Өлеңдер ✍️

  14.07.2021
  328


Автор: Серік Сейітман

ТАЛ БЕСІК

О, тал бесік, шығып кеттім сенен мен,
Суретіңді салсам деп ем өлеңмен.
Анам менің он бір құрсақ көтерді,
Сол он бірдің бәрі саған бөленген!

Мейіріңнен айналайын, шуақтым!
Інгәлаған үннің бәрін жұбаттың.
Сеңдей абзал болғаныңмен,
Шарам жоқ,
Адамдарға кешіп жүрген жылап күн.

Мынау кемел шағымда да ер жеткен,
Сенен асыл бұйым таппан Жер – Көктен.
Асыл анам әулие екен,
Өзіңді
Жиырма бес жыл қары талмай тербеткен.

Жиырма бес жыл тербетілген тал бесік,
Жылауықты ақын еткен ән бесік.
Құшағыңда тербетілгім келеді
Шаршағанда тіршіліктен баз кешіп,

Қол жетпейді енді ондай нәсіпке,
Ойды қайдам, бой кеткен ғой өсіп те ...
Сәл бұқпаса өте алмайтын есіктен,
Менің басым қалай сисын бесікке?!

Тербемейді енді мені ән әр күн,
Сағыныштан жанармын.
Қазір саған симағандай
Бір күні
Жалғанға да симай кетіп қалармын.
О, тал бесік!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу