Өлеңдер ✍️

  18.07.2021
  181


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Сотталған адамға айтқаны

Ер болсаң, елатыңның көтер назын,
Таппайсың тусаң бүтін, онан жазым.
Ортаға өңшең мерген алғанменен,
Айдынның Алла сақтар қу мен қазын.
Қас бекзат қайбір іске қас қақпайды,
Қипақтап қарлар қылар бас ылажын.
Үкімет ойына алар, өкінбе артық,
Жастардың өздеріндей өнерпазын.
Басына балалардың бақыт қонып,
Бетіне үлкендердің енді әжім.
"Ереді жақсыға сөз, жаманға — шөп",
Өкпелеп, көрме ешкімнен заман сазын.
"Нақақтан солар мені соттатты", - деп,
Жалынып жаздырма, інім, маған назым.
Едәуір, андауымда, ұят болар,
Баспасам балалардың мен базынасын.
* * *
Жаралған біреу ойлы, біреу бойлы,
Бой ойсыз болмас, бірақ, абыройлы.
Ой, білім, бақ, ықпалмен байланысып,
Бос қалған сұңғақ бойлы, ұзын сойлы.
Бой ойдың бұйрығына мәз болады,
Қырық жылда бір келгендей есек ойыны.
Сынаңдар, сырттан сықақ қылмай, тыңдап,
Аралас арасында болса шойыны.
Қай кезде кім таршылық көрген емес,
Гауһарға қымбат баға толған қойны.
Деп ақын Тұрмағамбет қолын қойдым,
Болмайды қатадан құр ердің мойны.
Кетерміз күні ертең бұл жиқаннан,
Ажалдың арқамыздан тисе дойыры.

1930




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу