Өлеңдер ✍️

  16.07.2021
  176


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Тілек

Оңғарса талабымды Тәңірім менің,
Шаң, кірбің, көңілімнен кетер желім.
Жарқырап жанған шамдай болып тұрсам,
Сөзімді нендей айтқан тыңдар елім.
Бақ қонып бастарына балаларымның,
Алым боп ілім - ікмат табар кенін.
Сайраған сандуғаштай сақардағы,
Отырар шарқын шешіп, сорса ненің.
Қой, түйе, жылқы, сиыр саннан асып,
Шандатып Сыр, Қуаңның жатса жерін.
Қайыр айлап ғаріп, мүскін, мүсіпірге,
Тарқатсам тойындырып іштің шерін.
Той қылып айында бір, ат шаптырып,
Дүниенің шашып тұрсам алтын, зерін.
Мал беріп өз жанымнан жүдеулерге,
Сұлуды алып берсем ақық ерін.
Қабыл боп қайриятым қылған ондай,
Нұрланса күндізгідей кірген көрім.
Язданнан яуміл бағыс хабар келсе,
Бәндәлік бажай қылған тұр деп ерім.
Шамдардай шұғылаланып екі бетім,
Қуанып басылар еді бойдан терім.
Болмаса марқаматың мұндайша, Алла,
Әл бермей бара жатыр нәпсі - бөрім.
Таупықтың тәкауарын міндірмесең,
Неше асу алдымда бар, асқар белім.
Қайткенмен қарарыңнан көп үмітім,
Бәршеге болған соң Шақ берген телім.
Ой шіркін олай-бұлай бұлқынғанмен,
Жалғанға жақан атты жоқ қой сенім.
Айыбын анау айлап құлдарыңның,
Кеуілге кіргіз тәубә келмей өлім.
Жәннаты миуадан жай нәсіп қыл,
Сарқылған сағатында өмір гүлім.
Соңына Сәруәрдің жіберер ертіп,
Жұмыла жан болған күні екі бөлім.
Берер деп бұндайынша мүддіғамды,
Жаюлы жанабыңа күн-түн қолым.
1910
* * *
Тұта алмай Тәңірі әмірін талықсыдым,
Жиғаным жемі болды жорықшының.
Бетіне баярының қарай алмас,
Тарысын торғай жесе қорықшының.
Менде жоқ мал мен мүлік жайымды айтып,
Қолынан қойма деуге торықпының.
Бермейсің, Қадір Құда, қалай таупық,
Бәндеңнің біле тұра толық сырын.
Үзбеймін рахматыңнан үмітімді,
Кеудемнен кеткенше ұшып толық шыбын.
Ойға алған армандарым бітер еді,
Қабырдан тұрсам таңда толып сыным.
1915
* * *
Ей, Алла, ата айлап таупық - тәубә,
Бендеңді бұлт шөгетін шығар тауға.
Кеуліңнен кетірем деп иман нұрын,
Қылып жүр қаннас малғұн қатаң қауға.
Қосылып нәпсім оған нарау тартып,
Түрі бар беретұғын ұстап жауға.
Шошынып сұм нәпсімнің сыңайынан,
Ақылға келіп едім қорғалауға.
Оның да осы күңде күйті қашты,
Қалғандай бітейтұғын үлкен дауға.
Нәпсімнің қаннас пенен қылған серті,
Отқа өртеу мен байғұсты түсірсе ауға.
Күшейіп күннен-күнге кер бұқадай,
Әл бермей алып барады осы рауға.
Құтқар деп осылардың пітнасынан,
Мен келдім қылып саған басым сауға.
1930
* * *
Жұбатар күнің бар ма, Алла,
Жылаған жұртты осынша?
Мұсылман мүлкі болып тұр,
Не бүлініп, не сынса.
Бәрінде сауап пазылыңмен,
Жемінен жейтін ұшынса.
Айыбын анау қылушы ең,
Қай бір жан мойын ұсынса.
Төрт болды көзі талайдың,
Торға түскен құсыңша.
Бұзықтарға бақ бердің,
Өзіңнің анық досыңша.
Берекесін алды елдің,
Қысқа күңде қырық шауып,
Қаптай келген қосынша.
Жағдай айтып жалынсақ,
Жалынға жақын тұр дейді,
Тұтынған темір, мысыңша.
Досыңның дінін жоқ қылып,
Ататпай тұр атын да,
Жөн-жоба, жол сап тосынша.
Бірлігіңді білмейтін,
Белсенді кедей бадырақ,
Болып тұр бұған қосымша.
Айтқандары болғасын,
Ән салып жүр әр түрлі,
Кеулінің недей қошынша.
Өзіңді ойлар ерлердің,
Осы уақта есі ауып,
Болып тұр жердің босынша.
Теңселді тегіс жер жүзі,
Қазанның қара дауылындай,
Теңіздің толқын жосынша.
Түрлі уәлаят тыншайып,
Мәз болар еді, мүбада,
Қақарыңнан қорқып шошынса.
Бермесең зауал қалайда,
Қатаң соқты қоқаннан,
Алатын ор қой осырса.
* * *
Абат ет Алла, менің ду сарамды,
Жүзімді жарқыратып, жу қарамды.
Әр түрлі бұзықтыққа бұрмалайтын,
Көңілімнен қаннас атты қу арамды.
Қолында қатын менен балалардың,
Қағазы құраныңның ұқаланды.
Ашпасаң Әқлі Исламның өзін, көзін,
Бәрі де болып қалды су қараңғы.
1931
* * *
Әй, Кәрим, көптің көңілін басты қайғы,
Кешіріп кеңшілік қыл, болса да айыбы.
Жоюға жақат қылып жауыздар жүр,
Дініңді Ислам атты бір талайғы.
Адасып ақылыңнан оның үшін,
Мүміндер мұңайып тұр бұл маңайға,
Мұңайып мұнша құлың тұрғанында,
Шат қылу елді Шақының еді лайығы.
Шүкір етіп, шамадан тыс шабар еді,
Қуантып қолдарына берсең бәйгі!
Атымды айтар еді ұран қылып,
Талапкер диянаттар Достың найбы.
Үмітте осы ойлаған орындар деп,
Қол жайып әқлі алам отыр дәймі.
1931
* * *
Я, Алла, рақым ойла мұсылманға!
Сахисың сауға берер ұсынғанға!
Кеңшілік кешіктірмей көрсетуші ең,
Өрт қаптап жан-жағынан қысылғанға.
Қылғандай Қалиліңе отты бостан,
Бізге де бер береке, құшырлан да.
Кәлима — қой, күні қарап, күңіреніп тұр,
Ойынан иман нұрын ұшырғанға.
Мал, мүлкін талайлардың талап жатыр,
Жасырып, қояр емес пысырғанға.
Жігері жан біткеннің жаңқаланды,
Отарлап, отанынан ысырғанға.
Олардың көз жасына "Кәрим - айлап",
Кездестір кешірімді ысылғанға.
"Кейіні кеніш - реніштің" болатұғын,
Көп торығып, қай бірің де қышылданба!
1932
* * *
Құлынды қайғы, қамнан құтқар, Алла!
Қолына ұстат дауам тұтқаны, Алла!
Қиянат қылам деген дұшпандарға,
Нақанды дайындап қой жұтқалы, Алла!
Қосылып қаннас пенен нәпсі — найсап,
Мені жүр осы уақытта ұтқалы, Алла!
Иттей-ақ ебін тапса, екеуінің,
Ойы бар ойсыратып жыртқалы, Алла!
Миымды, мазамды алып ашытасың,
Ете көр шығындырып сыртқары, Алла!
Міндіріп тәубә - таупық тәкабарын,
Жақаннан жақсы жаста атқар Алла!
Бәрін де айыбымның анау айла,
Қайткенмен "Кәрім" деген ат бар Алла!
Бермесең бәндем ғой деп өзін ашып,
Көңілде көптен жүрген дат бар, Алла!
* * *
Ойымнан уайымды етіп қашық,
Ет, Алла, ажарымды айдан да ашық!
Қатемді қылып ғапу, қылған нендей,
Атақтан аман сақта деген "пасық".
Болып жүр Достың діні аяқ асты,
Бәрінен Әкді иманның болған нәсіп.
Халық біткен қолын алып отыр иіскеп,
Гүлдей-ақ ғапүрлікте өте сасық.
Болған соң замананың заңы осылай,
Жүріппіз жас балдардай ойнап асық
Онда да үміт, қауіп тұратұғын,
"Кеулі" атты кеуде ішінде бар лашық.
Аятың: "Үмітіңді үзбе!" деген,
Болған соң, о басында ойда машық.
Қалайда қатаң түрде қуанамын,
Орнына орнығар, — деп, — дінім, тасып.
Көрсетіп қайткенменен кеңдігіңді,
Елатын Әқлі Исламның етпе жасық.
Мейірін мүміндердің қандыратын,
Қадді жоқ рахматыңның қапты дасық
1934
* * *
Ей, Кәрим, көңілін көркейт мұсылманның,
Қуандыр қайбірін де қысылғанның.
Таупық бер біреуі емес, бәріне де,
Көңілінен иман нұрын ұшырғанның.
Қырық түрлі қысқа күнде құбылған соң,
Келеді қу дүнияға құшырланғым.
Дін, жоба, ұятыңды қолдан беріп,
Ойлансаң, ойлы ерлерім, үш ұрландың!
Болып тұр не пайдасы бай, құлақтың,
Қорқытып қонысынан ысырғанның.
Қатынша құлағыңа қойған салып,
Түрі жоқ тіп те ұнайтын бұл сырғаңның.
Бұл қылған қабыл ойлап халық тілегін,
Ұшқынын ойымдағы ұшыр ғамның.
1935
* * *
Әй, Кәрим, көңілін көркейт жұмла жұрттың!
Ішінен айдай қышып шыққан бұлттың!
Бұл күнде байқап тұрсаң, бара жатыр
Үлгісі ұмыт болып өткен ұлттың!
Аюпке беріп едің бақ, дәреже,
Сауалтып сырқауынан жеген құрттың.
Сондайша "Соңын абат айлар - ау!" - деп,
Отырмыз ортасында зор үміттің!
Дүкені жақсылықтың жабулы тұр,
Жоғынан "жарылқану" деген кілттің.
Сұбқы - шам сұрап сенен сол кілтіңді,
Отырмыз ауызында бұл кібіттің.
1935
* * *
Ей, Алла, өрлет енді ықпалымды!
Асқарға көрсін алаш шыққанымды!
Дос күліп, дұшпандарым тітіренсін,
Алысқан көріп жауды жыққанымды!
Түсірме енді ойыма өткен уақты,
Қояндай қорғалақтап бұққанымды!
Күлкі-ойын, кеңшілікте күнім кешір,
Кетіріп кеулімдегі дықтарымды.
Қайылмын қалайда да бірлігіңе,
Дос тұтып Сайд Ахмет Мұхтарынды.
Өлгенде иманымды жолдас қылып,
Сыйлау қыл соңыра ұжмақ ықтарыңды.
Мен емес, мақұлық біткен марқаяды,
Түсірсең рахмет атлы шықтарыңды.
Болмаңдар бәрің де әуре асылында,
Біле алмай кімге жылап - сықтарыңды.
"Екен, - деп ешкім, - теріс", - айта алмайды,
Күтсеңдер ойдағы иман — нықтарыңды.
Қауіп, үміт ортасында өле қойсаң,
Кешірер ол-пұл ұрлап тыққаныңды.
1936
* * *
Оңғарып, Алла, осы сапарымды,
Қуандыр мен сияқты қапалыңды!
Ой көзін осы кезде кірбің басып,
Жас шіркін, елу үшке тақалыңды.
"Осыған қадір, құрмет қайда?" - дейді,
Көнерген, көріп дұшпан, шапанымды.
"Не пайда, кеңес мұнан көреді?" - дейді,
Ағарған көріп мұрт пен сақалымды.
Сөзіне сондайша айтқан олжа қылмай,
Тыңдаушы еді айтқан қиял, мақалымды.
Ұнамсыз айтқандарым бола қойса,
Ұрыспаңдар "тап,- деп, - ата, мақаныңды".
Түсініп тап жолына алғанымша,
Жүріңдер сүйеп біздей нәкәрінді.
1936
* * *
Аман қыл қатын-бала, үй-ішімді,
Күннен - күн күшейт күй мен күлісімді.
Алатын әр орыннан абырой бер,
Сыйлау мен сыбағалы тиісімді.
Халық пен ғаріптерге қамқор қылып,
Тап тасқын дариядай қыл құйысымды.
Өсекке өмірінше іліндірмей,
Жайылдыр жұртқа әтірдей иісімді.
Денемнен дем шыққанша денсаулық бер,
Алдырмай дерт - сырқауға тынышымды.
Өзім мен үй-ішімнен ауыстырып,
Жар - досқа жететін қыл жиысымды.
Көбіңкі көңілімді қыла көрме,
Бай, болыс, баяғының биі сынды.
Сөзімді сондайынша мазалы қыл,
Сайраған сандуғаштың күйі сынды.
Өлгенде иманымды жолдас қылып,
Ұжмақтың моламды ет үйі сынды.
Сарайын сегіз пейіштің сайрандатып,
Сұраймын сенің тағы сүйісіңді.
Тартамын деп таңда агап ойламаймын,
Демесең: "Тастихыңның жігі сынды!".
Қатамды қалайда да кешіресің,
Шек - шек пен шегірткенің қиы сынды.
Бір біліп - өзіңді, Алла, достыңды — шын,
Көңілде кірлетпесең мүйішіңді.
Бересің бізге бермей кімге, сірә,
Тағы да рахмат атты үйісіңді?!


1936




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу