмас,
Нарқы арзан нәпсі — жабы, нағыз тершең.
"Семіз, – деп, – сере шығатын қабырғасы",
Біз жүрміз тепеңдеумен мініп ершең.
Омардың Тұрмағамбетке берген жауабы:
Қайғысын бұл жаһанның қабат ойлап,
Қайтеді ақылыңды екі бөлсең?
Еңбектің іске аспағы екі талай,
Табандап тас кенеше аттай желсең.
Ей, інім! Ақылың ағла андауымда,
Тұрықсыз туысыңа жүрген дөңсең.
"Әр түрлі хикая мен дастан" жазып,
Болмай ма қатарыңды жалпы жеңсең?
Атынды халайыққа мәшһүр етіп,
Журналға сөз беруге енді белсен!
Сөзіңді шайырлармен салыстырып,
Алдыңа жан салғызбай озып келсең:
Өлсең де кейінгі ұрпақ сені іздеп,
Жылар еді: "О, дарих!" – деп, кемсең-кемсең.
Кете Жүсіптің Тұрмағамбет пен Омарға жазғаны:
Кең ойлы кемеңгердің өздерісің,
Жарастық жақсы жолды иеленсең.
Өлеңмен ойларыңды білдіріпсің,
Айтылған әпсанаңды аңдап көрсем,
Бедеудің — иман атты беріп жемін,
Жалғанда жарастық сол — жалын өрсең!
Секілді тағат — атаң, сауап — анаң,
Аштық жоқ қанағатпен сүтін емсең.
Тоныңды топқа ұнарлық бос тоздырсаң,
Болады неге тосқау киген жеңсең?
"Ат кейін қалдырам" деп арамдық қып,
Тұрса ұят ақыретте түсіп еңсең!
Аз өмір жалғаншыға әуреленіп,
Шіркінде, не қызық бар, бір күн өлсең?!
Кете Шахар ақынның Тұрмағамбет, Омар, Жүсіп үшеуіне жазғаны:
Есебін өткізерсің бір күн қолдан,
Орынсыз опасыз да ойнап-күлсең.
Басында, пенде болсаң, тотия жоқ,
Сұлтан боп Сүлеймендей бұлтқа мінсең,
Жалғанда ат шығару қиын емес,
Біраз жыл Қарабайша томар үйсең.
Жорғаң бар, жортақың бар, жүйрігің бар,
Айтар ек біреуіңді, біліп берсең.
Келмесін, "кекетті" деп, көңіліңе,
Ақиқат, расым бұл, маған сенсең.
Керейт Шәді ақынның Тұрмағамбет, Омар, Жүсіп, Шахар төртеуіне жазғаны:
Данаң бар, дарияң бар, ақылдың бар,
Кетенің сөз жазыпсың дүрлері өңшең.
Бір кетсе, екі келмес енді айналып,
Қараша үй қазақшылық, тіккен кеңсең.
Бағдары — баяғы өткен бабамыздың
Тоны мен тоқты тері киіп сеңсең.
Отырып орыныңа уақытындағы,
Қазаққа айтарлықтай белгіленсең.
Ежелгі ер дұшпаны — нәпсі мұндар,
Жерің сол — озған мықтап, соны жеңсең!
Нәрсе жоқ табылмайтын — талапты ерге,
Жалығып жапасына жатпай, көнсең.
Асылы, әділ жолдан қия баспай,
Миуасын тіршіліктің тынбай терсең.
"Күнә", — деп кім айтады, күнелтуді?
Алжаспай, адамдықты өтей білсең.
Сауапты іс — сарқылмайтын оман дария,
Қайғырып халқың үшін жортып-желсең.
Жолбасшы жомарттардың маңызымен
Жар-достық жатса шықпай, түсіне енсең.
Ит жайдақ ыржақтаған ілім сізге
Шірісін, шешілмей-ақ оған теңшең.
Өлгенше өзіңменен кетер бірге,
Жасыңнан дағдыланып, неге үйренсең.
Насихат кейінгіге сен де айтарсың,
Ұялып үлкендерден көп именсең.
Қатеңді қатар жүрген дос кешеді,
Өсек пен өтіріктен шын жеркенсең.
Шайтанның сүйер асы — арақты ішпей,
Қар бойы қазып терең, жерге көмсең.
Нардан да нағыз көсем болар сонда,
Талапқа тайлағынан мінген жеңшең.
Ерлікке екі дүние бірдей ашық,
Жауың да жамандамас, жанып, сөнсең.
Айтылған артындағы сөзің өлмес,
Шешіліп қалса үстіңнен киген жеңшең.
Ерлерше ел-жұртыңа еңбек сатпай,
Жетерсің жеңсігіңе, тура ізденсең!
Көсемдер көпшіліктің салын сүйреп,
Мақсатқа жеткен талай матыныленсең.
Мысалға білімді ердің бірін алып,
Тарихын тәрбиелі оқып көрсең...
Маңызды мамандардың жолыменен
Табарсың талай нәрсе іздей берсең.
Capықасқа Молдағали ақынның Тұрмағамбет, Омар, Жүсіп, Шахар, Шәді бесеуіне жазғаны:
Меніңше, бәрінен де бұл айтқаннан,
"Ақ жүзді болса, – деймін, – жақсы жеңешем!"
Қасында домбыра шертіп сен отырсаң,
Алдында ақ жеңгейдің болып үншең.
Міндет қып өрелігін өлеңіңнің,
Алтын мен күміс тауын белден кешсең.
Жақсы ғой ойдағының бәрін істеп,
Мың жасап Ұлықпандай дәуір сүрсең.
1922
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter