Өлеңдер ✍️
Аққанат
Ақ ұлпа дала төсінде
Салт атты көрсем дір етем.
Сонау бір жағдай есімде
Сақталып әлі жүр екен...
Ақ түндер барлық жарығын
Аяусыз жерге төккендей.
Аққулар біткен мамығын
Осында төсеп кеткендей.
Қарасын із жоқ қайда да
Теп-тегіс болып ағарған.
Қар емес мынау айнала
Тұнып бір тұрған ақ арман.
Дүние көшкен көзіммен
Қараймын қарлы моншаққа.
Ақ дала мендік сезіммен
Үндесіп кеткен сол шақта.
Ақ ұлпа жапқан бақ үстін
Ақ нұрға бояп шатқалды.
Алғашқы жауған ақ ұшқын
Үлбіреп қана жатқан-ды.
Жыр болып мен де төгілдім,
Тұрдым ба әлде күй күтіп,
Сен сонау белден көріндің,
Жаныма жеттің құйғытып.
Малшынған терге көк дөнен
Қарысқан қолың-тізгінде.
Ентіге шауып жеткенмен
Тілдеспей қалдық біз мүлде.
Жаңағы аппақ арманды
Ес-түссіз қайта іздедім.
Көрдім тек ойған қарды әлгі,
Тұяқтың ғана іздерін.
Ішімнен жанып күйінем,
Үн қатар бойда күш қалмай.
Жаңағы аппақ дүнием,
Көзімнен бір-бір ұшқандай.
Қайда әлгі шағы даланың
Қайда енді әлгі пәк күні?
Талдырып көздің жанарын
Күрмейтін тілді ақтығы?
Жоса боп жатыр ақ дала,
Көңілімнің көлі бұрқанды.
Ізіне қарап қап-қара
Жек көріп кеттім тұлпарды.
Ұрыстым сені өзімше
Қай жақтан ғана тап болдың?
Жыртылып қалды көзімше
Үлбіреп жатқан ақ торғын.
Қинайтын тұяқ түскірді
Не шаруа болды мұнша асық?
Алғашқы аппақ ұшқынды
Таптайтын сонша құм шашып?
Ақ нұрға аймақ шат күліп,
Рахатқа тұңғыш батқанда,
Несіне шаптың ат мініп,
Үлпілдеп жатқан ақ қарға?..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter