Өлеңдер ✍️

  12.07.2021
  130


Айсұлу Рүстемова‎

Көш

1.
Сырқыратар сүйекті сырды білдім,
Күн бе десем, бір елес күлді күлгін.
Ән салатын дейді әжең білетіндер,
Биін білер құм ғана Бибігүлдің.
...Өңір біздің өзгерсе құстай түлеп,
Көктем көңілін мұз ғылар қыстайғы леп.
Көрмеген соң ақ бұлтқа көп қараймын
Орамалы осыған ұқсайды-ау деп.
...Қазбауыр бұлт қайтады төкпей мұңын.
Жол өтеді тұсынан «Көктондының».
Жалғыз ұлды жетелеп, жаяулаған
Кейуананы көрдің бе өткен, бүгін?..
2.
Темірғали Үкатша ұлына
Қуып жеткен болар ем, жел емеспін.
Дей ме желдің ызыңын елемеспін.
Адуындау уақыттың арбауы ма,
Жаным Темір, ауылдан неге көштің?
Ішін тартса тағдыр -жел, үндемеймін.
Бітіп жатса шамыңды білтелеймін.
Атаң сенің көшіңнен жаңылысып,
Жары жолда адасып жүр ме деймін...

***

Алакеуім.
Бір керуен көремін.
Қызыл.
Әлде Қарақұмның іші ме?
Арасында
Ала-құла төбенің
Күнқағарын
киіп бәрі түсіре
Үнсіз
Басын шұлғиды да түйесі.
Бала-шаға
Жыламайды, ұқпаймын.
Бір беймәлім
Тіршіліктің жүйесі,
Көздерінде
Жылтыраған шықтай мұң.
Сонан бері
Мазамды алды сол елес,
Атласпен
Белін буған кіл қынай.
Құбыланы
әлдеқалай көре ме ес
Қоңыраулатып
Көш барады, сырғып Ай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу