Өлеңдер ✍️
Әділбек
БІРІНШІ ТАРАУ
Шабыттың соқпай жүйрік ерке желі,
Қағазға түспей сұлу, көркем зері,
Маржандай жатушы еді тереңдегі,
Бұл бір жыр ой түбінде көптен бері.
Еске алсам, шат жүзімнен үркіп күлкім
Адамдай таба алмаған өмір кілтін,
Оқтаулы мылтық - сынды қалушы еді,
Қобалжып, алабұртып көңіл шіркін.
Бір мезет інің тыйып қайғы жасын,
Қанатын жайып кенет дарын - лашын,
Жан аға, жалынды аға, ақылды аға
Жырым бұл — қоймақ болған құлпытасым.
Уа, Адам, сүйсең де сен тіршілікті,
Сол үшін көтерсең де талай жүкті,
Дүниеге от-дәрі боп жаралсаң да
Өтесің бір жарылмай кейде тіпті.
Тау кезіп, тас қопарып, тапқан әрең
Кен тасын жер астында жатқан терең,
Кеншідей жалықпадым, көп іздедім
Сонда кеп өткен күннен дастан - өлең.
Іздедім сол өлкеңді, іздеп бақтым,
Іздедім, Әділбектей өлең таптым,
Па, шіркін, сөйткен өлең жүрегіме,
Қайғының, шаттықтың да отын жақтың!
Сол бір от лап етті де көкіректен,
Оятты ұйықтап кеткен күндерді өткен.
Қиялым іңкәр ойға қанат беріп,
Іздедім өлең - өмір Әділбектен.
Мен таптым қуаныштың жазын одан
Сыры көп екен терең қазылмаған,
Жыры көп екен әлі жатқан күтіп
Дәптердің беттеріндей жазылмаған.
Аямай төгетұғын асыл жырды
Жан екен бір ғажайып, алуан сырлы.
Көрінер қай жағынан қарасаң да
Жарқырап гауһар тастай сансыз қырлы.
ЕКІНШІ ТАРАУ
Қала бар Сарыарқада аты шулы,
Көкорай, бәйшешекті, айдын сулы.
Қала бар Сарыарқада Атбасардай,
Қадаған кеудесіне алтын туды!
Құятын көк Есілге бұйра жалды,
Өзен бар Жабайыдай ұрған жарды.
Сол өзен жағасында жасыл төккен,
Қала бар ақ қайыңды, бүрген талды.
Тараған аңыз болып кең далаға,
Естіген кәрі шал да, жас бала да,
Қайғылы қан төгілген бұл уақиға,
Бір кезде болған еді сол қалада.
...Түн еді қап - қараңғы тұрған тынып,
Бейне бір қара судай қалған тұнып,
Түн еді жабырқаңқы қабақ түйген,
Қайғылы жан секілді көңілі сынық.
Сол түнде бетке алып су жағасын,
Бүргенді тоғай менен тал арасын —
Бүркеніп келе жатқан, көз шалады
Адамның өлім қуған бір баласын.
Кім өзі? Неғылған жан жұмбақ сыры?
Қай дауыл келе жатыр айдап мұны?
Атбасар Совдепінің ер мүшесі
Большевик бұл — Әділбек Майкөтұлы!
...Большевик! Мұндай сөзді кім естіген,
Сөз бе екен келе жатқан бұл ескіден?
Жоқ, бекер! Бұл бір жалын жаңа туған
Өртемек сүр заманды тым ескірген!
Ол бір күш сан қамалды жарып өткен,
Ол сәуле қара түнді жарық еткен,
Толқытып қан жүгірткен тамырыңа,
Жаныңды жалындатқан жалын леппен.
Большевик! Бөліседі бар қайғыны...
Халқының ақылгөйі, ақ айдыны.
Солардың бірі мынау келе жатқан
Қазақтың ақылды ұлы, бұл әйгілі.
...Қалада бүгін үлкен атыс өткен,
Колчактың қанды қолы басып өктем,
Қызылдар озбыр күшке шыдай алмай.
Амалсыз Атбасарды тастап кеткен.
Совдеп те жапқан соңғы мәжілісін,
Сақтауға келер кезге қалған күшін,
Қалада бәрі бірдей қалмақ болған,
Жалған ат, пайдаланып жалған пішін.
Осылай шешім болып. Әділбекте
Қараңғы көзсіз соқыр көр түнекте,
Барғалы қарт Назардың жер үйіне
Өткелі келе жатқан арғы бетке.
...Уа, жаным, кеттің неге тағы толқып?
Неге сен кенет шошып, қалдың қорқып?
Соңында, аңқау аға, біреу бар ма,
Аңшы иттей келе жатқан аңдып, жортып?
Қарашы, қара түнге сен тағы да,
Сенбеші үнсіз тоғай, шулы ағынға.
Қарашы сен тесіле сақтық үшін,
Жоқ па екен аңдыған жау арт жағыңда?
...Кімсің - ей, жасырынып, түн жамылған,
Жансың ба қара түнге сен табынған?
...Кімсің - әй, ұйқың қашып, мазаң кетіп,
Ерте ұшқан өмірінің бұтағынан.
Қарашы, түрі қандай қорқынышты,
(Көріп пе ең түнгі түнек қарақұсты?)
Қарашы, жылан - сынды иреңдеген
Тасалап ағашты әне құлай түсті.
Жан емес қара түнде жүрген қаңғып,
Ол жауың бас салатын кетсең қалғып.
Аяулы, батыр аға, одан сескен,
Ол — ажал, іздеп сені келген андып.
Әділбек емес енді бала бүркіт,
Сескенер, сыбдыр шықса қалар үркіп.
Қазір ол күрес күткен алғыр қыран
Қарайтын жан-жағына алабұртып,
Зұлымдық түйген тастай қас, қабағын.
Бұл бір кез өте-мөте жасқанатын,
Қара түн, білмеді ол жауы барын,
Өзгеден бұған қатты қастанатын.
Ол — Есім түлкідей қу, асқан жылпың
Көрсетіп Совдепке де жалған сыртын.
Түсірмек Әділбекті қақпанына
Қанына бір толтырмақ арам ұртын.
...Шұбар төс, шынжыр балақ ата тегі,
Төртұл** Малайдардың Сойылбегі,
Түскенде Әділбекпен бірге оқуға
Шен тағып, төре болу ойында еді.
Сабаққа болмады ол өте ұқыпты,
Сөйтсе де сенері мол — әке мықты!
Әділбек жаз оқуын бітіргенде
Озды одан, алтын медаль алып шықты.
Жол түсіп әлдеқалай бір баруға
Қайтқанда енді екеуі бірге ауылға,
Сойылбек момақансып сөз бастаған,
Әдейі Әділбектен сыр алуға:
— «Сарыарқа секілді бір жер жұмағы,
Жанға жай секілді күз күн шуағы.
Қарасам, кеңіп көңіл көкжиегі,
Тарқалып кетеді бір шер шумағы.
Көлім бар шомылдырған аққу, қазды,
Жерім бар ұшан-теңіз, сұлу жазды.
Жырым бар жүрегімді тебіренткен,
Жанымды жай тапқызған сырлы, сазды.
Елім бар жатыр малы жер қайысқан,
Күн көрген кедейім сол бай ырыстан,
Байларым мейірбанды, жомарт бәрі,
Ұрысса жұртқа кексіз жай ұрысқан...»
— Дегенде Әділбек те шыдамаған,
(Шыдасын сөзге қалай ұнамаған) —
«Көрдің бе,— деген оған, түсіңде сен,
Кедейді зарламаған, жыламаған?
Көз салсам сен мақтаған Сарыарқаға
Батады жаныма мұз, сыз арқама.
Көргенде ел - жұртыңды қан жылаған
Түйілген жүректегі сыр тарқар ма!
Дала кең, шексіз рас көкжиегі,
Кедейге бірақ қанша жер тиеді?
Шөбі жоқ қыс біткенше асырайтын,
Жалғыз ат, не болмаса бір түйені.
Жері жоқ, жан санынан малы да кем,
Бірақ мол қасіреті жанын жеген.
Тек қайғы өмір бойы көретіні,
Уатсын кедей қалай, зарын немен?
Жоқшылық жүгі болып кіргелі есі,
Өтеді көтерілмей бір еңсесі.
Дүние кең болса да ұшан-теңіз,
Тар лашық панасы тек көлеңкесі.
Бай, манап аямай-ақ, қанын ішкен,
Үкімет о да озбыр қанай түскен.
Өмірдің көтерген ол бар азабын,
Күні жоқ тазаланған қолы күстен.
Қабағы жауар күндей жабырқаңқы,
Неліктен шаттық одан жатырқанды?
Бәріне бай кінәлі, сондықтан тек
Кедейдің атпай әлі жатыр таңы. —
«Қақым жоқ көрмеске оны, қайғырмасқа,
Тұрғанда көзі толып қанды жасқа,
Халқымның білсе жаны ауырғанын,
Шыдамай жылар еді қара тас та.
Қайғым бар жүрегімде талай батпан,
Шерім бар айтылмаған толып жатқан,
Ойласам жұртым жайын зар батады
Жанымды күбірткедей солқылдатқан.
Сонда мен ызам сыймай көкірекке,
Бел буғам шақыруға көпті кекке.
Ант еткем халқым үшін шыдаймын деп
Айналып өмір шіркін кетсе де өртке!
Туған жоқ, білемін мен әзір күнім,
Шықпайды салсам да айқай қазір үнім,
Төзімін әлі жұртым тауысқан жоқ,
Күтеді әлі көктен қадір түнін.
Білемін, бірақ күні қалды жақын,
Тасқындай долданатын, жарды ұратын.
Күйретіп тас қамалды кеудесімен,
Шақырып кекті ашуын бұрқанатын.
Көрермін сонда жаумен салғасқанын,
Көрермін сан бөгеттен алға асқанын,
Бастармын оны қарсы озбыр топқа
Қайратып қамсыз ыза алдаспанын!
Жазбаспын жауға деген кек уысын.
Қоймаспын тарылттырмай кең тынысын.
Ойнатып көк темірдей суарылған,
Жұмсармын қылшылдатып кек қылышын.
Зіркілдеп ызам — ақпан, қаңтардай-ақ,
Мен - дағы ойнатармын әңгір таяқ
Қадармын кеудесіне ашуымды,
Қайтейін қас жауымнан қанжарды аяп».—
Дегенде Сойылбек те тына қалды.
Ашуы шырпыдайын шырт тұтанды:
Сөйтсе де сыр бермеді сөз шығарып,
«Тұра - тұр!» деп ішіне тартып қанды.
Жау етті осы бір күн екі жасты.
Сол қастық бірте-бірте жігін ашты.
Бірінің алашорда болды ұраны,
Біреуі Совдепке кеп араласты.
Сойылбек болжап Колчак келер кезін,
Айрылып қаламын - ау деген сезім —
Мазалап, Есімге ол болсын деген,
Соңында Әділбектің екі көзің...
...Көнген соң Сойылбектің жұмсауына,
Қайтсем де түсірем деп құрсауыма,
Сол күннен ізін баққан Әділбектің
Қанжардай қадалатын қас - жауына.
Жасырып қара түнмен қара жүзін.
Құныққан қызыл қанға қара құзғын.
Келеді көзін алмай ажал - сынды,
Түн атып Әділбектің аңдып ізін.
Көз салып қараймын деп төңірекке,
Шыққанда Есім енді арғы бетке.
Жоқ жерден көз аударып бетен жаққа,
Айрылып Әділбектен қалды текке.
ҮШІНШІ ТАРАУ
Колчактар алған басып Атбасарға,
Қайтадан оралайық ал тағы да.
Бар еді от диірмен ұн тартатын,
Жабайы өзенінің ар жағында.
Ол кезде Атбасарда айта қалар,
Орны жоқ өндірістің ауызға алар.
Болғаны құшхана мен от диірмен,
Мориннің** жалғыз тері заводы бар.
Тиірменде жұмыскерлер жүзден астам,
Орыс пен қазақ, татар араласқан.
Өзгертіп документін, сыртқы түрін,
Әділбек осында кеп орналасқан.
...Болса да тар жол тайғақ, заман қиын,
Белгі етіп қарт Назардың жаман үйін.
Әділбек шын сенімді адамдардан
Кедейдің жоғын жоқтар құрған ұйым.
Жігіттер бір күн тыныш бос жатпады,
Аралап қыстақтарды жан-жақтағы.
Қаламен біріктіріп күш жинады
Колчакқа қарсы шығып оқ атқалы.
Штабқа айналды сол қарттың үйі.
Сөз болып қан жылаған халық күйі,
Күн санап наразылық өрши түсті,
Естіліп кіжің сөздер жиі-жиі.
...Көбейіп жиналыстар күннен-күнге
Өршіді тартыс енді төтен мүлде.
Амантай****ұран салды бар халыққа,
Жұрт болып Колчакқа бас көтеруге.
Ақтардың қарсы шықты қыспағына
Көптеген қазақ-орыс қыстағы да.
Әділбек кісі салды осы кезде,
Торғайға, Аманкелді штабына.
Күн сайын қанат жайып игілікті іс,
Әр жерден ұйымдасқан көрінді күш,
Атбасар жұмыскері шын кірісті,
Жасауға қарулы зор көтеріліс!..
***
Атбасар, қайғы басқан, қан түкірген,
Байлаған қара жалау түр мүлгіген.
Түн еді жаяу боран бұрқасынды,
Жел жортып, қар үстінде қар жүгірген.
Сол түнде тобығынан қарға кіріп,
Сан тоқтап, әлсін-әлсін құлақ түріп,
Із тастап үй мен үйдің арасына
Келеді жалғыз адам жылдам жүріп.
Әділбек, бұл жасырын жүрген кісім,
Халықтың басын қосып, жиған күшін,
Өткізген түнде тері заводында
Партия ұйымының жиналысын.
...Қарасаң, өзгеріпті пормы сыртқы.
Жаман тон, қауға сақал, солғын ұртты.
Кешегі Әділбекке ұқсамайды
Ақ көйлек, қара бантты, сұлу мұртты.
Сондықтан жауы қанша іздесе де,
Таба алмай қойған, табам тез десе де.
Танымай қалған тіпті Есім - дағы
Бір рет көшеде дәл кездессе де.
Десе де бір жолдасы «бізде түне»,
Қарамай келеді ол қазір міне.
Келеді жау таныса тайсалмасқа
Қыса ұстап тапаншасын әзірлене.
...Қайтсе де қайту керек бүгін үйге.
«Хабар жоқ Амантайдан, қандай күйде»
Бүгін түн жүрмек болған бір адаммен
«Мәліш» боп сататұғын тарақ түйме.
Әділбек кенет үнсіз қалды тұрып,
Япырмай, бір кісіні қарға жығып
Екі ұры жатыр тонап киімдерін
Қозғалтпай алқымнан ап буындырып.
Тоналған жанға жаны қатты ашып
Әділбек тапаншасын қалды басып,
Ұрылар тастай беріп түнгі олжасын
Жан-жаққа тым-тырақай зытты қашып.
...Әділбек жатқан жанға жетіп келді,
Жаралы, тұра алмайды — көзі көрді.
Уақыт жоқ жөн сұрасар, көтеріп ап,
Асыға көше бойлай жүре берді...
Келген соң қарт үйіне бір-ақ білді,
Өлімнен құтқарғанын өзі кімді,
Талықсып жараланған Есім жатыр,
Ыңырсып әзер - әзер әлсіз үнді.
Қайтсем мен қаламын деп сақтап жанын
Қарт орыс Назар сүртіп аққан қанын,
Шын аяп бәйек боп жүр, Есім мұны —
Білерміз сосын қалай ақтағанын.
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
Қарт Назар Россиядан келген ауып,
(Патшаға туғызған соң қатер - қауіп)
Кәсіп қып ыдыс жамау, ау салуды,
Ауылға баратұғын ауық-ауық.
Кәрия қартайғанша көрді көпті,
Көргені қыса түсті көкіректі,
Ұп-ұзын Аяз ата сақалындай
Басынан қуарған қу өмір өтті.
Өмірдің талай ауыр күйін кешкен,
Кәрі шал Әділбекпен тез үйлескен,
Жасырмай ашқан еді оған сырын,
Кезінде оңашада бір сөйлескен:
— Талпындым мен де өмірге кішкентайдан,
Кем болам деген жоқпын түскен жайдан,
Батпады тас өмірге бірақ тісім,
Пышақтай қалдым мұқап жүзі тайған...
Төрімнен қалса - дағы керім жақын.
Көрмедім не қызығын, не рақатын.
Қаншама өмір суық қараса да,
Әлі ыстық оған деген махаббатым.
Халқының қамы болса ер тілегі,
Ондай ұл жұрт қамқоры, ел тірегі.
Қарағым, жолың болсын,— деген шалдың
Жүрегі кенет кәрі елжіреді.
...Әділбек келген бүгін Амантайдан,
Сөз қылған ереуілді қанат жайған.
«Оларға алдыменен — қару керек,
Аламыз сол қаруды тауып қайдан?»
Екеуі сол бір кеште көп сөйлесті,
Белгісіз неге тынды, неге үйлесті,
Әйтеуір ел жатарда Әділбекті
Шығарып салды сыртқа үй иесі.
Қарт Назар келер күні ерте тұрып,
Қаланы бір аралап келген жүріп,
Қоймасы қару-жарақ қайда екенін
Елеусіз, қайыршы боп қайтқан біліп.
...Түн еді, аспан асты алай-түлей,
Сұрапыл қара түнде қарды күрей.
Кейде ұлып аш қасқырдай кейде кенет
Ысқырған аждаһадай алған үрей.
Төгіп тұр жер бетіне қыс сұмдығын,
Күн тіпті мейлінше суық бүгін.
Ақ түтек боран оған жынын қосып
Дүниенің кеткен барлық қуып ығын.
Сұрапыл салсын ойран, мейлі ойнасын,
Жау бар деп мұндай түнде кім ойласын.
Солдаттар қарауылдық отыр үйде
Жіберген күзетуге оқ қоймасын.
...Сол түнде омбы қарға жолды сала,
Тапанша, бомбы, қанжар — қолға ала,
Келеді бір топ адам ақ киінген.
Он шақты ат-шана бар соңдарында.
Бұлар кім? Орыс, қазақ, башқұрт, татар,
Сұрапыл ақ боранда басқан қатар.
Қарасаң көздерінде от ойнайды
Жүздері болса-дағы суық қатал.
Әділбек кеше ғана басын қосқан,
Кем емес бүгін енді ізгі достан,
Келеді шабайын деп жау қоймасын,
Батырлар дәл бүгінгідей кезді тосқан.
...«Қал» десіп жалынса да серіктері
Оларға қоймай бәрін сеніп тегі.
Әділбек іс қауіпті болғаннан соң
Келеді өзі бастап жігіттерді.
Батырлық болса да оған іс дағдылы, —
Жеке ерлік демейді ол жол даңғылы.
Амал не, Амантайда тұрса бүгін
Советтің бұл маңдағы бар тағдыры!
Жеңсе егер ер Амантай бүгін жауын,
Шешкені бұл өлкеде күрес дауын.
Әділбек сол себептен өзі келген
Қауіпке ашып қарсы омырауын.
...Сырттағы тұрған қалғып күзетшінің,
Біреуі қанжарменен өшірді үнін.
Өзгесі күзет үйге кіріп келді,
Суытып ажал - сынды кескін, түрін.
Әділбек «тырп етпеңдер!» деді зекіп,
Солдаттар зәресі жоқ дір-дір етіп,
Тек қана өлтірме деп жан сауғалап,
Беріліп жатыр бәрі қол көтеріп.
Тиеліп сол сұрапыл әбігерде,
Көліктер қару менен оқ-дәріге.
Жігіттер Амантайға жүріп кетті,
Қарамай үскірікті долы желге.
...Тек қана бір партизан бұйрық алып
Бөлініп жалғыз өзі топтан қалып.
Әлі де қару-жарақ дәрісі мол,
Қоймаға қайтып келді от тұтатып
Өткенде қаладан тыс биік жардан,
Құлаққа келді бір үн жерді жарған.
Жарылған оқ-дәрінің бұл қоймасы,
Атылған снарядтар от дарыған.
Жау алыс, бірақ әлі өлім жақын...
Шыдайды сұрапылға қалай дәтің,
Ұлиды долы боран ұрып бетке,
Айтқандай өшер өмір салауатын.
...Ұлиды долы боран, ұлиды кеп,
Дәл бүгін талай адам құриды деп.
Әділбек бірақ қалай шегінеді,
Айдаса жүрегінде түйілген кек.
Ұлиды долы боран, дүлей түтік,
Сені де жіберем деп жүндей түтіп.
Әділбек қалай алға аттамасын,
Амантай қару-жарақ тұрса күтіп.
Ұлиды долы боран жоса, өрлеп,
Бетінде қармен ажал қоса үрлеп.
Әділбек тоқтар қалай, егер міндет
Арқадан итермелеп, тұрса жүр деп.
...Дүние болсын мейлі астан - кестен,
Шығады айтқан уәде қалай естен?
Жолымыз болса деген Карлоновқа
Жетеміз арғы күнгі қалмай кештен.
Әділбек және естіген бір сұмдықты:
Жоймақшы Амантайды тұрған мықты.
Қанішер Шайтановқа қосылуға,
Ақмола, Қостанайдан қол шығыпты.
Сондықтан жаудан бұрын жету керек,
Қандай сын болса-дағы өту керек,
Сұрапыл соқсын мейлі, шегінбейді,
Жетем деп өршітеді өртін жүрек.
...Түтейді боран жер мен көкті қаптап,
Білмейді бәсеңсуді қар толастап,
Қырандар жарар еді жетсе бүгін,
Жолдағы поселкеге қалар сақтап.
Онда бар кедей, жалшы, батыр халық,
Дабылын тұрған аңдап құлақ салып,
Онда бар құшақ жайған туыс елі,
Жылытатын анасындай күтіп алып.
Ақ боран, қалың қарда күртік - күртік,
Таяғын, жолды байқап, қадап, түртіп,
Келеді көшті бастап ер большевик,
Ақ қырау мұз боп мұрты, қабақ, кірпік.
БЕСІНШІ ТАРАУ
Екі күн жатты Есім есін білмей,
Тағдыры біржолата кесілгендей.
Денесі от боп жанып сандырақтап
Бір мезет тынышталып көзін ілмей.
Ол бүгін ептеп қана есін жиды,
Көрді енді жатқан жерін, мүскін күйді
Тек қана бар адамға нұры бірдей,
Күн көзі жарық еткен жаман үйді.
Көреді денесінде қатқан қанды,
Қасында қария отыр ақ сақалды.
Сезеді жатқанын ол басын сипап,
Сол шалдың қатпар күсті алақаны.
...«Қайдамын? Қалай тірі аман қалдым?»
«Жатырсың сен үйінде қарт Назардың.
Жолдыбай деген кісі қару жұмсап,
Құтқарған тырнағынан сені ажалдың»
«Япырмай, қалғаным ба рас өлмей?!»
«Жолдыбай өткен болса егер көрмей...»
«Ол кісі қайда өзі?»—«Білмедім мен —
Сол түннен жүр ғой әлі бізге келмей».
Сау қапты.
Және Есім аңғарғаны:
Жатқан жер сөзсіз судың арғы жағы,
Еш нәрсе сұрай алмай одан кейін
Шаршап ол кетті кенет талып тағы.
...Жатқанда Есім бүгін ұйқылы-ояу,
Кірді үйге саспай басып біреу баяу.
Назармен сөйлесіп түр, Есім мұны
Япырмау, бір жерде бір көргендей - ау?
Секілді таныс оған осы кісі,
Көзге ыстық жүріс, тұрыс, отырысы.
Кімде бар бұл секілді қоңыр дауыс,
Ұқсайды кімге мұның бұл күлкісі?
Кімде бар мұндай маңдай? Қай адамда?
Көрді оны қай қалада? Қай арада?
Жалт еткен қалды танып от көзінен
Әділбек бұрылып бір қарағанда...
...Сұрады ертеңіне қарт Назардан:
«Түндегі сізге келген не қылған жан?»
Қария күлімсіреп жауап берді:
«Құтқарған ол Жолдыбай сені ажалдан»
Мына сөз Есімді шын таңырқатты.
Жоқ жерден ойына бір жарық жақты.
«Мен жүрсем Әділбекке өлім іздеп,
Ол мені сол елімнен алып қапты?»
Жарқ етті бір-ақ мезет осы бір ой,
Білмеді бар екенін онда абырой,
Жарқ етті, сөйтті - дағы қалды сөніп,
Жамандық жақсылыққа бермейді бой.
...Бұзықтар ұрған екен тіпті қатты
Төсекте таяқ біраз тұралатты.
Жатты ол амалсыздан, бірақ енді
Естігіш сақ құлағын түре жатты.
Қалғандай әлденені Есім ұғып
Бұл үйге жүрген жұрттан кіріп-шығып.
Өзіне-өзі кенет сезіктеніп,
Қарайды жан-жағына көзін тігіп.
Қарт сөзі ойландырды сұм түлкіні,
Сол күннен кетті өзгеріп сөз төркіні.
Жамандап ақтар жағын дейтін болды:
«Колчактың көпке бармас бұл серпіні!»
...Дегенмен,
бірақ жылдам сынды сағы.
Ашпады оған көзін сыр бұлағы.
Көргенмен келген жанды көреген көз
Еш нәрсе естімеді сақ құлағы.
Шал - дағы сөйлемейді бұрынғыдай,
Аузына түсері тек жалғыз құдай.
Есімнің жараларын емдегенмен
Бәлендей көрсетпейді бұған ыңғай...
Осындай үйден Есім білер нені?
Бұлардың жұмбақ ым - жым, күбірлері
Анығы: байланысын кеңге жайған,
Бұл бір үй жасырын іс түбірі еді.
...Тым солғын бүгін жұрттың түр, іреңі,
«Шаршаған болар бұлар, кім біледі?
Әділбек бірақ мұнда неге келді?»
Сезеді, тегін емес, сұм жүрегі.
Тек қана бүгін бір сөз құлақ шалды,
Сол бір сөз Есімді көп ойға салды.
Назарға кешке жақын келген біреу
«Көліктер дайын тұр», — деп айтып қалды
Іздейді бұл боранда кім көлікті?
Көрінді бұған бұл сөз тым күдікті.
Назар да түні бойы ұйықтай алмай,
Дөңбекшіп көзін тіпті ілмей шықты.
***
...Шыққанда сонау бір үн гүрсіл атып,
Қалды қарт әйнекке кеп үнсіз қатып.
Көрді Есім қызғылт шылым сәулесінен,
Тұрғанын шаттанып ол езу тартып.
«Бұл не шу? Не қылған зат бұл жарылған?»
«Секілді оқ қоймасы от дарыған».
Сұм Есім айтса да қарт жайбарақат,
Даусынан қуанған бір үн таныған.
«Әділбек бұған сөзсіз араласты»,
Есімнен тағы міне ұйқы қашты.
Әділбек десе есіне түседі кеп
Өзінің жараланған уақиғасы:
...Самогон жасайтын бір әйел бар-ды.
Есім қу сол әйелді тауып алды,
Үйреніп самогонге күннен-күнге,
Мас болып кейде үйінде ұйықтап қалды.
Жезөкше сол әйелмен көңіл қосты,
(Онымен мұндайлардың көбі дос - ты)
Сол түні Есім келіп әдетінше
Бірталай көтеріп те көрген тосты.
Екеуі отырғанда майдай жанып,
Араққа, ләззатқа да әбден қанып.
Есікті теуіп үйге кіріп келген
Үш солдат, сұр жүздерін аяз қарып.
...Жалпаңдап, басын шұлғып жатыр
Есім, Әйел де жинап алған жылдам есін.
Жетті тез самогонды үлкен күбі
Бандиттер жатыр одан алып өшін.
Құйылып стакандар, көңіл өсіп,
Жөнелді солдаттар да көкіп, бөсіп,
Бастығы жеке кіріп төр бөлмеге
Әйелмен келді біраз әңгімелесіп...
Бір кезде қалды бірі көзін қысып.
Арағын алдындағы жылдам ішіп,
Дембелшең, талпақ сары деді Есімге:
Ұнайды үстіңдегі маған ішік!
...Мастық па? Қарақшылар тез желікті.
Бірі айтты: күміс белбеу бер, менікі!
Дәу қара, Есімге кеп жағадан ап
Мың сом тап,—деді,— сонда жан сенікі!
«Мырзалар, ондай ақша қайдан келсін?!»
«Эх, шошқа, онда қазір таяқ жейсің!»
«Бермесе, — дейді талпақ, — пер тұмсыққа
Жан керек болса, жылдам тауып берсін!»
Мұрнынан кетті Есімнің қан сорғалап,
Жармасты о да енді жан сауғалап.
Бұзықтар қанды көріп қаны қызып
Тепкілеп, жығып жерге жатыр сабап.
...Сүйретіп көшеге де алып шықты,
Қалмасын енді тірі Есім де ұқты.
Бағына ойда жоқта Әділбек кеп,
Бөгет боп істетпеді бұл сұмдықты.
Осының бәрі де тұр көз алдында.
Одан бір ойға салар із қалды ма?
Жоқ, бекер, ұмытқан жоқ, ұмытпайды.
Бірақ ол бөтен іс қой өз алдына!
Әділбек кездеспесе, Есім мырза
Сол күні-ақ болар еді мылжа - мылжа.
Айтты ма сөйткен жанға алғыс тегі,
Болды ма оған әлде көңілі риза?
...Өзінше мұның да бар пәлсапасы,
Тік тұрған күнді ұмытып төбе шашы.
«Білмес ем,— дейді, — Әділбек қайда екенін,
Кездесіп сол бұзықтар көзімді ашты».
«Ашылған» сөйткен көзін жұмса тағы
Сойылбек түседі еске жұмсағаны.
«Ақшаны аямаймын»,— деген сөзі
Шықпайды естен қанша қуса - дағы.
Сұмға аян Әділбектің жүрер жері,
Біледі қымбат сырды одан гөрі.
«Уа, шіркін, бар ұйымын ұстап берсе!»
Тыпыршып алас ұрды көкірегі.
Жата алмай тар төсекте дөңбекшіді
Асықты неге сонша? Көрмек кімді?
Жетсем деп Сойылбекке шапшаңырақ
Сарғайып таң атқанша көз ілмеді.
...ұмыттық Сойылбекті неге осы,
Қайда екен бір кездегі «елдің досы?»
Жүр ме екен мынау ауыр сұрапылда
Оның да көңілінің болмай хошы?
Берем деп теңдік қазақ баласына
Жүр ме екен сонау халық арасында?
Ол қазір Алашорда үкіметі,
Осында, Атбасардың қаласында.
Кезеңде мұндай ауыр жұрт күйінген
Тұнжырап ел басына бұлт түйілген.
Табасың егер оны іздер болсаң
Саудагер Сарыбайдың көк үйінен.
...Мес қарын, быртық саусақ, мұрны келте,
Казачий офицермен шүйде желке.
Отыр ол күн батқалы карта ойнап,
Үстінде төрт қабатты шайы көрпе.
Жас бикеш, ерні — шие, аузы — оймақ,
Еркелеп былқ-сылқ етіп, көзі жайнап.
Жантайған тізесіне Сойылбектің
Шашымен күлімсіреп отыр ойнап.
Офицер жатса - дағы ойын қызып,
Қарайды қызға бұл да көзін сүзіп.
Қарайды оған неге әлсін-әлсін?
Әй, сірә, мұның - дағы ойы бұзық...
...Сойылбек тастап соңғы алтылықты
Бикешке қадап көзін өте ынтықты,
Күледі тізесінен сипап қойып,
«Сұлуым, бұл ұтысым саған шықты».
Қыз көзін ойнақшытып, мөлдіретіп,
«Ұтылып жүрме, — дейді, — шөлдеп кетіп...»
Қылымсып, ұзын мойын бокалдарға
Құяды шампан шарап шөлпілдетіп.
Қытықтап көңіл сазын қыз қылығы,
(Қыз қозғап отыр ғой бір жырды жылы)
Шарапты ұрттап қойып «Бикешім» деп
Бұл жолы оған арнап «тұзды» жүрді.
...Жатқанда соғыс үрлеп от көрігін,
Көңілдің кім баспайды бос желігіні
Сойылбек ондай емес, отыр міне —
Шампанның төгілдіріп ақ көбігін.
Келмейді естігісі қайғы, кіжің,
Көргісі жоқ және де халық жүзін,
Қояды қарқ-қарқ күліп ұтамын деп
Мәз болып ұстап қолға қарға «тұзын».
Ашықсын, қырылсын жұрт, өлім тапсын,
Соғыста халық қаны судай ақсын,
Оған не, тек арманы өзі болсын,
Шен алсын, алтындаған түйме тақсын!
...Сұлу қыз, арақ, карта — серіктері,
Сойылбек отыр сөзбен есіп желді.
Күзетші есік ашып басын сұқты,
«Мырзеке, жолығам деп Есім келді».
Сұм төре ауыз үйге шығып кетті
Офицер, тозған сұрғылт шұлғау бетті
Қарады қызға күле, қыз да күлді,
Көз тартып, көлбең қағып, былқ-сылқ етті.
Сарғайған жүзі бейне қатқан желім,
Сойылбек аударған бар көңіл зерін.
Есім тұр айтып бәрін, жасырып тек
Бандиттер өзін қалай ұрған жерін.
Қосты оған өзі естіген хабар жайын,
Қызылға берген жаннан аттың майын,
Кешегі ақ боранда Әділбектер
Кетіпті жолыменен Амантайдың...»
...Сойылбек тұнжырайды, сестенеді,
Біресе әлденеден сескенеді.
Жүзі оның қанша толқып құбылса да,
Жүрегі бір түйінді шешкен еді.
Картадан кеше жорта ұтылғанда
Тиген ед Волков оның қытығына:
«Білері Алашорда адамының
Жалғыз-ақ арақ пенен қатын ғана».
Қарашы бүгін қандай аспан ашық,
Қалмаса оларды егер қармен басып.
Әділбек Поповкадан ұзаған жоқ,
Күші жоқ кете алатын әрмен асып. ...
Осындай аласапыран қан төгісте,
Құдайдан сұрағаны осы емес пе.
Он адам Әділбектер, оған қарсы
Жүз адам апарады ерегессе.
Осылай ойлап біраз алды - дағы,
Есімге тұрған үнсіз алдындағы
Деді ол: «Ұйымын біл мен келгенше,
Беремін бұдан да артық алтын тағы»
Ақшаның алға тартып үстемдігін,
Осылай көрінсін деп істе ерлігім,
Бикешін қалдырды да офицерге
Түн бола кетті бастап әскерлерін.
АЛТЫНШЫ ТАРАУ
Ақ қардан жамылып бір қалың көрпе,
Ақ кебін жатыр үнсіз қайғылы өлке.
Шөңкиген жарға төне сол .далада
Кішкентай, оқшауырақ бір поселке.
Поселке секілді бip қараң қалған,
Көрмейсің тірі жанды қараңдаған.
Қар басып кеткен тіпті кейбір үйді,
Бет қарып үстінде аяз жалаңдаған.
Түспейді қора - қопсы көзге бүтін,
Амал не, көрмеген соң көптен күтім,
Дер едің иесіз ғой бұл поселке
Шықпаса кей мұржадан көкшіл түтін.
...Есілге телміре кеп жан сауғалап
Өзге бай поселкеден қонған аулақ.
Күн көрген бұл Поповка сыртқы ауылға
Жалшы боп жұмыс істеп, балық аулап.
Жері жоқ егін салып күн көрерлік,
Жайы жоқ «надель» алып пұл төлерлік.
Жиылған бір жерге кеп ылғи кедей
Халы бар болар-болмас, өлермендік.
Алдыртып арып-ашып көлік қомын,
Қарытып кейбіреуі аяқ-қолын.
Түс ауа жетті осында Әділбектер
Қайратпен ақ боранда аршып жолын...
...Дәу Иван, алшақ келген өр кеудесі,
Қарт ұста Алексейдің ең кенжесі,
Көтерген жалғыз өзі тай өгізді
Адамнан қара күште жоқ теңдесі, —
Асығып Әділбекті түннен күткен.
(Күткен ол шыдап әзер зор үмітпен)
Құшақтап кезек-кезек келгендерді
Қарсы алды туысындай шын құрметпен.
Әділбек Амантайдан қайтқан жолы,
Жиналып ұста үйіне халық толы,
Сұраған Амантайдың хал-жағдайын,
«Бар ма деп қарулары? Қанша қолы?»
...Әділбек барлық оның айтып жайын,
«Қорғаны өзіңсің жұрт қарапайым.
Бірігіп егер жәрдем бермесеңдер
Деген ол, қауіпті түр Амантайың...»
Тағы жұрт Әділбекке ұйып, нанды,
Көп кедей шүберекке түйіп жанды.
Сөз берді Амантайға қосылуға
Қасықтай теңдік үшін қиып қанды.
Бай десе жүрегіне кек сыймаған,
Бұл бір сөз Иванды да көп қинаған,
Әділбек кетісімен босқа жатпай,
Баруға Амантайға күш жинаған.
...Тез жетіп Амантайға дем беруге,
Дайын боп тұрғанда жұрт жол жүруге,
Әділбек кісі салған, күтсін деген
Біздерді баратындар ереуілге.
Сол Иван көліктерді жатыр жайлап,
Қорда сап, өгіздерді шөпке байлап.
Көргенде шанадағы қаруларды
Кетеді қуанғаннан көзі жайнап.
Аямай келгендерден дәмін, асын,
Деп енді жолаушылар демін алсын,
Жатқызып жылы үйге, жиған еді
Баратын Амантайға бар жолдасын.
...«Япырмай, шығыпты ғой өткен түнде...»
«Болды ғой боран - дағы төтен мүлде».
Ойладым келді ме деп ылғи сырттан,
Ерлерді бул секілді көргенімде!»
«Ақырын... Көздері аз шырым алсын...»
«Шулама! Даусың бүйткен құрып қалсын».
«Кәне, Иван, бір-бір мылтық тезірек бер, —
Деді ғой, Әділбек жұрт қарулансын».
«Кәнекей, мынау мылтық, Гошко, саған...»
«Жүреміз, Иван, қашан?» «Кешке таман».
«Тимеңдер пулеметке, ол менікі,
Атуын білемін мен, қалсын маған».
...Осындай бір-біріне жалт-жұлт қарап,
Кәрі шал, мосқал мұжық, жас батырақ
Қорғауға өз теңдігін өз қолымен
Үн-түнсіз алып жатыр қару-жарақ.
Жігіттер болған кезде қаруланып,
(Түстері кенет кеткен қатуланып)
Күзетші деді сырттан: жау келеді,
Заемка қырқа бетін бауырға алып.
Әділбек атып тұрды жатқан сергек,
«Оятты серіктерін жатпа! Тұр!» деп.
Жігіттер ұшып - ұшып түрегелді,
«Жау қайда?» «Алыста ма?» «Жақын ба?» деп.
...Тез жылдам сапқа барып тізілді топ,
Қорқудың жүздерінде ізі де жоқ.
Тапжылмай ортасында Әділбек тұр
Тайсалмас, жалындаған көзінде шоқ.
«Жолдастар!—деді Әділбек, сапқа қарап,
Колчактың бізден саны артығырақ.
Бірақ біз революция солдатымыз,
Қоятын бір-біріне артық талап.
Жеңеміз аз болсақ та жауды бүгін,
Біріміз көтереміз мыңның жүгін.
Батырды шегінбеген ок алмайды,
Тек берік болсын қатар, ара-жігің!»
...Ал Иван жұрттың биік, еңгезері,
Қалғанда қатып үнсіз өзгелері.
«Командир!—деді жылдам алға шығын,
Барайын пулеметпен мен ілгері».
Поселке шетіне кеп окоп қазып,
Қызылдар орналасты... Алды жазық.
Сол кезде алаш қолы о да шықты
Қырқадан қатар дүзеп, қанат жазып.
Таяп кеп керней тартып, сай жағалап,
Лап қойды бір мезетте «а, құдайлап!»
Жырадан Иван жатқан көктей етті,
Еліріп «Алаш!», «Алаш!» деп айқайлап.
...Ат жалын құша түсіп қалған жатып,
Көздері едірейе, қабақ қатып,
Суырып қылыштарын қынабынан,
Үйірген анандайдан жалақтатып.
Есуас, батырсынған бұзықтары,
(Тонау ғой өлікті бар қызыққаны.)
Өзгеден озып алда келе жатыр,
Судай ғып ағызуға қызыл қанды.
Астында ақалтеке арғымағы,
Бәрінен озған мұртты, тарғыл сары
Келеді анадайдан мылтық безеп,
Оғын тек Әділбекке қадағалы...
...«Әлі де таяуырақ келсін батыр!»
Деп күтіп, тек Әділбек үнсіз жатыр.
Бір кезде «Огонь!» деді, әлем біткен —
Сарт та сұрт... Түскен сынды көктен жасын!
Секірте, тарғыл сары, арғымағын,
Өкіре құшты келіп аттың жалын.
Біреулер жерді қауып, әлдекімдер —
Көтеріп жатыр ақ ту — орамалын.
Амал жоқ, шегінуге кезек келді,
Ат басын кейін көбі түзеп берді.
...Тез жетіп Амантайға дем беруге,
Дайын боп тұрғанда жұрт жол жүруге,
Әділбек кісі салған, күтсін деген
Біздерді баратындар ереуілге.
Сол Иван көліктерді жатыр жайлап,
Қорда сап, өгіздерді шепке байлап.
Көргенде шанадағы қаруларды
Кетеді қуанғаннан көзі жайнап.
Аямай келгендерден дәмін, асын,
Деп енді жолаушылар демін алсын,
Жатқызып жылы үйге, жиған еді
Баратын Амантайға бар жолдасын.
...«Япырмай, шығыпты ғой өткен түнде...»
«Болды ғой боран - дағы төтен мүлде».
Ойладым келді ме деп ылғи сырттан,
Ерлерді бұл секілді көргенімде!»
«Ақырын... Көздері аз шырым алсын...»
«Шулама! Даусың бүйткен құрып қалсын».
«Кәне, Иван, бір-бір мылтық тезірек бер,—
Деді ғой, Әділбек жұрт қарулансын».
«Кәнекей, мынау мылтық, Гошко, саған...»
«Жүреміз, Иван, қашан?» «Кешке таман».
«Тимеңдер пулеметке, ол менікі,
Атуын білемін мен, қалсын маған».
...Осындай бір-біріне жалт - жұлт қарап,
Кәрі шал, мосқал мұжық, жас батырақ
Қорғауға өз теңдігін өз қолымен
Үн-түнсіз алып жатыр қару-жарақ.
Жігіттер болған кезде қаруланып,
(Түстері кенет кеткен қатуланып)
Күзетші деді сырттан: жау келеді,
Заемка қырқа бетін бауырға алып.
Әділбек атып тұрды жатқан сергек,
«Оятты серіктерін жатпа! Тұр!» деп.
Жігіттер ұшып - ұшып түрегелді,
«Жау қайда?» «Алыста ма?» «Жақын ба?» деп,
...Тез жылдам сапқа барып тізілді топ,
Қорқудың жүздерінде ізі де жоқ.
Тапжылмай ортасында Әділбек тұр
Тайсалмас, жалындаған көзінде шоқ.
«Жолдастар!—деді Әділбек, сапқа қарап,
Колчактың бізден саны артығырақ.
Бірақ біз революция солдатымыз,
Қоятын бір-біріне артық талап.
Жеңеміз аз болсақ та жауды бүгін,
Біріміз көтереміз мыңның жүгін.
Батырды шегінбеген оқ алмайды,
Тек берік болсын қатар, ара-жігің!»
ЖЕТІНШІ ТАРАУ
Май келді, сұлу Есіл тулай ақты,
Ақ қайың төгілдірді жапырақты.
Тағынып жұпар төккен қырмызы гүл,
Жер бетін жасыл кілем тағы жапты.
Сайрады құс дауысы ой мен қырда.
Аспанда ұшқан аққу, қаз бен тырна,
Әлемге орнап сұлу әсем сурет,
Бөленген жер құшағы ән мен жырға.
Жайнатып әр жылдағы көркем салтын,
Құлпырып әдетінше көркі жарқын,
Май келді биыл тағы нұрын төгіп,
Күншуақ, бірақ неге көңіл салқын?
...Басқаша биылғы жыл өзге жылдан,
Жел тұрып, бұлт торланып, күн бұзылған.
Қаптаған Колчак - алаш сойқандары,
Қосылған ылғи жауыз, кезбе сұмнан.
Естіліп жатыр жұртқа ақырғаны,
Көл-көсір ағып халық жатыр қаны.
Сұмдардың жүрген жері ылғи ылаң,
Кеткендей жылан жалап тақыр маңы.
Халық та ырши түскен күннен-күнге,
Төзе алмай мұндай ауыр тегеурінге.
Қозғалып Есіл бойы күш жинаған
Көтеріліс, қан тегіске, ереуілге...
...Көрсең сен Колчак алған қала түрін,
Білерсің қандарының қаралығын.
Тіршілік үрейленіп, күйреп жатыр
Кеткендей аяз қуып қала ығын.
Көшеде көрінбейді жүрген адам,
Ит те жоқ әдетінше абалаған.
Қала бір иесіз жатқан үй секілді,
Адамы босып кетіп, қараң қалған.
Мүлгіген ағаштар да сыр айтпайды.
Әйтсе де, қараңғы түн тек жатпайды,
Шығады солдат аңдып ұстап алған,
Әйелдің ащы үні, жан айқайы!...
...Бұрынғы Совдеп тұрған қоңыр үйде,
Солдаттар кіріп-шыққан үйме-жүйме.
Атаман Волков** отыр төр бөлмеде,
Көк папақ, күміс шпор, алтын түйме.
Сұп - сұр боп отыр жүдеп суық жүзі,
Еденде шашыраған қанның ізі.
Алдында үсті-басы өрім-өрім
Байланған қол-аяғы орыс қызы.
Шығады жылаған үн үй астынан,
Ағашта жас коммунист тұр асылған.
Шығады әлсін-әлсін мылтық үні,
Қорада, далада да — қан сасыған...
...Қарайды қызға Волков көп тесіле
Біресе көз жүгіртіп ақ төсіне.
«Қай жерде қызылдар бар?» — дейді зекіп,
Келіп бұл жаман ойлы бір кесімге.
Қыз айтты—«Дым білмеймін... мен бір жалшы»
«Солай ма?!» — сарт етеді өткір қамшы.
Ыстық қан ақ төсінен тұр домалап
Көзінде жас жоқ бірақ жалғыз тамшы!
Жұмсаған нәзік жанға содыр күшті,
Ысқырған сұр жыландай суық түсті,
Қанішер жан еді бұл бұзық ойлы
Қасқырдай қыз етіне салмақ түсті...
...Сол кеңсе, мезгіл асқан түнгі екіден,
Волков тұр қаны қашып сұр бетінен.
Қояды әлсін-әлсін тісін қайрап
Адамдай әлденеге тым өкінген.
Жалғыз тұр.
Біреу келіп есік қақты,
«Рұқсат!» — деді Волков, деді қатты.
Алдымен басын сұғып қарап алып,
Есіктен Есім кіріп, дереу жапты.
«Не керек?»— деді Волков түсін бұзып, —
Атаман,— деді ақырын Есім бұзық,
Білемін қайда екенін Әділбектің,
Жүрмін мен қылмысы мен ісін тізіп...»
...Табысты орыс, қазақ екі сұмы
Жарасты қас қаққанша ымы-жымы.
Атаман бұйрық берді сол сағатта,
Баруға Әділбекке сол күн түні.
Жөнелді бір топ солдат түн ішінде,
Ұстауға Әділбекті ұйқы үстінде.
Қасында қанды топтың қалбақтаған,
Мынау кім?
Ұқсайды ғой түрі Есімге...
Ол Есім мұндай іске көп бастаған,
Дұшпаны Әділбекке кек жастаған.
Қарайды қара түнге үрейлене.
«Жасырсам өзімді» деп тек басқадан...
...«Кәр қылыш»11 қан іздеген, сұм ниетті,
Көпірлі көп кешікпей судан өтті.
Енді олар түнде Әділбек тығылатын
Қарт Назар жер үйіне бұрған бетті.
Үн-түн жоқ. Көкте қара қорғасын бұлт,
Әлемді тұрғандай түн қорғап жым-жырт.
Естілер тек жүрісі солдаттардың,
Ойы да, тілегі де қара күңгірт.
Әділбек, төнді ажал сау басыңа,
Тұршы енді, келіп қалды жау қасыңа.
Көзіңді аш, ал қолыңа мылтығыңды,
Өмірін, бармақтай оқ - қорғасында...
...Қалғанда таң атуға тіпті жуық,
«Қаратіл»22 ажал - сынды түрі суық.
Үйіне қарт Назардың кіріп келді,
Түксиіп мылтық кезеп, түс суытып.
Кірді олар, ажал бірге кірген - сынды,
Әумесер, топас, дүлей, кілең жынды.
Әділбек бұл үйде жоқ іздегенмен,
Кәрлері кімге аумақ? Білер кімді?
Дүрелеп қарт Назарды алды қыстап,
«Тап!— десіп — Әділбекті!»салды қыспақ,
Қаншама ұрса да ол тіл қатпады,
Сілейіп өлі жанға қалды ұқсап.
Аңшы иттей ізді қуған иіскелеп,
Шаршамай сұрап, тінтіп, тіміскілеп.
Сұм Есім көптен кейін бір-ақ білді,
Әділбек тығылғанын Есілге кеп.
Аралап Қарақойын, Қашырлыны,
Ер қазақ Есілге кеп қонған түні,
Жатқанда бір ауылда ұйқы үстінде
Сонда Есім «Қаратілмен» тапқан мұны.
Қалжырап қобалжыған, қайғы шеккен,
Әділбек жаңа ғана ұйықтап кеткен.
Оянды шошып кенет естігендей
Топ иттің ұлығанын өлім күткен...
...Жоқ жерден естіді ол сыбыр - сықыр,
Дегендей болды біреу:
«Тығыл! Құтыл!» Әділбек көзін ашып алғанынша
Ашылды сынып есік сатыр-сұтыр.
Айбын ғып жалаң қылыш, кек қаһарын,
Үрпитіп түк - түк қылып мұрт, сақалын.
Көп жендет кіріп келді, әттең ғана
Ала алмай қалды Әділбек алты атарын.
Дап-дайын, «шаш ал» десе бас кесуге,
Ер құнын от басында тез шешуге.
Жауыздар Әділбекті қалды басып,
Жол бермей бөтендермен тілдесуге.
...Өкпең жоқ, батыр аға, бұл ауылға,
Обалың сені тапқан тап жауыңа.
Байқамай қалдың өзің, аңғырттықпен,
Мінеки, түстің мықтап енді ауына.
Өкін не, өкінбе не, қуат кетті,
Сен — тұтқын, олар қожа құдіретті.
Қимайтын қара жерге асыл қазақ
Соңыңнан сұм ажалың қуып жетті.
Дұшпаның деген сенің қаныңды ішем.
Деп отыр кебініңді қазір пішем,
Бос қойсақ қолдан шығып кетеді — деп
Қолына Әділбектің салды кісен.
...Байлатып Әділбекті көгеніңе,
Жеттің бе «алаш ұлы» дегеніңе?
Түнеріп қалды неге әлем кенет,
Әй, Есім, білесің бе, сыры неде?
Долданды әне қара толқын тасып,
Қара жер солқылдайды бетін басып.
Аспанда күн күркіреп, бұлт ойнады,
Түсіріп көктен жайдың отын шашып.
Түршікті тітіркеніп қара тас та,
Мұз болып қалды қатып аққан жас та,
Кең дала «Әділбек» деп күрсінеді,
Ешбір үн естілмейді одан басқа!..
СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
...Өрт тиді міне бүгін қанатыма,
Өрт тиді жігер, қуат, тағатыма.
Шыдамай әлсін-әлсін қарай бердім,
Аз қалған Әділбектің сағатына.
Тас еден, күңгірт, дымқыл, үйдің асты,
Секілді жиналған жын, сұм албасты.
Ортада кісендеулі Әділбек тұр,
Басып бір жалаң аяқ суық тасты.
Ала алмай Волков жауап, ақырында —
Қыл бұрау салынғанда тақымына,
Тістеніп ыңырсып тек қалған қатып,
Көзіне кек жалынын шақырды да...
...Қиын ба мәрт көңілдің тез жасуы?
Қиын ба шаршаған жан адасуы?
Оңай ма алқымыңа тұрса таяп,
Тісіндей аш қасқырдың жау ашуы!
Жау кәрі төнсе аяздай сақылдаған,
Сөнбей ме жүректегі от лапылдаған.
Жоқ бекер! Кек ашуы болды өктем
Азапқа тұрды шыдап батыр адам.
Топ жендет жалғыз жанға түсті кәрі,
Тепкілеп жатыр әне әлі бәрі...
Оқушым, сұрамашы, арғы жағын,
Айтуға шыдамадым бұдан әрі...
Тар көше, Әділбектің алды бұлдыр.
Қара түн... шынжыр кісен шылдыр-шылдыр,
Жауаптан келе жатыр конвой айдап,
Сапары секілді ен ақырғы бұл.
Қара түн, қайғылы ойды ғарып қылған,
Қара түн, қайғылы ойға қарық қылған.
«Өлесің! Өлесің!» деп жан-жағынан —
Қара түн қара қарға қарқылдаған!
Әумесер, қанішер жау, дүлей, жынды,
Жамылып тас қараңғы үрей түнді.
Ең соңғы қылмыстарын істеп жатыр
Сезіп бір келе жатқан күйрер күнді!
...Қиянат шығып үкім «өлім!» деген,
Қатты сөз айтылды оған темірмен тең.
Әділбек сонда ғана анық білді,
Болғанын мұнша тәтті өмір неден.
Миында жатқан үнсіз күй арқылы,
Қайғылы шер толғады көңіл қылы,
Қабағын түйсе де өмір мұздай суық,
Жүрегі оған деген әлі жылы...
Қиялы көкті сүйіп қалықтаған,
Өлімді ойламаған, тарықпаған,
Оқ тиген құс секілді көңіл шіркін
Күйзеліп күңіренген, жабырқаған...
Бұл қалай... Көзіңе жас келгені ме?
Қайғыдан жүректегі от сенгені ме?
Өкініп тұрсың ба әлде, ақылды аға,
Осындай ауыр өмір сүргеніңе?
Жоқ бекер, босатқан жоқ ол көңілін,
Жігердің жасытқан жоқ көк темірін,
Қайтадан өмір сүрер болса егер
Бастар ең дәл осылай сол өмірін!
Дүниенің толып жатқан сүрлеуі бар,
Келеді біреуі кең, біреуі тар.
Әділбек кең жол құмар адам еді,
Тоқтатпас елім, азап, қиындықтар!
...«Таңертең атады екен Әділбекті!»
Деген сөз жұртқа тез-ақ келіп жетті.
Бұл лақап ел-жұртына мұздай тиіп,
Аяздай шыдатпады қарып бетті.
Ең соңғы сапарына ақ иықты
Шығарып салуға жұрт жиылыпты.
Топ солдат келеді айдап оны атуға
Тал түсте орындауға бұл бұйрықты.
Жайнаған кеше ғана жігіт гүлі,
Келеді әзер басып... сұрғылт түрі,
Бір кезде... Топ адамнан жасы парлап,
Жүгірді «ағатайлап» жалғыз ұлы...
...Әділбек әзер-әзер демін алды,
Құшағын жайып кенет тұра қалды.
Баласын жуытпасын көргеннен соң
Бір сілтеп қолын сорлы кете барды...
Өртеген ақыл, ойды, жүрек, миды, -
Кім көрген ауыр қайғы, мұндай күйді!
Қарт Назар топтан шығып еңкілдеп кеп,
Құшақтап алған қысып жас сәбиді.
Әділбек берілді ме кек, сезімге,
Жарқ етті кенет жалын от көзінде.
Тоқтай қап деді қатты:
«Қош бол, Халық!
Жасасын коммунизм жер жүзінде!
...Уа, жұртым, тыңдаңыздар, соңғы сөзім,
Деді ол, көпке қадап отты көзін —
Арманым ұлы Ленин жол сілтеген,
Көрмедім жарық күнді. Бітті кезім!
Оққа ұшу қиын екен кеудеңді ашып,
Болсам да, саған халқым, мәңгі ғашық.
Одан да қиын екен, көз жасыңды —
Көргенде тірі жүру жерді басып!
Сол үшін күрестім мен, ерте ояндым,
Жеңіске ұзақ күткен сен таяндың,
Теп-тегіс майданға шық!»— деген кезде
Жау төнді... Бітіртпеді сөз аяғын...
...Команда «Пли!» деді, шалды құлақ,
Жел кенет ішін тартты, өксіп жылап,
Он екі мылтық бірдей гүрс еткенде
Әділбек теңселді де кетті құлап.
Қызыл қан қара жерге шып-шып ағып,
Сом дене сәл тыпыршып дір-дір қағып,
Шоқ - сынды суға түскен кетті сөніп,
От жүрек жаңа ғана тұрған жанып.
Ақиық қыран өлді, көзін жұмды,
Жан берді жеңемін деп ылғи сұмды.
Есіңнен бірақ қалай шығарарсың,
Өлімді дәл осындай өте мұңды.
...Талтүсте адам өлген көрер көзге,
Сол бір күн бөтен күннен болды өзге.
Өмірдің өкінішті өксігіндей
Есімнен шыға қоймас сірә тезде.
Тыя алмай асау кектің долы жасын,
Қозғағам сонда көңіл домбырасын.
Домбыра жүрегімде күй қалдырған,
Сол кезден соққан дауыл, жауын-шашын.
Тербетіп сонда қайғы жыр бесігін.
Тілегем Әділбектей ұл өсуін.
Тілегем кенет долы дауыл тұрып
Түнерген жұрт басынан бұлт кешуін.
...Көк майса, көгілдір су — Атбасарым,
Көңілімнің қуанышы, шат базарым,
Басыңнан өткен қанды уақиғаңды,
Деп едім кезім келсе бір жазармын.
Мінекей саған тағы қайта оралдым,
Түсіндей көкшіл шайы орамалдың.
Көгілдір аспаныңды көзбен сүйіп,
Суына Жабайының әбден қандым.
Жайқалған кең далаңа тағы келдім,
Көзіме оттай ыстық туған жердің,
Иіскеп топырағын мауқым басып,
Тамаша өзгерісін көзбен көрдім...
Көріп тұр қуанышпен ақын балаң,
Баяғы өзім ескен жатыр қалам.
Баяғы өзім жүзген Жабайыңда,
Ойнаған сондағыдай ақ шағалаң.
Өзгерген сонау өмір кепіліме,
Құмдақтың өзгеріпті көпірі де,
Жаңа адам бейнесі ме мынау жүрген,
Жас қыздар лента таққан кекіліне?..
Қаламның жаңарыпты сыртқы кейпі,
Жол келіп, бұрынғыдан үлкейіпті.
Тек қана өзгермеген ескі мұра. —
Ескерткіш, Әділбектің тас бейіті.
...Зиратын Әділбектің іздеп келдім,
Томпақ жер, тас ескерткіш көзбен көрдім.
Қазақтың артық туған баласына
Иіліп, тізе бүгіп, сәлем бердім.
Өмірдің сонау тартыс-таласында,
Hұp төгем деген қазақ даласына
Жатыр ол мәңгі бақи шырт ұйқыда,
Қызыл гүл, жасыл ағаш арасында.
Құрметтеп сәлем беріп болдым - дағы,
Гүлімді ойып мен де қолымдағы
Аттандым арман еткен батыр аға,
Көруге кең даланы жолымдағы.
...Қиялым болсаң да сен құс қанатты,
Көргенім асып түсті, таңырқатты,
Шыбық тал еккен сонау батыр аға,
Жайқалған емен бопты жапырақты.
Жүгірген қызыл түлкі, ұшқан қыран,
Кең дала жатқан босқа бұрын бұдан,
Көз жетпес теңіз - сынды көзді тартып,
Бөленген алтын дәнге толқындаған.
Сонда мен аққан судай ағытыла,
Күй тарттым жаңа келген шабытына,
Ол күйім жана өмір қуанышы,
Бас иген Әділбектің табытына!
ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
Осымен дастан бітсе жарар еді,
Оқушым сөйткенімді қалар еді,
Амал не, кездейсоқ боп бір уақиға
Тағы да өткен күннен хабар берді.
Естігем, бұл өмірден өтті деген,
Иван мен қарт Назар да, көпті көрген.
Естігем Шайтановтың11 атылғанын,
Волковтың22 жайын - дағы өртте өлген.
Жүруші ем түрлі істің ағымында,
Жете алмай Есімдердің анығына.
Қайда олар?
Жүр ме өмір жұмағында,
Жатыр ма әлде жанып тамұғында?
...Басылған күндізгі ду, қызу, қарқын,
Ойнаған тал басында қызғылт алтын,
Сенуге таяу қалған күн сәулесі,
Кеш еді самал желді, қоңыр салқын.
Сол кеште мен қыдырып келе жаттым,
Шомылып ой селіне өткен шақтың,
Бір жанды көрдім тұрған ортасында
Әділбек бейітіне еккен бақтың.
Кәрі шал, көзден ірің, жас сорғалап,
Күбірлеп, қол созады қайыр сұрап.
Аядым, бейшараға ақша бердім,
Сөйттім де аты-жөнін қалдым сұрап.
— Шырағым, менің атым Есім, — деді,
Күнәм көп, оны ешкім кешірмеді,
Көп болды бұл дүниеден адам деген
Атымды менің халық өшіргелі.
Басына Әділбектің күнде келіп,
Күнімді қайыр сұрап жүрмін көріп,
Өлсе де менен артық өлігі де,
Мен жүрмін сан мәртебе күнде өліп.
Бұл менің қылмысымның жазығы деп,
Тілеймін жатсам, тұрсам ажалды тек.
Жүр қимай маған өмір бірақ оны,
Дегендей көрер әлі азабын. көп,—
Деп Есім тасалады қара жүзін,
Бір кезде қанға құмар қара құзғын.
Кемсеңдеп кенет жылап қоя берді,
Бетінен көріп тұрмын қайғы ізін...
Сұрадым сонда тұрып мен Есімнен:
— Қазақты зар жылатқан сан кесірмен
Сойылбек қазір қайда? Білесің бе?
Әлде сен шығардың ба оны есіңнен? —
«Мен үшін ол кездегі өмір өшкен,
Шығардым адамдардың көбін естен.
Сойылбек,—деді Есім, — қаңғып өлген
Қалыпты бір жырада көмілместен».
...«Сойылбек бола алмапты Есім құрлы!»
Уа, өмір, сенің ғажап ісің түрлі.
Осы ойдың дәлеліндей қарсы алдымда,
Қол созып, қайыр сұрап Есім тұрды.
Бұл не күй? Мұнда жатыр көп үлесі...
Бұл — өмір.
Өмір және кек күресі.
Жеңілген сол күресте мынау Есім
Күйреген, адамның құр көлеңкесі...
Есім түр сөнген көңіл шұғыласы
(Әлі де көзден талай шығар жасы)
Өмірдің бітті осылай бір дастаны,
Ақынның секілді бір шығармасы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter