Өлеңдер ✍️

  14.07.2021
  168


Автор: Айтқали Нәріков‎

Қос домбыра

Дәулеткерей Құсайыновтың үйінде туған өлең

Адамзат ғұмыр кешпес босқа, сірә,
Бір ұрпақ, бір ұрпаққа қосқан мұра.
Қалдырған Құрекеңдер аманат қой,
Төріңде иықтасқан қос домбыра.
Қолыңа кезек-кезек аласың да,
Түсесің өз-өзіңмен дара сынға.
Мерейді өктем етіп, төкпелетіп,
Тоқтайсың, жеткендей бір қарасынға.
Күйлерден зар заманның есті лебі,
Бірінен-бірі мұңды естіледі.
Санамды сан тарапқа алып кетіп,
Жалаңаш жүрегімді кескіледі.
Бұл күнде ойлы да көп, елірген де,
Және көп арыған да, семірген де.
Бәрі өтті көз алдымнан тізбектеліп,
Күйіңнің құдіретіне берілгенде.
Төріңе қос домбыра жарасады,
Осылай ұрпақ көші әрі асады.
Өнерің өміріңе болсын өзек,
Құдай да сүйген құлға қарасады!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу