Өлеңдер ✍️

  14.07.2021
  254


Автор: Серік Сейітман

БАҚЫТ ІЗДЕГЕН ҮШЕУ

Орыс жеңгем жетекке алып ағаны,
Ағам болса, ит жетектеп барады.
Алматының көшесінде үшеуі
Бақыттарын бір-бірінен табады.

Дәл өзіндей сатқындардан бұл аға
Білер ме екен туатынын дүбәра?
Жатып алып жамандайды қымызды,
Қозы қарнын тойдырған соң сыраға.

Сол екі жас болсыншы деп Күн, Айдай,
Сол екі жас жүрсінші деп мұңаймай,
Сөз сөйлейміз, ән шырқаймыз орысша
Құдаларға сый көрсетіп құдайдай.

Өшіріліп қоңырқай түс бояуы,
Түп болмысын тамырымен жояды.
Ағаларға ұлтын сатқан намыссыз
Пысық жеңгей ит қосақтап қояды.

Мүдделердің мақсатына ыңғайлы
Тексіздерге ғасыр емес, күн қайғы.
Асыл болса болды тегі итінің,
Ұрпағының тегі оларды «ұрмайды».

«Мәселесі» шешілген соң шетінен,
Жанұясын бұзбауға шын бекіген.
Қосағының тұтатады шылымын
Жүрегінің шала жанған отымен.

Керексіз боп біткеннен соң «керектер»,
Заманым деп бәріне де себепкер.
Содан кейін бір-бір Тузик жетектеп,
Қазағыма айтақтайды «...нәлеттер»!

Р.S.:
Атаңызға нәлет айтқан балаға
Кешіріммен қарағайсың, жан аға,
Тузигіңе танытып қой тегіңді
Тіл тигізбей тұрғанымда бабаңа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу