Туындылар ✍️
Алыстағы арпалыс
БІРІНШІ ТАРАУ
Өзеннің екіге бөлініп ағатын сағасынан жақында ғана кен зерттеушілер титан элементі кездесетін рутил минералын тапқан. Бұл адам айтқысыз зор байлық болатын. Бірақ кеннің негізгі желісі өзеннің тармақтанып, теңізге барып құятын оң жақ саласының астында болып шықты. Енді тек осы мол қазынаның үстіндегі суды тоқтатып, қабат болып жауып жатқан әк тасынан аршып алып, бай минералға жету ғана қалған еді.
Үкімет титанның адамзаттың келешегіне, бейбітшілік ісіне зор маңызы бар екенін ескере отырып, осы Жарқын қойнауын пайдалануға асығыс түрде кіріскен-ді. Өзеннің оң жақ саласын құрғату үшін бөгет сала бастаған. Осы бөгет қасынан жаңадан рудник ашуды ұйғарған.
Рудниктің салынып жатқан жері — сұрғылт топырақты алан. Солтүстіктен күнбатысқа қарай аттың тағасындай дөңгелене келген, бірімен-бірі жалғаса біткен құлын жалды жоталар.
Тек өзеннің батыс жағында жалғыз ғана жартас көрінеді. Әр жерде ыстық күннің зардабына шыдамай үй орнындай, теңбіл-теңбіл болып күйіп кеткен баялыш, тобылғы араласқан қызыл жыңғыл, ошаған, тікенек, қалақай, анда-санда жапырақтары түсіп қалған сорайған меңдіқұлақ аңызаққа шыдамды қураған бозғылт шөптер... Солтүстікте жаңадан салынған біркелкі бірнеше кірпіш үйлер тұр. Бұлармен жалғаса күнмен шағылыса тізілген ақ шатырлар көзге түседі. Олардан әрі, оңға қарай, шамасы бір шақырымдай жерде болуы керек, көкшіл тастан қалап салған ұзынша келген, тікенек сыммен қоршалған жарылғыш оқ-дәрінің қоймасы. Қойманың қоршаған сымдарының төрт бұрышында төрт күзет мұнарасы көрінеді.
Карьердің оңтүстік жағында, құрылысқа алғашқы келген қазақ жұмысшыларының саз балшықтан құйып, тимпан қаланған бірнеше тапал үйлері тұр. Бұлардың ар жағынан үлкен бір айдаһардай төңкеріле иіріліп, ауыр сұрғылт толқынын асықпай тербетіп, екі бөлініп тынбай аққан жалпақ өзен. Өзен арнасында осы құрылысқа керек заттарды, машиналарды таситын бірнеше баржыны тіркеген екі кеме ақырын теңселеді. Бұлардың тоқтайтын жерінде, өзен жағасында, жүк түсіретін екі экскаватор дамыл алмай жұмыс істеп жатыр. Таясаң олардың күні-түні тоқтамай сырылдаған темір арқандарының дыбысы мен тасты ұрған болат ожауының гүрсілі естіледі.
Жеңіл киінген, сұңғақ бойлы, қыр мұрын, үлкен қоңыр көзді, қара торы келген жас инженер Ахметбек пен оның ақ құба, мөлдіреген бота көз, қас-қабағы қиылған сұлу келіншегі Гүлшарат, осы Жарқын құрылыс руднигіне келіп түскенде тал түс еді. Бұлардың қасында - Люба, Қасен деген екі жас бар. Олар осы жерге Қазақстан Ленин комсомолы Орталық Комитетінің жолдамасымен келе жатыр.
Бірнеше минуттан кейін төртеуі кішкене төбешікке шықты да таңдана қалысты. Олардың дәл қарсы алдынан сұрғылт өзеннің екі айрылған жағасындағы құрылыс көрінді. Карьер мен поселкенің арасында қою шаңды соңынан шұбалта ертіп, төрт-бес самосвал зырғып барады... Гүлшарат басындағы панамасын алды.
— Бұл не? деді ол таңдана.
Ахметбек те алысқа көз жіберді.
— Шамасы, біздің келе жатқан руднигіміздің өзі болуы керек.
— Ғажап! Бұл тек географиялық қана аты бар, құр бос жер ғой! Гүлшараттың көңілі толмағандай, даусынан бір қобалжу сезілді.
— Бос жер! Қайдағы бос жер? Осы бос жерді қазір бүкіл дүние жүзі білмей ме! — деді орта бойлы, үлкен көгілдір көзді, әдемі келген Люба.
Қазір бос жер болса, бір-екі айдан кейін көріңіз, бұл жерде үлкен рудник болады,— деді тапалтақтау, аздаған секпіл бетті Қасен.
— Ие, бұл жерде үлкен рудник болады! — деді көңілді үнмен Ахметбек. Оның көзінде кенет бір сәуле жарқ етті. Даусы сәл дірілдеп шықты.— Біз осы бейбітшілік руднигінің алғашқы құрылысшыларының бірі боламыз.
Гүлшарат Ахметбекке бұрылып бірдеме дей беріп еді, оның даусын дәл осы кезде жер астынан шыққандай жандарына таяп қалған бульдозердің гүрілі бөліп жіберді.
Трактордың терезесінен сары шашты, омырауы май-май, беті қызыл күрең болып күнге күйген, жас тракторшының басы көрінді.
— Амансыңдар ма, жолдастар! — деді ол күлімсірей айқайлап.
— Өзіңіз де есенсіз бе?
Тракторшы тағы да терезеден қарады, сұлу денелі Любаға көзі түсіп:
— Мініңіздер, апарып салайын! — деді.
— Рақмет. Біз асығыспыз! — деп, Люба күлді.
— Мейілдеріңіз...— Бейтаныс жігіт өкпелеп қалған адамдай қолын шапшаң қимылдатып, жылдамырақ рычагын тартып қалды. Трактордың болат денесі дірілдей түсіп, пәрменінше алға қарай ұмтылды. Бірақ қаншама гүрілдегенімен де, дірілдегенімен де бәлендей өнген жүрісі көзге түсе қоймады.
— Аман-есен жылжып жетіңіз!—деді Люба сықылықтай күліп.
Ахметбектер рудниктің кеңсесіне түс ауа келді. Ұзын коридордың ең шетіндегі директордың кабинетін тауып алып, бұлар есігін қақты. Ар жағынан: «Кіріңіз!» — деген еркек даусы естілді. Жастар топырлай кабинетке кірді. Жаңа ғана сырланған кең бөлменің терезесінің алдында шашына қырауланып ақ кірген, толық денелі, орта жастан асып кеткен, үстінде әскери үлгімен тіккен сұр костюмі бар, үлкен мұрынды, қалың қабақты адам тұр. Ол есіктің ашылған сықырын естісімен асықпай бұрылды.
— Жоғары шығыңыздар.— Директор ойлы, өткір көзімен әрқайсысын бір-бір шолып өтті,— хош келдіңіздер,— деді.
— Мен инженер Ахметбек Жүсіпов боламын, сіздің руднигіңізге министрліктің жолдамасы бойынша келіп тұрмын.
— ...Ә ... Сіз Жүсіповсіз бе? Білемін... Білемін... Бізге әлдеқашан хабарлаған. Сізді күтіп отырған едік, - деді директор жылдам сөйлеп.
— Ал, мына кісі менің келіншегім... Мына жолдастарды Қазақстан комсомолы Орталық Комитеті жіберді...
Осы кезде асыға басып кабинетке тағы екі адам кірді.
Бірі — ұзын бойлы, кең иықты, жуан мойынды, бөріктей үлкен қою шашты, үлкен көзді, қыр мұрынды, қара сұр жігіт. Отыз бестер шамасында. Үстіне киген жеңі шолақ, ақ жібек көйлегін кеудесі мем білегінің бұлшық еттері тырсылдатып керіп тұр. Сұр бастон пиджагын сол қарына іле салған...
Екіншісі— орта жасқа келіп қалған ақ сары адам...
— Сұлтеке! Амансыз ба?
Келгендердің ұзын бойлысы, өзінің атын естігеніне таңданғандай, кілт тоқтай қалды да, қарсы келе жатқан Ахметбекті көріп, қуанып кетті.
Ахметбек, сенсің бе?! Қайдан келіп қалдың?!
Екеуі құшақтаса амандасты. Бұл жігіт пен Ахметбек бұдан екі жыл бұрын кездескен. Уақиға былай болған...
Ахметбек — Жүсіптің жалғыз баласы еді. Әкесі құлпырған көк майсалы, кең далада иіріле созылған көгілдір белбеу тәрізді, мөлдір сулы Есіл өзенінің жағасында өсті. Совет өкіметі оқытқан жас мұғалім он сегіз жасынан бастап халық ісіне белсене араласты. Қызмет сатысымен бірте-бірте жоғарылап, отызыншы жылдары үкімет мүшелігіне ілікті. Жүсіптің осындай бағы жанып, тасы өрге домалап тұрған кезінде әйелі Күнжамал ұл тапты. Атын Ахметбек қойды. Әке-шешенің бар ықыласы осы жалғыз ұлға ғана арналды... Әттең, не керек, жоқ жерден Жүсіптің өкпесіне суық тиіп, қайтыс болды. Әкесіз қалған жеті жасар Ахметбек жалғыз шешенің тіршілігі арқасында өсті, оқыды. Он жылдықты бітірісімен Свердловскідегі түсті металдар мен алтын институтына түсті.
Енді жарқын мінезді, ақ көңіл жас жігітке қызықты студенттік өмір басталды. Дарынды жас, институт қабырғасында жүріп өзін көрсете білді. Комсомол комитетінің секретары болды, сосын партияға кірді. Өте жақсы оқыды. Төртінші курсқа көшкенде, диплом қорғау жұмысының алдында Қиыр Шығыстағы сирек кездесетін метал өндіретін, Читовка руднигінде болды. Рудник шахтасының бас инженері Сұлтан Әубәкіров деген қазақ жігіті екен. Алыс жерде кездескен екі жерлес бірімен-бірі құшақтаса көрісіп, шұрқырасты да қалды. Әне-міне дегенше болған жоқ, жөн сұрасып әбден танысып та үлгерісті. Әсіресе, бауырмал студентке күтпеген жерден, сонау Қиыр Шығыста өзінің ұлтының адамын кездестіргені үлкен әсер етті. Қуанышы қойнына сыймады. Ахметбек ертең кешке Сұлтанның үйіне қонаққа бармақшы болып шахтаға кетті. Міне, сол күпі жада танысқан екі қазақты біріне-бірін шын жақындататындай, тіпті мәңгілік дос етерліктей бір оқиға болды.
Сұлтан өндірісті, жұмысты жақсы білетін инженер еді. Институтты да жақсы бітірген. Осы қасиеттерінің аркасында партияға кірмегенмен де басшылық жұмыста ерте көтерілді. Институтты бітірісімен, соғыс алдында, вольфрам, молибден тәрізді сирек кездесетін металдарды өндіретін Шығыс Қазақстанның бір кішкентай руднигіне барды. Қатардағы инженер боп жұмыс істеді. Сол жылы соғыс басталды. Жоғарғы аталған сирек кездесетін металдардың әскери қару, танк жасауда өте керектігімен байланысты бұл салада жұмыс істеп жүрген мамандарды үкімет соғысқа жібермей, броньмен алып қалды. Сөйтіп өзі тәрізді жастар майданға аттанып жатқанда, Сұлтанның тылда қалуы бір жағынан өз басына пайдалы болды. Жұрттың көпшілігі майданға кетіп, мамандардың тапшы кезі, сондықтан бұл қызмет бабында тез өсті. Алдымен бөлім бастығы болды, одан көп кешікпей бас инженер дәрежесіне көтерілді. Бұл жұмыс істеп жүрген молибден шығаратын рудник кішкентай кен орны саналғанмен, бас инженер деген аты бар, ол осы дәрежеде бірден өндіріс басшылары сапағына кірді. Міне, Сұлтан содан бастап, осы «бас инженер» деген дәрежеден түспеді. Ал, екінші жағынан, бұның осылай тез көтерілуі оны ң адамдық нормасына, мінез-құлқына көп зиян тигізді. Сұлтан 1928 жылы конфескеленген бай ұрпағынан шыққан жігіт еді. Қазақстаннан тыс Шелебі, Омбы тәрізді жерлерде оқып, инженер болды. Бірақ көн құрысса қалпына барады, ол өзінің нәсіліне тартып, тәкаппар, тым өзімшіл, алдымен өз басының пайдасын көздейтін адам боп қалыптасты. Жасынан гір көтеру, гранат лақтыру тәрізді дене шынықтырумен көп шұғылданып, қыз, келіншек қызығар балуан денелі сымбатты және өзі де тым көрсеқызар, әйел дегенде өте құмарпаз жігіт боп өсті. Бұл кез — соғыс кезі, еркектердің азайған тұсы, ал Сұлтан болса өзінің дәрежесін де, түр-келбетін де пайдалана білді. Ол бұл қылығына бұрынды-соңды тосқауыл көріп, қиындыққа ілікпегендіктен, әйел құмарлық Сұлтанның әдетіне айналған. Шөлмек күнде сынбайды, бір күні сынады, ол өзінің бұл қылығынан кейін таяқ жейтінін, бозбалашылық түбіне жететінін ойламаған. Сұлтанға деген сәтсіз жағдай, міне, осы Читовка руднигінен басталған. Соғыс кезінде бас инженер дәрежесіне жетіп алған Сұлтан, соңында Шығыс Қазақстаннан басқа бірнеше рудниктерге ауысқанда да, үнемі сол қызмет дәрежесімен ауысатын. Читовка руднигіне де бас инженер болып келген. Рудникке келісімен жұмысымен танысып, бас инженер міндетін бірсыпыра игеріп алғаннан кейін, ол ескі әдеті бойынша жан-жағына қарай бастады. Талғампаз Сұлтанға көпке дейін ешкім ұнай қоймады. Осындай күйде жүргенінде бір күні рудник жанындағы көлге шомылуға барғанында бір жас әйелді көрді. Әйел болғанда қандай! Аспан түстес көгілдір көз, қызғылт жирен шашты, қыр мұрын. Ал дене бітісі? Сәл қызғылт сары алтыннан құйған көне Рим аңыздарындағы әйелдер құдайы — Венераның мүсініндей!
Әйелдің жанында он-он бір жасар әдемі кішкентай қызы бар, тек оның шашы қара, түсі қара торы. Суретші табылып, егер апасы мен баласының суретін салса, бұлардың көрінісі атақты Микеланджелоның қасында періште нәресте — амур ойнаған мадоннасының суретінен кем түспес еді. Соңынан барып білді, бұл әйел соғыс кезінде жер ауып келген жас жігіттің әйелі екен. Өзі бухгалтер болып жұмыс істейді. Қыз баланы да сол курд жігіттен туыпты. Ал күйеуі мол төленетін ақшаға қызығып, молибден өндіретін старательдер артеліне жалданып, сонау Қиыр Шығысқа кеткен көрінеді. Келетін уақыты да таяп қалыпты. Бұл соңынан білгені. Ал сол күні... Сұлтан кім болса да осы әйелмен танысқанша жанталасты. Қасында ес біле бастаған қыз баласы бар әйелге өзі барып сөйлесуді ыңғайлы көрмеді. Ал сұлу әйел дегенде шыдамсыз Сұлтан өліп барады. Ол қалай танысудың амалын ойлап тұрғанда бұған әйелдің өзі жәрдем берді. Сұлтан шешініп, көл жағасына келгенде, бұ да бейтаныс жігітке бір-екі рет көз тастаған. Жігіттің сымбатты дене бітісі бұның да көңілінен шыққан. «Мұндағы жұртқа ұқсамайтын бұл кім екен?»—деген әйел өзіне-өзі сұрақ беріп. «Жақында Қазақстаннан бас инженер келді деп еді. Дәу де болса соның өзі. Көрікті адам екен»,— деген ол іштей жігітке сәл сүйсіне, сәл таңырқай қарап.
Дегенмен әйел бірінші тіл қатты. Әлі суға түспей, өзіне әлсін-әлсін қарай берген жігітке:
— Неге түспейсіз, су сондай жылы?! — деді дауыстап.
— Өзіңіз неге түспейсіз? — деді Сұлтан.
— Жаңа түсіп шыққам, тағы түсемін! — деп әйел күле сөйледі.
— Ал онда, кеттік!—деді Сұлтан, әйел сөзі қанат бергендей, өзі тұрған тапалдау жардан бірден көлге төмен қарай секіріп.
Әйел де суға күмп берді. Тек қыз баласы ғана отырған жеріндегі құмды қолымен аяғына қарай үйе ойнап, жағада қалды.
Жағадан бірталай алыс жерде Сұлтан мен бейтаныс әйел қатарласа жүзіп келеді. Су мөп-мөлдір. Баяу ғана толқын бар. Көлдің тазалығы соншалық — тіпті астындағы сарғылт құм көрінеді. Әйел Сұлтанға дәл қазір суда ойнаған бір керемет алтын балық тәрізді көрінді. Кенет оны ауға түсіргендей ұстап алып, бұлқындыра құшақтағысы келіп кетті. Бірақ өзін-өзі тежеп қалды, әбден таныспай жатып бүйтуді ерсі керді. Ол енді әйелге тым жақындай жүзді.
— Сөйтіп есіміңіз кім?— деді ол.
— Айтпаймын,—деді әйел күліп,— өзіңіз табыңыз.
— Жарайды,— деді Сұлтан.— Атыңыз Махаббат!
— Жоқ.
— Үміт.
— Таппадың.
— Онда Сенім?
— О да емес.
Орыс әйелдерінің қасиетті санайтын үш есімінің үшеуін де атады Сұлтан. Бірақ олар болмай шықты.
— Онда кім?— деді Сұлтан әйелге күле қарап. Кенет ол шаттана қалды.— Таптым! Таптым! Сен Русалка— Су перісісің!—Ол шалқалай жүзді.— Жоқ, жоқ атың бөтен болса да мен сені енді Су перісі дейін, жарай ма? Су перісі секілді сұлусың! Саған осы ат лайықты.
Әйелдің жүрегі жылып кетті.
— Ақын жанды адам екенсіз,— деді ол күлімсіреп.— Ал мен сізді қалай атайын? Суда кездескен Черномор деймін бе? Әлде су иесі Нептун дегенім дұрыс па?
— Жоқ мені өз атыммен ата. Жақсы ат қой. Сұлтан де...
Әйел оған бір түрлі қуана қарады.
— Сұлтан? Сұлтан! Әдемі ат...
Сөйдеді де, бойына бір орасан қуат біткендей жағаға қарай пәрменінше жүзе жөнелді.
Сол күні түнде Сұлтан әйелмен оның жалғыз бөлмелі пәтерінде кездесті. Қызы ұйықтады-ау деген кезде келген. Ертеңіне де келді. Су перісінің үйіне түнде келу оған әдетке, тіпті махаббат мейрамының алғашқы айына айналды. Ләззатқа берілген Сұлтан, әйтеуір, сыртқы жұрт білмесе болғаны, кейде ес біліп қалған қыз баланың ұйықтамай жатқанына да қарамады. Әрине, мұндай көргенсіздік пәк көңілді жас баланың жек көрушілік сезімін оятты. Анасы мен жат адамның қылығына шыдай алмаған қыз бала бір күні шешесіне:
— Ана кісі біздің үйге келуін қойсын,— деді,— әйтпесе папам келген соң істеп жүргендеріңнің бәрін айтамын.
— Нені айтасың? Мен не істеп жүрмін?— деді кенет ашулана қалған шешесі. Сұлтанмен тек түнде ғана кездесіп жүргендіктен, қызы, сірә, ештеңе білмейді деп ойлайтын болуы керек.
— Бәрін де білемім. Кейде ұйқымнан да оятып жібересіңдер!
Шешесі қызының жағынан тартып жіберді.
— Саған ондай нәрсені білуге әлі ерте!
Бала жағын ұстап үйден ата жөнелді.
Ертеңіне Су перісі Сұлтанмен кездесті. Болған оқиғаны айтты.
Ол мені тіпті жек көріп кетуі мүмкін,—деді әйел, енді бұдан былай қарай басқа жерде кездесіп жүрейік.
Бірақ қыз бала шешесіне бұрынғыдай еркелеуді, не бірдеме сұрауды қойды. Өз бетімен тамағын ішеді де, дос қыздарымен ойнап кетеді. Кешке біразға дейін ертегілер оқиды да, ұйықтап қалады. Үйде үнемі томсарады да жүреді. Шешесінің сөйлескісі келсе, бұл бәлендей сыңай көрсетпейді.
Сөйтіп жүргенде бір күні он жасар қызы оған нағыз бір үлкен адамдай:
Бүйтіп күнәкар болғаныңша, сен әкеммен ажырас,— деді.
Су перісі не дерін білмей сасып қалды. Тек аздан кейіп ғана:
— Сонда сен кіммен бірге кетесің?— деді.
— Әкеммен.
— Ал мен сені әкеңнен жақсы көремін ғой, сенсіз қалай күн көремін,— деп, Су перісі жылап жіберді,— мені қалай қиып тастап кетесің?
— Онда бөтен адаммен жүрмеуің керек еді ғой.
— Қалай жүрме дейсің? Мен оны жақсы көремін...
— Ал мені ше?
— Сені де!
— Екі адамды бірдей жақсы көруге болмайды. Біреуімізді ғана жақсы көр. Қайсымызды жақсы көресің — сонымен бірге бол.
Ол қызының Сұлтанды жек көретінін, онымен бірге тұра алмайтынын енді білді. Ал өзі Сұлтанмен бірге тұрмақшы ма? Ләззат қызуымен жүріп бұл сұрақты өзіне бұрын қоймаған-ды. Енді ойлана бастады. Сөйтіп жүргендерінде шарттасқан уақыты бітіп Қиыр Шығыстан Мәмет келді. Ол үйіне түнеп шыққан күні-ақ әйелінің өзгеріп кеткенін білді. Ал ертеңіне осы рудниктегі жақын жолдастары әйелінің бас инженермен жүретінін айтты. Бұл сөзге Мәмет бірден сенді, сенсе де қызын оңаша шығарып алып содан сұрады.
Қызы жасырған жоқ, шынын айтты.
— Мамам жұрт білмейді деп ойлайды. Ал бүкіл поселке біледі. Менің дос қыздарым да біледі. Олардың бетіне қарауға ұяламын. Сондықтан ешкіммен ойнағым да келмейді. Мамам сені де, мені де жек көреді. Ол бас инженерді ұнатады. Бөтен жаққа кетейік. Мен сенімен бірге кетемін. Мұнда жүруге ұяламын,— деді.
Су перісі мұны жек көргенмен, Мәмет оны жанындай жақсы көретін. Бірақ оның істеген опасыздығы жанына жаман батты. Сол күні өлердей мас болып келіп, әйелін көк ала қойдай етіп ұрды. Ертеңіне киім-кешегін чемоданына салып, қызын ертіп, бір таныс жұмысшының үйіне көшіп барды. Екі-үш күнде басқа рудникке кетпекші болды. Ал ертең жүреміз деп тұрған күні бұл тағы бір трагедияға ұшырады. Мектебімен қоштасып, табелін алып жылап келе жатқан қызы байқамай ағып келе жатқан самосвалдың астына түсіп, қазаға ұшырады. Екі күннен кейін, соңынан ерген жалғыз қызын қара жерге беріп, әкесі қайғыдан қара бұлттай түнеріп, жатқан үйіне қайтты. Бірақ ол құр ғана қайғылы қайтқан жоқ, жүрек, жаны ашуға, ызаға тола қайтқан. Бет-аузы көнектей боп, үйінде қозғала алмай жатқан Су періге бағана ол: «Қызымды қоюға келмесін, ал келсе сол жерде өлтіремін»,— деп кісі салған. Күйеуінің мінезіне қанық әйел келуге қорыққан. Ал шынында, таяқтан сау-тамтығы қалмаған әйелдің келетін де шамасы жоқ еді. Және күнә өзінен екенін білетін ол, күйеуінің сабағанын милицияға хабарламады. Бір жағынан Сұлтанға да сөз келеді деп ойлады. Тек Мәметтің тезірек бұл рудниктен кетуін күтіп қала берді. Әрине, қызының бұлай жоқ жерден қайтыс болғаны, ана емес пе, бұған да батқан. Істеген опасыздығының тартуы деп, зар еңіреді. Бар болғаны өзінің екі көзіне ғана күші жетті. Ал Мәмет болса жылап-сықтаған жоқ, қабағынан қан жауып, қалың ойға кетті. Өмір буған неге осыншама қастаса қалды? Қандай жазығы, қандай қылмысы бар еді? Өзінің шала хат танитынына қарамай, он сегізге толысымен машина жүргізуді үйренді, жұрт қатарлы жұмыс істеуге. тырысты. Кейбіреулердің кеудесінен кейін итергенін де, істеген аздаған қиянаттарын да кек тұтпады, өмірден өз үлесін алмақшы болды. Ақырында сұлу әйелге үйленді. Шаңырақ көтеріп, отау тікті. Мәметке өмір есігі енді шалқасынан ашылғандай еді. Бақытқа енді жеттім бе деп жүргенінде, айнадай ашық аспанын қайтадан қара бұлт жапты. Ыза кернеген Мәмет орнынан ұшып тұрып жүрін кетті. Бәріне себепкер — апа бас инженер! Бас инженер! Өзінің қызмет бабын пайдаланып, сүттей ұйып отырған әйелімді опасыздыққа үйреткен де сол! Кенет Мәмет тоқтай қалған. Осыншама маған жауыздық істейтіндей не жаздым мен оған! Әлі көрген де адамым емес. Жоқ, жоқ, маған істеген қиянатына ол жауап беруге тиіс! Ол бүгіннен қалмай өлуі керек! Бүйтпесем мен не қылған адаммын?!— Курдтың адат заңын естен шығаруға хақысы жоқ!
Мәмет осы минуттан бастап кілт өзгерген. Жүрісі де, қимылы да байсалдана түсті. Күні бойы аспай-саспай жүріп, Сұлтанның үйінің қайда екенін, қай уақытта қайтатынын біліп алды. Содан кейін өзінің бір таныс аңшысына: «Орманға барып, азырақ ақ тиін атып, сергіп қайтайын»,— деп жалынып, қос ауыз мылтығын сұрап алды. Қайтып келіп, жатқан үйінің сарайына кіріп, есігін ішінен бекітіп, қараңғы түскенше қол басындай қорғасынды түйіршіктеп пытыраға араластыруға кірісті.
Ел жатты-ау деген кезде ол сарайынан шықты. Аяңдап Сұлтанның үйіне қарай беттеді. Мәмет осы түнде терезеден Сұлтанды атып өлтірмек болды. «Егер кегімді алсам, қашып құтылуға тырысармын. Ал құтыла алмасам... Дүниеде кек үшін өлген жалғыз адам менмін бе? Мейлі! Тек өшімді алуға ант етемін!»—деген.
Міне, осы курд Сұлтанды өлтіруге келген түні оны ажалдан Ахметбек аман алып қалған.
Практикаға келген Ахметбек шахтыда үшінші кезекте болып, түн ортасы ауа жатақханаға қайтып келе жатқан. Бұлардың жатақханасы Сұлтан тұрған коттедждің ар жағында болатын. Директор мен бас инженерге деген екі коттедж бір-біріне терезелері қарсы салынған. Ортасында шағын бау-бақша бар. Ал сол бау-бақшаның ортасынан жатақханаға баратын құм төселген кішкентай жол етеді. Сұлтанның үйінің шамы жанып тұрғанын Ахметбек анадайдан керді. «Бас инженердің жұмысы ауыр ғой, таңертең ерте тұруына қарамай түн ортасына дейін бірдемені қарап отыр-ау»,— деп ойлады. «Егер жатпаса кіріп шықсам қайтер екен? Ертең мен жұмысқа барғанша бағанағы жерді бұрғылатпауын айтуым керек қой...» Бірақ Ахметбек екі үйдің ортасындағы шағын бау-бақшаға таяй беріп кілт тоқтай қалды. Осы сәтте Сұлтанның бөлмесінің шамы сөнген. Бірақ қарсы үйдің жарығы түсіп тұрған жерден біреу қараңдағандай болды. Үн-түнсіз тұра қалған Ахметбек қателеспеген екен. Аздан кейін әлгі караңдаған адам аспай-саспай, аяғын еппен басып, баудың арғы бетінен бір баспалдақты әкеп, Сұлтанның терезесінің бер жағындағы қабырғаға сүйеді. Содан кейін баспалдақ әкелген жеріне барып, қолына қос ауыз мылтық ұстап кейін оралды. Ахметбек жасырына, Сұлтан коттеджінің бергі қабырғасына жетті. Кім болса да, мына адам Сұлтанға қастық істегелі жүрген кісі екеніне шек келтірмеді. Бұл кезде мылтықты адам жан-жағына сәл қарап тұрды да, баспалдаққа шығуға ыңғайлана бастады. Айқай салуға ананың қолындағы мылтықтан сескенді. Кім біледі, өзін атып тастаудан тайсалмас бұл бұзық деп ойлады. Ал түнгі қарақшы бұл тұста баспалдақпен ақырындап көтеріліп, жартылай ашылып тұрған тыныс әйнекті бертін шалқайта ашты да, мылтығын ішке қарай енгізе берді. Осы кезде, ептеп басып, таяп қалған Ахметбек, «Сұлтеке! Сұлтеке!»—деп айқайлап жүгіріп кеп, бар денесімен баспалдақты кеп соқты. Мылтық та гүрс етті, баспалдақ та кісі-місісімен жерге құлады. Қос ауыз анадай жерге ұшып түсті. Тізерлеп құлаған түнгі қарақшы ұшып тұрып, мылтығын алғанша, Ахметбек те оның үстіне қона кетті. Түнде атылған мылтық жаңғырығы мен қорқа шыққан айқай қандай үрейлі, үй маңы заматта үрпиісті де қалды. Үйінен атып шыққан Сұлтан алысып жатқан екі адамның қасына жүгіріп жетісімен, біреуі — Ахметбек екенін білді. Екеулеп бұзық жігіттің қолын белбеумен байлады. Сөйткенше жұрт та жиналып қалды.
Тәкаппар жігіт сот алдында: «Мені менсінбей, әйелім бас инженермен жүріпті»,— деуге арланып: «Рас, бас инженерді өлтіріп, жақсы киім-кешегін, ақшасын тонамақшы едім»,— деп жауап берді. Сот оның кісі өлтіруге ыңғайланғаны үшін, бірақ айыбын бірден мойындағанын еске алып, үш жылға соттады. Алдағанға мылтығын берген қарт аңшыға бір жылға шартты түрде кесім кесті.
Ал, байынан, баласынан айрылған Су перісі, Сұлтанды қанша қимаса да, осы оқиғаның бәріне өзін айыпты санап өзіне алара қараған жұрттың көзінен сескеніп, басқа жаққа көшіп кетті.
Сұлтан бұған қуанбаса, ренжіген жоқ.. Су перісіне деген ләззат қуанышынан серпіліп қалған жігіт бір қатерден оңай құтылдым ба ден қуанды. Енді ол жан-жағына қайтадан қарай бастады. Және сол күні-ақ ол Ахметбекті жатақханасынан өз үйіне көшіріп алды. Енді бұлар жастарының он жылдай айырмасына қарамай, құшақтасқан дос, бір туған ағалы-інідей болып кетті...
Ахметбек пен Сұлтанның бірін-бірі танығандарын жақсылыққа жорығандай, рудниктің директоры жымия күлді:
— Таныс екенсіздер ғой?
— Несін айтасыз, ағалы-інілі десеңіз де болады,— деді Ахметбекпен көріскен жігіт.
— Солай ма? Өте жақсы...
Директордың сөзін үйге кіргендердің екіншісі бөліп жіберді.
— Асеке, кешірерсіз, сәл кешігіп қалдым,— деді ол қолындағы былғары баулы сағатына қарап,— қыш құйып жатқан жерде болдым, қыздар өздері жеке бригада құрғысы келеді дейді.
— Солай ма? Тіпті жақсы,— деді директор,— таныс болыңыздар, Хамза Нұрғалимов, рудниктің парторгы,— деді жаңағы кісіні көрсетіп, сөйтті де, ұзын бойлы жігітті нұсқады,— рудниктің бас инженері Сұлтан Әубәкіров! Ал менің атым — Асылбек, әкем аты — Ержан...
Бәрі қол алысып танысты. Рудниктің бас инженері Гүлшараттың қолын алып жатып, сұлу келбетіне сәл көзін тоқтатқандай болды...
— Өте жақсы... Өте жақсы... Рудникке жастар көбірек келсе екен... Өмір көңілділеу болар еді,— деді парторг.
— Сөз бар ма!—Директордың жүзі кенет күлімдеп кетті, сөйтті де ол үйге бұрын кіргендерді нұсқап, бас инженерге тағы да көзін тастады.— Ал ағалы-інілі болсаңдар тіпті жақсы кездестіңдер, Ахметбек Жүсіпович, министрлік жіберген сіздің орынбасарыңыз,— бас инженер дұрыс дегендей басын изеді.— Ал мына қарындасым — Ахметбек Жүсіповичтің келіншегі.
Бас инженер тағы қуанып кеткендей Ахметбекке қарап:
— Құтты болсын,— деді.
Директор сөзін жалғай түсті.
— Ал мына жолдастар Қазақстан комсомолы Орталық Комитеті жіберген жастар. Әлі өзім де толық танысқан жоқпын...
Парторг Қасенге қарады.
— Жігітім, қандай өнерің бар?
Қасен төмен қарап күлімсіреді.
— Бәлендей өнерім жоқ, аздаған артистігім бар, оның үстіне завод клубтарында кейде меңгеруші, кейде көпшілік жұмысын жүргізуші болып істедім.
Парторг шын қуанып кетті.
— Бізге нағыз керек адамның өзі екенсің. Әзір клубымыз бітпегенмен, жастар арасында көпшілік жұмысын жүргізу өте қажет іс болып тұр. Жұмыстан қолы бос жастардың арасында аздап ішімдікке салынушылар да бар, бір-бірімен төбелесіп қоятындары да жоқ емес,— сөйдеді де, ол Любаға бұрылды.— Ал, қалқам, сіздің қолыңыздан не келеді?
Люба қымсынбай жауап қатты.
— Бесінші разрядты сылақшымын. Оның үстіне қыш қалау жұмысын да білемін.
— Бұл да өте керекті мамандық,— деп сөзге директор қайта кірісіп кетті.— Әсіресе біздің қазіргі жағдайымызда.
Енді ол Гүлшаратқа қарады.
— Қызым, сіз де жұмыс істейтін шығарсыз?
— Әрине...
— Жақсы... Жақсы... Мамандығыңыз?
Гүлшарат ұялғандай сәл ұызарып, төмен қарады...
Келіншегінің не дерін білмей тұрғанын көріп, ол үшін жауапты Ахметбек берді:
— Гүлшарат бұрын ғылыми-зерттеу институтында директордың хатшысы болып істеп еді... Әзірге бөтен мамандығы жоқ.
— Хатшы болып дейсің бе?— деді Ахметбекпен көріскені болмаса кіргелі үн қоспай тұрған бас инженер.—Асекеңнің хатшысы жоқ еді, жақсы болды ғой.
Ержанов басын шайқады.
— Жоқ маған хатшының керегі жоқ... Әзірге кадрлар бөлімінің инспекторлық жұмысы мен директордың секретарьлығын Шураның өзі де атқара тұрады.— Сөйтті де бас инженерге бұрылып:—Мүмкін сендерге керек болар?— деді.
Бас инженер Ахметбекке қарады.
— Қарсылығым жоқ... Үнемі өндіріс басында боласың, іздеген адамға жауап беретін де кісі жоқ...
— Ал жолдастар, енді осыдан екінші есікте кадрлар бөлімі бар, соған барып қағаздарыңызды беріңіздер... Бүгін демалуларыңызға болады...— деді директор. Ол сөйтті де бір жапырақ қағазға бірдемені жазып, Ахметбекке ұсынды. — Сол бөлмеде отырған көзілдірікті кісіге беріңіз. Бізде әзір үй мәселесі қиындау, дегенмен де сіздерді ренжітпес.
Ахметбектер қоштасып шығып кетті. Көп кешікпей олар жаңағы директор айтқан көзілдірікті адамға еріп, заттарын көтере, жататын үйлеріне қарай бет алды.
Күн бесінге таян қалса да, әлі ыстық құбыладан соққан аңызақ жел көріктен үрген лептей бетіңді күйдіре сүйеді. Жаңадан салынған жолмен әлсін-әлсін зымырай өткен самосвалдар аспанға көтерілген сұрғылт шанды борандай бұрқыратады.
— Кесірткеден бөтен жан тұратын жер емес,— деді алда келе жатқан толықша келген қызыл мұрынды, бетінен тері сорғалаған әлгі көзілдірікті, ЖКО-ның бастығы Сауранбай Каюпов.
Күндікке үндемеген Қасен кенет шап ете қалды.
— Кесірткеден бөтен жан тұра алмайтын болса, сіздер қалай тұрып жатырсыздар?!
Сауранбай бұрылып, Қасенге көзілдірігінің астынан сүзе қарады.
— Өзгені білмеймін, өзім мұндай жер екенін білсем, өлсем де келмейтін едім. Екі жылға шартым бар, енді амалым жоқ... Және әйелім де осында қызмет істейді. Дәрігер. Мені босатқанмен, оны ешкім де босатпайды...
— Расында адам тұратын жер емес екен!—деп, Гүлшарат жан-жағына көңілсіз көз жіберді...
— Алматыдан кейін солай көрінеді ғой. Бұл жерге де үйренуге болар,— деп, Люба қолындағы кішкене чемоданын жерге қойып, Сауранбайға қарады,— үйіміз алыс па ?
— Жоқ, анау шеткі барақ.
Гүлшарат Сауранбай көрсеткен баракқа да жеркене қарады. Осы кезде жол шетінде тұрған, есігінің алдына үлкен әріптермен «Емхана» деп жазған ұзын қыш үйдің қасынан ақ халаты бар, басында ақ орамал, талдырмаш келген, дөңгелек ашаң жүзді, қою қара шашын желкесіне тоқпақтай етіп түйген әдемі, жас әйел көрінді.
Ол жанынан өтіп бара жатқан кісілерге жайбарақат көз салып тұр. Әйелдің жүзі кенет қуанғандай өзгеріп кетті.
— Япырмай, Ахметбек емессің бе?!—деді әйел қуана, жұмсақ даусы сәл дірілдеп.
Ахметбек тоқтай қалды.
— Ақмарал!..
Екеуі күлімсірей, біріне бірі қарсы жүрді.
Ахметбек Ақмаралмен бір мың тоғыз жүз елу үшінші жылдың күзінде танысты. Онда Ахметбек Чкалов станциясы арқылы Свердловекіге бара жатқан. Өмір секілді ұзақ темір жол, қос қара табанының үсті жылтырап, бұлдыраған көкжиекке созылып жатыр. Алыстағы арманға тез жетсем деп алып ұшқан көңіл тәрізді, от арба болат доңғалақтары зырқ-зырқ айналып, зымырап келеді. Ахметбек вагонның екінші сөресінде етпетінен түсіп кітап оқып жатқан. Ол көзі талып кеткен соң, кітапты тастап терезеге қарады. Терезе алдында талдырмаш, шашы ұзын, басына өзбектің ала тақиясын киген бір қыз тұр. Поезд Алматыдан шыққанда бұл қыз жоқ болатын, сірә жолай мінген болу керек. Қыз ұшы-қиыры жоқ сұрғылт далаға томсара, көңілсіз пішінмен қарап қояды. Ахметбекке сол бір минутта, осы жастың иран қыздарының көздері секілді ұзын кірпікті, қиықтары ұзыншалау келген қоңыр көзінде бір түрлі қайғы ізі бардай керінді. Бұл қайғы көңілге қуаныш туғызбайтын сұрғылт даланың көңілсіз көріністерінің әсері ме, әлде түпсіз тұңғиықтай терең жатқан қыз сырының өкінішті бір толқынынан туды ма, ол жағы Ахметбекке белгісіз еді.
Жігіт середен түсін, қыздың жанына келді.
— Қарындас, сонша неге жүдей қалдыңыз?—деді ол қыздың көңілін жұбатайын деген оймен.
— Жәй әшейін...— деді қыз Ахметбекке бір қарап, ақырын қозғалып, оған қасынан орын берді де, қайтадан терезеге бұрылып кетті,— өмірдің кейде осынау сұрғылт даладай көңілсіз болатыны есіме түсіп, жәй әшейін ойға кетіп тұрмын,— деді.
Ахметбек қыздың жүрегінде бір ауыр қайғы бар екенін сезді. Ол енді терезе алдына қатарласа тұрды да, оған бұрыла тіл қатты:
— Қарындас, атыңыз кім? Танысайық.
Қыз сәл қысылып қалғандай болды, кенет беті қызарып кетті, бірақ бойын тез жинап алды.
— Атым Ақмарал.
— Поезға түнде міндіңіз бе?..
— Иә, түнде... Қызылордадан...
Жас жігіт енді не сұрарын білмей сәл дағдарып қалды. Қыз енді сұрақты өзі берді.
— Алысқа барасыз ба?
— Свердловскіге.
— Жай ма?
— Жоқ, оқуға...
— Ә...— деді қыз Ахметбекке қарап,— біраз жерге дейін серік болады екенбіз... Мен Москваға бара жатырмын... Сонда дәрігерлік институтта оқимын.
— Қай курста?..
— Екінші курсын бітірдім...
Жігіт таң қалғандай болды. Бүлдіршіндей жап-жас қыздың институттың екінші курсын бітіруі Ахметбекке шынында да кереметтей әсер етті.
Ахметбек пен қыз Чкалов станциясына дейін іште жатқан талай сырларын шертісті. Ақмарал жігітке әкесінің ерте өлгенін, шешесінің осы жазда қайтыс болғанын, кішкентай жалғыз інісі Кенжетайды жақын туыстарының қолына тастап кеткенін айтты... Жас қыздың әңгімесі — ақын жанды Ахметбектің жүрегін тебірентті. Қолынан келер бөтен жәрдемі болмаған соң, ол қызға жылы сөзімен қайрат берді... Біреудің қайғысына ортақ болып, шын жүрегінен ықылас білдірген жас жігіттің бұл қылығы Ақмаралдың көңілін босатты. Жүрек пернесін қозғап, көңіліне қайдағы бір қиял ұшқынын тастады. Міне, осылай екі жас нәзік сезім арқылы, құс қанатты қиялдарын бір ұяға қондырғандай болды. Алыстан барып ұштасқан ойлар, жақын бір тілекті арман еткендей тәрізденді...
Чкаловқа келгенде бұлар елжіресе қоштасты, біріне-бірі хат жазып тұруға уәделесті. Сол уәделерін үзбей Ахметбек пен Ақмарал жыл бойы хат жазысып хабарласып келді... Бір-біріне талай-талай жылы сөздер жолдап, жүректің жұмбақты жырын қозғады. Әттең дүние, келесі жылдың күзінен бастап, Ақмаралдан хат келу үзілді. Ахметбек қанша тырысса да, одан ешбір жауап ала алмай қойды... Жігіт енді сарғая сағынып барып, Ақмаралдан үмітін үзді. Жүректе жалын болып қол созып жатқан сезім су сепкендей сөне бастады.
Сөйтіп жүргенде ол Гүлшаратқа кездесті. Бұл кездесу өткен жылғы август айының бас кезінде болды.
Ахметбек жазғы демалысында Алматыға келген еді.
Бір күні кешке таман серуендеп қайтайын деп көшеге шықты.
Қоңыр салқын сол бір кеште гүл алаңы аса көркем болатын. Қоюланып бара жатқан ымыртта қан қызылындай жайнаған үнді канналары жерге шашылған шоқ секілді, көзді тартып тұрған-ды. Қауыздарын фонтан жаңбырының мөлдір моншақ суы жуған Тянь-Шань тауының қызғалдақтары, сан бояуға малынып, ақырын соққан самал желмен ойнай, түрлене түскен-ді. Ахметбек почтаның қарсысындағы аллеяның орта тұсындағы орындыққа келіп отырғанында, күн де батып бара жатты. Осы кезде көгілдір аспанға көтерілген сұңғақ қарағай, зәулім қайың бастары көкжиекте көрінбей кеткен күннің әлі де сөніп бітпеген алтын сәулесімен өртенгендей, қызғылт нұрға бөленген-ді.
Жас жігіт қиялын тамаша бір әсер билеп кеткендей, дәл қарсы алдындағы қызылды-жасылды гүлдер алаңына таңдана қарап отырған-ды. Осы кезде:
— Қандай көркем сурет!— деді жігіттің дәл қасынан күміс қоңыраудай ақырын, сыңғырлай шыққан бір сүйкімді дауыс.
Жігіт гүлдерден көзін алып, дауыс шыққан жаққа бурылды. Орындықтың арғы шетінде ақ құба, әдемі бір қыз отыр. Күн батып бара жатқанда кездескен осы жас сұлу Ахметбекке жаңбыр артынан құлпырған гүл секілді болып көрінді. Жігіт бұл қызды көшеде бұрын-соңды. бір-екі рет ұшыратқан болатын, бірақ танысудың ретін таба алмай жүргенде, енді оның ойда жоқ жерден кездескеніне қуанып кетті. Қыз да жаудыраған бота көзін жігітке аударды. Екі жастың бір-біріне ұшырасқан көз жанары, кенет жарқ ете кездесіп, бірін-бірі өшірген екі сәуле секілді, жоқ жерден ұшқын атып тұтанды да, ұзаққа бармай сөне қалды.
— Ғажап!—деді жігіт жүрек толқынысын баса алмай,— бұл қаланың тек гүлдері ғана емес, қыздары да гүл секілді әдемі екен...
Қыз жымиып күлді.
— Сіз кекете біледі екенсіз,— деді ол көзінің қиығымен жігітті тағы бір шолып.
— Мен кекетіп тұрған жоқпын, шынымды айтып тұрмын,— деді жігіт.
Қыз әлденеге тағы жымиды.
— Ғапу етіңіз... Сізбен танысуға болар ма екен?— деді жігіт кенет, қыз кетіп қалса тіпті кім екенін де біле алмай қалармын деген ой келіп.
— Неге болмасын,— деді қыз орнынан түрегеліп,— атым — Гүлшарат...
Қыздың тек түрі ғана емес, орта бойлы келген дене бітісі де көз тартарлықтай сымбатты екен. Үстіне киген ақ жібек көйлегінің кең етегі жас өспірім қыз балалардың көйлегіндей олпы-солпы келмей, жалпақ қара лак белбеумен қынала тартылған қыпша белінен төмен қарай қонымды жатып, төгіле түсуі, Гүлшараттың бой жетіп қалған қыз екенін бірден көрсеткендей. Тізесіне дейін түскен қою қос бұрымы арқасын толқындана жауып, сұлу денесіне жарасып-ақ тұр.
— Гүлшарат дейсіз бе?.. Қандай әдемі ат... Сізді гүлмен теңегенде, менің де жүрегім бірдемені сезген екен... Менің атым — Ахметбек,—деді жігіт қыздың қолын алып.
Ғажап, қыздың ойнақшыған отты көзіне, күн сүйіп қызартқандай қып-қызыл ерніне қарамастан, қолы сап-салқын екен... «Бұл неліктен бұлай?» Ахметбек ойлап та үлгірген жоқ, Гүлшараттың жаудыраған көздері оны тағы еріксіз өзіне тартып әкетті... Енді ол қыздың қолын сәл ұстап тұрды да, босатып жіберді...
Сол бір қоңыр салқын тамаша кеште екі жас осылай танысқан болатын.
Үлкен күміс табақтай дөңгеленіп ай да шықты. Жер беті сәл кірлеген қалайы тәрізді бозаң тартты. Ұйықтап кеткен қаланы күзетіп тұрған жасыл шинельді жауынгер секілді тіп-тік болып, қаз-қатар біткен ұзын теректердің басын ай жарығы шалып, әлдеқайда пайда болған түнгі жел жапырақтарын сыбдырлатады...
Қала тыныштала бастаған, тек оқта-текте трамвайлардың шырылдаған қоңыраулары мен зырылдап өтіп бара жатқан машиналардың қарлыға шыққан үндері ғана естіледі. Әлдеқайдағы радиорепродуктордан әсем дауыстың тамылжыта салған әні келеді.
Міне, осы бір тамаша түнде олар ұзақ бірге жүрді.
Келесі күні де кездесті... Ақырында бірін-бірі көргенше сағынып тұратын күйге жетті. Ахметбек күз түсе оқуына қайтты. Қыс бойы үзбей хат жазысып тұрып, осы рудникке келер алдында Ахметбек Гүлшаратпен қосылды. Үйленгеннен кейін көп ұзамай, Ахметбектің жалғыз анасы Күнжамалды өздері орналасқанша Алматыға тастап, апрельдің бас кезінде бақытты екі жас рудникке жүріп те кетті.
Ахметбекпен амандасып болғаннан кейіп Ақмарал оның осында жұмысқа келгенін естіп:
— Құтты болсын! Біздің де мұнда келгенімізге екі айдай болып қалды,— деді, сөйтті де, қастарында тұрған Сауранбайды көрсетіп.— Ахметбек, танысып қой, менің күйеуім,— деді. «Менің күйеуім» деген сөзді Ақмарал бір түрлі қысылғандай үнмен айтты.
— Солай ма?— Ахметбек Сауранбайға көз тастады да:— Өзің де танысып қой, менің келіншегім,— деп Гүлшаратты ақырын қолынан ұстап, Ақмаралдың қасына апарды.
Ақмарал қызыққандай Гүлшарат пен Ахметбектің жүздеріне кезек-кезек қарады.
— Құтты болсын!—деді ол, екеуіне сүйсіне көз тастап.
Аздан кейін Ахметбектер Ақмаралдың осында хирург болып істейтінін естіп, келесі демалыста олардың үйіне қонаққа келуге уәделесті де, Сауранбайға еріп әрмен қарай жүріп кетті.
Сауранбай Ахметбек пен Гүлшаратқа ұзын дәлізді жаңадан салынған кең барақтан жеке бөлме беріп, Любаны сол барактағы қыздар жатақханасына, Қасенді қарсы үйдегі төрт жігіт тұратын бөлмеге бесінші етіп орналастырды.
Кешке таман әбден жайласып болғаннан кейін Ахметбектер жұмысшылар асханасынан барып тамақтанды да, жол соқты болғансын ертерек жатып қалды.
Ертеңіне Гүлшарат пен Люба қағаздарын реттемек боп, кадрлар бөліміне кетті де, Ахметбек пен Қасен жұмыспен танысуға карьер жаққа аяңдады.
Күн найза бойы көтеріліп қалған-ды. Ахметбек пен Қасен өрби біткен жотаның үстімен келе жатты. Күн әлі ерте болғанмен, шыжыған ыстық. Инженер жігіт төңірегіне, көз жетпес кең далаға таңдана қарап келеді. Бірін-бірі қуып, теңіздің толқынындай ойнақтаған сағым, алып даланың сұрғылттана созылған қиыр шеті, аспанмен астасқан күннің ыстығынан сәл қызғылт тартқан көкжиекке барып жоғалып жатыр... Оттай күйіп тұрған аңызақ минут сайын екпінін өзгертіп, біресе құбыладан, біресе теріскейден соғады да, шоғы жаңа сөнген ыстық күлдей әбден ысыған топырақты аспанға көтеріп, үйірілте жөнеледі... Ана жерден, мына жерден көтерілген құйын өзімен бірге кішкентай түйіршік тастарды, жолындағы қаңбақ қураған уақ шөптерді түбірімен жұлып аспанға бір-ақ апарады да, асыға сырғып барып жалпақ өзен бетінде жоқ болады. Қурап қалған баялыштардың түбінен шөптерді сыбдырлатып топырақтың түсіндей сұрғылт түсті кесіртке жүгіріп өтеді. Шаңды жолдын шетінде, шошайған басын сауытынан шығарып ақырын жылжыған тасбақа көрінеді... Күн ысып барады...
Ахметбектердің оң жағынан салынып жатқан бөгет көрінді. Ахметбек пен Қасен осылай қарай бұрылды.
Бұлар карьерге таяғанда «ОМ» экскаватор ожауының болат тістері бойлай кіргенде қопарылған көк тастардың шықырлағаны, «Текенес» станоктарының жер бетін тарс-тұрс ұрғаны естіледі.
Ахметбектер тоқтап қалған жүк тиегіштің жанындағы забой тазалап жатқан бір топ жұмыскерлерге қарай беттеді. Оларға жақын келіп амандасты да, инженер шеткі тұрған жігіттен:
— Жұмыс қалай?— деді.
— Жұмыс — әркімге әр түрлі,— деді қалжыңдай күліп, үстінде көйлегі жоқ шойындай боп әбден күнге күйген, қайқы мұрын, тапал, кең иықты, мығым келген жас жігіт жанында тұрған денелі ақ сары жігітті көрсетіп,— менің мына жолдасыма жұмыс істеу де бір, ботқа асау да бір, опырып жібереді! Ал маған,— жас жігіт алақанын жайды,— жұмыс жеңіл тиіп жүрген жоқ.
— Неге?
— Сізге қалай деп түсіндірсем екен, ә?—Жас жігіт қулана күлді.— Мен мына тастарды көтеріп забой ернеуіне шығаруым керек. Оным: тасты ана жерден мына жерге алып келіп, бір метр отыз сантиметр биіктікке көтеру деген сөз. Тасты әкелуде еш нәрсе тұрған жоқ. Ал жоғары көтеруге келгенде — қиындау. Өзімнің бойым бір жарым метр-ақ, ал забойдың ернеуі бір метр отыз сантиметр. Қайдан жеңіл тисін!
Қасындағы жолдастары ду күлді. Жас жігіттің сөзіне Ахметбек те жымиды.
— Забойды қолмен тазалағанша, анау тұрған автопогрузчикті неге пайдаланбайсыңдар?
— Сол жарықтығыңды забойға жеткізу үшін, жолым тазалап жатқан жоқпыз ба?—деді тағы әлгі тапал жігіт. Кенет ол күлкісін тыйып Ахметбекке қарады,— ғапу етіңіз, сіз өзіңіз кім боласыз?
— Мен бас инженердің жаңадан келген орынбасары боламын. Ахметбек Жүсіпов!
— Е... е... Бастықтар қатарынан екенсіз ғой... Қызметіңіз игілікті болсын,— деді тапал жігіттің арт жағындағы қошқар мұрын, ұзын бойлы адам.— Ал мына жолдас кім?— Ол иегімен Қасенді меңзеді.
— Бұл жолдас — Қасен Әбілқайыров деген клуб меңгерушісі...
— Клубын бітірмегенмен де, меңгерушісін тағайындаған екен бастықтар,— деді кекете күліп ұзын қара,— ғажап!
— Оқасы жоқ! Меңгерушісі болғаннан кейін клубы қайда кетер дейсің. Клубсыз меңгерушісіне жалақы төлеп көрсін, жұрт не дер екен!— деді қайтадан тапал жас жігіт. Ол жұмысқа жақсы деген, бағанадан үнсіз тұрған жігітке қарады.— Жақын, көрдің бе, сенің көктен күткенің жерден табылғанын!—Тапал жігіт қайтадан Ахметбекке бұрылды,— ән үйірмесін ұйымдастырыңдар деп бүгін жергілікті комитетке өзім бармақшы болын отыр едім. Мынау Жақып күні-түні өлең айтып әбден мазамды алды. Даусы ішіне сыймай бара жатқан бір жойқын.
— Немене, әнші ме?—деді қуанып кеткендей жылдам Қасен.
— Әнші болғанда қандай!— Қуақы жігіт тағы сөйлеп кетті,— Бұл екі адам үшін ән сала біледі, мен екеуміз үшін сөйлей білемін.
— Вадим, қалжыңдамай дұрыс сөйлесейші,— деді салмақты үнмен Жақып.
Ахметбек жұмыскерлерден нормаларын кім қалай орындайтынын, қандай қиыншылықтар барын, дирекцияға қандай тілектер қоятындарын сұрады да: «Жұмыстарыңа бөгет жасамайық»,—деп, Қасенді ертіп, әрі қарай аяңдады.
Бағанағы ұзын қара олардың соңынан:
— Жаман бастық болмауы керек. Келмей жатып жұмыстың егжей-тегжейін білгісі келеді,— деді.
Ахметбек иен Қасен жақында ғана атылған үлкен тастардың үстімен шеткі забойға қарай келе жатты. Кенет олар тоқтай қалды... Төменгі жақтан, дәл бүйірден бір әдемі дауыс ән шырқап қоя берді...
Ол:
Вся советская держава
Занята трудом большим.
Счастье прочное мы строим.
Прочным миром дорожим,—
деп, даусын өрлете түседі де, кенет әнін қоя қойып, әлдекімге: «Әй, жолдан былай тұр, көрмейсің бе, темір арқанды!»—деп айқай салады. Сөйтеді де, еш нәрсе болмағандай бөтен бір әнді қайтадан шырқай жөнеледі.
Қыздың әдемі даусы көңілге тәтті, құлаққа жылы тиіп, Ахметбек пен Қасен қозғалмастан тыңдап тұр. Қыз кенет бұл әнді де қоя салып, әлдекімді жарысқа шақырғандай, әлдекімнің жанына тигендей тіпті бөтен үнмен, әуенмен орысша әнге қайта түсті.
Всю природу вызвать надо
На соревнование.
Солнце, дождь напивщись в бригады,
Получай задание! —
деп даусын қоңыраудай сыңғырлата тоқтайды. Тағы да әлдекімге: «Арқаным шығып кетті, іліп жіберші!»—деп айқай салды. «Керек болса өзің ал!»—деген жігіттің даусы естіледі. «Әй, оңбаған, мен сендер жаққа барғанша жұмысым тоқтап қалады!» деп айқайлады да, шамасы жігіттің арқанды ілмейтініне көзі жеткен болуы керек: «Айналайын, іліп жіберсейші, нең кетеді!»—деді. Жігіт арқанын ілген болу керек, қыздың көңілдене шыққан даусы тағы естілді. Бұл жолы даусы да, сарыны да бөлек болып шықты.
«Япырмау бір адам даусын осындай әр түрлі үнге салуы мүмкін бе? Мүмкін оның көмейінде бірнеше әнші құс тұрған шығар».— Ахметбек пен Қасен тастан-тасқа секіріп, қыздың елеп айтып тұрған забойына қарай беттеді. Олар таяп келгенде, тақтай сәкіге орнатылған лебедканың ар жағында он жеті-он сегіздер шамасында қара торы, шашын келте кескен қазақ қызы булардан ұялғандай өлеңін тоқтата қойды. Үстіндегі жағасы ашық ,көкшіл комбинезонның жеңін қайта түріп, лебедканың темір тетік белдігін өзіне қарай қатты тартып қалды. Темір арқанға байланған темір ожау секілді скрепер тастан-тасқа секіріп, сырылдай жоғары көтеріле берді...
— Амансың ба, қарындасым?— деді Ахметбек пен Қасен қатар сөйлеп.
— Өздеріңіз де амансыздар ма?
— Жаңағы өлең айтқан сенсің бе?— деді Қасен.
— Иә, менмін...
— Қай жерденсің?— деді Ахметбек.
— Қызылжарданмын.
— Ән салуды қайдан үйрендің?— деді Қасен қыздың бұлармен сөйлесе отырып, жұмысын тоқтатпағанына сүйсініп.
— Училищеде үйрендім. Хорға қатынасушы едім.
— Әлі де хорға қатынасқың келе ме?
— Әрине... Бірақ мұнда хор үйірмесі жоқ.
— Болмаса болады ғой...
— Сүйтсе жақсы болар еді...
Қыздың аты Дариға екен. Ол хор үйірмесі ұйымдасса қатынасуға уәдесін берді. Жігіттер Дариғамен жұмыс жайында сөйлесті де, әрі қарай бұрғылау станоктары жағына бет алды.
Жас инженер Ахметбектің Жарқын руднигімен танысуы осылай басталды.
ЕКІНШІ ТАРАУ
Ахметбек карьермен, кірпіш құятын жермен толық танысқанша үш күн өтіп кетті. Төртінші күні ол директорда болатын өндіріс мәжілісіне шақырылды. Асылбектің кабинеті толған кісі екен. Сұлтан, Хамза, Сауранбай — бәрі де осында отыр. Тек Гүлшарат қана көрінбейді. «Гүлшарат хатшы ғана емес пе, мұндай мәжіліске несіне шақырылсын,— деп ойлады Ахметбек ішінен. Сүйткенше болған жоқ Гүлшарат та келді. Ол үн-түнсіз барып, есік жақтағы бір орындыққа отырды да, Ахметбекке көрінбей кетті.
Жұрт жиналысымен Асылбек өндіріс мәжілісін ашты.
— Жолдастар, бүгін біз министрліктен телеграмма алдық. Жоғарғы орындар суды бөгеу мерзімін тағы да бір айға қысқартты. Қысқасын айтқанда, бөгетті біз мұз түспей бітіруіміз керек... Ал осы тапсырманы орындай аламыз ба? Оған қандай мүмкіншілігіміз бар? Сол туралы бізге бас инженер жолдас айтып береді,— деді де, директор бас инженерге қарады,— Сұлтан Әубәкірович, бастаңыз.
Бас инженер жарты сағаттай сөйледі. Өндірістің жайын қысқаша айтып келіп, сөзін былай деп қорытты.
— Тұжырып айтарым, бөгеттің түбін бетондау, адымдап жүретін экскаваторларды құрастыру жұмысының бәрі де бітті. Топырақ таситын самосвалдардың өзі екі жүз елу... Техникамыз дайын.
Сұлтан сүр костюмінің төс қалтасынан төрт бүктелген қызыл гүлді шайы орамалын алып, асықпай маңдайын сүртті. Үйдің ішін әдемі жұпар иісі алып кетті. Әлдекімдер біріне-бірі қарап езу тартты. Бас инженер сөзін жалғай түсті.—Тек ендігі біздің міндет — бар күшті аямай ертеңнен бастап бөгетті салуға кірісу ғана.
— Сөйтіп сіз бөгетті мерзімінде салып бітіреміз дейсіз ғой?—деді Асылбек сәл қозғалып, бас инженер сөзін бітіргеннен кейін.
— Оған менің еш күмәнім жоқ,— деді де ,бас инженер директор мен парторг отырған столға барып қатарласа отырды.
Аз уақыт жұрт үндемей қалды. Директор он қолының саусақтарымен столды тырсылдата қағып сәл отырды да, жұртқа сөз тастады:
— Кім сөйлейді?— деді.
Ешкім үндей қоймады. Ахметбек орнынан түрегелді.
— Рұқсат етіңіз.
— Айтыңыз... Айтыңыз.
Жұрттың бәрі бұрылын Ахметбекке қарады. Біреулер «Бұл кім?» дегендей бастарын еңкейтіп, қасындағы адамдармен ақырын сыбырлай сөйлесе бастады.
Ахметбек директор столының жанындағы мінбеге шықты.
— Айтсам...— Ол тына қалған жұртты баяу ғана бір шолып алды да, сөйлеп кетті.— Атам заманнан бөгет салу жолы жалғыз жол болып келеді... Ол суды таспен, топырақпен бөгеу... Ескі заманда бұл жұмысты құлдар істеді... Ал қазір біздің бағымызға бұны техника орындайды... Қазір бізге экскаваторлар, самосвалдар, бетон, цемент көмекке келді... Бірақ бөгет салу әдісі бұрынғы ескі қалпында қалды.— Ахметбек сол кідіріп, алдында отырғандарға қарады.— Ал казіргі дәуірде, атом дәуірінде біздің бөгетті салу ісінде сол ескі әдістің шырмауында қала беруіміз дұрыс па?
Әлдекім арт жақтан үн қатты.
— Дұрыс болмағанда не істе дейсіз?
— Қазір... Егер Сұлтан Әубәкіровичтың айтқанындай болған күнде де, мұндай өзенді қалған алты айдың ішінде біз бөгей алмаймыз.
Жұрт шулап кетті.
— Неге?
— Бөгей алмаймыз дейді... Келмей жатып...
— Мүмкін суды бөгеудің бөтен жолын айтарсыз?
Ахметбек шу басылсын деп сәл үндемей тұрды. Кенет оның көзі есікке таяу отырған Гүлшаратқа түсіп кетті. Жас келіншек бұл бір ыңғайсыз жағдайға қала ма дегендей төмен қарап, қызара қымсынып отыр екен. Ахметбек ақырын ғана күлімсіреді: «Қайтсын, жаны ашиды ғой».
— Суды бөгеудің бөтен жолы бар...—деді Ахметбек сөзін жалғап,— ол жол, қазіргі карьерден екі километрдей жоғары, өзеннің бері қарай бөлінетін арнасының дәл сағасындағы суға құлай біткен «Берік тас» жартасы мен жотасын аммонитпен атқызу керек, сөйтіп барып суды сол жерден тоқтату жөн.
Жұрт Ахметбектің сезіне түсінбегендей тына қалды.
Алдыңғы қатарда отырған қарт жұмыскер:
— Қалай? Қалай дейсің?—деді.
— Қысқасын айтқанда өзенге салынатын заттарды экскаваторлармен шөміштеп, самосвалдармен дорбалап тасығанша қасындағы жартас пен жотаны оқ-дәрі арқылы біржола, бірнеше минуттың ішінде өзеннің үстіне апарып қондыра салу керек деймін. Өзен сонда теріскейге бұрылып өзінің ескі арнасына ағады.
Ахметбектің бұл айтқаны бөгет салуда теория ретінде дұрыс көрінсе де, бұрын іс жүзінде Қазақстанда қолданылмаған жаңа әдіс болатын. Дағдыланбаған жаңа іске сенімсіздене қарайтын жұрттың ежелгі әдеті, жас инженердің бұл сөзіне де отырғандар күдіктене қалды.
— Ол жартас пен жотаны бір минутта апарып суға көлбейте құлата салу үшін қаншама уақыт бұрғылау керек? Айтуға оңай!
— Қаншама станок керек!
Жұрттың шуы басылғанда, Ахметбек қайта сөйледі.
— Әрине, бұл оңай іс емес, миллиондаған кубометр тас пен топырақты көздеген жеріңе атылғыш заттар арқылы түсіру үшін, ең аз болғанда жүз бұрғылау станогі керек. Бес жүз, мүмкін, алты жүз тоннадай аммонит салынуға тиісті... Бірақ бұның бәрі өзенді бөгеу жұмысының біту мерзімін ең құрығанда екі есе қысқартады. Бізге керегі де сол емес пе? Оның үстіне қаншама миллион сом мемлекет қаржысы босқа шығын болмайды.
Ахметбектің шабыттана сөйлеген сөзі жұртқа әсер еткендей, әлдекімнің сеніп қалған:
— Тамаша ой!—деген даусы да естілді.
— Ешбір тамаша ой емес!—деді осы кезде орнынан түрегеліп бас инженер. Даусы оның бір түрлі қатты шықты, жұрт та тына қалды.— Ешбір тамашалығы жоқ бұл ойдың,— деді ол қайталап.— Ахметбектің ұсынысы — баланың ұсынысы! Авантюра! Бұл жердің топырағы — құмайт топырақ. Оны бөгетке біртіндеп салып, нығыздап цементтемесең, судың екпініне шыдамайды, ағып кетеді. Менің орынбасарымның айтқанына көніп, айдаладағы жағаны бірнеше ай бұрғылап, артынан бөгетті суға ағызып масқара болар жайымыз жоқ!
Бас инженер Ахметбектің өзімен ақылдаспай, бірден мұндай ұсыныс кіргізгеніне ренжіп қалған еді. Оның үстіне өзенге салынатын бөгеттің жобасын берген автордың бірі өзі болатын. Сондықтан Ахметбекпен арасы қандай жақсы болғанмен де, ол ойын тікелей қатты айтты.
— Суға ақпауына мен кепілмін!—деді Ахметбек те орнынан түрегеліп.— Таспен бірге суға түсірілген құмайт, саз балшық оңай ағып кетпейді. Оның өз салмағы аз болса, үстінен тағы да нығыздай түсуге болады.
Сұлтан оған зілдене қарады.
— Айтып тұрғаныңның бәрі тек қана теориялық жайттар. Ал қалған бес-алты айдын ішінде, мұндай тәжірибені істеп жататын мүмкіншілігіміз бар ма? Оның үстіне миллиондаған қаражат шығарылды, адымдап жүретін экскаваторлардан бастап барлық техниканың монтажы бітіп, дайын тұр... Қазір осының бәрін тастап, сіздің айтқаныңызға көшуге бізге кім рұқсат береді?.. Жұмсалған миллиондаған сомның шығынын кім мойнына алады?!
Директорға бас инженердің ақырғы сөзі өте дәлелді көрініп кетті. Ол ақырын орнынан түрегеліп, Ахметбекке қарай тұжыра сөйледі.
— Жә, бұл мәселені енді созудың қажеті жоқ қой деймін. Қазір эксперимент жүргізетін мезгіл емес. Әр минут санаулы. Тағы кім сөйлейді?
Парторг жаңа ғана бірдеме айтпақшы болып отырған тәрізді еді, Асылбектің мына сөзін естігеннен кейін үндеген жоқ. Директордың бір бетті мінезіне көптен қанық болғандықтан, ол бұл жерде Ахметбектің ұсынысы туралы енді сөз қозғауды дұрыс көрмеген сияқты.
Мәжіліс күн бата ғана бітті.
Ахметбек пен Гүлшарат та тарай бастаған жұртпен бірге сыртқа шықты. Жас келіншек күйеуінің ұсынысына жұрттың мән бермегеніне ренжіген тәрізді, қабағы түйіле қалған жарын аяп кетті.
— Сөйлемей-ақ қойғаның жөн болатын еді көрдің бе, директор мен бас инженер бірдей қарсы шықты ғой айтқаныңа,—деді ол ерімен қатарласа түсіп.
Ахметбек әйелінің жаны ашып келе. жатқанына қуанып қалды.
— Иә, түсіндіре алмадым, білем...
Кеңседен бірге шыққан жұрт аздан кейін үй-үйлеріне тарап, сирей бастады. Бұлар енді бір бұрыштан өте бергенде, арттарынан Хамза Нұрғалимович қуып жетті.
— Маған сіздің батыл ұсынысыңыз өте ұнады,— деді ол Ахметбекті қолтықтай түсіп.— Екі-үш күннен қалдырмай жобаңыздың жалпы нұсқасы мен есеп-қисабын бере аласыз ба?
— Әрине, бірақ директор көнбей тұрғанда...
— Дұрыс ой болса, директорды да көндіретін жол табармыз...
Ахметбек қуанып кетті.
— Жақсы, бүгіннен бастап өз ойымды қағаз жүзіне түсіріп көрейін.
Енді бірер көше өткеннен кейін Ахметбектер парторгпен қоштасты да үйлеріне беттеді.
Ертеңіне бас инженердің орынбасарын директор шақыртып алдырды.
«Кешегі жобам жөнінде болар» деп Ахметбек кеңсеге әжептәуір қобалжи келді. Бірақ мәселе бөтен іс туралы екен.
Адам баласы сан қилы болып келмей ме, біреу сырын теңіздей терең сақтаса, ал кейбіреудің бар ойы, пиғылы көзінен-ақ білініп тұрады. Терең сырлы адамның жүрегінің түбіндегі қасиеті бір таңғажайып ой, сезімін тулатар ұлы сында ғана көзге түседі. Мұндай адамдардың мінез-құлқын бірден түсіну қиын. Ал кейбіреулер бір көргеннен сырын алдырады. Ондай адамның өмірге деген көзқарасы да құбылмалы, жел қай жақтан соқса, солай қарай жантая кететін әтештің құйрық жүні тәрізді.
Адамның бір мінездес келмейтінін Асылбек жақсы білетін. Күлімсірей қараған көз қараста кейде ызалы зіл жататыны, жылы айтылған сөзде кейде ызғарлы үн астарласа келетіні де оған мәлім еді. Оның қырағы көзі бірден Сұлтанның Гүлшаратқа деген назарын сезді. Өмірдің талай сынынан өткен осы ақылды адам, бас инженердің кешегі жиналыста отырып, Гүлшарат жаққа бер-екі рет ұрлана көз тастағаннан көңілі кенет сескене түсті. Бұл ойын ешкімге айтпаса да таңертең кеңсесіне Ахметбек келгенде, жұмыс туралы сөйлесіп болысымен:
— Келіннің бөтен еш мамандығы жоқ дедің ғой!..— деді ол Ахметбекке сәл үнсіз отырғаннан кейін,— секретарьдің жұмысы бір ыңғайсыз жұмыс, кеңседе қалғаның дұрыс көрмей отырмын.
Ахметбек жайбарақат жауап қайырды.
— Өзім де солай ойлаймын. Бірақ Гүлшараттың еш мамандығы жоқ. Әзірге Сұлтекеңде істей тұрсын. Соңынан көрерміз.
Директор бірдемеден қауіптеніп отыр-ау деген оған ешбір ой келген жоқ. Өйткені Сұлтанды ана бір оқиғадан кейін өзінің ағасындай көретін. Бас инженер де кешегі мәжілісте қаттырақ сөз тигізгені болмаса жылы тартып тұратын. Өмір трагедиясын басынан өткізіп көрмеген осынау бір кірсіз таза жастың көңілінде сүйген жарына күмәндану секілді жат сезім болмайтын. Адам баласының жақсылығына сенгіш жүрегі Ахметбекті жаман ойға жуытпады. Директордың Гүлшаратты бөтен жұмысқа жіберсек қайтеді деп әлсін-әлсін неге қинала сөйлегеніне ол мән бермеді. Гүлшарат жайындағы директормен екеуінің арасындағы сөз осылай ғана аяқталып, жас инженер өз жұмысына кетті.
Ал өмірдің талай ауыр сынынан өткен Асылбек секілді тәжірибелі адамның әлденеден сақтана ұсыныс беруіне себеп болған Гүлшарат кім еді?
Гүлшараттың әкесі Ахмедия өз пайдасын бір кісіден кем білмейтін, үй ісіне тым көп араласпайтын, көптен бері шаруашылық қызметте келе жатқан момындау адам болатын. Ал шешесі Ақжарқын қызының қылығы ұнамаса қаққанда қанын, соққанда сөлін алатын қатал әйел еді.
«Жаман иттің атын бөрібасар қояды» дегендей, сондай тұрпайы адамның атын Ақжарқын қояр ма?! Сондай көріксіз адамнан Гүлшараттай сұлу қыз туар ма?! Бұ да бір табиғаттың көп сырлы ойынының бірі десейші.
Қанша қатал болғанмен де, еш нәрсе көрмеген, оқымаған әйел қандай тәрбие береді, тәрбие бере алса да, қызының жанында жанторсық болып жүре ала ма, Гүлшарат он бестен аса мектеп тәрбиесінен гөрі бөтен өмірге еліктей бастады. Өзімен бірге оқитын қыздардың бірде-бірінің туған күн мерекесінен қалып көрмеді. Полькадан бастап тангоге дейін билемеген биі қалмады.
Ал он алты-он жетіге келгенде көрмеген киносы және киноның бас рольдерінде ойнайтын адамдардың ол білмейтіні аз-ақ болды... Атақты киноартистерге еліктеу, оларды ардақтау салаларынан Ладынина, Орлова, Бейбутовтар мен француз әншісі Ив Монтанның арзан бағалы суреттері гүлге оранып, төсегінің тұсынан орын алды. Бұны көрген Ақжарқын: «Жасыңа жетпей, салдақы, мұншама жігітті қайдан тауып алдың!»—деп бұлқан-талқан болып, жазықсыз артистердің суреттерін быт-шытын шығарып терезеден лақтырып тастаса, ертеңіне шешесінің дүкенге берген ақшасынан жырымдап олардың суреттерін қайтадан сатып алып жастығының астына, кітаптарының арасына тығып қоюды шығарды. Төсекте жатқанда олар туралы ұзақ ойға кететін болды. Бірақ бұның бәрі — әлі ойы берікпеген жас өспірім қыздың жай күнәсіз қиялдары еді.
Ал он сегізден аса, ернін ал қызыл етіп бояп, кешке би алаңдарына баруды әдет етті. Бұрынғы бейнесінен білектей болып өрілген ұзын, қоп-қою қос бұрымы ғана қалды.
Кім білсін, өзімен бір жүрген дудар бас қыздардың: «Гулечка, теперь это старомодно!»— дегенінен қорланып, мұны да кесіп тастар ма еді, әттең, не керек, шешесі ерік бермеді.
— Мамуся, маған тіпті ұзын шаш келіспейді, кесіп тастаймын,— дегеніне:
— Кесіп көр! Қалған шашыңды бір талдап жұлып берейін!—деген Ақжарқынның сөзі оның бұл ойын су сепкендей басты. Сөйтіп, бұраңдаған қос бұрым өткір қайшының жүзінен аман қалды.
Гүлшараттың кинодан кейін жақсы көретіні би болды. Би — жігіттермен таныстырады. Қыран ойын қиядан сезетін қыз — қызыл түлкі емес пе, Гүлшарат көзін бір аударғаннан өзіне қараған жігіттің қандай оймен қарағанын сезетін халге жетті. Жігіт дегенде, Гүлшараттың оларға қоятын өзінің шарты — критерийі болатын-ды. Мысалы, жігіт оның ойынша ең алдымен — кең жауырынды, сұңғақ, сұлу денелі болу керек, екіншіден, ол сөзсіз би білуге тиісті. Міне осы екі шартқа жатпаған жігіт оған құнсыз адам болып көрінетін. Сондықтан да «мәңгілік дос боламыз» деп жүрген кең жаурынды, сұңғақ бойлы, астанадағы бір футбол командасының шабуылшысы Эрик (қазақша Еркебай), бір қызу ойында аяғын сындырып алып, биге жарамай қалғанда, Гүлшарат өзінің адамға деген шарты бойынша «Нью-Йорктағы Тарзанға» ұқсаған «бірінші қолғап» Эдикпен (қазақша Еділбай) оп-оңай таныса салған. Ал көп кешікпей Эдиктің биден аулақ жігіт екенін білген соң бұған да «жолың болсын!» деген. Бірақ бұның бәрі әлі ақылы жетпеген, құр не болса соған еліктегіш жас қыздың күнәсіз ойыны еді. Мұндай жөн-жосықсыз қылықтың түбі қандай қауіпке апарып соғатынын Гүлшарат та ойлаған жоқ, жан-жағындағы адамдар да көңіл аудармады.
Міне сөйтіп жүргенінде, күйеуі ұзақ уақыт пайдалы шаруашылық қызметтерде болын, кіріс-шығыстың бәрін санай білетін Ақжарқын, қызының енді оқып еш нәрсе шығара алмайтынына әбден көзі жетті ме, бір күні Ахмедияға:
— Көшеде сандалтып қою енді жетті. Гүлшаратты ертең оқудан шығарып ал да, жұмысқа кіргіз!— деп, бірден кесіп айтқан.
— Әлі жас қой, оқи тұрсын,— деп жауап қайырған күйеуіне:
— Жас-масыңды білмеймін. Әкесіз немере әлдилеп отырар халім жоқ!—деп тойтарып тастаған.
Адуын әйелінің шорт келетін ашуынан қояндай қорқатын Ахмедия қайта жауап қайырмаған. Әңгіме осымен біткен де, үш күннен кейін Гүлшарат мектептен шығарылып алынған. Сабаққа немқұрайды қарап жүрген сәнқой қыз бұған қуанбаса, жылаған жоқ. Оқу кітаптарын бірге оқып жүрген қыздарына пышақ үсті «ескерткіш» етіп жазып берген де, үйіне қайтып келген болатын.
Көп кешікпей Гүлшарат әкесінің таныстары арқылы жаңадан ашылған ғылыми институттың біріне директордың хатшысы болып кіріп алды. Қызметке орналасқаннан кейін, сараң қолды шешесінің арқасында жасынан ақша құнын біліп өскен Гүлшарат, махаббатқа да, өмірге де балалық шақтағы пәк сезімінен айрылып, басқаша қарай бастады. Оны анда-санда институттың алдына ЗИМ, «Победа» машиналарымен келіп түсе қалатын, мойындарына қымбат бағалы, күміс қылшықты түлкі салған, жақсы киінген профессор әйелдерінің сән-салтанатты түрлері де қызықтырды. Оның үстіне үйге келсе, аузын ашып, көзін жұмып осындай әйелдердің бай тұрмысын әңгіме еткен шешесінің жел сөзі, сыртқа шықса қасындағы өзі секілді дос қыздарының жақсы өмір туралы айтқан армандары — Гүлшарат секілді әр нәрсеге еліктегіш, тез берілгіш аумалы-төкпелі жанның жеңіл қиял-сезімін оятып, өмірге үстірт қаратып, оны көңілім тек қуаныш-шаттықта өтсе екен деген тілек-арманға билетті. Сондықтан Гүлшарат институт директоры Академияның кезекті мәжілісіне кеткенде, кісі қабылдайтын бос бөлмеде отырып алып, тәтті ойға шоматын. Көз алдына нелер суреттерді елестететін: міне, «профессорша» Гүлшарат жылтыраған қара автомобильмен опера театрының алдына келіп түсіп жатыр... Жас, әдемі киінген жігіттер оған қызығып қарауда. Не болмаса, атақты ақынның әйелі — ақырғы, сәнді үлгімен киінген Гулечка мебель дүкеніне келіп, он алты мың сом ақшаны санап беріп, қызыл мойыл ағаштан Ригада жасалған әдемі гарнитур сатып алып тұр... Осындай ойда отырған хатшы қыз өзінің қиялын кейде шындық деп те ойлап қалатын... Мұндай кезінде кейбір әлі қолын үзгісі келмей жүрген «Эдик», «Эриктер» телефон соға қалса: «Қолым тимейді. Бүгін банкетке шақырылып қойдым,— дей салатын. Әттең, не керек, мұның бәрі әзірге тек қиял!
Қиял! Бірақ қиялды шындыққа айналдыруға болмай ма? Әрине болады! Сондықтан да көзге түсу үшін бұрынғыдан да сәндене киіну керек. Демалыс күндері дүкеннен дүкен қалдырмай аралап шығатын. Гүлшараттың бүйтуіне шешесі де қой демейтін. Ақжарқын қызын қанша қатты ұстағанмен ,оның әдемі киініп көзге түсуіне қарсы болмайтын-ды. Бой жетіп қалған қызының тез «орнын табуына» құмар шеше, Ахмедияның қыңқылдағанына қарамай, кейде өзі де күнімен кезекте тұрып, Гүлшаратқа жапон туфлиі мен өрнек салған жібек қолшатыр сияқты заттар әкелетін... Қайтсін, ана емес пе, жалғыз қызының қамын ойлап, оған бәйек болып отырмағанда қайтеді! Мүмкін, жүрегінің түкпірінде қызы арқылы, қартайғанда «қолымды жылы суға малсам» деген арманы да бар шығар, кім білсін... Әттең, не керек, қызына әзірге көк етікті кездеспеді, көне етіктіге Гүлшараттың өзі де көз салмады. Сұлу хатшының аяғына киген капрон шулығынын, өрнегіне, ғылыми тақырыптан бастары қатып жүрген профессорлардың қарауға да қолдары тимеді, ал кейбір: «Не болса да өмірдің қызығын көріп қалайын,— деп ойлайтын, әлі де көңілінің желі басылмаған оқымыстысымақтар не үйдегі жеңгейден қорқып, не болмаса парторгтың сынына ілігіп жүрмейік деп, жақындап кетсе сұлу қыз жолынан тайдырып жіберетіндей, Гүлшараттан анадайдан қашты, ең мықтадым дегенде «Гулечка, халің қалай?»— деген сөзбен бар айтарлары бітетін. Ал «өсіп келе жатқан» ақындарға Гүлшарат өзі де қараған жоқ. Ақын, жазушының атақ, бағы жасымен бірге өсетінінде оның не шаруасы бар, Гүлшарат өмір қызығын қазір көргісі келді. Махаббат есік алдында әдемі автомобиль бейнесінде күтіп тұрғанын тіледі... Бірақ не керек, өмір дегеніне көне ме, ол Гүлшараттан өзгеге қиған бағын алыстата берді... Ойлаған мақсаты сағым болып жеткізбеді... Сөйтіп жүргенде оған Ахметбек кездесті...
Құс ұшуға жаралса, адам бақыт үшін жаралған. Махаббат — бақыт. Сол махаббатқа Гүлшарат та құшақ жайды. Бұрынғы ойлар былай қалып, жас сұлудың жүрегі енді Ахметбек деп соқты. Оны шын сүйіп қосылдым деді. Оған өзі де сенген. Міне, сол Гүлшарат осы.
Ахметбек парторгпен сөйлескен күннің ертеңіне қолына тиодолит алып, қасына Қасенді ертіп, екі күндей өзі айтқан «Бөрік тас» жартасымен суға жантая сұлаған жотаның геодезиялық белгілерін картаға енгізіп, топырақтарының қаншалық нығыз, қобыраңқылығын анықтады. Оман кейін жас инженер өзінің негізгі ойын қағазға түсіруге кірісті. Осы жұмыспен ол бүгінгі кеште ұзақ отырды. Гүлшарат клубта кино болып ,соған кеткен еді. Ахметбек жалғыз отырып тамаша бір ойға кетті. Ол ойы — өмір, өндіріс, келешек туралы болатын. Кешегі студент, бүгін өндіріс командирінің бірі. Сүйген жары Гүлшарат болса анау, бір адамның көріктісі де, көңілдісі де. Өмір де Ахметбекке қуаныш есігін кеңінен ашқан секілді. Тек енді оның қызығын көре біл. Көгал қуып аққан бұлақ тәрізді, жүретін жолыңды дұрыс таңда. Сонда сен де өмірдің мөлдір бұлағы боласың. Біліміңді күтіп аңсап отырған еліңнің, жұртыңның шөлдеген үмітін қандырасың. Сұрғылт топырақты даланы көгерткен ақ айдын тәрізді сен де еліңді, жұртыңды көгертесің.
Иә, бұны еш уақытта ұмытуға тиісті емессің. Ақын— жыр бұлағы болса, сен — өз ісіңнің ақынысың. Сондықтан өз ісіңе ақындарша шабыттана, шын жүректен қуана қарауың керек. Табысың қиялыңды қанаттандырып, кездескен бөгеттен тезірек өтуге бұрынғыдан да гөрі шынықтыра түсуге тиісті. Сонда ғана сен еңбегіңнің творчестволық қуатына сенесің, еңбек деген сөз құр ғана бейнеттеніп істеу емес, оның зор философиялық мағынасы бар, сенің ақыл, ой сезіміңнің таусылмас бұлағы екенін де түсінесің.
Осындай қиял шабытында отырған Ахметбек алдында жатқан үлкен ватман қағазына енді бұрынғыдан да үңіле қарады .Күлімсірей отырып, бірнеше жаңа сызықтар жүргізді. Бұл сызықтар «Бөрік тас» маңын көкке көтеріп, өлеңге жаңадан салынатын бөгет нұсқасы болатын. Бұл жобаның әрбір сызығы Ахметбектің көңілін көтеріп жібергендей, ол «Аққұм» әнін ыңылдап, ақырын жымиып күледі... Біресе ватман қағазын жоғары көтеріп, салынған суреттерге шаттана қарайды. Ол Гүлшараттың үйге қалай кіргенін де сезбей қалды.
— Әлі отырсың ба?—деді Гүлшарат таңдана, даусы күміс қоңыраудай сыңғырлап.
Ахметбек әйеліне сүйсіне қарады.
— Сағат қанша болды?
— Екіге қарай кетті.
Кино сағат он екіде бітуге тиісті болса да, әйелінен содан бері қайда жүрсің деп сұрауды Ахметбек ойлаған да жоқ, тек өзінің қандай табысқа жеткенін айтқысы келгендей Гүлшаратқа қарап:
— Қарашы, бөгетті қалай тез бітірудің қандай тамаша әдісін таптым,— деді.
Гүлшарат еш нәрсеге түсінбесе де, қағаз бетіндегі сызықтарға үңіле қарады.
— Мынауың адам түсінбейтін шым-шытырық сызық қой.
Ахметбек жымиып күлді.
— Осы шым-шытырық сызықтардан бөгетті қалай салу керек екенін көрсететін жаңа ой шығады...
— Солай ма еді... Онда құтты болсын. Мұндай істі ойлап тапқаныңа шын қуаныштымын.
Ахметбек әйелінің сөзіне риза болғандай, тағы да жымия күлді.
Гүлшарат күндегісінен бүгіп өте көңілді секілді. Көзі нұрлана, әлденеге өзінен-өзі күлімсірейді. Бір орында тұра алмай, әлсін-әлсін ерсілі-қарсылы жүріп те кетеді... Екі беті дуылдап біресе айнаға қарайды, біресе шашын тарайды. Ыңылдап ән де салып қояды. Осыншама мазасызданғандай Гүлшаратқа не болды? Қандай қуаныш көңіліне күн сәулесін төкті? Қандай Бақыт жүрегін шаттыққа бөледі?— Өзі көңілі шаттыққа шалқып отырған жас жігіт жақсы керген адамының ойламаған жерден пайда болған қуанышын, тек өзінің бүгінгі табысымен байланыстырды да қойды.
— Өзің қандай ер едің,— деді Гүлшарат күйеуінің қасына келіп еркелей,— Сұлтан ағайды өлімнен алып қалыпсың ғой...
— Оны қайдан естідің?..
— Жаңа Сұлтан ағайдың өзі айтты... Клубтан үйге дейін шығарып салып еді.
Неліктен екені белгісіз, Гүлшарат: «Клубтан үйге дейін шығарып салып еді»,— деген сөзді бір түрлі қымсына айтты. Бірақ мұны Ахметбек аңғарған жоқ. Мүмкін аңғарған да болар, бірақ еш мән бермеді, тек: «Солай ма еді?»— деді де қойды.
Ал Гүлшарат қымсынатын да реті бар еді. Киноға Сұлтан да барған екен, клубтан бірге шықты. Екеуінің де үйлері бір жақта болған соң бірге жүрді. Жолай келе жатып, сөзден сөз шығып Сұлтан өзін Ахметбектің өлімнен қалай алып қалғанын айтты. Мәмедті бір кісі өлтіргіш бұзық етіп көрсетіп, өзінің қылмысын жасырып қалды. Гүлшаратқа Сұлтанның әңгімесі үлкен әсер етті. «Қандай өлімнен аман қалған жан едің!»—дегендей оның бетіне әлсін-әлсін қарай берді. Күміс сәулесі сол бір айлы түнде жанында келе жатқан өр кеуделі, көрікті жігіт, жас келіншекке ерекше сымбатты болып көрінді. Гүлшараттың ерекше зейін қоя тыңдағанын байқаған бас инженер де әңгімесін мәнерлей созып, басына төнген өлім сағатының шошырлық бояуын қоюлатып өзінің сол минутта қауіпке селт етпегенін асыра бояп, жас келіншектің лапылдап тұрған қиялын тұтата түсті. Сөйтіп жүріп, олар бір сағаттан астам әңгімелескендерін білмей қалды.
Үйге қайту керек екені, ең алдымен Гүлшараттың ойына келді.
— Әлі де әңгімелесе тұрсақ қайтеді? Көңілім бір көтеріліп қалды ғой,—деді Сұлтан, Гүлшарат қоштаса бастағанда оны қимағандай бетіне құмарта қарап.
— Көп әңгімелестік, Ахметбек күтіп қалар. Тағы да бір реті келгенде ұзағырақ сөйлесерміз.
— Жақсы. Солай уәделесейік.
Сұлтан Гүлшараттың қолын алды. Бірақ тез жібере қойған жоқ қимағаннан әзер босатқандай, қыса түсіп барып қоя берді.
Қош бол... Гүлшарат-жан,— деді Сұлтан, «жан» деген сөзді айрықша созып. Гүлшарат Сұлтанның үніндегі астарлы жылылықты сезді. Осы бір үн оны кенет шаттандырып жіберді. Оның қазіргі қуанышы да, сол бір күтпеген жерден пайда болған сезімінің салдары еді.
Аздан кейін Гүлшарат таңертең ерте тұруын сылтау етіп, төсегіне жатып қалды. Ахметбек жұмыс столының жанына қайтадан келіп отырды. Алдында жайылып жатқан геофизикалық картаға көз салып қалың ойға кетті. «Бөрік тас» жотасын дәл осылай етіп аттырса, өзеннің ағысын бірден бөгей ала ма? Егер дұрыс есептемесе не болмақ? Бұл мемлекет қаржысын босқа шығару ғана халық алдында, партия алдында зор күнә болмай ма? Бұның аяғы немен бітпек? Ал атылу дұрыс жүргізілсін-ақ... Көздеген жерге топырақ пен тас дал түссін дейік, сонда тығыздалынбай салынған бөгет, секундіне үш жүз кубометр су ағызатын өзеннің ағынына шыдай ала ма?
«Қандай үлкен жауапкершілік!»— Ахметбек терлеп кетті. Ол осыншама күмәні көп, қауіпті жобадан бас тартпақшы да болды. Бірақ әлі мұқалмаған жас жігер, жаңа қанаттанып келе жатқан ұшар ой оны: «Ізден! Ойлан!..»—дегендей алға қарай жетелей берді. Ахметбектің де: «Қайтсем жеңіп шығам»,— деген құштарлығы қиялын шарықтатып, осынау бір қиын сынға меңзей түсті.
Бұл жоба — оның ғылым дүниесіне бермекші ең алғашқы инженерлік ой перзенті.
Ахметбек лагорифмдік сызғышты қолына алып, жыпырлаған сандарға үңіле, ойлана қарады.
Өстіп, көрер таңды көзімен атқызып, сәске көтеріле уәделескен мерзімінен қалмай, жас инженер өзінің өзенді бөгеудегі ойын, есеп-қисабын қағазға түсіріп, парторгке апарып берді.
Ал бұл түні — екінші бір үйде де шам сөнбей шықты. Күндізгі өмір әуресі әлі басылмағандай терезеден түнімен жарық сәуле көрініп тұрған үйде әлдекім түнімен кірпік ілмеді. Бұл — Сұлтан болатын. Оның да мазасын алып, көңілін толқытқан бөгет... «Расымен, мұз қатқанша бөгетті салып үлгірмейміз бе? Үлгірмесек не болмақ? Титан секілді маңызы зор металды кезінде бере алмағанымыз үшін министрлік не дейді? Тіпті қызметтерімізден босатуға дейін шара қолданулары мүмкін... Соңғы мәжілісте министрдің өзі солай деп ескерткен жоқ па?!. Егер дер кезінде бөгетті салып болсақ, министрліктің алдында бізден абыройлы кім бар? Әрқайсымыздың да жолымыз ашылмай ма?... Ал сала алмасақ? Жоқ, қайтсек те мерзімінде бітіруіміз керек... Бұл жағынан қарағанда Ахметбектің ұсынысының көп артықшылығы бар емес пе?»
Сұлтан алдында ашық жатқан кітаптың өзі тоқтаған жеріне қайта үңілді. Біраздан кейін кітапты жауып қойып, ойға кетті. «Иә, Ахметбектің ұсынысы дұрыс... Бұлай салынар бөгет арзанға да түседі, мезгіл жағынан да ұтымды... Тек су ағысына нығыздалмаған топырақ шыдай алар ма?.. Мүмкін шыдар да... Не дегенмен де ойланатын іс екен... Әттең, не керек, бұл ой өзінің есіне неге келмеді?.. Әлі де болса ойланып көрсе қайтер еді? Жоқ, жоқ, ол тіпті мүмкін емес. Онда бұл бөгет Ахметбектің жобасымен салынады! Бөгет авторы бөтен адам болады».
Сұлтан орнынан түрегеліп ерсілі-қарсылы жүріп кетті. Бөгетті дер кезінде бітіруге қанша жаны ашыса да, оны менменшіл-қызғаншақтық сезім билеп әкетті. Бұ да халық ісінің нәтижелі болуын тілейді, оған жан-тәнін аямай еңбек етуге де дайын, бірақ, сол істің өзегі, жүрегі өзім болсам екен дейді, үлкен құрылыстың бас қаһарманы ретінде өзімнің атым тұрса екен дейді... Сұлтан түрегеліп, терезенің алдына барды. Таң қаранғысы қара мақпалданып, қоюланып тұр. Ақырын басын көтеріп, аспанға қарады. Қара көк тұңғиықта қалың жұлдыз, қолға түспес бақыт секілді, адамды алыстан қызықтыра жымыңдайды... Кенет оның қиялында бір сезім тұтана қалды: «Япырмау, осы алыстағы жұлдыз сәулесі секілді қол жетпес бір жарықты қайда көрдім?» Жігіт ойлана түсті. «Ах, да,— деді Сұлтан күлімсіреп,— бағана қоштасарда Гүлшараттың көзінде де осындай сәуле жарқ ете қалған жоқ па еді? Ие. Гүлшараттың көзінде де дәл осындай бір сәуле тұтанғандай болды. Бірақ ол сәуле жұлдыз жарығындай адамды тек алыстан ғана қызықтырып қоя ма? Осы минуттан бастап Сұлтанның көз алдынан күлімсіреп тұрған Гүлшарат кетпей-ақ қойды. Бас инженер ұйықтай алмасын біліп, суық сумен жуынып алды да, бөгет жаққа аяңдады. Сұлтан қанша ұмытайын десе де, Гүлшарат өзімен бірге келе жатқандай қиялында елестеді де тұрды.
Ахметбек парторгке жобасын бергелі бес-алты күн өтіп кетті. Хамза күнде көріп жүрсе де, бөгет жайында тіс жарып еш нәрсе дей қоймады. Өзен жағасына жинай бастаған экскаваторлардың көбеюіне қарағанда бұның жобасы жүзеге аспайтын секілді. «Мүмкін парторгтың менің жобама көзқарасы өзгерген болар... Бірақ өйткен күнде де маған бір жауабын беруі керек қой» деген ой Ахметбектің де мазасын ала берді. Сондықтан бүгін ол Хамзамен контор жанында кездескен жерден-ақ:
— Хаке, менің жобам аяқсыз қалатын ба, қалай?— деп қалды.
Парторг оған күлімсірей қарады.
— Оны партбюроның ертеңгі мәжілісі шешеді. Ең алдымен партбюро мүшелеріне дайындалуға тура келді... Өйтпеген күнде қарсы жақтың жеңіп кетуі мүмкін.
— Қарсы болғанда жалғыз Сұлтан Әубәкірович қой...
— Мәселе Сұлтанда емес, мәселе Асылбекте.
— Асылбекте? Ол кісі жаңа жобаның артықтығын түсінсе шын қарсы бола қояр ма екен?
Парторг енді шын күлді.
— Асылбектің директор екенін ұмыттың ба? Қандай директор болса да, жұмыс нәтижесін жұмсалған қаржымен салыстырып отырады. Қанша алғыр десек те, Асылбек те сол директорлардың бірі. Ал бұл бөгетке қазірдің өзінде екі миллион сомнан артық, қаражат шығып үлгіріпті.
— Жаңа жобаны қолдансақ, ол шығынның бәрі жабылып кетуі сөзсіз.
— Жабылып кете ме? Міне, мәселенің өзі осында жатыр. Қауіптің ішінде қорқыныштысы — белгісіз қауіп. Ал Сұлтанның жобасындағы қауіптің бәрі — белгілі қауіп. Одан сақтануға болады. Ал сенің жобаңда белгісіз жағдайлар көп... Жұртты үркітіп алуымыз мүмкін. Сондықтан ең алдымен Асылбектің қарсы болмау әдісін ойлану керек.
Парторгтың айтып тұрған сөзінің жаны бар еді. Асылбек Жарқын руднигі секілді келелі құрылыс аудандарын көптен бері басқарып келе жатқан қажырлы қызметкерлердің бірі болатын. Оның пікірімен жоғарғы партия ұйымдары да, министрлік те санасатын. Егерде, парторг жаңа жобаны мақұлдап жоғарғы орындардың алдына қойған күнде де, Асылбек көнбей қарысып отырып алса, оңай шешілмейтіні сөзсіз еді.
Бұл мәселе ондай жағдайда жоғарғы орындардың алдында бірі жеңіп, бірі жеңілетін, директор мен парторгтің арасындағы жанжалға себеп боп кетуі де мүмкін. Мемлекеттік зор маңызы бар іс, жеке адамдар арасындағы мәселеге айналып, қыруар уақытты босқа шығарғаннан кімге панда? Хамза істің осы жағын ойлап, Асылбекті қарсы қоймас бөтен тәсіл іздеді. Сол тәсілді тапқан да секілді болатын.
— Ертең партбюроға кел. Сенің ұсынысыңды қараймыз,— деді Хамза айрылысар алдында Ахметбекке,— егерде күресте жеңіп шықсақ жолың болғаны...
Бірақ Жарқын руднигінің партком мәжілісі Ахметбек күткеніндей болмай шықты. Хамза партбюро мүшелері жиналғаннан кейін мәжілісті ашты.
— Күн тәртібінде екі мәселе,— деді Хамза алдында жатқан бір жапырақ қағазды қолына алып.— Бірінші мәселе инженер Ахметбектің жаңа жобасы жайында.
Директор орнынан сәл қозғалып қойды.
— Қайдағы жаңа жоба?
— Өзенді бөгеу жөніндегі.
Асылбек қабағын шытты.
— Сондай мәселені партком мәжілісінің күн тәртібіне кіргізудің қанша қажеті бар? Әнеугүні өндіріс кеңесінде шешкен жоқ па едік.
Ахметбектің жүрегі қобалжи қалды. «Міне, енді күрестің басталғаны!» Тек Хамза Нұрғалимович қана директорға жайбарақат қарап жауап қайырды.
— Біз бұл жобаның егжей-тегжейін қарап жатпақшы емеспіз. Тек осындай ұсыныс болғандықтан партком мүшелерін таныстыра кетуді дұрыс кердік.
— Ә... Солай ма еді?— Директор енді қарсыласа қоймады. Ахметбектің жобасы күн тәртібіне кірді. Бұл — бірінші жеңіс. Бас инженердің орынбасары іштей қуанып қалды. «Енді арты не болар екен?»
— Екінші мәселе — бөгет салу жұмысының барысы. Бұл туралы Сұлтан Әубәкірович ойларын тыңдамақпыз. Күн тәртібіне байланысты ешкімнің қарсылығы жоқ па?
Күн тәртібі қабылданды. Ахметбек жұрт не дейді ден ынтыға күтіп отыр. Жоба туралы парторгтің өзі сөйледі.
Бұл жобаның қысқаша тарихы осындай,— деді Хамза сөзін аяқтай келіп.— Партком мүшелерінің әрқайсысына да негізгі есеп-қисабын берген едім.
— Әбден таныспыз,—деді партком мүшесі, қартаңдау келген экскаваторшы жұмыскер,— өте батыл ұсыныс!
— Мен де сол пікірдемін,— деді ұзын бойлы инженер.
Директор орнынан шыдамсыздана қозғалып қойды.
— Сонда бұл жобаны не істе демексіз?—деді ол парторгке түйіле қарап.
Хамза байсалды үнмен жауап берді.
— Бөгеттің бұрынғы жобасы бойынша біраз жұмыс істеліп қалғанда, мынаны қолданайық деу қиын болар... Бірақ біз Ахметбек секілді жас инженердің мұндай жақсы ойына жәрдем беруіміз керек...
— Иә, сонда?
— Біз жаңа жобаның қаралуын өтініп, министрлікке қаулы жіберуіміз керек. Біздің құрылысқа қолданбағанмен, басқа құрылыстардың біріне жаратар...
Енді бағанадан бері үндемей отырған Сұлтан тіл қатты.
— Парткомның қаулысынсыз, Ахметбек өзі жіберсе, министрлік қарамай ма?
Кейде жатып та қалатын кезі болады. Қаулының аты қаулы.— Парторг бюроның өзге мүшелеріне қарады.— Сіздер жас инженерге жәрдем беруге қарсы емессіздер ғой деймін?
— Сөз бар ма!
— Тіпті министрліктің бұл жобаны тезірек қарауын да өтініп жазуға болады.
— Асеке, сіз ше?
— Менің де қарсылығым жоқ,— деді директор жайдары пішінмен.
Парторг жымың ете қалды.
— Жақсы. Олай болса енді екінші мәселеге көшуге рұқсат етіңіздер...
Бір сағаттан кейін мәжіліс бітіп, партком мүшелері тарай бастады. Ахметбек далаға Хамзамен бірге шықты.
— Қалай, біздің қаулымыз ұнады ма?—деді парторг Ахметбекке кеңседен алыстағаннан соң.
— Сіз үлкен күрес болады деп едіңіз...
— Бұ да күрестің бір түрі,— деді күліп парторг.— Партком өз бетімен қаулы алса, министрлік директор мен бас инженердің пікірін сұрар еді де, олардың қарсы екенін білгеннен кейін, бұл жобаны тез қарай қоймауы да мүмкін ғой... Өзіңе белгілі, бізге әрбір күн қымбат. Ал енді екеуі бірдей бұл жобаны министрліктен сұрап отырғанда ондағы жігіттер тез жауап беруге асығуы сөзсіз. Қара да тұр, көп кешікпей арнаулы комиссия да келіп қалар.
Хамзаның айтқаны келді. Бір жегі өтпей, самолетпен Москвадан комиссия да келіп жетті. Комиссия істелген жұмыспен әбден танысып, бөгетті тез бітіру үшін, әрі жұмсалатын қаржы жағынан да жаңа жобаны тиімді деп тапты. Құрылыс ауданының басшылығына жаңа жоба бойынша тез іске кірісуді бұйырды.
Асылбек ертеңіне бас инженерге салынып жатқан бөгет жанындағы барлық техниканы ол жерден әкетуге, Ахметбектің жобасы бойынша «Бөрік тас» жотасын бұрғылауға бұйрық берді.
— Жақсы. Бәрі де орындалады,— деді Сұлтан жайдары түрмен бұйрықты алып.
Өзі ұсынған жобаның алынып қалғанына алғашқы күні Сұлтан қатты ренжіді. Жарқын құрылыс ауданынан кетпек те болды. Бірақ ойға сала келіп, бұнысының қате екенін түсінді. Ахметбектің жобасы күмәнді деп бас инженер кіммен таласа алады? Мүмкін парторгке, директорға түсіндіріп көрер. Ал барлық коммунистерді, комиссияны көндіре ала ма? Түсіндіре ала ма? Сондықтан Сұлтан «Құмайт жердің топырағы су ағысына шыдай алар ма екен? »—деген күдігін ішке сақтай, ақыры көпке топырақ шаша алмайтынын білген соң, Ахметбек жобасын іске асыруға бірден құлап түсті.
Бір сағаттан кейін бас инженер Ахметбектің үйіне келді.
Әнеугі жиналыстан бері ренжіп жүрген жас жігіт, Сұлтанның келгеніне қуанып қалды. Кітап оқып отырған Гүлшарат та әлденеге өзінен-өзі қызара орнынан түрегелді. Ол күлімдеп қарап:
— Жоғары шығыңыз!-— деді.
— Ахметбек, сен менің әнеугі мәжілістегі сөзімді ауыр алма, арамызда ондай-ондай талас болуы ғажап іс емес,— деді бас инженер Гүлшарат берген орындыққа отырып.— Сенің жобаңмен дұрыстап танысқалы әдейі келдім...
Ахметбек стол үстінде жаюлы жатқан ватман қағазының үстіндегі кітаптарды алып тастады.
— Келгеніңіз өте дұрыс болды... Бүгін сізге өзім де барғалы отыр едім,—бас инженердің орынбасары қағазға қарады, жоба дегеніңіз мынау ғой...
Екі инженер алдарында жаюлы жатқан сызықтарға үңіле түсті.
Жас инженердің ойынша тереңдігі алты метр, көлденеңі жүз метрден астам ағысы қатты өзенді бөгеу үшін үш жүз мың кубометр тау жынысын аттыру керек болатын. Оған бес жүз тонна аммонал шығуға тиісті еді.
— Атылу неше дүркін болуы керек?— деді Сұлтан жобаны қарап болып.
— Екі рет. Бірімен бірі жалғаса.
— Алдымен қай жағы атылуға тиісті?
— «Бөрік тас» тұсы.
— Неге?
— Бұл жақта сегізінші категориялы известняк. Ал мына жақта одан көрі жұмсақтау тау жыныстары.
Сұлтан ойлана сөйледі.
— Меніңше алдымен жұмсақ жақты ату жөн, өйткені қатты тау жыныстары одан кейін атылса, жұмсақ топырақты нығыздай түсер еді.
— Сіздің сөзіңіздің жөні бар ғой деймін.
— Және...— Сұлтан үндемей тоқтай қалды.
— Не, және?..
«Алғашқы өзенге түскен тау жыныстарын ағысы қатты су бірден жуып кетпесін десең, өзеннің қарқынын бәсеңдету керек. Ол үшін бөгеттің алдыңғы жағын өзеннің табанынан тереңірек етіп атқызу шарт. Сонда су атылған жерді толтырғанша, бірнеше секундіне дейін өзен тайаздалып, ағысы бәсеңдейді. Осы кезде «Бөрік тасты» құлатқан жөн»,— деп бас инженер айтпақшы болып оқталды да, кенет ойын бөтен жаққа бұрып кетті. Неге ол өйтті? Оған қандай себеп болды? Бұл — Сұлтанның өзіне ғана белгілі жай еді.
— Және... Менің саған жаным өте ашиды, қателік болып жүрмесін,— деді бас инженер үзіліп қалған ойын жалғап.
Ахметбек жаны ашып тұрған Сұлтанға өте риза болып қалды. Бұл минутта ол бас инженер қатені көріп тұрып айтпады-ау деп ойлаған да жоқ. Ахметбектен гөрі Сұлтанның мына бір жан ашыр сөзіне Гүлшараттың жүрегі анағұрлым жылып кетті. Бас инженер оған кең пейілді, ақылды адам болып көрінді. Ол осы ойын Сұлтан кеткеннен кейін Ахметбектен де жасырған жоқ.
— Қандай жақсы адам, көрдің бе, саған қалай жаны ашып тұрғанын,— деді сұлу келіншек бас инженер шығып кеткеннен кейін.
Ахметбек ойлана жауап қайырды.
— Не, Сұлтан аяулы адам. Жобаны тез іске асыруға уәдесін беріп кетті ғой.
Ертеңіне бас инженердің бастауымен құрылыс ауданындағы бұрғылау станоктары тегіс «Берік тас» маңайына жеткізілді.
ҮШIНШI ТАРАУ
Шаруа баққан момын Ережеп, балалары ер жетпей, ерте қайтыс болды да, өмірдің бар ауыртпалығы сырқат ана мен әлі буыны қатып бұғанасы бекімеген Ақмаралға түскен. Сондықтан да ол еңбекке ерте үйренді. Екі бетінен қаны тамған қараторы қыз ауру шешесі Алтынайға жәрдемдесіп, оқудан бос уақытында үйін сыпырды, күлін тасыды, тоғыз жасар кіші інісіне бас-көз болды.
Қалада тұратын Ақмаралдың үй-ішінің ең негізгі күн көрері — үш жүз шаршы метр, мол сулы Сырдарияның жағасындағы бақшалы жер еді. Жаз болса, шешесіне қосылып, бар бос мезгілін осы жерге егілген бұршақ, жүгері, қауын-қарбызын суарып, арам шөбін жұлумен өткізетін. Мектептен келісімен кітаптарын тастай салып, аппақ гүлді алма бағына баратын.
Осындай ауыр еңбекке қарамай сабаққа да зерек болды. Құрбылар шығара алмаған қиын тригонометриялық есептер Ақмаралға оңайға түсетін-ді. Ол бертін келе табиғат тану пәндеріне өте зейін қойды. Өзге қыздар немқұрайды қарайтын анатомия сабағын сүйсіне оқыды. Көп мезгілін анатомиялық кабинетте өткізді және Ақмаралдың ән-күй сабағына деген ықыласы да ерекше еді. Оған пионерлер үйі көп жәрдем берді. Тоғыз жасынан күйсандыққа үйреніп, мектепті бітіргенде, нотамен Бетховен, Листтің соната, концерттерін орындай алатын нәтижеге жетті.
Міне, осы Ақмарал он алты жасында орта мектепті алтын медальмен бітіріп, Москваға оқуға жүруге бел буды. Бар сүйеніші — жалғыз қызынан айрылғысы келмеген Алтынай:
— Қалқам, мен болсам аурумын, Кенжетай бауырың әлі жас, оқуға бармай-ақ қойсаң қайтеді,— дегенде:
— Апа, менің оқығым келеді. Оқығанда өзіңнің сырқатыңды жазатын дәрігерлік оқуға түспекпін. Оның үстіне жылда келіп тұрамын ғой, Кенжетай болса, о да ер жетіп келе жатқан жоқ, па!—деп қиылған.
Ақмаралын жанындай жақсы көретін ана оның оқуға баруына қарсылық етпеген.
Ақмарал институттың екінші курсын бітіріп, жазғы демалысқа келгенде, Алтынай ақыры көп жылдан бері жазылмай келе жатқан басының қаны таситын дерттен қайтыс болды. Жанындай жақсы көрген анасынан айрылған Ақмарал жалғыз інісі Кенжетайды ағайын-туманың қолына қалдырды. Сөйтіп ойда жоқ жерден басына түскен салмақ көңілін жабырқатты, көзін жасқа толтырды, өмірге томсара қарауына себеп болды. Осындай кезде Ахметбек жазған хаттар оған ой салып, жабырқаған жас көңілге әлі алдында қуаныш барып, бақыт барын ескерткендей еді. Күннен-күнге осы белгісіз қуаныш, бақыт Ахметбектің хатымен бірге келетіндей көңілін әлдеқандай тәтті сезім билеп, Ақмаралға сол хаттарды аңсап күту — әдетке айналды.
Сөйтіп жүргенде үшінші курсты бітіріп елге қайтты. Міне осы күннен бастап Ақмарал ауыр күйге ұшырады. Өмірдің бұрынғы жалынды лебі енді өкпек желдей суық тиді. Бұл ауыр күй ең алдымен — ағайын-туысқа тастап кеткен Кенжетайдан басталды. Жаны ашымас ағайын қайраты жоқ буыны әлі бекімеген жас баланы, бағамыз-қағамыз деп алып қалса да, Ақмарал кеткеннен кейін, ырыстарына ортақ болған арамтамақтай көрді. Күз жаңбырға, қыс суыққа қарамай жұмысқа салды. Ішер асқа, киер киімге тапшы етті. Соның арқасында Кенжетай жасы жетпей құрт ауруына шалдықты. Ақмарал келгенде, бұның аяқ астынан жабысқан кеселден тек шықпаған жаны, құр сүйегі ғана қалған еді.
Жас қыз бауырымдап жылап көрісті. Оның ауыр халі табанына сыздай, арқасына аяздай батты. Кенжетайды өлімнен алып қалу үшін, оған биылша оқуын тастап, қызметке кіруге тура келді. Бірақ жуыр маңда қолайлы орын табылмады. Оқудан сарғайып келген жас қыз, алып келген азғантай стипендиясын тез арада Кенжетайдың дәрі-дәрмегіне жұмсап бітіріп, енді не істеуді білмей әбден дағдарды. Сөйтіп жүргенде Сауранбайға кездесті.
Сауранбай ол кезде үлкен қызметте болатын. Мінгені — түсі қарға қанатты қара көк жеңіл машина, үстінде ақ жібек костюм, бұғағы салбыраған нарттай семізше келген ақ сары сыпайы жігіт, өлердегі сөзін айтып, Ақмаралдың қыр соңынан қалмай қойды. Адасқан жолаушыға жол көрсеткен қараңғы түндегі жарық секілді, қыз көңіліне сәуле болып біткен — алыстағы Ахметбек, Ақмаралдың ойын Сауранбайға аудартқан жоқ. Өлердей көңілі кеткен жігіт қанша жалынса да, ағайын-туысы ортаға түссе де, көнбей қойды. Осындай кезде Ақмаралды бұрынғы бірге оқыған бір дос қызы қонаққа шақырды... Ол үйде Сауранбай да болды. Жабырқап жүрген Ақмарал жиналған қыздар мен жігіттердің кеу-кеуіне еріп шампан ішті, екі беті қызарып би биледі... Көңілі көтерілді... Бокал үстіне бокал құйылды... Мас бола бастаған аңқау жас әлдекімдермен қолтықтасып көшеге де шықты. Әлдекімнің ақ мамық төсегіңде жатқандай болды... Сөйтіп жүріп Сауранбайдың қолына қалай түскенін сезбей де қалды. Тек таң сыз беріп келе жатқанда ғана әлденеден шошынып оянған Ақмарал уқаланған ақ көйлегімен бірге ақ денесінің де масқараланғанын бір-ақ білді. Ол қанша өксіп жылағанмен мойнына түскен қиянат құрығынан бұлқынып шыға алмады. Амал жоқ, Сауранбайға күйеуге шықты. Алғашқы кезде қосылған жарының қандай адам екенін терең ойлауға да оның уақыты болмады. Күнде шақырылған қонақ пен кинотеатрдан жас келіншектің қолы тимеді. Тек Кенжетайды емдетуді, дәрігерден дәрігерге апаруды ұмытқан жоқ. Осының арқасында інісі ауруынан тәуір бола бастады. Бұл бауырмал апаға үлкен бір қуаныш болып көрінді. Өзінің қапылыста күйеуге шыққан өкініші де ұмытыла бастады. Оның үстіне Сауранбайдың да әйелі десе шықпаған жаны қалмады. Сөйтіп жүргенде жыл өтіп Ақмарал ұл тапты. Ол оқуды тіпті тастады, алыстағы дос Ахметбек енді оған өткен бір тәтті түс секілді ұмытылуға айналды. Өмірдің дәмін жаңа ғана тата бастаған жас келіншек жаз келіп, ақ айдынға шомылатын аққу құстай көп күткен қуаныш толқынына құшағын жайды, қызықтан қызықты аңсап, шаттана түсті.
Сауранбайдың қызметі жоғарылап бұлар Алматыға көшті. Мұнда келгеннен кейін де бірінен-бірі қызықты, көңілді күндер көшкен бұлттай тіркесіп өтіп жатты. Бірақ ұмытылмайтын қайғы жоқ, бітпейтін қуаныш жоқ, кенет Ақмаралдың басына туған жарық күнді бұлт торлады, жарқын жүзін кейістік басты. Сауранбай қызмет бабында ауыр күнә істеп орнынан алынды. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, дәл осы кезде суық ұстап: апыл-тапыл жүріп қалған ұлы қайтыс болды, Өмірдің асау толқынымен күресуге жігері жетпей, Сауранбай енді араққа салынды. Әлсін-әлсін қызметтен босатылып, таудан сырғыған тас секілді, төмен қарай құлдырап құлай берді. Арақ ішкен адамның бірде назалы, бірде ызалы мінезі аяулы жанға жара салып, қызғаншақтықпен жазықсыз Ақмаралға Сауранбай орынсыз жала жауып, қорлауды шығарды. Бұндай қылықтың аяғы кейде ұрыс-төбелеске де айналды. Жаны қорланған Ақмарал бірте-бірте Сауранбайдан әбден суыды, тек айырылып кетуге беті шыдамады, ар керді, сүймесе де қыздай қосылған жарын мынандай өкінішті кезінде тастап кетуді адамгершілікке жатпайтын қылық деп ойлады. Оның үстіне «Сауранбай ақылға келер, өмірден жеген таяғы ойға салар» деген сенім кейде ашу қысып тулаған ойына бұғау бола берді. Ол тастап кеткен оқуына қайта кірді, бар ынтасын салып Алматыдағы медицина институтын бітірді. Тек Сауранбайға қатты қалған көңілі өзін-өзі қанша зорласа да, бұрынғы сабасына тез арада тола қоймады. Ақмаралдың өзіне деген мұндай мінезін, қызметінен төмендеп, табысының кемдігінен керген Сауранбай Жарқын руднигіне құрылыс инженері керек екен деген хабарды естігенде бірінші болып арыз берді. Ақмарал да қарсы болған жоқ, біраз уақыт жұрт көзінен таса бола тұруды өзі де мақұл көрді. Осы оймен Ақмарал мен Сауранбай жаңадан ашылған Жарқын руднигіне келді. Бірақ мұнда да Сауранбай арақ ішуін тастай қоймады, қызметтен бос уақытын әлдеқайдағы өзі секілді арақ құмар адамдармен бірге өткізуге салынды. Ал Ақмарал болса сырты бүтін, іші түтін, бос уақытта не кітап оқып, не Алматыдан зор қиындықпен алып келген күйсандықтың қасында өткізетін болды. Июнь айының тымырсық, ыстық кештерінде қор болған жас өмірінің өкінішін, жан пернесін тербететін Шопен, Гайдн, Рахманиновтың аяулы мелодияларына қосып, көңілін жұбататынды шығарды. Кейде сонау көкжиекте жоғалып бара жатқан күн сәулесіндей сөнуге айналған бір кездегі жалынды жас тілегін жоқтағандай ұзақ мезгіл, үн-түнсіз қайғы теңізіне шомылды. Күз келіп, жылы жаққа талпынған жыл құсындай қолын жеткізбес бір тамаша бақытты аңсады, алдағы өміріне телміре қарады. Ал кейде осындай бір қиялды сағаттарында орындалмаған армандай Ахметбектің жарқын жүзі кенет көз алдына елестеп, жүрегінде толқын туғызатын, жанын қояр жер тапқызбайтын. Әсіресе, осы сезім әнеугүнгі осы рудникте Ахметбекті көрген күннен кейін тіпті өрши түсті.
Ақмарал бүгін де тынышсызданған жанына сая таба алмай қайғыда отырған-ды. Ол күйсандықтың жанынан түрегеліп, жұмсақ былғары диванға барып шынтағын тізесіне қойып, алақанымен маңдайын тірегі ойға кетті.
Осы кезде әлдекім есік қақты.
— Кіріңіз,— деді Ақмарал көңілсіз, орнынан қозғалмай. Үйге Ахметбек пен Гүлшарат кірді.
Ақмаралдың жүзі жайнап кетті, орнынан ұшып түрегелді.
— Түу!—деді ол қуанғанын жасыра алмай.— Неге әнеугүнгіден бері келмедіңдер?
— Қол тимеді,— деді Ахметбек амандасып болғаннан кейін.
— Қол тимегендіктен емес, мынау жан түршігерлік сұр топырақтың арасында адасып қалғандай болдық,— деді езу тартып Гүлшарат. Ойың сөзінде әлде қалжың, әлде ренжу барын Ақмарал айыра алмады.
— Тек өмір сұр болмасын, — деді қысқа сөйлеп Ақмарал. Ол Ахметбек пен Гүлшаратқа әнеугі аурухана жанында көрген күндегісіндей, тағы да сүйсіне көз тастады. «Ах, шіркін-ай, Ахметбектің жанында Гүлшараттай болып өзі тұрар ма еді!»—деген кенет көңіліне ой келді де: «Жоқ, ондай күн өтіп кетті! Өзінде жоқ біреудің қуанышын қызғану — үлкен күнә»,— деді ол іштей қамыға. Гүлшарат, Ақмаралдың ұсынған диванына отыра беріп, үйдің ішін бір шолып өтті. Кең, жаңа сырланған бөлмеде, тек күйсандық болмаса, бәлендей көзге түсетін зат жоқ еді. Екі жақта үстіне жұқа тоқыма ақ көрпе жапқан екі темір кереует. Жасыл сырмен боялған үлкендеу комод. Есік алдында үйеңкіден істеген жаңа шкаф, үш-төрт аркалы орындықтар. Бөлменің ортасында электр шамын көрсетпей шнурда салбырап тұрған қолдан істеген шашақты абажур. Абажурдың дәл астында төрт бұрышты стол.
«Біз үй болғанда үйімізде мұндай құнсыз заттың бірі де болмайды»,— деді ішінен Гүлшарат үйдегі мүлікті менсінбей.
— Сауранбай Каюпович қайда?— деді Ахметбек Ақмаралға көз тастап.
— Жүрген шығар...— деді анау төмен қарап.
Ахметбекке Ақмаралдың даусынан бір түрлі кейістік бары естілгендей болды, бірақ аңғармаған адам секілденіп «о...» дей салды. Гүлшарат күйсандықтың қасына барып, қақпағын ашты.
— Өзіңіз ойнайсыз ба?—деді ол Ақмаралға бұрылып.
Ақмарал томсара жауап берді.
— Өзім...
Гүлшарат сұқ саусағын шегедей тіп-тік ұстап, күйсандықтың пернелерін басып, жұрттың бәрі білетін орыстың «Чпжик-пыжик, где ты был?..» әнін ойнай бастады да, аяғына жетпей қоя салды. Сөйтті де комодтың үстінде тұрған төрт бұрышты алақандай айнаны қолына алып, өзінің келбетіне көз жіберді.
— Тфу, бетімді шаң басып кетіпті ғой,— деді ол қабағын шытып.
Гүлшараттың жаңа ғана үйден шығарда крем мен опа жаққан ақ жүзі, сол аппақ қалпында тұр, шаң түгіл,шаңның ізі де жоқ. Бұл кезде Ақмарал аяғын ақырын сәндене басып, үйге бір кіріп, бір шығып дастарқанын дайындай бастаған. Буын бұрқыратып электр шайнегін алып кірді. Столдың жанына үш орындықты қойды да:
— Шайға келіңіздер,— деді ол.
— Нағыз ертегідей, кезді ашып-жұмғанша шай да дайын болып қалды!—деді күле сөйлеп Ахметбек столдың жанына отыра беріп.
— Жақсы достарды әр жерде де шай күтіп тұрмай ма?—деді қалжыңдай сөйлеп Ақмарал, оған бұрыла қарап.
Ахметбек осы бір минутта Ақмаралдың мөлдіреген көзінен өзіне деген бір жылылықты сезіп қалды. Оған кенет Ақмарал бұрынғы Чкалов станциясында жылап айрылысқан жас қыздай жылы ұшырап кетті. Көңілінде қайдағы жоқ тәтті сезім туып, сонау бір өтіп кеткен оқушылық кезеңі елестегендей болды.
Гүлшарат пен Ахметбек Ақмаралдың екі жағынан отырды.
— Ой, сіздер қатар отырыңыздар. «Ерлі-зайыптының арасына есі кеткен отырады» дегендей, мен былай қарай ауысайын, — деді Ақмарал күле сөйлеп.
Шай ішіп отырып, олар әңгімеге кірісті. Алматының, рудниктің жайын сөз етті.
Осы кезде күн батып, ымырт үйіріліп, электр шамы жағылды.
Шай жиналғаннан кейін Ахметбек пен Гүлшарат Ақмаралдың күйсандықты ойнауын сұрады.
— Қайбір жөнді дейсің, дегенмен де көңілдеріңіз қалмасын,— деді ол күле сөйлеп, күйсандықтың жанына отырып жатып. Міне, оның ұзын, жіңішке саусақтары күйсандықтың пернелеріне тиісімен құлаққа сүйкімді ақырын шыққан қоңыр салқын әуен естілді... Дыбыс бірте-бірте күшейе түсті. Дүние бір ертегідей әдемі үндерге бөленіп, үй іші сұлу дыбыстарға толды. Ақмарал күйсандықта ой мен орындаудың арасындағы тұңғиыққа өткел салам деген музыка алыбы Бетховеннің «Ақырғы квартетін» ойнады. Ахметбек өз құлағына өзі сенбеді. Ол мұндай мәдениеттен алыс жерде, құм мен баялышты, сұрғылт топырақты далада Ақмаралдай шеберді кездестірем деп ойлап па еді?! Күйсандықтың сыр пернелерінде шапшаң жүгірген, бұлдыр қаққан Ақмаралдың саусақтарына көз ілестіріп тоқтата алмай Ахметбек аң-таң... Ол анда-санда ойнаушының бетіне қарап, тәтті үнге мас болғандай тапжылмастан отыр.
Ал, Гүлшарат ше?
Ол алғашқы кезде Ақмаралдың шапшаң ойнағанын қызық көріп, біраз тыңдаса да әрі-беріден кейін жалығып, әлденені ойлап өз жайына кеткен... Оның ой сезіміне музыканың тәтті әуені жетпеген тәрізді, бет құбылысында да ешбір алған әсердің белгісі жоқ. Тек анда-санда «тыңдап отыр екен» десін деп: «Қандай тамаша»,— деп қояды...
Ақмарал екі көзін нотадан алмай, бар жан-тәнін салып, пернені қуалай, саусақтарын секірте жүгіртеді, бүгін күндегісінен оңды ойнап отырғанын өзі де сезеді... Ахметбектің ықыласпен тыңдап отырғаны оған бұрын өзі байқамаған, бойында жатқан бір алуан күшті қозғап, жан сезімін қанаттандырған тәрізді... Иығынан бір ауыр жүк түсіп бойы сергіп, көк аспанды күн аясындағы зәулім шың басына қанаттарын қаға түсіп ұшып бара жатқан құс тәрізді, ойнаған сайын шабыттана түседі. «Шіркін-ай, Сауранбай да, Ахметбектей шын сезімтал жан болып, бар ықыласымен Ақмаралдың ойнағанын тыңдап отырар ма еді.— Ол Ақмаралдың осы күй пернелері арқылы айтайын деген сырларын шып жүрегімен ұғар болса! Онда бұл өзін қандай бақытты адам санар еді! Жоқ, жоқ, бәрібір Ақмарал онда да бақытсыздықтан арыла алмас еді! Онда да кеңілі жай таппас еді! Ал егерде Сауранбайдың орнына қасында Ахметбек болса ше? Ол дәл бүгінгідей Ақмаралдың қиялына қанат беріп, жанын тебірентіп отырмас па еді?» Осы бір тәтті қиялға беріліп кеткен Ақмарал, жанын тербеген күй желісінен айрылып қала жаздады да, қайтадан төгілдіре ойнай жөнелді.
Ақмарал сәл тоқтап, ақ бәтес орамалмен маңдайын сүртті.
Осы кезде әлдекім аяғын сүйрете басып келе жатқандай еді. Сөйткенше болған жоқ, үйге тәлтіректей басып Сауранбай кірді... Қып-қызыл мас. Әзер тұр. Ілмиіп кеткен көздерінде ешбір нұр жоқ. Қатты терлеген, көйлегінің жағасы алқам-салқам... Әбден ағара бастаған сирек шашы қоқыстанып, жан-жағына жылмия жантайып қалыпты.
Сауранбай Ахметбек пен Гүлшаратқа сүзіле қарап:
— Ә, үй... де... қонақтар... барр... екен ғой,— деді сөзін бөліп-бөліп, сөйтті де Ахметбектің бас инженердің орынбасары екені есіне түсіп кетті ме, кешірім сұрағандай ыржия күліп,— мен... мен... азырақ ішіп едім... Қазір... қазір... жоғаламын... мешаит... мешаит... етпеймін,— деді де тәлтіректей басып есікті ашты. Аздан кейін оның сүйретіле барып терезе алдындағы ағаш тапаншаға сүріне-мүріне құлағаны естілді... Сәлден соң ол ұйықтап та кетті.
Үйдегілерде үн жоқ... Тек терезе алдынан Сауранбайдың қорылы естілді.
Ахметбек аяған пішінмен Ақмаралға қарады.
— Күндегісі осы...— деді ол төмен қарап.
— Мен мұндай күйеумен бір минут та тұрмас едім,— деді Гүлшарат терезені жауып жатып.
Ақмарал басын бұрынғысынан да төмен ие түсті...
Ахметбек Ақмаралдың қандай бақытсыздыққа ұшырағанын енді білді... Оның бағанағы Сауранбайды «жүрген шығар» деген сөзінің мағынасын жаңа ғана түсінді... Ол Ақмаралды аяп кетті.
— Ештеңе етпес... Қояр әлі... Қояр әлі...— дей берді.
Ақмарал басын көтерді... Оның көзінен мөлдіреп шыққан жасы моншақтап омырауына тамып тұр екен.
— Жоқ, ол еш уақытта да қоймайды!—деді Ақмарал жүрегінің түбінен шыққан бір өкінішті үнмен.
— Олай болса неге айрылысып кетпейсің?!— деді Гүлшарат Ақмаралдың қөңіліне қарамай.
Ақмарал тағы үндеген жоқ. «Саған бұлай деп айту жеңіл шығар» деген пішінмен, Гүлшаратқа жасты көзін бір аударды да қойды.
Ахметбек үйге қайтатын кездері әлдеқашан болса да сезімтал жүрегі дәл қазір Ақмаралды мынадай қалпында жалғыз тастап кетудің ретін таба алмады.
— Ақмарал, жасыңды сүртші. Сауранбай Каюповичпен ертең Асекеңе шақыртып сөйлесерміз,— деді ол. Сөйтті де Ақмаралдың жанына келіп, иығынан ақырын сипап,— ал қазір біз үшін жаңағы бітпей қалған Бетховеннің квартетін ойнап берші... қандай жақсы еді!—деді сәл кідіріп.
Ақмарал Ахметбектің бұл сөздерді өзін жұбатқалы айтып тұрғанын ұқты. Ол мұнысына риза болғандығын көрсетіп, Ахметбектің бетіне бір қарады да, күйсандықтың қасына барды. Күй пернесін төрт саусағымен бірдей басып, ең жоғарғы аккордты алды.
Енді күйсандықтан ызаланған, жан ашуын күреске шақырған, бөгет білмес дауыл тұрғызған теңіздің толқынындай тулаған үндер шықты...
Түн ортасы әлдеқашан ауып кеткен. Тағы бір үйден де жарық көрінді. Ол Қасен жайласқан бөлме.
Қасенді Сауранбай тракторшы Михаил Хаванский Жақып және Вадим жатқан төрт кісілік бөлмеге орналастырған-ды. Қазір, міне, мұнда Михаил мен Қасен ғана. Жақып пен Вадим түнгі жұмысқа кеткен. Олар тек күн шыға ғана келді. Түн ортасы болса да, Қасен мен Михаил ұйықтайтын емес. Екеуі қатар қойылған төсектерінде жатып әңгіме соғуда. Михаил бойшаң келген, шымыр денелі жиырма үштер шамасындағы жас жігіт. Бұрын Москвада машина жүргізетін еді.
Жақында Жарқын руднигіне келген. Ол орта білімі бола тұрса да, рудник дирекциясының: «Мүмкін кеңсе қызметіне барарсың»,— дегеніне қарамай карьердегі забондан тас тазалайтын бульдозерді өзі тіленіп алған болатын.
Михаил шамды сөндірді де:
— Осыншама жерді ғасырлар бойы ешкімге алғызбай келуге қаншама күш, жігер керек болғанын мен түсінем. Қандай ер халық десеңізші!— деді үзіліп қалған әңгімені қайта қозғап.
— Иә, қазақтың жері қандай жауды көрмеді!—деді Қасен, сөніп қалған шылымын қайтадан тұтатып алды да, жастықты шынтағының астына салып,— бұл даланың үстінен гунндардың, Шыңғыс ханның, Ақсақ Темірдің, жоңғарлардың да әскерлері етті. Бұл дала Қытай, Иран патшаларының шабуылдарын көрді. Қазақ халқы қандай апаттарды басынан өткізбеді! Қанша рет қырылмады! Бір ғана бір мың жеті жүз жиырма үшінші жыл қанша халықтың қанын төкпеді, қанша жұртты шұбыртпады! Оның үстіне ру таласы, барымта, байлар зорлығы...— Қасен ауыр күрсінді,— бірақ «Құрыш — отта, батыр— майданда шынығады» дегендей батыр халық сол зор айқастарда шынықты. Қандай ауыртпалыққа кездессе де қасық қаны қалғанша жерін қорғады... Ешкімге теңдігін бергісі келмеді.
— Иә, сендердің де тарихтарың қанды тарих болған екен ғой,— деді Михаил әлденені ойлағандай ақырын сөйлеп.
Олар бұдан кейін де көп уақыт әңгімелесіп жатты. Қасен тек таң атып келе жатқанда ғана ұйықтап кетті. Ал Михаил жұмыс киімін киіп сыртқа шықты. Ол кейде жұмыс уақыты әлі бола қоймағанмен де ерте тұрып, таң салқынымен біраз еңбек істеп тастауды жақсы көретін еді. Таңертеңгі салқында жұмыс та өнімді болатын. Енді ұйықтай алмайтынын білген соң, Михаил сол әдеті бойынша сыртқа шықты. Ол бүгіп жарылғыш заттардың қойма алаңын бульдозерімен ескі шөптен, қоқым-соқымнан тазалауға тиісті еді. Михаил кешке таман бульдозерін сол жерге апарып қойған болатын. Ол далаға шыққанда тақ саз беріп келе жатқан-ды. Михаил асықпай аяңдап, екі километрдей жердегі жарылғыш заттар қоймасына келді. Бульдозерін жүргізді де, мінбестен бұрын жан-жағына қарады. Өзеннің ар жағындағы суды жағалай біткен қарағаш, жиде тал, торақтының тапал орманының үстінен әлі шықпаған күннің сәулесі алыстағы сөніп бара жатқан өрттің ең ақырғы жалынындай Қызыл күреңденіп көкжиекте тұтасып тұр. Михаил жұмысқа кірісерінде алтын таң оны ылғи осылай қарсы алатын. Ол таңғы салқын ауаны еркінше жұтып, самал желге құшағын жая кеудесін керіп сәл тұрды да, оңтүстікке қарады. Сөйтті де, әлденеге таңырқағандай кідіріп қалды. Шығып келе жатқан күннің қызыл күңгірт сәулесінің жалғасы секілденіп оңтүстіктен жүз — жүз елу метрдей жер күреңдене алаулап тұр. «Күнде бұл жақтан мұндай еш нәрсе көрінбейтін еді ғой!»— деді ішінен. Жел оңтүстіктен еді. Енді ол өзен бойын жағалап жылжып келе жатқан қара қошқыл түтінді байқады. Сөйткенше болған жоқ, күшейе соққан жел Михаилдың мұрнына күйген шөптің қоңырсыған иісіп жеткізді.
— Ағаш өртеніп жатыр!—деді оған айқайлап биік мұнарада тұрған күзетші, сөйтті де, жүгіре басып, қойма есігінің жанында тұрған телефонды алып, поселкеге хабарлауға асықты.
Енді Михаил өзенді жағалай біткен жиде тораңғының қу ағашын бойлап, көлденеңі жүз метрдей жылжып келе жатқан өртті көрді. Жалын тілі жарылғыш заттар мен жанар май қоймаларына беттеп келеді. Өрттің бір ұшқыны осы қоймалардың маңайындағы қурап тұрған шепке тиді дегенше бітті, бұл маңайдағы жанды-жансыздың бәрі көкке ұшады. Бір ғана шеткі қоймада жүз тоннадай аммонит жатыр! Михаил алдымен не істерін білмей сасып қалды, сөйтті де, бульдозеріне мініп те алды. Бульдозер гүр-гүр етіп, алға қарай ұмтылды. Михаил келе жатқан апатты тоқтату үшін бульдозерімен өрттің алдынан жерді тез жыртып үлгірмекші болып, қойманың оңтүстік жағына шықты. Ол пәрменінше акселеродты қатты басып, рычагты үшінші жылдамдыққа қойып, болат ожауын жерге түсірді. Бульдозер тереңдігі он сантиметрдей етіп кездескен баялыш, тобылғыларды тамырларымен қопарып, жер қыртысын қақ айыра жол сала жөнелді. Михаил бірінші жүз метрдің шетіне шыққанда, күшейе бастаған желдің екпінімен, жолындағы қураған ағаштар мен шөпті сытырлата жандырып, ащы қою қара түтінін бұрқыратып от таяп қалды. Өрт жыртылған жерге жиырма-отыз метрдей қалғанда, әлі де өтіп кетпесін деп Михаил бульдозерін тез бұрып алды да, алғашқы бораздамен қатарласа тағы жүрді. Бұл кезде жұрт та топырлап жиналып қалған еді. Әлдекімдер өзеннен шелектеп су тасып, отқа шашып жатыр. Біреулері өртті тұншықтырмақ болып, күректерімен бұрқыратып топырақ лақтырды. Ал тіпті қызып алған жас жігіттер үстеріндегі көйлектерін шешіп алып, келе жатқан апатты арт жағынан түре тиіп, сабалап жүр. Бірақ әбден өрістеп алған сұрапыл, бұл қимылдарға қарар емес, жан-жағын тып-типыл етіп, қурап тұрған ағаштарды сытырлата жандырып, қызыл тілін жалаңдата алға ұмтылды.
Жұрт өртті тоқтатудың бар амалы бульдозерде ғана екенін енді түсінді. Біреу «тоқтаңдар!» дегендей халық кенет құр нәтижесіз қимылдарын қоя салып, иін тіресе, ең ақырғы он шақты метрді жыртып бара жатқан бульдозерге қарап үн-түнсіз тұрды да қалды.
— Япырмай, тракторға от тимесе жарар еді!—деді біреу үрейленген дауыспен.
Өрт аузынан жалын шыққан айдаһардай ысылдап, жолын. қап-қара құрым етіп, жыртылған бораздаға он-он бес метрдей таяй түсті. Жалынды лебі бет қаратар емес. Табиғаттың долы күшімен жекпе-жекке шыққан адамның күресіне таңданған иін тірескен жұрт, демін ішінен алып, қозғалмай түр.
Өзіне төнген қауіпті түсінген шақта бір тірі жандай, үстіндегі адамның дегеніне көніп, бульдозер тоқтамастан, бір қалыпта жүріп келеді. Дүлей күшті, қызыл тілін жалаңдатқан жалмауыз өрт жыртылған қара жерге тіреліп, ақырғы рет боразданың жағасындағы қопарылған баялыш, тобылғыларды сытырлата шарпыды да, әлсірей барып, әзер дегенде тоқтады. Иін тірескен жұрттың «Уф!» деген үні естілді.
Халық енді анадай жерге барып, тракторынан түсіп, сорғалаған маңдай терін сүртіп жатқан Михаилге қарай беттеді.
Гүлшарат жұрттың бәрі өртке қарай жүгіргенде ұйықтап жатқан болатын. Көшедегі айқай-шуды естіп, асыға киінген Ахметбектен басын көтеріп: «Не болып қалды?»— деп сұрады да, оның: «Орман жанып жатыр!»— деген сөзін естіп, зәресі ұшып, орнынан атып тұрған еді. Көйлекшең: «Енді жетпегені осы еді!»—деп жүгіріп терезенің алдына келді де, өрттің алыста екенін көріп, көңілі орнына түскен. Дегенмен де киіне бастаған-ды. Бірақ өртке барған жоқ. Киініп болды да, терезенің алдында тұрып, өрт шыққан жаққа көз жіберді. Бәлендей қауіпті еш нәрсе көре қоймаған соң екінші терезеге барып, өзеннің ар жағында қызыл алтын нұрын төгіп көкжиектегі жаңа ғана қызара алабұртып көтеріліп келе жатқан күнді көрді.
«Бұл жердің күні де бір түрлі! Қып-қызыл!»— деді ол ренжіген пішінмен. Бұл қалай болса, солай айта салған сөз емес еді. Жарқын руднигі Гүлшаратқа келмей-ақ ұнамаған болатын. Гүл жамылып, жасыл киген Алматының жұпар аңқыған бау-бақшасына, төгілген күміс теңгедей сылдыр қағып көше бойы тоқтамай аққан көз жасындай мөлдір сулы арықтарына, әшекейлі театрларына жасынан көзі үйренген Гүлшаратқа сұрқай өңді, сұрғылт топырақты, шаңы бұрқырап аспанға шыққан ыстық күні өңменінен өтетін, өзені лайлы сулы Жарқын руднигіне бауыр басу киын еді. Осы көңілсіз жерді жандандырған сонау тамаша техникалар, күні-түні тыным таппай зырғыған машиналар, гүрсілдеген бұрғылау станоктары, болат арқандары төменді-жоғары сырғып мойындары сорайған экскаваторлар, қала берді осында келген жүздеген жұмыскер, инженерлер, сол жұмыскер, инженерлерді табиғат қиындығына көндіріп Отанның бұйрығын орындауға себеп болмақшы еңбек романтикасы оның көңілін селт еткізген де жоқ. Гүлшараттың келісімен кейін қайтайық демеуіне екі нәрсе себеп болды: бірі — «Осы рудникте мүмкін диссертация қорғауға тақырып табармын»,— деген Ахметбектің сөзі, екінші — мұнда бұлар мәңгілік тұруға келген жоқ қой, аз уақытта көп ақша тауып, Алматыға қайтармыз деген сенім. Бұл екі себептің екеуі де осында келгелі Гүлшараттың ойындағы ең негізгі тілектері еді. Сондықтан да ол, Жарқын руднигіне көңілі қанша толмаса да, тікелей Ахметбекке ештеңе айтқан жоқ... «Оның үстіне бұл жердің қиындығын көретін жалғыз Ахметбек екеуміз бе?—деп ойлады.— «Көппен көрген ұлы той», бұл құмайт далада Ақмарал да, Сауранбай да тұрып жатқан жоқ па? Иә, және Сұлтан да...» Гүлшарат ойының бұл жеріне келгенде, неліктен екені белгісіз, қайдағы бір жоқ қиялға түсіп, томсара қалатын еді.
Ахметбек өрттен қайтып келгеннен кейін, бірге отырып шайларын ішті де күйеуі: «Директорға жолығам»,— деген соң Гүлшарат жалғыз өзі жұмысына кетті.
Бас инженердің кеңсесі карьердің басында болатын. Едені құр ғана жер, үш бөлмелі, жонған тақтайдан қиыстырып салған «уақытша үйдің» біреуінде Сұлтан Әубәкірович, екіншісінде нормировщик пен учетчик, осы екеуінің ортасындағы сопақтау келген, жалғыз терезелі бөлмеде Гүлшарат отыратын. Бұл үйде қолдан істеп сары сырмен боялған кішкентай төрт бұрышты стол мен сырты тас көмірдей жылтыраған телефон, қабырғаға жанастыра орналастырған ұзын орындықтан бөтен еш нәрсе жоқ-тын. Гүлшарат есікті ашқанда, әлі ешкім келмеген екен. Ол үстіндегі сұр батсайы көйлегінің әр жерін қолымен сырып жөндеді де, құмырсқа белін бұрынғысынан да қынай түскен қара лак белбеуін сәл төмен сырып қойды. Сөйтті де көйлегін тырсита керіп, кеудесін қолымен жоғары көтере түсіп, сумкасынан кішкентай айнасын алып үңіле қарады. Қасын керіп, көзін ойнақшытып, ернін ашып, маржандай тізілген тістерін бір шолып өтті. Айнасын қайтадан орнына салды. Бұдан кейін оқтаудай түзу аяғын тықылдата басып, бас инженердің кабинетіне кірді. Есік алдында тұрған шкафтың астындағы тартпасынан бір шүберекті алды да, Сұлтанның столының қасына барды. Сөйтті де өзі,анадай жерде тұрып, қолын соза, столдың үстін сүрте бастады. Столды, бас инженер отыратын орындықты шаңнан тазалап болды да, өзге затқа тиместен шүберекті алған жеріне апарып қойды. Одан кейін Сұлтанның орнына бір қарап, күлімсіреп шығып кетті. Бұл шығып келе жатқанда кеңсеге кереге көз көйлегінің жеңін түріп алған, көзінде сүйек жиекті көзілдірігі бар, жуан саусақты жалпақ алақанымен арифмометрді айқара қысқан, мұрты жаңа шыққан учетчик дудар бас Кентай кірді.
— Есенсіз бе, жеңгей!—деді ол сәл кідіріп, көзілдірігін бос қолымен жоғары көтеріп.
— Өзің де саусың ба?— деп Гүлшарат езу тартты.
Кентай одан әрі тоқталған жоқ, өздерінің бөлмесіне өтіп кетті. Оның соңынан сынайы киінген, күнге күйген бетін сәл әжім басқан нормировщик Ықсан кірді. Ол қыздардың саусағындай нәзік саусақты қолымен Гүлшараттың қолын алып:
— Как здоровье, Гүлшаратжан?— деді жіңішке дауыспен.
— Жаман емес,— деді Гүлшарат,— тек құрып қалғыр таңертеңгі өрт ерте оятты, тіпті ұйқым да қанбай қалды.
— Ужасно! Ужасно!— деді өрттен әлі де үрейі ұшып тұрғандай Ықсан,— егерде аммонит складына тигенде, бүгін бәріміз де о дүниеге аттанған болар едік. Әйтеуір, Хаванскийдің ерлігінің арқасында тірі қалдық...
— Неден болғаны белгісіз бе?
— Пока белгісіз... Но, сөз жоқ табады.,. Обязательно табады...
Ықсан жасынан орыс арасында өскендіктен, оның орысшаны қосып сөйлейтін әдеті болатын. Ол тағы бірдеме айтқысы келіп еді, Гүлшарат «сөз бітті» дегендей столының тартпасын ақтара бастады...
Нормировщик әрі-бері тұрды да: «Да, да, ужасно! Ужасно!»— деп Кентай кірген бөлмеге еніп кетті.
Гүлшарат Ықсан кіріп кеткен есікке қарап: «Мұндай мылжың адамды көрсем көзім шықсын!»—деп жерге бір түкірді де, столының тартпасын тарс жапты.
Осы кезде телефон шылдыр ете қалды.
— Алло! Бас инженердің қабылдау бөлмесі,— деді телефонның трубкасын алып наздана сызылған Гүлшарат. — Амансыз ба? Сұлтан ағайсыз ба? — Гүлшарат сәл қызарып кетті,—Жақсы жатып, жайлы тұрдық...— Оның даусы сәл өзгергендей болды,— жоқ, жоқ... Неге? ..Мазалаған жоқ...— Гүлшарат сықылықтай күлді...— Ие, ие, өрттен шошып ерте ояндым. Рас, жамап қорықтым.— Гүлшараттың даусы тағы да наздана сызылып шықты. — Жоқ, жоқ, ешкім звондаған жоқ... Жақсы, жақсы... Құм карьеріне кетті деймін бе?..— Гүлшарат шынтағын шошайтып, сәндене көтеріп трубканы орнына қойды. Ол аз уақыт төмен қарап, күлімсіреп отырды.
Осы кезде күле сөйлесіп үйге Жақып, Вадим, Дариға кірді.
Гүлшаратпен амандасып болған соң, Вадим:
— Десятник бүгін ауырып қалыпты, бізге нарядты кім береді?— деді Гүлшаратқа.
— Ол не?— деді Гұлшарат.
— Эге... Нарядты білмей сен немене, Марстан...
Вадим сөзінің аяғын бітіргенше, Кентай есікті ашып, көзілдірігін жоғары көтерді де:
— Вадим!—деді даусын сәл қаттырақ шығарып.
— Немене?
— Нарядты білмеген адамның бәрі Марстан түсуі керек пе?!
— Неге, жерде де кездесуі мүмкін... Ондай фактыны көзіміз көріп тұр.
— Болды. Жетер. Өзіңе не керек?
— Маған наряд керек.
— Нарядты мен беремін.
— Сен?.. Ого!— Вадим Жақып пен Дариғаға қарап қалжыңдай сөйледі,— көрдіңдер ме, біздің комсорг қызмет сатысында қалай көтеріле бастағанын?..
Ана екеуі де Кентайға жылы жүзбен қарап күлім қақты.
— Жарайды. Қалжыңды қой.— Кентай Гүлшараттың жанына отырып ақ қағазға үлкен әріппен «шеткі станокты үш метр жылжытып қою керек»... деп өзімен-өзі сөйлесе нарядты жаза бастады. Осы кезде үйден Ықсан шығып Вадимдермен қол беріп амандасты. Кентай нарядты жазып болып, Вадимге берді де, Дариғаға қарап:
— Дариға, сен бүгін қай забойда істейсің?—деді.
Дариға аузын ашқанша болған жоқ Вадим:
— Кентай, сен немене, бір күн десятник болдым деп жұртты зорықтырып өлтірмексің бе? Үш станокке бір сменада алты метр! Бұл қандай норма?— деп нарядты Кентайдың алдына қайта тастады.
— Жо, болды. Бүгінгі норма сол. Орындайсыңдар.
— Бұл не, бұйрық па?
— Уақытты босқа өткізіп не қыласыңдар? Комсомол сендер бұлай дегенде, өзге жұрт не демейді? Сендер үлгі болуларың керек,— деді Кентай. Бұл оның бағанадан бері ең көп сөйлеген сөзі еді.
— Бұл үгіт пе?—деді Вадим күліп.
— Үгіт.
Вадим столдың үстіндегі нарядты қайта алып:
— Жарайды, орындап көрейік,— деді.
— Ешбір «көрейігі» жоқ. Орындауға тиістісіңдер,— деді Кентай.
— Ну, Кентай! Сені «учетчик, қолы бізден көрі бостау» деп комсоргке бірінші ұсынған өзім едім. Сорыма ұсынған екем!—деді жорта қалжыңдай күліп Вадим, сөйтті де зілсіз жұдырығын түйді,— тұра тұр, келесі сайлау болсын!
Кентай қалжыңға қалжың қайтарды.
— Сен түсірсең де, өзім түспеймін!—Ол енді шығып бара жатқан Вадим мен Жақыпқа дауыстады,—өзге жұрт мұнда келмесін. Станоктерге қазір өзім барамын.
Дариғаға да наряд жазып беріп: — Дариға, сен де мына норманы орындауың керек,— деді.
Дариға қағаздың бетіне қарап, сәл ойланып тұрды да, ақырын күлімсіреді.
— Сөзсіз орындаймын!
Ол жүгіре басып, үйден шығып кетті.
Енді Кентай Гүлшарат пен Ықсанға бұрылды.
— Нағыз комсомолка!—Аналардың жауабын күтпей, өздерінің бөлмесінің есігін ашты. Аздан кейін қолыма бір бума қағаз ұстап қайтадан оралды да:
— Станоктерде боламын,— деп үйден шығып кетті.
Баяғыдан бері әлгілердің сөйлеген сөздеріне аң-таң болып тұрған Гүлшарат ,жаңа ғана шығып кеткен көк комбинезонды Дариғаны көз алдына елестетті:
— Ғажап қыз екен! Мен оның жұмысының бірін істей алмас едім!—деді ол өзіне-өзі өмір бойы бірінші рет көңілі толмай.
— О, Дариға ма? Ол барып тұрған огонь! Қыздың қызы, бірінші бойжеткен! Он сегізге жетпей жатып уже член месткома!—деді өзінің жергілікті комитетінің председательдігін үлкен дәреже керетін Ықсан. Ол сөзді үсті-үстіне бастырмалап,— вообще, профсоюз члендерінің бәрі молодцы. Гүлшаратжан, жаңағы Вадим, Жақып — бәрі де профсоюз активі. Олармен бір план емес, он планды орындауға болады!..
Хатшы Ықсанның сөзін әрі қарай тыңдаған жоқ, терезе алдына барып, жүз метрдей жерде ағып жатқан өзенге көз жіберді. Гүлшараттың теріс айналып кеткенін көріп: «Иә, иә, олар он план болса да орындайды, тек организовать ете білу керек»,— деп Ықсан өзімен-өзі сөйлесіп бөлмелеріне кіріп кетті. Гүлшарат үн-түнсіз терезеден телміріп суға қарап тұр.
Жаңа ғана Дариғаға қызыққан жас келіншектің ойы енді басқа жаққа ауды. Ол әлденеден үміттенгендей өзен толқынынан көзін алмай ақырын ғана жымыңдап күліп қояды. Оның көз алдына бұйра шашты бас инженер елестейді. Сұлтанның жаңағы телефонмен әзілдесе айтқан сөзі жүрегін қытықтап жіберген тәрізді. Бірақ сол қытықтан туған Гүлшараттың сонау бір құпия күлкісін ешкім көрген жоқ. Ал көрген жан болса, көңілінде бір күмән туып, ол аяулы Ахметбектің өмірін қор қыла көрме деп араша түсер еді. Тұтанғалы тұрған өртті сөндіруге жан салар еді. Өмірдің әлі ащы-тұщысын татпаған, тек әлі де өз басының қызығын ғана ойлаған Гүлшараттан: «Гүлшарат, сен не ойлайсың? Қарсы соққан желмен алысқан сонау өзен үстіндегі дауылпаздай өмір толқынына қарсы қанат қаға аласың ба? Әлде өзен ағынымен қанатын қақпастан, төмен қарай жүзіп бара жатқан мына бірқазандай, басыңа күн туса күресуге күшің жетпей кете барасың ба?»— деп, қауіптің барын ескертер еді. Ал, бірақ тек сұлулығына мәз болған жас келіншек оған түсінер ме? Ұғар ма?.. Гүлшарат әлі де сол қалпында тұр.
Ол әлі тәтті ой тізбегін үзген жоқ. Жас келіншек осы қалпында ұзақ тұрар еді, егер Кентай ойын бұзып жібермесе, ол үйге асыға кірді де:
— Ешкім телефон соққан жоқ па?—деді.
— Жоқ,— деді анау бұрылмастан, сөйтті де, көкжиекке қолын созып,— анау не?— деді. Кентай қасына барды. Гүлшараттың көрсеткен жағына о да көз жіберді. Алыста тіпті көз ұшында, көк аспанның етек жағында кішкентай ғана бір қара нүкте көрінді.
— Бұл не? Бұлт па?— деді Кентай да таңдана. Сөйткенше болған жоқ, әлгі қара нүкте дастарқанға төгілген сиядай жайыла бастады. Кенет сол жақтан жел тұрып, дәл бір қамшымен сабағандай жол бойларынан, сай-жыралардың ернеулерінен шаң көтеріліп, жер бауырлай жүгіре жөнелді. Төргі үйден Ықсан шықты. Жел бұрынғысынан гөрі қаттырақ соқты, осы кезде үйге асып-сасып Сұлтан да кірді.
— Дауыл келе жатыр!—деді ол көзіндегі күн сәулесінен қорғайтын қоңыр көзілдірігін алып.
Бәрі де терезеге қарады. Көкпеңбек, ашық аспанның жиегінен дөңгелек түтіндей болып жаңағы қара нүкте бірте-бірте үлкейе, жоғары көтеріле түсті. Жел үдей бастады. Енді жол бойындағы, сай-жыралардың ернеуін қуалай жүгірген шаң жылдамырақ ұйтқыды, ойпаттарда бірін-бірі қуа жарысқан қаңбақтар көрінді. Үйдегілер табиғаттың кенет ұстаған бұл долы жынына үрейлене, таңдана қарап тұр. Екі-үш минут еткен жоқ, жаңағы көкжиекте тұтасқан қара бұлт, тез жайылып ақырын көкке сырғып, аспанның тең жартысын жауып кетті. Бір ғажабы, күн де әлі күркіреген жоқ, найзағай да ойнаған жоқ. Адам түсінбейтін бір сұмдық. Тек күншығыстан жан түршігерлік бір бәленің келе жатқаны анық. Жел ішін тартып долдана соғып, бұрынғыдан да күшейе түсуде. Бірнеше минут өткен жоқ, аспан тұтасқан қап-қара бұлттан көрінбей кетті. Ана жерде, мына жерде үй орнындай болып құйындар ұршықтай үйіріліп, өзімен бірге құм мен кішкентай түйіршік тастарды шыр айналдыра көкке көтерді. Осылай ғасырлар бойы жан баспаған алып даланың сұрапыл зор дауылы басталды.
Жел ұшырған кішкентай түйіршік тас ұрып, кенет шарт етіп терезе сынды: үй іші адам демін ала алмастай тозаңға толды. Кентай жүгіріп барып, Гүлшараттың столын көтеріп алды да, терезені бастыра арқасымен сүйеп тұра қалды. Үй ішіндегі шаң аздап басылайын деді. Учетчик жан-жағына қарады. «Это ужасно! Ужасно!»— деп бір бұрыштан бір бұрышқа дәйек таппай жүгіріп Ықсан жүр. Қырғидан қорыққан балапандай зәре-құты жоқ, бір бұрышта үрпиіп Гүлшарат тұр. Оған таяу, бір қолымен қабырғаға сүйеніп, ұзын орындықтың шетінде қобалжыған түрде Сұлтан отыр. Гүлшараттың беті, қас-қабағы, кірпігі ұн сепкендей тұтасқан шаң тек жылтырап көзі көрінеді. Әп-әдемі Гүлшараттың мына түріне қарап Кентай күліп жібере жаздады да, дер кезінде тоқтай қалды. «Какая метаморфоза» —деді де ол ішінен, столды қаттырақ арқасымен итере түсті. Дәл осы кезде жерді жара күн күркіреп, екі тауды біріне-бірі ұрғандай болып шатыр-шатыр етті де, болат қылыштың жүзіндей көкті қақ жарып, жарқылдап найзағай ойнап кетті.
Аспан құлап жерге түскендей болды. «Ой! Ой»—деп зәре-құты қашқан Гүлшарат Сұлтанның құшағына қалай тығылғанын білмей қалды. «Қорықпа! Қорықпа!»—деп Сұлтан бір қолымен оның иығынан құшақтап, екінші қолымен жүрек тусын ұстан өзіне қарай қыса түсті. Сұлтанның қолы төсін қаттырақ қысып жібергенде, жүрегін дауылдан да күшті бір ыстық сезім билеп, Гүлшараттың денесі кенет балқып кетті. Бірақ бұл жағдай бір минутқа созылған жоқ. Гүлшарат әлденеден шошынғандай, Сұлтанның құшағынан ақырын сытылып босанды да, екі қолымен бетін басып, бас инженердің иығына иығын тигізе қатарласа отыра кетті. Ол дауыл біткенше осы мелшиген қалпынан қозғалған жоқ. Дауыл үдей түсті. Ысқырық, ұлу, гүріл, адам түсінбес дыбыс жер бетін басып кеткендей. Уақытша болса да мықты ағаштан жасалған баспана қазір күл-талқаны шығардай сықыр-сықыр етеді, долы желдің екпінімен орнынан қозғалып, жылжып бара жатқандай болады. Кенет тағы да күн күркіреп, түп-түзу бірнеше сынған сызықтай, бөлшек-бөлшек болып көктің әр жерінде найзағайлар жарқ-жұрқ етті де, дауыл ішін тартып тына қалды. Сөйтті де аспаннан жаңбыр шелектеп құя жөнелді. Енді жел, құм, жаңбыр адам түсінбес қою лайға айналып, дүние жүзін қап-қара түн басып кетті. Осы қараңғыда зәрені ұшыра, оқта-текте найзағай ойнады. Үйдің ішіндегілерде үн жоқ. Тек анда-санда «ужасно!» деген Ықсанның үрейлі үні мен «Даладағы жұрт не болар екен?» деген сыртта, жұмыста жүрген адамдарды аяған, жаны ашып қобалжи шыққан Кентайдың даусы естіледі.
Осындай жан түршігерлік сұрапылда жиырма минуттай уақыт өткенде, жаңбыр бірте-бірте толастай берді.
Дауыл қандай жылдам басталса, сондай лезде аялдады. Өткінші сұрапыл жердің бетін әлем-тапырық, ұйқы тұйқы етіп барып тынды. Аспап айнадай ашылып, күлімдеп күн көрінді. Үйдегілер далаға шығып, үсті-басын қағып, өздерін ретке келтіре бастады. Тек Гүлшарат қана орнынан қозғалған жоқ. Оған дауылмен бірге, жаңа ғана кеудесіне Сұлтанның қолы тигенде бүкіл денесін билеп кеткен ыстық сезім де басыла қалғандай көрінді. Жоқ. Гүлшарат өзін-өзі алдап отыр еді. Ол сезім басылмаған. Гүлшарат оның басылуын да тілеген жоқ. Тек тым қысқа болғанына өкінішті еді.
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
Көрікті жігіттерге көңілі бос, сезімтал Гүлшараттың бағанағы дауылдан кейін, кенет ой-өрісі екіге бөлінді. Егер Сұлтан дауылсыз, бөтен қолайлы жағдайда жаңағыдай қыса құшақтайтын болса, өзінің қарсы тұра алмайтынын түсінген. Бірінші толқуы — осы бір тәтті, бірақ көңілге сәл қобалжу тудырған сезімнен пайда болған. Ал екінші толқуы — Ахметбекпен байланысты еді. Оған ерге шыққалы, бөтен еш жігітке босаңдық істеп көрмеген Гүлшарат, кенет қорқа қалды. «Егер Сұлтанның дегеніне көнер болсам Ахметбекке обал етпеймін бе? Ал алда-жалда ол менің қылығымды біліп қалса, не деймін, не бетіммен қараймын?»
Осылай бір сәт әбігерлене қалған Гүлшарат кенет жанын өртей бастаған сезімнен қашпақ болды. Сонда қалай қашады? Көңілін мүлдем өзіне аудара бастаған Сұлтанды күнде көреді. Мұндай жағдайда ол қалай оның дегеніне көнбейді? Өзі көнбес еді, бірақ жүрегі құрғыр бұған көнер ме? «Көнбе!» — деп оған қалай бұйыра алады. Жоқ, жоқ сонда да, шын сүйіп қосылған Ахметбекке опасыздық істеуге болмайды. Болмайды! Ол үшін жалғыз жол — бұл арадан кету керек. Өзін-өзі азапқа салған Гүлшарат осындай шешімге келді. Бірақ бұл шешімге өзі де шын сенбеді. Дегенмен «Опасыздық істемеу керек» деген ойы оған дұрыс ақыл көрінді. Бірақ Гүлшараттың жүрегін әрқашанда ақылынан гөрі сезімі билейтін. Сол себептен өз жанымен өзі алысқан Гүлшараттың бұл шешімі өзін-өзі алдауы еді. Ал жарайды, бұл арадан кетсін, бірақ қалай кетеді? «Жүр, кетейік» дегенге әрине, Ахметбек көнбейді. Бұл арадан оны кетіретін себеп табу керек. «Сұлтанды мен жақсы көремін, бірақ сенің көзіңе шөп салғым келмейді. Жалғыз жол — бұл арадан кету керек»,— деп оған қалай айтады? Және сөйтіп айту керек пе?
Кенет ол басқа сылтау тапты. Ол жаңағы дауылдан кейін беті-қолын жуып жатқан Ахметбекке:
— Мен жаңағы дауылдан қорқып кеттім бе, білмеймін жүрегім қатты шаншып тұр...— деді.
Ахметбек сабынды бетімен әйеліне бұрылды.
— Жүрегім дейсің бе? Япырмай, ә...-— Ол шын қорқып кетті.
— Иә. Ал бағана дауыл кезінде, тіпті өкпем аузыма тығылып тұншығып, өліп қала жаздадым.
Ахметбек енді шын шошыды. Ол тез-тез жуынып болды да:
— Жүр, емханаға барайық,— деді.
Ақмарал Гүлшараттың жүрегін әрі тыңдады, бері тыңдады, тамырын да басты.
— Бәлендей қауіпті ештеңені көре алмай тұрмын,— деді ол Гүлшаратты қарап болып.— Қан тамырың сәл жиілеу соғады. Ол, сірә бүгінгі ауа райымен байланысты болар. Дегенмен, жүрекпен ойнауға болмайды, оны күту керек.
— Күткенмен, бір ауырған жүрек жазыла қояды деймісің,— деді Гүлшарат, ол сірә, Ақмаралдың ауырып тұр демегеніне ренжіп қалған тәрізді.
— Неге?—деді Ақмарал Гүлшараттың сөзіне жауап беріп,— жүректі күту, бақылау деген үлкен фактор. Атақты жазушы Виктор Гюго жүрегі «порок сердцаның» ауыр түріне шалдығып туған. Ол ауруынан өмір бойы жазылмаған, бірақ күтудің, шынықтырудың арқасында сексеннен асып дүние салған.
— Сонда ол не істеді екен? — деді Ахметбек.
— Ол жүрегінің ауырғанына қарамай, күнде ұзақ уақыт Сена өзенінде қайық есу спортыменен шұғылданған. Және қайық ескенде қандай! Жарысқанда жиырма бестегі жігіттерден озып отырған.
— Ондай спортпен шұғылданатын бұл арада қайдағы теңіз!—деді Гүлшарат терезе жаққа көз тастап,— қай жаққа қарасаң да құм, топырақ. Жоқ.Ахметбек, егер мені мүлдем өліп қалмасын демесең, тезірек бұл арадан кетейік.
— Қайда?— Ахметбек күлді.
— Алматыға! Немесе Қара теңіз жағасына.
— Мұндай жерде мен істемегенде
— Онда мен істейтін жұмыс жоқ. Және менің маман кім істейді?
— Сонда біздің үлесімізге тек осы ыстық желді, кесіртке жүгірген, тасбақа жылжыған, құм, топырақты шөлейт қана тигені ме?
— Оның несі бар? Құм, топырақ, шөлейт десең де бұ да біздің жер — ананың бір бөлегі емес пе? Жоқ, Гүлшарат, мен бұл арадан еш жаққа кетпеймін. Бүгінгі менің орным — осы Жарқын руднигінде. Сенің де орның осында. Және жүрегім деп сен күні бұрын қорықпа. Жаңа Ақмарал айтты ғой, бәлендей қорқынышты ештеңе жоқ деп.
— Қайдам,— деді Гүлшарат. Кенет оның есіне өзін Сұлтанның қалай құшақтағаны түсіп кетті. Бойы дір ете қалды.— Қайдам,— деді ол қайтадан.— Тек жүрегі құрғыр шыдаса жарар еді. Ал шыдай алмай қалса, маған өкпелеп жүрме.
Ахметбек әйелінің неден қорқып тұрғанын түсінген жоқ. Тек оның «Бұл арадан кетейік» деген райынан қайтқанына қуанып қалды.
— Бәсе, менің Гүлшаратым осындай болуы керек қой,— деді насаттанып.— Ал жүрегіңнен қорықпа, оның қалай соғатынын өзім бақылап жүремін, титтей өзгеріс бола бастаса дереу шара қолданамыз...
Әрине, Ахметбек дәл қазірдің өзінде Гүлшараттың жүрегінің өзгеше соға бастағанын білген жоқ, сүйген жарын өзіндей адал санаған жігітке оны білу де мүмкін емес еді.
Осы кезде үйге директордың көмекшісі, жұрттың бәрі «Балақан» деп атайтын кішкентай, секпіл бетті сары бала Нұржан кірді.
— Амансыздар ма? Амансыз ба, Ақмарал апай?— деді ол есіктің алдында тұрып, сөйтті де,— Ахметбек ағай, сізді бір сағаттай болды іздегеніме... тіпті құм карьеріне де барып келдім...— деді.
— Дауыл соққанда қайда болдың, Нұржантай?— деді Ақмарал оның сөзін бөліп.
— Құм карьерінде...
— Қорыққан жоқсың ба?
— Қорықтым... Бірақ қорыққанымды ешкімге білдіргем жоқпын. Экскаватордың доңғалағынан ұстап бүк түсіп жатып алдым.
Ақмарал күліп жіберді.
— Үстің су емес қой?— деді тағы ол.
— Шешем көйлек-ыстанымды ауыстырып берді...
— Жарайсың, Нұржантай!—деді Ақмарал оның басынан сипап. Осы минутта көз алдына Алматыда интернатта қалған інісі Кенжетай елестеп кетті де, ол жымиып күлді. Нұржанға қарап,— Ахметбекті жай іздеп жүрсің бе?— деді.
— Жоқ, Асекең келсін деді.
Ахметбек Нұржанға еріп шығып кетті. Аздан кейін Гүлшарат та үйіне қарай аяңдады.
Бұлар кеткеннен кейін Ақмаралды бір ауыр зіл басты. Ол әлденеге ренжігендей, өкпелегендей. Бірақ мұндай зілдің неден туғанын өзі де түсінді. «Мұндай сезім расымен өзін емес, Ахметбектің Гүлшаратты үгіттеп, мәпелегенінен туды ма? Иә, солай тәрізді. Өзің жақсы көрген адамың бөтенді ойлап тұрса, сені қалай қайғы баспасын».
Ахметбек келгенде, Ержановтың кабинетінде Хамза, Люба, Қасен және бұрын ол көрмеген төрт-бес қыз бен жігіттер отыр екен. Ахметбектің соңынан іле-шала Кентай да кірді. Асылбек мәжілісін бастады.
— Жастар, біз Хамза Нұрғалимович екеуміз сіздерді мынадай жағдаймен шақырған едік,— директор отырғандарды көзімен бір шолып өтті,— өздеріңіз білесіздер, біздің негізгі өндірісіміз — бөгет пен карьердің жұмысы әзірге жаман емес секілді... Қазіргі жұмысымыздың бір кемшілігі — бізге әк тасы жетпей жатыр...— Ержанов енді Ахметбекке қарап қойды.— Жүсіпов жолдас әкті кемемен алыстан тасығанша оны осы жерде күйдіретін пештің оңай конструкциясын ұсынып отыр. Енді тек сол пештерді жылдам қалап, әкті өзіміз күйдіре бастауымыз керек. Бұл жұмысты комсомолдар өз қолына алса дейміз.
— Дұрыс. Оған біз дайын,— деді Кентай, сөйтті де серіктеріне қарап,— солай емес пе, жолдастар?—деп көзілдірігін сәл көтеріп қойды. Жастар шуылдап қоя берді.
— Әрине.
— Дайынбыз.
— Қазірден бастап бригада құру керек.
Асылбек пен Хамза жастардың бұл ықыласына риза болып күлім қақты. Парторг орнынан түрегелді.
— Кімді бригадир етіп сайлайсыңдар?
Жастар біріне-бірі қарады.
— Алешаны сайласақ қайтеді?—деді біреуі, шетте отырған ұзын бойлы жас өспірім бала жігітті көрсетіп.
— Қой, Алеша бригадир бола алатын ба еді?— Басына қызыл жібек орамал байлаған, жұнттай, семізше келген, көзі ойнақшыған, қара торы жас қыз орнынан ұшып тұра келді.— Ол ұмытшақ, бәрімізді тегіс жоғалтып алар...
Ұяң мінезді Алеша төмен қарады.
— Онда өзің бол!—деп толықша қызға тап берді, Алешаны ұсынған жігіт.
— Тапқан екенсің бригадир болатын кісіні!— деді Алешаның өшін алайын деген ниетпен оның жолдасы Сергей деген жас жігіт.— Ниночка бәрімізбен қырылысып болар. Оның мінезіне адамның тас бейнесі болмаса, кісі шыдар ма...
Жұрт Ду күлді. Нина кенет қызарып кетті.
— Мінезім жаман болып саған не істедім?
— Асылбек Ержанович,— деді Ахметбек директорға қарап,— жолдастар, тақа таныс болмаған соң атын атамай отыр ғой деймін, меніңше Люба жаман бригадир болмас еді...
Кентай орнынан қозғалып қойды.
— Идея. Мен де сол пікірдемін.
Асылбек Любаға қарады.
— Люба, өзің қалай көресің?
— Жұрт бол десе не дейін, болсам болайын...
— Жақсы,— деді директор,— Люба, онда сізді бригадир етіп бүгін бұйрық береміз!—Ол Кентайға бұрылды,—бригаданы кілең жастардан құруға жәрдемдесуді, комсорг, өзіңе тапсырамыз.
— Жақсы.
— Ал енді,—директор орнынан түрегеліп отырғандарға күлімсірей қарады.— Әк күйдіретін пештердің қандай екенін Жүсіпов өзі түсіндірер...
Жастар Ахметбекке еріп, оның кабинетіне қарай беттеді. Жолай Любаның қасында келе жатқан Қасен:
— Любажан, клубтың жұмысы бәрібір кешке істеледі, мені бригаданың күндізгі сменасына бірінші етіп жаз,— деді.
— Жарайды,— Люба оны қолтықтап алды да құлағына сыбырлады,— біз Алматы жастарының жұмысты қалай істейтінін көрсетуге тиістіміз.
Ахметбек ұсынған әдіс оп-оңай болатын. Отын салу үшін аумағы тоғыз қанат киіз үйдей, тереңдігі екі метрдей жер қазып, оның үстіне арасын сәл ашық қалдырып, қатарлап рельс жабу керек. Содан кейін осы қазылған жерді қоршай, қалыңдығы бір жарым-екі метр, биіктігін үш жарым-төрт метрдей етіп, дөңгелете, қабырғаларын жоғары қарай, сәл жантайта саз балшықтан пештің өзін тұрғызу керек. Әр жерде түтін шығатын тесік қалдырып, төмендегі рельстен бастап, қалыңдығын жиырма сантиметрдей етіп, әк тас пен көмірді кезектестіре салып, пешті ең жоғарғы ернеуіне шейін толтыру керек. Төменгі қазылған жерден ауыз шығарып, ішіндегі отынды тұтату керек. Бар болғаны осы.
Сөйтіп осы пештерден, он-он бес күн өткеннен кейін ұндай аппақ жүз-жүз төрт тонна дайын әк алуға болады.
Жастар бригадасының жұмысы шу дегеннен-ақ қызу жүріп кетті. Олар өзенге таяу ойпат жерге бірден үш пешті тұрғыза бастады. Әр пештің беретін өнімі бір тоннадан артық болмайтындықтан да жұмыстың бәрі қолмен істелуге тиісті.
Өмірінде қолына күрек, қайла ұстап көрмеген Қасеннің алақаны бірінші күні-ақ жер қазамын деп, отқа күйгендей үлбіреп шыға келді. Екі-үш күннен кейін қолы қызыл шақа болып ойылып, тіпті іске жарамай қалды. Жұмыстан кейін үйге келгенде, тұла бойы сырқырап, екі қары көтертпей төсегіне әбден шаршап жығылды. Бірақ жасынан қайсар мінезді Қасен неғұрлым ауыр болса, соғұрлым өршелене түсті. Ол аз күннен кейін ойылып қалған алақанына шекілдеуік майын жағып, сәл кебіңкірегеннен кейін қолын дәкемен қалың етіп орап алып, үстіндегі көйлекті шешіп тастап, маңдай тері бұршақтап, жұмысқа бұрынғыдан да белсене кірісті. Үйге келгеннен кейін шаршағанын білдіргісі келмей, кешке клубқа барып тиісті жұмысын істеп жүрді... Әсіресе, Қасен Любаның көзіне ауыр жұмыс істей алмайтын, ақ саусақ болып көрінгісі келмеді.
Июль айы биыл жылдағысынан ыстық болды. Әсіресе, бүгін. Шаңқай тал түс. Аспанда оймақтай бұлт жоқ. Күн күйіп тұр. Оңтүстіктен соққан аңызақ жел бет қаратар емес. Күннің ыстықтығынан өзгеріп кеткен көгілдір аспанның түрі қазір ақ қаңылтыр тәрізді. Көлеңкелеу қойған термометр бірден қырық бес градустық ыстықты көр« сетеді. Үйден сыртқа шыққан адам, бейне бір судан шыққан балық секілді ауа жетпей, демін әзер-әзер алады.. Бұл жердің өзінде де, сирек кездесетін ыстық, адамның бойын дел-сал қып, басын айналдырып жұмыс істететін емес, далада қыбырлаған жан, күндегі тыным таппай зыр қағып жүріп жататын машиналардың бірде-бірі көрінбейді. Тек, осындай аспан айналып жерге түсетін ыстықта «Бөрік тас» жотасындағы Вадим, Жақып секілді жастар мен Любаның бригадасы ғана жұмыста. Пештердің салынып біткеніне үш күн етті. Енді оны тас пен көмірге тез толтырып, от жақпаса, қисайта салған қабырғалары мына аңызақта әр жерінен жарылып, құлап қалуы да мүмкін.
Міне, сондықтан да Люба өзі әзер жүрсе де, бригадасына тыным бергісі келмейді. Қайткен күнде де бүгін пештерге от тұтатып үлгіруді арман етеді. Ол анадай жерде тұрған қамыс қалқаннан шығып, көлеңкеде отырған серіктеріне:
— Кәне, жігіттер, тағы бір қимылдап жіберейік!— деді басына киіз панамасын киіп жатып.
Сөйткенше болған жоқ, қара қошқыл болып күнге күйген қыз бен жігіттер топырласып сыртқа шықты. Олар екі-екіден бөлініп, жұмыстарына кірісті. Біреулері зембілмен пештің ернеуіне дейін балшықтан құйылған баспалдақ арқылы тас пен көмір тасыса, ал екінші біреулері, сол әкелген заттарды дұрыстап қалап, жая бастады. Әне-міне дегенше, жұмыс қызып кетті. Анандай жерде үйілген көмірді зембілге салып жатқан Қасен:
— Алеша, төмен түс, көмірді енді сен сал. Бұл саған жеңілірек тиер, сенің орныңа мен барайын,— деді, сөйтті де өзі күрегін тастап, жоғары көтеріле бастады.
— Қасен, Алешаға жаның текке ашиды... Бәрібір ол қадірді білмейді...— деді төмен түсіп келе жатқан Алексейге мейірлене қараған Нина.
— Оған сенің жаның ашымайтын шығар!—деп жанынан өтіп бара жатып. Сергей Нинаны сөзімен шымшып алды.
— Оны сен қайдан білесің?
— Білемін... Айтайын ба?
Сергей жанындағы көмір толтырылған зембілді жоғары қарай көтере жөнелді.
— Айт...— деді сәл бөгеліңкірей сөйлеп Нина.
Бұл жолы оның даусы ақырын шықты.
— Айт! Айт!— деп жан-жағындағы қыздар мен жігіттер шулап қоя берді.
— Айтсам... Майдың бір тамаша күнінде,— Сергей пештің ернеуіне келіп, сахнаға шыққан артисше сәл кідірді.
— Қойшы, сол қалжыңбастың сөзін... Қане көтеріңдер,— деді Нина зембілді күтіп тұрған екі жігітке.— Немене, ірімшік күткен қарғадай жоғары қарап, ауыздарыңды ашып қалғандарың!
— Жоқ, тыңдаймыз,— деді жігіттердің бірі. Ол Сергейге қарап:
— Айт! Ниночкадан өшімізді алып бер. Әбден зорықтыратын болды,— деді дауыстай күліп.
— Айтсам, ол майдың бір...
— Сергей, қойсайшы...— деп күңк ете қалды күні бойы жақ ашпай үн-түнсіз жұмыс істеп жатқан Алексей.
— Көрдіңдер ме, Ниночкаға Алешаның жаны ашып тұр!— деді Алексеймен қатар тас қалап жатқан сары қыз.
— Ә... екеуінің де бір-біріне жаны ашитын болса, онда қоя қояйын,— Сергей ернеуден төмен түсіп кетті.
Осы кезде пештердің қасына Ахметбек пен Кентай келді. Люба оларды көріп, жұртқа қарап айқайлап жіберді.
— Он минут демалыс!
Жастар саймандарын тастай салып, қамыстың көлеңкесіне жүгірді. Ахметбек пен Кентай солай қарай беттеді.
— Амансыздар ма, жолдастар!—деді Ахметбек жұртпен амандасып. Кентай қолын жоғары көтерді.
— Сәлем, жастар бригадасына!
Көлеңкеде бірі етпетінен, бірі шалқасынан сұлап, демалып жатқан қыздар мен жігіттер де бастарын көтеріп олармен амандасты. Ахметбек бұлар жатқан көлеңкеге кірді.
— Мынандай ыстықта қалай жұмыс істеп жатырсыңдар? Күн өтсе қайтесіңдер?!
— Күнмен санасар уақыт болып жатыр ма? Бүгін қайтсек те пештерді толтыруымыз керек, әйтпесе құлап қалуы мүмкін,— деді Люба жауап беріп.
Бас инженердің орынбасары жарыла бастаған пешке көз жіберіп сәл тұрды да, Любаға қарап:
— Ал, жұмысты қалай ұйымдастырып жатырсыңдар? Бригада кезектесіп істей ме?—деп сұрады.
— Жоқ, үш звено пешті толтырулары керек. Әр жарты сағаттан кейін көлеңкеде он минут дем аламыз.
— Бұ да дұрыс екен. Олай болғанда звеномен звено социалистік жарысқа түскен шығар?..
Люба сәл тоқтап қалды.
— Жоқ...— деді ол аздан кейін,— ойға келмепті.
Бригада мүшелері ұялғандай біріне-бірі қарады.
— Қалайша ойларыңа келмеді?! Социалистік жарыссыз жұмыс бола ма?!—деді Кентай көзілдірігін жоғары көтеріп...
— Бұларың үлкен білместік болған екен...
— Үлкен білместік! Үлкен білместік! Оны өзіміз де көріп тұрмыз! Ал өзің қайда қалдың? Комсорг сен емессің бе, келіп ұйымдастырсаң қайтетін еді?!—деді Кентайдың өзіне тап беріп Нина.— Көпшіліктен қол үзу нағыз бюрократтық,— деді ол тағы да қоршап тұрған жастарға көзін қысып.
Ахметбек «Өзің не дер екенсің» дегендей күлімсірей Кентайға қарады. Анау үндей алмай қалды. Аздан соң барып айыбын мойнына ала сөйледі.
— Сынды дұрыс деп қабылдаймын. Қатемді қазір жөндеуге уәде берем.— Сөйтті де ол қалтасынан қойын дәптері мен қаламын алды.—«Біз төмендегі қол қоюшы жастар бригадасының звено бастығы Нина Светлова, Қасен Әбілқайыров және Сергей Жариков...»— деп социалистік жарыстың шартын жаза бастады.
Нина күліп жіберді.
— Не жазып жатырсың?
— Социалистік шарт.
— Ой, формалист! Қағазсыз да түсінікті емес пе?
— Жоқ, бұл тәртіп. Әр істе тәртіп болу керек.
Бес минуттан кейін Кентай шартты жазып болып, звено бастықтарына қол қойдырды.
— Ал енді өнерлеріңді көрсетіңдер!
— Жоқ, сен мұнымен құтылмайсың,— деді Нина оның қасына келіп:— Социалистік жарысқа қалай түсу керек, алдымен өзің көрсет.
Кентай білегін сыбана бастады.
— Оған сөз бар ма!
— Қане, достар, социалистік жарыс шабуылы жарияланды!— деді Люба дауыстап.
Бұл кезде күн бесінге таянып қалған еді. Ыстық лебі қайтайын деген тәрізді. Жастар бригадасының жұмысы әне-міне дегенше қарқындай түсті. Ана жерден, мына жерден: «Бол жылдам! Бер анау күректі! Асықпа, тез шаршап қаласың!» деген айқайлар естілді. Кентай барып Нинаның звеносына қосылды.
— Ал, көр комсоргтің жұмысты қалай істейтінін!— деді ол Нинадан күректі алып жатып.
Нина қалжыңға айналдырып кетті.
— Көрерміз! Тек байқа, күректің сабы қаламның сабы емес, қолың ойылып қалып жүрмесін!..
Звенолардың жұмысты қалай істеп жатқанын бір шолып өткен Люба:
— Байқаңдар, жігіттер, Нинаның звеносы озып бара жатыр,— деді ортадағы пештің үстіне шығып.
— Ал, жігіттер, бас көрікті!
— Нинаның звеносына комсоргтың өзі болысқан соң қойсын ба?
Люба қайтадан айқайлады.
— Жігіттер, қыздың звеносынан қалып қойып масқара болып жүрмеңдер!
— Естідің бе?— деді Алешаға Сергей,— қалып қойсақ, әсіресе саған батар. Қимылдай түс.
Алексей үндеген жоқ, тек күлімсіреп, жұмысын істей берді.
Бірақ Алексейдің сөзін бағанағы сары қыз іліп әкетті.
— Сергей, Алеша Нинаның звеносының жеңіп шыққанын жақсы көрмейтінін қайдан білдің?
— Үндемеген түрі жаман, шамасы солай болу керек!— деді қыздың сөзін мақұлдап, қара торы жігіт.
Жастар Алексейді әзілмен қанша қажаса да, ол жұмған аузын ашқан жоқ. Алексейдің мұнысына ыза болған сары қыз тағы қалжыңдай түсті.
— Түу, бұдан еш нәрсе шықпас. Нинаның қалай іші пыспайды екен?
Осындай күлкі-қалжыңмен күн бата жұмыс та бітті. Нинаның звеносы озып шықты.
Қалып қойғандарына намыстанған сары қыз қалжыңдай күлді.
— Сөз жоқ, біз озып шығатын едік, бар пәле мына Алешадан болды. Нинаның звеносы жеңсін дей жорта жұмысты жалқау істеді.
Бағанадан бері үндемеген Алексей кенет бұлқан-талқан болып ашуланып қалды.
— Алеша! Алеша! Алеша сендердің тілдеріңе шыққан жара ма соншама!—деді ол Нинаға болысты дегенге емес, жұмысты жалқау істеді дегенге шамданып.— Мен жұмысты бәріңнен де көп істедім, нанбасаңдар қалаған тасыма қараңдар.
Жұрт ду күлді.
— Алексей, оған ашуланба, сенің бригадада бірінші екпінді екеніңді жұрттың бәрі де біледі, ал маған болысқаныңды көре алмаған жұрт, мейлі не десе о десін,— деді Нина Алексейді жұбатқан болып күле сөйлеп.
— Саған болысайын деген ешкім де жоқ,— деді де Алексей, Нинаға ашулана қарап бұрылып кетті.
Ахметбек жұмыстан келе жатып, терезесінің ашық тұрғанын көріп, Ақмаралдың кабинетіне кірді.
— Амансың ба, Ақмарал,— деді Ахметбек есіктен кіре беріп, хирургтің қағаз жазып жалғыз отырғанына көз тастап.
Ақмарал оны көріп қуанып кетті.
— Жоғары шық!— деді ол Ахметбекке күлімсіреп, оның көмір мен шаң басқан үсті-басына таңдана қарады.— Қайдан жүрсің?
— Әк күйдіретін пештер жақтан.
— Ә... ә. Бүгін күн өте ыстық болды ғой...
— Иә, адам айтқысыз болды.
— Дегенмен!—деді Ақмарал кенет,— көйлегіңді шеш, жүрегіңді тыңдайын.
— Неге?—Ахметбек сасып қалды. Сөйтсе де ол көйлегін шешті. Ақмарал қолына стетоскопын алып, оның кеудесін, жүрегін тыңдады. Сол қолын ұстап тамырын басты.
— Жүрегің сәл қаттырақ соғады. Ол еш нәрсе емес. Мұндай ыстықта адамның жүрегі де бір қалыпты бола бермейді ғой.
— Пульсім қанша?
— Жетпіс.
— Бұрын да осы маңайда болатын.
— Әрине, бұл сенің жасыңдағы адамға көбірек.
Ақмарал орнына барып отырды. Ахметбек киіне бастады.
— Дегенмен де бүгінгідей ыстықтан сақтан. Жүрекпен ойнауға болмайды.
Ахметбек Ақмаралға қарады. Оның өзіне жаны ашып тұрғанын сезді.
— Түу, қайдағы жоқты айтады екенсің, Ақмарал.— Ахметбек кенет күлді,— менің жүрегім пілдің жүрегіндей мықты. Қандай ыстық болса да шыдайды.
— Сен солай ойлайсың ба?— Ақмарал жұмбақтай сөйледі.— Дүниеде жүрек шыдай алмайтын да ыстық болмай ма?
— Иә, бірақ ол өмір ыстығы ғой.
— Сол өмір ыстықтығы үшін ең алдымен денсаулық керек. Сондықтан сен өзіңді-өзің күт...
Ахметбек бірдеңеге түсінген тәрізденді. Енді сөз таластырғысы келмей:
— Жақсы,— деді ол. Ақмаралдың үлкен қара көзінде шық суындай мөлдіреп тұрған жасты көрді. Ахметбектің ойына кенет сонау Чкалов станциясы, екеуі қоштасар сәт түсті:
— Ақмарал, сонау бір алыстап кеткен күнді есіме түсірдің ғой...
— Сол күн саған алыс болғанмен маған әлі де жақын тәрізді,— деп, Ақмарал күрсініп төмен қарады,— Жақындаған қуаныштың алыстаған үміті жаман екен...
Ахметбек осы минутта Ақмаралдың өзін әлі де жақсы көретінін түсінді.
Дәрігер ашық тұрған терезеге қарады.
— Бір жақсы көрген адам — айдын көлін тастап кете алмайтын аққу құс тәрізді екен... Алысқа ұшқан сайын қанша ұмыта бастаса да, сол ақ, айдынын қайта бір көрсе болғаны... Көбік атқан көк толқыны шақырып тұрғандай қайта қонғысы, қайта жүзгісі келеді де тұрады екен,— деді Ақмарал қиялдана сөйлеп,— өзім де білмеймін, біраздан бері ұшып бара жатқан самолеттің қанатының үстінде тұрғандай қобалжудамын... Аяғымды бір рет бассам құлап кететіндей қорқамын... Бірақ жүрек құрғыр: «Қорықпа, тәуекел ет...» дегендей болады да тұрады...
Осы минутта Ахметбекке Ақмарал, қолы жетпес досына хат жазып, құс қанатына байлап, жүрегінен хабар берген ертегілердің қыздарындай болып көрінді. Сонау үзіліп кеткен үміт жібін қайта жалғаймын деп, жалғай алмай қиналып отырған жас әйелді ол аяп кетті.
Ахметбек өзін-өзі ұстай алмай, шашына сәл қолын тигізді де:
— Ақмарал, салқын үнмен айтқан мұңды сөзің жүрегімді ыстық шоқ түскендей күйдіріп жіберді ғой,— деді. Сөйтті де терезенің алдына барып, бұрылмастан.— Мен өткен жылы Көкшетауда болдым. Көкшенің сансыз көлдерінің бірінде екі аққуды кездестірдім. Бұрын ондай құстарды табиғат аясында сирек көрген едім, қылықтары адам сүйсінерлік тамаша болады екен. Бірінен-бірі алыс кетпейді, алыс кетсе бірін-бірі сағынып, зарлана сыңсып, шақырып алғанша асығады. Олар өмір бойы солай өтеді екен. Менің де шала-жансар жүрегім сол аққу құстардың жүрегі тәрізді. Гүлшаратқа деген махаббат әнім мәңгі секілді,— деді ол. Ақмарал үндеген жоқ, тек ауыр күрсінді де қойды. Осы кезде терезе алдындағы Ахметбекке көшенің арғы жағындағы үйдің бұрышынан бұларға біреу қарап тұрған тәрізді болып көрінді. Қас қарайған кез, кім екенін анық білуге болмайды, Ахметбек Ақмаралға бұрылып.
— Біраз уақыт болып қалды, қайтпайсың ба?—деді,
— Қайтсақ қайтайық...
Олар шамды сендіріп, есікті жауып, далаға шықты.
Екеуі біраз жер рудниктің күнделікті жағдайын сөйлесіп келді де, Ақмарал қоштасып үйіне бұрылды.
Ол үйіне қайтқанда, Сауранбай әлі келген жоқ екен. Ақмарал қағаздарын шкафқа салып, шай қайнатуға кірісті, сөйткенше болған жоқ, Сауранбай да келді. Ол есікті жапты да, Ақмаралға тесіле қарады. Көзі қызарып, шатынап кетіпті. Еріндері дір-дір етеді. Қас-қабағы түйіліп, түнеріп алған. Мас болмағанмен арақ ішіп алғаны білініп тұр. Ол Ақмаралға тесіле қарап:
— Кіммен сөйлестің жаңа?—деді ашуға булыға. Ақмаралдың жүрегі зу ете қалды. Сауранбай Жарқынға келгелі қанша мас болса да, тәлтіректеп келіп, төсегіне жата қалатын да, Ақмарал тұрмай, оның көзіне көрінуден сескеніп жұмысына кететін.
Ақмарал, әйтеуір, Сауранбайдың мұнысына да риза болатын да, өзі де оған тіс жарып еш нәрсе демейтін. Бұл жолы бір пәленің басталғалы тұрғанына көзі жетіп, жүрегі жиі қаға жөнелді.
— Қашан? Жаңа ма? Бас инженердің орынбасарымен сөйлестім,— деді ол үрейлене.
— Не жайында?
— Жәй, әншейін...
— Жоқ, жәй әншейін емес. Айт шыныңды!
— Қандай шынымды айтайын. Екі адам бірімен-бірі сөйлеспей ме?
— Ол сенің шашыңды неге сипады?
— Қайдағы шаш?!—Жүрек толқынын баса алмай қиналып отырған Ақмарал, жаңа Ахметбектің шашынан сипағанын байқамай да қалған еді. Сондықтан да ол Сауранбайға таңдана қарады.
— Өз көзіммен көрдім ғой, жалған айтпа! Бүгін шашыңды сипаса, ертең не болмақ?
— Қорықпай-ақ қой, бақытсыз Ақмарал ешкімге де керек емес... Бақытсыз болмаса сендей адамға күйеуге шығар ма еді?!.
— Ә, солай ма? Иттің...— Сауранбайдың ашудан тұтығып, дыбысы шықпай қалды.
— Жібер!—деді кенет ашу қысып кетіп Ақмарал, есікті бір қолымен жауып тұрған Сауранбайдың қасына келіп.
— Жібермеймін!—деді Сауранбай аузынан арақ иісі мүңкіп,— жібермеймін!—деді ол тағы да айқайлай сөйлеп, сөйтті де Ақмаралға төне,— байқа, Ақмарал, менің сенен өзге еш қызығым қалған жоқ, егер көзіме шөп салатын болсаң, не сені өлтірем, не өзім өлемін,— деді ол, көзі ақ жауын күнгі терезедей тұманданып.
— Жібер!—деді қатты үнмен Ақмарал тағы да,— бүйтіп өмір сүргенімше өлгенім жақсы!—Ол есікті ұстап тұрған Сауранбайды итеріп жіберді де, үйден шыға жөнелді.
Бұл түні Ақмарал ауруханадағы күзетші әйелдің қасына қонып шықты.
Сауранбай түнімен Ақмаралды сыртынан күзетумен болды.
Ертеңіне бұл оқиғаны күзетші әйелден естіген Хамза, Сауранбайды парткомге шақыртты. «Парторг шақырып жатыр»,— дегенді естігенде қобалжып кеткен Сауранбай есікті жайлап ашып кірді де:
— Жай шақырдыңыз ба?— деді жоғары шығуға бата алмай.
Парторг жазып отырған қағазын былай қойды да, Сауранбайдың түнімен ұйықтамай шаршап тұрған түріне бір қарап:
— Отырыңыз,— деді столының алдындағы орындықты нұсқап.
Сауранбай басындағы кепкесін қолына алып, әлденеден қорыққан адамдай, аяғын ақырын басып, нұсқаған орындыққа барып отырды.
— Халіңіз қалай, Сауранбай жолдас?—деді парторг оның бетіне қарап.
— Жаман емес...
— Жұмыс қалай жүріп жатыр?—Хамза жұмыстың қалай жүріп жатқанын Сауранбайдан кем білмесе де, бұл сұрақты оған кең сөйлескісі келіп әдейі берді.
— Жұмыс та жаман емес... Күніне екі-үш үй бітеді. Шатырдағы жұртты тегіс жаңа үйге кіргізіп болдық... Қазір поселкеде су жүргізуді қолға алып жатырмыз...
— Ал өзіңіз қалай, жұмысыңызға көңіліңіз тола ма?
Орнынан жиі алынып, әбден запы болып қалған Сауранбайдың жүрегі дір ете қалды, өйткені оны жұмыстан босатарда бастықтардың әңгімені осылай бастайтыны оған мәлім болатын.
— Өте ұнайды. Өздеріңіз де жұмысқа жанымды салып істеп жүргенімді көріп жүрген жоқсыздар ма?
Шынында Сауранбай түнде қанша арақ ішсе де, күндіз татпайтын, ақшасы мол қызметтен тағы да босанып қалам ба деп қорқатын. Оның үстіне біраз уақыт үлкен қызметтерде жүріп жұрттың өзін сыйлауына дағдыланғандықтан, кейбір жылдам үй алам ба деп оған жалына келген адамдардың сый-құрметіне мәз болатын, бөтен үлкен орынға іліге алмаған соң, осы қызметі де әлдеқандай көрінетін. Сондықтан бәлендей опырып жібермесе де, жұмысын беріле істеуге тырысатын. Жұрт көзіне ол қызметті жанын салып істейтін адам болып көрінетін. Қайткен күнде де осы орнымнан айрылмайын деген оймен:
— Әлде біреулер бірдеме деп жүр ме?.. Жұрт аузына құм құюға бола ма...— деді ол жерге қарап.
Қызметімнен босап қалам ба деп үрейленіп отырған Сауранбайды Хамза шын аяп кетті.
— Жоқ, ешкім еш нәрсе деген жоқ,— деді парторг оны жұбатып,— мәселе бөтен іс жайында...— Ол орнынан түрегеліп терезе қасына барды.— Мәселе сіздің араққа салынуыңызда...— Сауранбайдың арақ ішетінін парторг бұрыннан да білетін. Оның үстіне әнеукүні Ахметбек те айтқан.— Сөз сіздің құр ғана араққа салынуыңызда емес, мас болып орынсыз әйеліңізді жәбірлеуіңізде, — деді ол терезеден бұрылып.
Сауранбай басын көтерді.
— Мен әйелімді жәбірлемеймін. Оның үстіне ол екеуміздің арамызда болатын кейбір әңгімелерді менің ойымша өзіміз ғана шешуіміз керек қой деймін,— деді ақырын сөйлеп.
— Жоқ, олай емес,— парторг Сауранбайға тікелей қарады.— Біз қатарымыздағы жолдастарымызды маскүнемдікке салындырып, адал қызмет істеп жүрген әйелін жәбірлетіп отыра алмаймыз.— Хамза қабағын шытып сәл тұрды.— Сіз ең алдымен адамсыз ғой. Ал: адамның тағдырымен ойнауға болмайды... Сіз секілді жарқабаққа тіреліп, жел бір соқса тұңғиыққа құлайын деп тұрған адамның тағдыры бізге жеңіл тағдыр емес,—деді парторг сәл кідіріп, сөйтті де қайтадан,— Ондай адам қанатынан оқ тиіп жараланған құс тәрізді, көрінген дыбыстан үркек келеді. Шошынған үстіне шошыта берсе жан жарасын жаза алмайды, талпынып ұясына қайта қона алмайды. Ондай адамға сынған қанатын жазып, қайтадан көк аспанда шарықтауына көмектесу керек. Ең ақырғы минутқа дейін жәрдемдесу керек. Міне сондықтан да біз сізге жәрдем бергіміз келеді. Жөндел дегіміз келеді. Ал сіз болсаңыз, түсінетін түріңіз жоқ. Жөнделу деген ойыңызға да кіріп-шығатын емес. Бұл қалпыңызда біздің қатарымызда жүруіңіз қиын,— деді орнына отырып.
Сауранбай үндей алмай жерге қарады.
— Ақмаралдың өзі кінәлі...— деді ол аздан кейін.
— Қалайша?
Сауранбай кешегі көргенін айтып берді.
— Олай болуы мүмкін емес!—деді парторг,— Ахметбек те, Ақмарал да ондай жеңіл мінезді адамдарға ұқсамайды. Ал әйеліңіздің сізге салқын қарауына өзіңіз айыптысыз. Егер де Ақмаралды шын жоғалтқыңыз келмесе, ең алдымен арақты тастауыңыз жөн.
Осы кезде үйге жылдам басып Асылбек кірді.
— Сауранбай жолдаспен бағанағы мәселені сөйлесіп отырмын,— деді парторг оған.
— Иә, не дейді? Арақ ішуін қоямын дей ме?— деді директор, сөйтті де Сауранбайға төнді.— Бұл не, Сауранбай жолдас? Сіз әлде біздің руднигіміз қандай рудник екенін білмейсіз бе?.. Әлде бізге сендердің ешқайсыларыңды командировкаға жібермеуіміз керек пе? Келген жұрттың бәрін «Арақ әкелген жоқсыңдар ма?»— деп, чемодандарын ақтарып отыруымызды тілейсіңдер ме?
Сауранбай әлі жерге қарап отыр.
— Менімше комендатураға тапсыру керек. Рудникке ішімдік әкелетін адамдарды жауапқа тартатын болсын,— деді Хамза, сөйтті де ол қайтадан Сауранбайға тесіле қарады.— Ал сіз бұл ісіңізді қойыңыз. Бізге маскүнем адам керек емес. Егер екінші рет арақ ішті дегеніңізді естісек, өкпелемеңіз!—деді зілді үнмен.
Сауранбай терлеп кетті. Ол басын жерден әзер көтерді.
— Бұдан былай қарай аузыма бір тамшы арақ алмауға ант етемін!
— Жақсы,— деді парторг оның қолын ұстап.— Уәде?!
Сауранбай жайнап кетті.
— Уәде!
Ол кеткеннен кейін Ержанов Хамзаға қарап:
— Мен саған келдім. Жүр «Берік тасқа» барайық,— деді.
— Жай ма?
— Кешеден бір-екі станок тоқтап қалыпты.
— Неге? Оны бізге неге айтпады екен?
— Ахметбек кеше күнімен пештердің әуресімен болыпты. Ал Сұлтан неге хабар бермегенін білмеймін... Барған соң сұрармыз.
— Жақсы.
Сауранбай парторг пен директор ұрысқан күннен кейін көпке дейін арақ ішпей жүрді. Кейбіреулер бұл мінезіне таң қалса, ал шын жаны ашитын адамдар: «Бейшара, қайтсін, жөнделейін деген шығар»,— деп оған риза бола бастады. Бірақ «Бір айналдырған ауру, шыр айналдырады» дегендей ішімдік қырсығы — ЖКО бастығынан оңай арылатын қырсық емес еді. Одан шын айрыламын деген Сауранбай да жоқ. Бұның арақ ішетінін жұрт ұмытты-ау деген кезде ескі ауруына қайта соқты. Бірақ бұрынғыдай емес, түнделетіп қана қолдан самогон ашытатын өзінің досы — тұрғын үйлер коменданты, қазақтар Сиқымбай деп кеткен Сыроежкиннің үйіне келуді шығарды. Бүгін де сол әдетімен күн бата коменданттікіне келді. Үрпиген сары мұртты, шикіл сары Сиқымбай бастығының келгеніне қуанып қалды. Ол, мазасыз күйеуінің ұрыс-жанжалынан әбден жасып біткен қара бұжыр әйелі мен кірне ауруынан аяғы шидей, қарны асқабақтай торсиған төрт жасар баласын: «Сендер далада жүре тұрыңдар, біреу-міреу келе жатса, хабар берерсіңдер»,— деп үйден шығарып жіберді де. есікті жауып алып Сауранбайға қарады.
— Құяйын ба?
— Құйсаң құй, бірақ біреуден артық ішпеймін...
— Неге?..
— Жаңа местком председателі де ұрсып жіберді. Ол сенің де ішетініңді, арақ ашытатыныңды біледі екен. Жиналысқа салам деп жатыр.
Сауранбайдың бұл айтып тұрғаны рас еді, комендант екеуінің арақ ішетінін Ықсан естіп қалып, ұрысқан болатын.
Сиқымбайдың көзі адырайып кетті.
— Қойшы?!
— Рас.
— Енді қайттім?
— Не қайтетіні бар? Ертең бар да ендігәрі ішпеймін де. Мен де сөйдеп құтылдым.
— Сонда тіпті ішпей қалай жүрем?!
— Солай десейші. Кім сенің күнде аузыңды иіскеп жүрер дейсің.
— Дұрыс. Ал олай болса, бірден...
Екеуі бір-бірден қағып жіберді. Бірақ арақ айтқан емес пе: «Жолымды бір жұтыммен көрсетіп бер, ар жағында өзім де жүре берем,— деп екеуі стакандарын төңкеріп қойып, сәл отырды да, біріне-бірі қарады. «Жарайды, тағы бірден»,— деді Сиқымбай. «Болса болсын...»— деді Сауранбай. Сөйтіп, арақ ішу жалғаса берді. Екеуі де қыза бастады.
— Менің өмірім бақытсыз өмір,— деді екінші стақаннан кейін көзіне жас алып Сауранбай.
— Неге?
— Әйеліміз екеуіміздің арамыз жаман.
— Ә!.. Ол біреуге қарай ма?
—Жоқ, Ахметбекпен бірдемесі бар ма деп едім, бекер сияқты...
«Ахметбек... Бекер сияқты...» деген сөзге Сиқымбай елең ете қалды. «Атасының басы бекер болсын ба, жел болмаса шөптің басы неден қимылдайды? Сондай жас әйел текке жүретін бе еді. Бәлем, сенен де өшімді алайын... Бастығыңмын деп арағымды жайға ішіп әбден дәндеп алдың ғой!»—деді де ол ішінен, Сауранбайға жартылай құйып:
— Ешбір бекері жоқ... Сенің әйелің жай әйел емес... Әнеукүні Ахметбек екеуін кабинетінде оңаша отырғанын көрдім... Мен кірсем көйлегін жөндеп жатыр екен...—деді, еш уақытта да Ахметбек пен Ақмаралды бірге көрмесе де.
Сауранбай жарылып кете жаздады.
— Рас па?
— Рас болмай! Өзінің әйелі бөтенмен жүретін болған соң ол кімді аясын!
— Кімнің әйелі?
— Ахметбектің ше?
— Кіммен?
Бас инженермен...
Сиқымбай мұны да ойынан шығарып соғып отыр. Егер оған біреу: «Айтып отырғаның өтірік!»— десе, ол ондай сөзге бой бермес еді, өйткені Сұлтан секілді дәрежесі жоғары бойдақ жігіттің өзіне бағынышты хатшысы болып отырған әдемі әйелмен жүрмейді дегенге Сиқымбай өмірінде де сенбес болар. Оның сана-сезіміне «жүрмейді» деген сөз кіріп те шықпас еді. Міне сондықтан да ол «мұның бәрі солай болатын іс» деп, шімірікпестен өтірікті соғып отыр.
Сиқымбайдың Ақмарал туралы айтқан сөздері Сауранбайды ашуға жеңгізіп, ойын тұмандатып жіберді. Кенет көзі қанталап кетіп, осы минутта барып екеуін бірден өлтірмекші де болды. Бірақ Сиқымбайдың: «Сабырлық, мұндай істі ақылмен істеу керек»,— деген сөзі тоқтау салып, ол ішінде жатқан қызғаншақтық ашуы — улы жыланды сыртына әзер шығармай қалды. Бірақ сол жыланның улы зәрі бойын әбден алып, жүрегіне кек болып шапты. Бір жағынан арақ ақылын билеп, жүрек жарасын ушықтыра түсті. Ызаға, ашуға берілген Сауранбай Сиқымбайға қанды көзін қадап:
— Құй!— деді.
Сиқымбай құя түсті. Ашу өрши берді.
БЕСІНШІ ТАРАУ
Күн кешегідей. Тек бар айырмасы, жел кеше оңтүстіктен болса, бүгін солтүстіктен соғып тұр. Ыстықтан жер мен кек қорғасындай балқып кетуге таяу қалған тәрізді... Көкте, көз ұшында, өлімтік іздеп төбелерді айнала кереге қанатты екі қарақұс қалықтайды...
Жотаның күншығыс жағындағы жалпақ дөңеске үш «Текенес» сганогін қатар қойған Жақып пен Вадим бір айдан бері өзге жұрттан үздік келе жатқан-ды. Ал кешеден бері күтпеген жерден олар жолдастарынан қала бастады. Екі бірдей станок үш метр қазды да, әрмен қарай жүрмей қойды. Скважинадан шыққан лайға қарағанда, штанга тұтаса біткен известняктың арасында ұшырайтын тастай болып қатып қалған, су өтпейтін құм саздаққа кездескен тәрізді. Олар қанша тырысса да, долото гүрс етіп тиеді де, дәл бір оның басын біреу ұстап алып, әдейі жібермей тұрғандай ақырын ғана айналып, әзер дегенде жоғары көтеріледі. Қайтерін білмей әбден сасқан Вадим мен Жақып штанганы кезектесе төмен жібереді, бірақ одан еш нәрсе өнер емес. Әсіресе, сумен араласқан саз балшық долотоны тіпті бұрғызбауға айналды, енді амал жоқ, станоктың жанында тұрып алып Вадим мен Жақыпқа штанганы қолмен кезек айналдыруға тура келді... Күйіп тұрған ыстық күнде мұндай жұмыс қандай ауыр. Бірақ бұл екі жігіт қандай қиындық болса да шыдап, жұмысқа беріле түсті. Солардың кідіруінен осы айдың аяғына белгіленген тасты ату графигінің қаншалық кешігетінін екеуі де біледі, әр минут, әр сағат қымбат екенін түсінеді. Сондықтан да олар жанталасуда.
Күн шыға карьерге Ахметбек келді.
Ол станоктардың жанында екі скважинадан бірдей ағып жатқан езілген малта секілді бозғылт лайды керіп:
— Иә, сендер құмсаздаққа кездесіпсіңдер...— деді кезінен бұл жердегі өте мол ультракүлгін жарықтан қорғайтын жасыл көзілдірігін алып.— Құмсаздақ болғанда әлдеқалай известняктың арасында кездесетін көлемі кішкентай емес, әжептәуір үлкен екен, ә? Екі станоктың арасы сегіз метр болғанда, сонда оның ұзындығы сегіз метрден асып кеткені ғой...
Вадим Ахметбекті қостай сөйледі.
— Дұрыс айтасыз. Ал тереңдігінің қанша екенін кім білсін.
— Әрине,— Ахметбек ойлана Вадимға қарады,— ал әздерің не істемексіңдер?..
— Ағашты тұмсығымен ұрған тоқылдауық секілді жерді ұра береміз де, әйтеуір бір тесіп өтерміз,— деді анау күліп.
— Егер құмсаздақ өте қалың болса да ма? Онда сендер қашан өтіп шығасыңдар? Ал бізге әрбір минут қымбат, осы айдың аяғында бұл жерді қопаруымыз керек қой...
Вадим желкесін қасыды.
— Енді не істейміз?
Осы кезде бұлардың қасына Сұлтан келді.
Бас инженердің соңынан іле-шала директор мен парторг те жетті. Сұлтан станоктардың неге тоқтап тұрғанын білгеннен кейін:
— Олай болса бұл жерді тастап кету керек. Соңынан да атуға болады ғой,— деді. Ахметбекке бұл ұсыныс ұнаған жоқ, бірақ Сұлтанды ренжітіп алмайын деп байқай жауап қайырды.
— Ол дұрыс болар ма екен... «Бөрік тас» құзын суға құлатудағы ең маңызды буын осы тұс.
Шынында өзенді от-дәрі атқызу арқылы бөгеуде әрбір бұрғыланған шаршы метр жердің жалпы схема бойынша өзінің орны болатын. Жақып пен Вадим бұрғылап жатқан етек те сондай керекті жердің бірі еді. Сондықтан да Ахметбек көнгісі келмеді. Бірақ Сұлтан бұны басқаша түсінді.
Орынбасарының қарсы шығуы қытығына тиіп шамдана қалса да, ол өзін-өзі ұстап, көлгірси сөйледі.
— Ахметбек, мен де түсінем. Бірақ бізге әр күннің қымбат екенін естен шығаруға болмайды. Қайткен күнде де күзге шейін негізгі жұмысты бітіруіміз керек емес пе?— деді.
Бас инженердің айтқанының да жөні бар. Бұл жердің жазы қандай ыстық болса, күзі сондай ызғырық желді, жаңбырлы келетін. Жаз жұмыс істеу қандай ауыр тисе, күз одан да қиын болатыны жұрттың бәріне де мәлім. Келгелі үндемей тұрған Асылбекке бас инженердің сөзі ұнап кетті .
— Сұлтан Әубәкірович дұрыс айтады, қайткен күнде де негізгі жұмысты күзгі қалың жауынға дейін бітіруіміз керек. Үкімет тапсырмасы да солай,— деді ол Хамзаға жақындап. Сөйтті де жанында тұрған үлкен тасқа отырды да, көйлегінің жағасын ағытып, желпіне бастады...
— Ахметбек Асылбектің жүзінен күзге дейін жұмысты бітіре алмай қаламыз ба деген қобалжудың белгісін аңғарды. Шынында да директордың ондай да ойы болатын... Көп жылдар бойы жауапты қызметтерде келе жатқан мол тәжірибесінен Ержанов қандай жұмыс болса да күз бен қыстан көрі, жаз жеңіл түсетінін жақсы білетін. Сол себептен де директор әлі бөгелмеген өзен мен ашылмай тың жатқан карьердің жалпақ жоталы денесіне көзі түскен сайын қобалжи беретін, күзге дейін негізгі жұмысты бітіруге қолынан келген мүмкіндігін аямақ емес-ті. Жұмыста кездесетін әрбір кедергі оның қабырғасына бататын, ондай кедергіні жойғанша Асылбек тыныштық таппайтын, сондықтан да бағана: «Кешеден бері екі станок тоқтап қалды»,— дегенді естігенде парторгты ертіп, шыдамай карьерге өзі келген-ді.
Ахметбек қобалжып отырған директордың түріне қарап: «Қандай жауапкершілік! Титан! Атом! Егерде Жарқын руднигі рутилды дер кезінде бере алмаса партия ең алдымен директордан сұрайды» деген ойға келді.
Ахметбек бұл минутта жалғыз Асылбек қана емес, партия тапсырмасын орындауға өзінің де жауапты екенін ұмытқан жоқ. Негізгі жұмысты күзге қалдырмау керек екенін бұ да біледі, сол себептен де мына құмсаздақты қазір бұрғылау керек дейді... Соңынан көптеген қаражат шығаруды мақұл көрмейді... Мемлекет қаржысы халықтың бөтен де игілікті істеріне керек... Мектеп, балабақша...
Жас инженер айтқанынан қайтқысы келмеді.
— Негізгі жұмысты күзге дейін бітіру керек екенін мен де білемін, дегенмен де бұл жерді кейінге қалдыруға болмайды.
Асылбек пен Хамзаға Ахметбектің өндіріс үшін бұл істеп тұрған қайсарлығы ұнап кетті.
Шынында бас инженердің орынбасары екеуіне келген күннен бастап ұнаған болатын. Хамза ақырын жымиды да:
— Сонда не істе дейсің?— деді.
— Қанша асыққанмен де амал жоқ, станоктарды мына қазып жатқан жерлерінен ауыстырып қойып, тағы бұрғылау керек,— деді Ахметбек.
Ахметбектің ұсынысы Вадим мен Жақыпқа да дұрыс көрінді.
— Біз тамақты осында ішіп, кезек демалып, түнімен бұрғылап шығамыз,— деді Вадим.
Парторг риза болып қалды.
— Міне, нағыз жігіттердің сөзі!
— Жақсы. Олай болса, қазірден кірісіңдер,— деді Асылбек тұжырып, сөйтті де бас инженерге бұрылды.— Сұлтан Әубәкірович, сіз де қарсы емессіз ғой деймін?..
— Қарсы болғанда, менің сөзімді кім тыңдап жатыр?!
— Қай сөзіңді тыңдамадық?
Бас инженер кенет ашу қысып кетіп, булыға сөйледі,
— Бұл жобаға мен шу дегеннен қарсы болғанмын. Бірақ сөзімді тыңдадыңдар ма? Ал бұл жобаның іске асуына қолдан келген жәрдемімді аямаймын... Бірақ...
Енді оған парторг тап берді.
— Не бірақ?
— Егер бүйтіп салынған бөгетті өзен ағызып әкетсе мен жауапты емеспін!
Сұлтан да Ахметбектің жобасы туралы көп ойланған болатын. «Үш жүз мың кубометр тау жынысы бірден келіп түскенде қандай өзенді болса да бөгеуі мүмкін-ақ.... Бірақ ол үшін бұл тау жыныстары құрғақ қалпында түсуі керек, ал ағып жатқан өзенге құлаған топырақ суланғаннан кейін күшті қарқынға қарсы тұра алмайды, шайылып кетеді». Бас инженер көп ойланып, осы қорытындыға тоқтаған еді. Міне, сондықтан да ол күні бұрын директор мен парторгті үркітіп, «Мен дер кезінде ескерткенмін»,— демекші болып алдын-ала айтып тұр. Сұлтан бір ретте: «Бұл қауіптен құтылудың жолы бар»,— деп өз ойын білдірмекші де еді. Бірақ үндемеді. Өйтуіне себеп болған, келмей жатып Ахметбектің жаңа жоба ұсынып, бірден көзге түскенінен туған қызғаншақтықпен, пікірінің өтпей қалуынан пайда болған қорланған өзімшілдік сезімнің нәтижесі еді. Отан тілегі секілді ұлы мақсатқа Сұлтан өзінің ұсақ ойын құрбан ете алмады. Сондықтан барып Ахметбектің жобасына деген қарсылық жас инженердің өзіне деген қарсылыққа айнала бастады. «Осы жоба іске аспай қалса екен!» деген арман Ахметбек құласа екен деген тілекке барып ұштасты. Сөйтіп келіп екі адамның арасындағы өндіріс тартысы, жүректің намысы, махаббат секілді жалынды сезімдерін қозғайтын өмір тартысына айналуға беттеген болатын. Бірақ бұл тұтанғалы тұрған өртті Ахметбек аңғармады, ал Сұлтан болса іштей жанған от секілді, сырын сыртқа шығармай істің артын күтіп шыдай берген еді. Бас инженер жанағы сөзді күтпеген жерден айтып қалды. Бұл іштей ызаның кенет сыртқа шыққан ашуы болатын.
Асылбек бас инженерге тұнжырай көз тастады.
— Бұл жобаға сенбейтін қандай себебің бар? Ашып айт, мүмкін ойланармыз... Жөндерміз...
— Себебім сол!—деді Сұлтан ашулы қабағын жазбай,—ағып жатқан суға түскен тау жыныстары мықты бөгет бола алмайды... Бәрібір су бір күні болмаса бір күні бұзып кетеді.
Ахметбек қабағы қарс жабылып ойлана қалды: «Расында да бас инженердің айтып тұрғаны жаны бар сөз емес пе? Иә, иә, суланған тау жыныстары алғашқы кезде өзенді бөгегенмен де, қанша тығыздасаң да, бірте-бірте босап, ағынға қарсы тұра алмауы мүмкін. Ондай бөгет түгіл, су сіңген жаға да кейде опырылып өзенге құламай ма?.. Бұл жағын Ахметбек бұрын неге ойламады? Комиссия неге көңіл аудармады екен? Жоқ, бұл зор қате». Жас инженер терлеп кетті.
— Ахметбек, бұған не айтасың?— деді Хамза жас инженердің қиналып тұрғанын көрсе де амалсыздан.
— Сұлтекең дұрыс айтып тұр ғой деймін... Бірақ бөгет істелген сәтте-ақ өзен бөтен арнамен ақпай ма? Оның бөгетті бұзатындай қарқыны болмайды ғой. Дегенмен түбі су жеңуі мүмкін ғой...— деді ойлана Ахметбек, кенет оның қабағы ашыла бастады.— Тоқтаңыздар!.. Маған бір ой келді!.. Бұл дұрыс ой!..
Кенет ауыр істің шешімін тапқандай Ахметбек аз уақыт қуанғаннан сөйлей алмай тұрып қалды.
— Қандай ой?—деді Асылбек.
— Меніңше, жасайтын бөгеттің алдын ала, біраз жерді дәрі қойып атқызу керек... өзен ол жерді толтырғанша «Бөрік тас» маңайын суға құлатып та үлгіреміз...
Асылбек пен Хамза Ахметбектің сөзін бірден түсіне қалды. Осынау бір ұшқыр ойдың дұрыс екені екеуінің де бірдей көкейіне қона кетті. Жаңа ғана түнере қалған директор мен парторгтың жүздері жадырап, енді олар күлім қақты. Тек Сұлтан ғана іші удай ашып:
— Сөйткен дұрыс болар,— деп ақырын күбірледі де, үндемей қалды.
Ахметбектің жаңағы айтқан сөзі туралы кешке таман әңгімелеспек болып директор мен парторг бас инженермен бірге оның кеңсесіне қарай аяңдады.
Жолай келе жатып, Асылбек:
— Айтпақшы, сұрауға ұмытып бара жатыр екенмін,
Сұлтан, станоктардың тоқтап қалғанын бізге неге кеше хабарламадыңдар?— деді бас инженерге сәл тоқтап.
— Ахметбек пештерде болды. Ал мен шынымды айтайын, кешегі ыстықтан мазам кетіп түстен кейін жұмысқа келе алмадым,— деп анау күмілжи берді.
Хамза ішінен: «Ғажап! Орынбасары пештерде болады да, өзі ыстықтан мазасы кетіп үйде жатады! Бұл қалай?»— деп ойлады. Парторгке бұл балуан денелі, тәкаппар жүзді, көпшілікпен көп қатынаспайтын бас инженер тақа ұнай қоймайтын. Бірақ ол ойын Хамза ешкімге сездірмейтін: «Кім біледі, өзінің мінезі солай шығар»,— дейтін ішінен.
— Сұлтан Әубәкірович, қайткен күнде де өндірісте кездескен әрбір кедергіні біз біліп отыруымыз керек,— деді директор шамасы келгенше жылы сөйлеп, кеңсеге таяй бергенде.
Асылбекпен көптен бері сырлас болып, оның сөзінің әрбір дыбысынан не ойлап келе жатқанын аңғаратын парторг бас инженердің «ыстықта шыға алмадым» дегеніне Ержановтың ренжіп қалғанын анық сезді.
Директорлар кетісімен Ахметбек Жақып пен Вадимге:
— Ал, жігіттер, енді қимылдаңдар,— деді күліп.
— Станоктарды орындарына жылжыту үшін бізге тағы бір адам керек,— деді Вадим.
— Ә, мен тұрған жоқпын ба?— Ахметбек білегін сыбана бастады.
— Жақсы,—Вадим қалжыңдай сөйледі.— Бас инженердің орынбасарының күшін де бір пайдаланып қалайық.
Үшеуі күле сөйлесіп жұмысқа кірісті.
Директор мен парторг бөгет салу жұмысының толып жатқан бөтен егжей-тегжейлерін біраз сөз етіп поселкеге кеткеннен кейін, бас инженер ойға беріліп, үн-түнсіз ұзақ отырды.
Ахметбектің суды бөгеу жөніндегі жаңағы өзі ойлап жүрген ақылды тауып кеткені Сұлтанның қызғаншақ жүрегін бұрынғысынан да әбігерлендіріп мазасын ала берді. Көңілінде орынбасарына деген бір ызғар туғандай. Жүрегінде «Бәлем, сені іс жүзінде құлата алмасам да, басқа бір жөніңді табармын!» деген өшпенділіктің суық лебі пайда болған тәрізді. Оның үстіне жұрт сезбегенмен, бас инженер бүгін өте-мөте көңілсіз еді. Қою, түксиген қабағында таңертеңнен бері әлденеге ренжіген, әлденеден қобалжыған кейістік ізі байқалды. Күндікке күле сөйлеп, жұртқа сыр бермегенмен де қазір сол көңілін басып тұрған әзіл кенет жүрегімде пайда болған кейістікпен қосылып жүзін күңгірттендіріп, қабағын қарс жапқызды. Ол орнынан түрегеліп, ерсілі-қарсылы жүре бастады. Сұлтан ой тұманына бөленіп бір нәрсені шеше алмағандай, кейде тоқтап қалтасынан бір жапырақ қағаз алып үңіле қарап та қояды. Жұрттың бәрі қуанышты еңбек базарында тыным алмай сапырылысып жатқанда бас инженерді осыншама ренжіткен, ойға қалдырған тағы қандай қайғы, қандай сыр еді? Бүгін ол пристаньға барған жерінде баяғы өзі ұмытып кеткен Мәмет секілді біреуді көрген. О да бұған тесіле қараған. Бірақ көп тұрмай, айдап жүрген самосвалына мініп кетіп қалған. Бірақ ол кеткенмен Сұлтанның көңілінде бір қобалжу туған. «Расымен, Мәмет не? Жоқ, ол емес шығар?» Осы қобалжу күні бойы маза бермеді. Оның үстіне бас инженердің мазасыздануының тағы бір себебі бар еді. Сұлтан соғыстың аяқ кезінде орта мектепті бітіріп, Алматыдағы Тау-кен институтына түсті. Бұл институтта оқып жүргенде, сауда қызметкері Қатира деген бір жас келіншекпен танысты. Екеуі көп кешікпей қосылды. Қатира тапқан-таянғанын Сұлтанның мұқтажына жұмсады. Оқуын бітіргеннен кейін әйелін Алматыға тастап, сені соңынан алдырамын деп Қиыр Шығысқа жұмысқа жүріп кетті. Көп кешікпей, өзінен білімі анағұрлым төмен Қатирадан айрылсам деген ойға келді. Оны, артындағы ізін құйрығымен сыпырып жоғалта жортқан түлкі секілді, соңынан із тастамай бір рудниктен бір рудникке ауысып, адастырып та кетпекші болды. Бірақ артынан Қатира іздеп келді. Көп кешікпей егіз баланың әкесі атанып, басы байланды. Келбетті, іске ұқыпты жас инженер тез-ақ көзге түсе бастады. Оны сүйеушілер, шашпауын көтерушілер көбейді. Мансапқор, жасынан ойлағанын іске асырмай қоймайтын Сұлтан, бір қызметтен бір қызметке жоғарылап, аз мезгілдің ішінде бас инженер болды. Ал Қатира болса, жақсы тұрмыс, мол ақшаның арқасында лезде өзгере бастады. Бірсыдырғы өні жас әйел енді кеудесі ашық көйлек киіп сылана түсті. Сөйтіп жүргендерінде министрлік Сұлтанды Қиыр Шығыстан Жарқын руднигіне жіберді... Бұл Қазақстанға тағы жалғыз келді. Тез арада әйелі мен балаларын көшіріп ала қоймады. Сөйтіп жүргенде кеше Қатирадан хат келген. Ол хатында сүйгенін сағынып қалғанын, кішкентай ұлы мен қызы күнде папаларын сұрап мазасын алатынын, тез ақша жіберіп, көшіріп алуын сұрапты. Хатының аяғында ол: «Егерде сен тез ақша салмасаң, бар дүние-мүлікті сатамын да, балаларды алып поезға мінемін»,— депті. Сұлтан алды-артын ойламайтын, ерке Қатираның тез арада ақша жібермесе, дүние-мүлкін пышақ үсті арзан бағамен сатып, жетіп келетінін анық біледі. Ал өзі де оларды жақын арада алдырмақшы болып жүрген еді. Тек соңғы кезде Ахметбек пен Гүлшарат келгелі, ол бұл ойынан сабындай бұзылды. Оған себеп—Гүлшаратты көргелі Сұлтаннан маза кетті, ойына әр нәрсе үйіріле береді. Әдемі келіншек оның күндіз-түні көңілінде тұрды да қойды. Оның үстіне Гүлшараттың қарақаттай мөлдіреген көздерінде бұған деген бір ұшқын бар секілді. Мүмкін ол ұшқын адал көңілдің жолдастық сыйлағандық сәулесінен де тұтанған шығар, бірақ ретін тауып махаббаттың ыстық желін тұрғызса, оны жүректі өртеген жалынға айналдыруға болмай ма? Осындай сезімге берілген Сұлтанның ойына кейде кешегі өзін өлімнен құтқарған, антын беріп іні еткен Ахметбек кедергі бола беретін. Кейде ол «Аяулы жанның ошағын бұзу обал ғой!»—деп өзіне тоқтау да салғандай болатын. Осы бір ой адамгершілік дегенді ұмытып, арсыз нәпсінің құлы етуге белін бекем буғызбайтын да.
Бірақ Ахметбекпен екеуінің арасындағы пікір қайшылығы, сылтау іздеген көңілге үлкен бір дәлелге айналып, осы ағалық, жолдастық сезімді жеңіп шыға берді. Өз бақытым үшін күресуге менің де қақым бар деп түсінді. Сондықтан да ол соңғы кезде, тікелей бәлен демегенмен, кейде Гүлшараттың кеудесіне сүйсіне көз тастап, кейде «Сізге мына көйлек қалай жарасады» деген секілді қылық көрсететін-ді. Астынан еріп жатқан қардың үстінде еппен келе жатқан адамдай болымсыз әдістермен әлі сырына жетік емес жас келіншектің тамырын басқан-ды. Қыз болып бой жете бастағаннан бері жігіттердің қызығымпаз мінез-құлықтарына еті үйренген Гүлшарат, қанша дегенмен де Сұлтанның жүрегін қытықтай, көңілін аулай айтқан сөздерінен кейде қызарып, кейде күлім қағып теріс айналып кететін-ді. Үріккен сыңай көрсетіп, сазарып тұрмайтын-ды. Гүлшараттан мұндай мінез байқаған Сұлтан, қашқан түлкінің құтылмасын сезген аңшыдай, оның жалтыраған көңілін, бұрынғыдан да алдарқата түскен. Түбі көздеп атқан оқтың зая кетпейтініне көзі жеткендей....
Міне, осындай жаңа басталған ойыннан не ұтып, не ұтылып шығарын білмей, Сұлтанның алабұртқан кезінде әйелінен хат келді. Бұл хат оны қуантудың орнына ренжітіп тастады. Әрине, күйеуін жан-тәнімен сүйетін, қызғаншақ Қатира келсе, бұл ойынның үзіліп қалуы да мүмкін...
«Жоқ,— деді Сұлтан өзіне-өзі,— Қатираны әзірге келтірмеу керек».
Енді Сұлтан столына отырып, әйеліне хат жаза бастады. Оның жазған хаты — толып жатқан айлаға құрылған алдамшы хат еді. Сұлтан хатында Қатираға: «Жарқын руднигінің тұрған жері құмды, боранды, желі көз ашырмай соғады да тұрады, дозақтай ыстық, жылан-кесірткесі үй іргесінде өріп жүреді, бүйі, қарақұрты түнде де жатпайды, кейде төсегіңе де кіріп кетеді»,— деп жазып келді де, сөзінің аяғында: «Сендер дегенде шықпаған жаным жүр. Бірақ амал не, мұндай тамұққа алып келуге қорқамын. Ауыстырыңдар деп министрлікке арыз жаздым. Онда істейтін өзіммен бірге оқыған беделді бір жолдасым тілегімді орындауға уәдесін берді, сөзсіз күзге қарай ауысамын. Сендерді сонда алдырамын. Әзірге балаларды жүдетпей сонда бақ. Сұраған ақшаңды жібердім. Келесі айда тағы да жіберемін. Беттеріңнен сүйдім. Хош. Өзіңнің Сұлтаның»,—деп бітірді.
Ол жазғанын қайтадан бір оқып шықты да.— Мына хатты оқығаннан кейін өзің де Жарқын руднигінің маңайынан жүрмессің!— деп ақырын күлді. Хатты енді конвертке салып, төс қалтасына сүңгітті. Осы кезде үйге Гүлшарат кірді. Гүлшараттың үстінде гүл орнына кішкентай түлкі, қасқыр, қояндардың суреттері салынған көкшіл шәйі көйлегі бар. Күн сүйіп қоңырлана бастаған ақ жүзінен қан тамып, сүюге жаралған жас баланың ерніндей қып-қызыл ерні сәл ашылып, қас-қабағы қиылып тұр. Үстінен мұрныңды қытықтап әдемі жұпар иісі аңқиды. Қолында Сұлтанға деген папка. Гүлшаратты көргенде Сұлтанның жаңа ғана түксиген қабағы жазылып, жүзі күлімсіреп қоя берді.
— Сұлу әйел өмірдің әшекейі деген осы да, Ахметбек қандай бақытты еді!— деді ол Гүлшаратқа қалжыңдаған болып, қолындағы папканы алып жатып.
— Қойыңызшы...
— Рас айтамын...
— Өзіңіздің әйеліңіз менен де әдемі шығар?
Сұлтан «ондай болса мен саған сүйдер ме едім» дегендей ақырын күрсінді... Гүлшарат одан неге күрсіндіңіз деп сұраған жоқ, тек бас инженер қағазға қашан қол қойып болар екен деп үндемен күтіп тұр.
Сұлтан қағаздарға қол қойып болды да, папканы беріп жатып, секретарының көйлегіндегі аңдардың суреттеріне көзі түсіп кетіп:
— Түу, үстіңде аң қаптап кетіпті ғой!— деді күліп, сөйтті де, Гүлшараттың нақ төсінің тұсындағы суретке сәл қолын тигізіп,— мына біреуі қоян ба?—деді.
— Қоян болуы керек...
Сұлтан тағы да күрсінді. Бұл жолы Гүлшарат шыдай алмады.
— Неге күрсіндіңіз?— деді ол.
— Менен қоян екеш қоян да бақытты...
— Қалайша?
— Көрдің бе жатқан жерін?— деді ол Гүлшараттың кеудесіндегі қоянды көрсетіп.
— Түу, қайдағы жоқ сөзді айтады екенсіз ғой!— деді қызарып кетіп Гүлшарат, сөйтті де былқ-сылқ басып шығып кетті.
Оның ашуланып кеткенін, әлде ұялып кеткенін Сұлтан түсінбей қалды. « жоқ, әзірге менің әзіліме бойы үйрене берсін, шынымды айтқанымда туламайтын болсын»,— деді ол ішінен. Осы кезде папкасын ұстап Кентай кірді.
— Нарядтарды бекітіп бересіз бе?—деді ол есік алдында тұрып.
— Әкел.
Кентай жанына келіп қолындағы папкасын берді де, столдың қасындағы орындыққа отырды. Сұлтан нарядтарды тексерместен төмен қарап, қол қоя берді.
— Неге тексермейсіз?— деді Кентай.
— Саған сенбеймін бе?
— Сенгеніңізге рақмет. Бірақ наряд деген ақша емес пе?
— Болса ше?
— Ақша мәселесі — мемлекеттік маңызы бар мәселе. Сондықтан ақша төленетін әрбір қағаз әбден тексеріліп қол қойылуы керек.
— Сен немене мені үйретуге келдің бе?
— Жоқ бұл жалпы принцип.
— Принцип болса, екіншілей есте болсын,— деді Сұлтан күліп. Қағаздарға қол қойып, Кентайға берді. Бірақ ол орнынан қозғалған жоқ.
Сұлтан комсоргке неге отырсың дегендей таңдана қарады.
— Тағы нең бар?
— Тағы бір мәселе бар.
— Қандай мәселе?
— Сіздің хатшыңызға деген көзқарасыңыз жайында.
Сұлтан түсінбей қалды.
— Қандай көзқарас?
— Сіз оны айналдырғыңыз келеді, ол — факт.
Сұлтан төбесінен жай түскендей шошып кетті. Не айтарын білмей аң-таң болып отырып қалды.
Кентай үндемей жүргенмен біраздан бері Сұлтанның Гүлшаратқа қырындай бастағанын байқайтын. Бірақ оған бәлендей мән бермейтін. Бүгін нарядты бекіттіргелі ауыз үйде тұрғанында да, ойда жоқ жерден қанша тыңдағысы келмегенімен де, сәл ашылып тұрған есіктен Сұлтан мен Гүлшараттың арасындағы жаңағы сөзді еріксіз естіген. Ахметбекті сыйлағандықтан бас инженердің бұл қылығын қылмыс деп санап, Гүлшаратпен екеуінің арасы тым шиеленісіп кетпесін деп, күні бұрын ескертуді өзінің борышы санаған. Сондықтан да ешбір бұлтарма мінезі жоқ бала жігіт бас инженерге өзінің ойын тікелей айтып салған. Сұлтан алғашқы кезде сасып қалғанмен, аздан кейін есін жинап:
— Оның жала!—деді Кентайға.
— Жала болса тіпті жақсы. Онда сізді мен алдын ала жаман істен аулақ жүріңіз деген мағынада ескертемін. Біреудің ошағын бұзу — адамгершілікке жатпайтын қылық. Ондайдан алыс болыңыз,— деді де, Кентай түрегелді.
Есік алдына барып қалған комсоргты Сұлтан қайта шақырып алды.
— Сен мұныңды Гүлшаратқа да айттың ба?—деді ол Кентайға.
— Жоқ. Неге? Гүлшаратқа да, ешкімге де айтқам жоқ. Айтпаймын да. Тек сізге айтам. Өйткені пәленің бәрі сізден басталғалы тұр,—деді де комсорг кабинеттен шығып кетті.
Сұлтан күлерін де, ашуланарын да білмей қалды. Түскі ас мезгілі болып Кентай мен Ахметбек поселкеге кеткенше кабинеттен шықпай отыра берді...
Гүлшарат үйіне келгенде Ахметбек те карьерден жаңа ғана қайтып, далада тұрған қол жуғышқа жуынып жатыр екен. Гүлшарат оның жалаңаш арқасынан шапалағымен бір тартып қалып, күмістей күлкісі сыңғырлай, жеңіл басып өтіп кетті. «Бұл кім екен?»—деп Ахметбек көзіндегі сабын көбігін жуып жіберіп, қол жуғыштың астынан қарады да, әйелі екенін көріп, жымиып күлді де, жуына берді. Гүлшарат көңілдене ыңырси әндетіп тәрелкелерді столдың үстіне қоя бастады. Күйеуі жуынып болып үйге кіргенше столдың үстіндегі түскі асты да дайындап қойды. Ахметбек Гүлшараттың бүгін ерекше көңілді екеніне таңданып:
— Көңілінде бір күн туғандай өзің бүгін қуаныштысың ғой,— деді қалжыңдай күліп. Өйткені түскі тамаққа Гүлшарат үнемі шаршап келетін де, күннің ыстықтығына, не болмаса бөтен бірдемеге ренжи бастайтын. Бүгін оның бірі де жоқ. Жүзі жарқын. Көзі күлім қағады.
— Жәй, әншейін... Үйден хат алдым.
— Қайда?
— Кеңседе қалып қойыпты. Саған да сәлем дейді.
— Рақмет, шаруалары қалай екен?
— Өте жақсы.
— Тағы да не жазады?
— Бөтен еш нәрсе жазбайды. Тек мені сағынып жүрміз дейді.
Бүгін неге ала бөтен қуанышты екенін Гүлшарат өзі де түсінбейді. Әрине, ол үйінен де хабар, ешбір хат алған жоқ, «Неге көңілдісің?» дегенде күйеуіне не дерін білмей тектен-тек өзінен-өзі қуыстанып «Үйден хат алдым»,— деп аузына бірінші түскен сөзді айта салған болатын. Олар ойнап-күліп тамақтарын ішті де, көп кешікпей жұмыстарына баруға жиналды. Гүлшарат бүгін жалақы күні екені есіне түсіп:
— Жалақы алдыңдар ма?—деді.
— Алдым. Карьерден келе жатып соғып едім, кассада ешкім жоқ екен.
— Қайда?
— Әне шкафтың бергі бұрышында.
Гүлшарат әтір құйған шыныны терезенің алдына қойды да, ақшаны шкафтан алып санай бастады. Санап болды да:
— Неге аз?—деді.
— Жартысын алып қалдым. Қазір почтаға барып, шешеме жіберем.
— Соншама ақшаны ма?..
— Көп пе?
— Әрине. Жалғыз кемпірге ондай ақша неге керек?
Гүлшараттың бұл сөзі Ахметбектің жүрегіне өкпек желдей суық тиді. Ол боп-боз болып кетті. Даусы дірілдеп қинала:
— Ол менің анам емес пе? Анаға қандай сый-құрмет көрсетсең де аз емес қой,— деді.
— Бәрімізде де ана бар. Тапқанымызды жібере берсек неміз қалады.
— Сенің анаң мен менің анам бір емес. Сенің анаңның сүйеніші бар. Ал, мен жалғыз ұлымын. Ол сорлыны мен бағып-кақпағанда, кім бағып-қағады?
— Олай болғанда үйленбеу керек еді!
— Гүлшарат, сен не айтып тұрсың! Маған анаңнан без дейсің бе?
— Без демеймін, ақшаны аздап жібер деймін. Әркімнің өз қызығы, өз қуанышы бар,— Гүлшарат шытынай сөйледі. Ол үйдің ішін көрсетіп,— саған күйеуге шыққанда мен осындай төрт қабырғадан басқа дымы жоқ қуыста тұруға шығыппын ба?— деді.
Гүлшараттың кенет бұлай өзгергеніне Ахметбек таң қалды. «Мұның мен білмейтін мынандай да мінезі бар екен ғой!»
— Гүлшарат, сенің бұның қалай?—деді ол әзер сөйлеп,— тірі болсақ, дүние табылмай ма... Мен сенің сөзіңе түсінбей қалдым ғой...
Ахметбек көп жүріп шаршаған адамдай диванға отыра кетті.
— Түсінбейтін несі бар? Рудникке толып жатқан мүлік келіп жатыр. Ертең шифоньер, не кілем алам, жартысын ғана жібер деп тұрған жоқпын ба,—деді Гүлшарат тағы қабағын шытып.
Ахметбек ақшаның тең жартысын бөліп алып столдың үстіне қойды. Гүлшарат оны үн-түнсіз шкафтың ішіне салды да, айнаға қарап бетіне пудрасын жағып үндемеген қалпымен үйден шығып кетті.
Бұл қосылғандарына жыл етпеген ерлі-зайыпты адамның ең бірінші ренжіскендері еді. Ренжісу қай үй ішінде болмайды? Көзге жылы, қолға ыстық болғанымен, өзіне құмар адамдардың арасында ақша әлі қанша уақыт әзәзіл міндетін атқарарын кім білсін. Бірақ Гүлшарат пен Ахметбектің арасында ақша емес, ана тұр ғой. Жаңағы ренжісу себебі — Гүлшаратқа ақша болып көрінгенмен, Ахметбекке ана болып көрінді. Сондықтан да оған бұл оқиға үлкен зіл қалдырды. Қынжылған жаны Гүлшараттың мінезіне шешім таба алмай ол қатты ренжіді, назаланып ауыр ойға кетті.
Сол күні Ахметбек пен Гүлшарат екі бөлек жатып шықты. Жігіт көрер таңды көзімен атқызды. Таң ата ғана көзі сәл ілігіп кеткен екен, әлденеден шошып оянды. Басы мең-зең, екі иығынан зілдей болып бір ауыртпалық басқандай. Ахметбек ең болмаса суға түсіп, бойын сергіткелі төсегінен тұрды да, өзенге қарай аяңдады.
Кеме тоқтайтын өзен жағасына таяу жерде, өзенмен жер асты арқылы жалғасқан терең қара су болатын. Демалыс күндері жастар шомылып, жағасына шығып, күнге қыздырынып рақаттанатын-ды. Бұл қара судың толқыны да, өзен толқынындай емес, бәсеңдеу келетін. Кейбір желсіз күндерде суы мөлдіреп, жай баяу қозғалып қана жататын-ды.
Ахметбек анадайдан үстінде суға түсетін көк жібек костюмі бар, жар жағасында тұрған Ақмаралды көрді. Жаңа ғана күн шығып келе жатыр. Су жағасында жан жоқ. Ахметбек келіншекке жақын келуді ұят көрсе де, ішкі бір сезім алға қарай итермелей аяғын жылдам баса түсті. Ақмарал таяп қалған жігітті көріп, кенет екі беті қызарып кетті де, қолын «амансыз ба» дегендей бір көтеріп суға секірді. Ахметбек әйелдің тұрған жеріне келді. Күн желсіз тынық еді. Жігіт суда жүзіп жүрген Ақмаралға қарады да, алдындағы тамаша суретке таңдана сұқтанып, аңырайып тұрып қалды. Жарды жағалай, тынық суда жас әйел ақырын жүзіп келеді. Үстіндегі арқасы ашық шолақ көк жібек суға шомылатын трико костюмі екі мықынын қынай, су астында жайымен ғана қимылдаған толық сандары, жұмырлау келген иықтары көгілдір толқынмен ойнай аппақ болып көрінеді...
Сүйірдей сұлу аяғы мен қолы су астында бір жоғалып, бір көрініп, Ақмарал толқынды ақырын ғана еседі... Суда жүзген сұлу жас әйелдің ақ қайраңдай аппақ денесі көзді тартып, адамды еріксіз баурағандай. Оның денесіне өмірдің мәңгі өшпес қуанышы ұялаған тәрізді.
Жігіт бірнеше минут сүйсіне қарап тұрды да, бойы балқып кетті:
— Ақмарал!—деді дауыстап.
Әйел шалқасынан аунап түсті де, судан тек басын қылтитып:
— Ахметбексің бе, жақсы жатып жайлы тұрдың ба?— деді қуана күліп.
— Ертелетіп не ғып жүрсің?— деді Ахметбек не айтарын білмей амандасқаннан кейін.
Ақмарал жауап берудің орнына күлді.
— Секір суға! Қуып жет! — деді жігітті әлденеге қызықтырғандай. Сөйтті де су ортасына қарай жүзе жөнелді. Ахметбектің де балалығы ұстап кетті ме, әлде бөтен бір сезім биледі ме, үстіндегі киімін сыпырып тастап, суға қойып берді. Ол тіпті судың таңғы салқын ызғарын да сезген жоқ, қолын жылдам-жылдам сілтеп, аяғымен суды итере сабалап Ақмаралдың соңынан қуа жөнелді. Әйел алдында бес метрдей жерде кетіп бара жатыр.
Жігіт оның су астынан біресе оң жақ иығына, біресе сол жақ иығына тез-тез ауып түскен қос бұрымын ғана көріп келеді. Ақмаралдың қимылына көз ілеспейді. Ахметбек қолын енді бір-екі рет қаттырақ сермесе, әйелді қуып жететіні сөзсіз. Ол демін терең алды да, бар пәрменімен қолын құлаштай ұмтылды. Қуып жетіп, аяғынан енді ұстай берем деген кезде, Ақмаралдың денесі көз алдында бұлқынған ақ қайраңдай бір жарқ етті де, көрінбей кетті. Ахметбектің алақаны судың бетін барып ұрды.
Жігіт екі иінінен демін алып, қозғалмай бір орында жүзіп тұрып, таңдана жан-жағына қарады. Ақмарал ұзақ уақыт көрінбей қойды. Ахметбек сабырсыздана бастады. Осы кезде арт жағынан жиырма метрдей жердей Ақмаралдың күлген даусы естілді.
— Қалай, қуып жеттің бе?
Ахметбек бұрылды да, қайткен күнде ұстап алмақшы болып, әйелге қарай тағы жүзе жөнелді. Ақмарал не істер екен деген адамдай орнынан қозғалмастан күтіп тұр. Тек қылқиып Судан басы ғана көрінеді. Жігіт суды толқындата енді жеттім-ау деген кезінде, әйел сықылықтап күлді де, тағы да сүңгіп кетті. Ахметбек тағы да ұстай алмай қалды. Осы кезде су жағасында жұрт та жинала бастады. Олар жас әйел мен жігіттің судағы бәсеке ойынына сүйсіне қарап, кейбіреулері Ахметбекке ақыл беріп, айқайлап та қояды.
Жасынан жойқын Сырдарияда балықша жүзіп, қасқалдақтай сүңгіп үйренген Ақмарал Ахметбекке ұстатқызбайтынын білетін де. Кенет оның көңілінде «қуып жетсе, не істер еді?» деген бір ой жалт ете қалды, жақсы көрген жігітінің қолы денесіне тигенде, өн бойы шымырлап кетті. Енді оның қуып жеткенін құмарта тіледі, бірақ өзен жағасында жұрттың жиналып қалғанын көріп, ендігі ойынның ерсі екенін сезіп, қысыла бастады. Ал жігіт болса, көк Есілдің жағасында туып, жүзуді жақсы білгенмен де, әйелдей сүңги алмайтын. Ақмаралды ұстай алмағанына іштей өкінгенмен жағадағы кісілерді көріп бұ да ендігі қууының орынсыз екенін сезді.
— Жақсы, басқа бір күні қуып жетермін,— деді де ол Ақмаралға ғана естіртіп, жағаға қарай жүзе жөнелді.
Ахметбек жағаға шығып киінді де, карьерге қарай беттеді. Бірақ әлгі бір сурет, Ақмаралдың суда ойнаған, аппақ денесі, өзіне қарап күлімдеген мөлдір көзі, сыңғырлаған тәтті күлкісі ойынан шықпай-ақ қойды. Бұрынғы бір көмескі құмарлы тілекке жаңа бір сезім қосылғанын Ахметбек анық түсінді. Осы күннен бастап «расымен мен Ақмаралды бұрынғыдай жақсы көре бастағаным ба?» деген сұрақ қыр соңынан қалмай-ақ қойды.
Неліктен екені белгісіз, Ахметбек сол күні Ақмаралды көргенше асықты. Оны қайтсем кездестірем деп күн бата клубқа келді.
Ақмарал көптен бері Қасеннің өтініші бойынша, көркемөнер үйірмесіне қатынасатын, күйсандықта ойнап жастарға ән үйрететін. Ахметбек келгенде үйірменің сабағы бітіп жұрт тарай бастаған екен. Ол клубтан Ақмаралмен бірге шықты. Бүгін әлдеқалай жел тұрып, күндегі қаптап жүретін сары маса болмайтын. Кеш бойы хор үйірмесін жүргізіп, тымық үйден шаршап шыққан Ақмарал біраз жүргеннен кейін:
— Ахметбек, түн қандай тамаша, азырақ жүре тұрсақ қайтеді, тым шаршап кеттім,— деді бір жағы өтінген, бір жағы еркелеген үнмен...
— Сөйтсек сөйтейік.
— Гүлшаратты да ала жүрейік...
— Қайтесің... Ол жатып та қалған шығар. Карьердің жұмысы ерте басталады ғой...
Ахметбектің сөзінен Ақмарал бір ренжігендей үнді сезгендей болды. Бірақ оған бәлендей мән берген жоқ, «шаршағандікі шығар» деді де қойды. Ал расында Ахметбектің сөзінде шын ренжігендік бар еді. Кешегі ақша туралы сөзден кейін Гүлшарат екеуінің арасы сәл алыстап кеткендей еді. Ұштасқан көңілдерінің арасына бір болмашы қылау түскені анық секілді...
Ахметбек түндегі ренжісулеріне қарамастан бүгін жұмыстан көңілді қайтты. Бұдан екі жұма бұрын жіберілген «Бөрік тас» бөгетінің алдыңғы жағын аттыру туралы қосымша жобаны министрлік бекітіп, іске кірісіңдер деген жақсы хабар келген еді. Жас инженер буған өте қуанып қалған болатын. Үйге келгеннен кейін ол өзінің осы қуанышын Гүлшаратқа естіртуге асықты. Бірақ әйелі күйеуінің кешкі тамағын берді де, төсегіне жатып, қолына «Огонек» журналын алып оқуға кірісті. Ахметбек әрі-бері сөйлесіп көріп еді, көзін кітаптан алмай суық жүзбен қысқа-қысқа жауап берген соң, «Басқа бірдемеге ренжіп келген шығар»,— деп, себебін сұрамастан, үйден шығып кеткен. Сол бетімен ол клубқа келген. Гүлшараттың суық жауабынан түндегі өкпелегені қайтадан өрши түскен еді. Сондықтан да Ақмарал: «Гүлшаратты да ала жүрейік»,— дегенге енжарлау үнмен: «Қайтесің...»— деп айтып қалған.
Ахметбек пен Ақмарал әңгіменің қызығымен өзен жағасына қалай жеткендерін білмей қалды. Түн самалы көңілдерін сергітіп тастаған-ды. Екеуі күбірлесе сөйлесіп, өзен бойын аралап келе жатыр. Қызыл мыстан құйылған үлкен шара табақ секілді жаңа туған ай жоғары көтеріліп жер бетіне сәулесін төгіп тұр. Жарды ұрған толқынның еміс-еміс сыбдыры естіледі. Бұдыры жоқ көңілсіз бұталар анандай жерде әлденені жасырғандай қара күңгірттенеді. Әр жерден үстінде фосфор оты бар жіңішке құрттар жылт-жылт ойнайды.
Кенет өзеннің ар жағында аласа бойлы тораңғы тоғайынан аш түлкінің тырнағына іліккен жапалақтың бақырған ащы даусы шықты. Ақмарал шошып кетті. Ахметбекке тығыла түсті де, қайтадан шегінді.
— Қорқып кеттің бе?—деді Ахметбек Ақмаралдың жалаңаш қарынан ұстап.
— Иә...— жас әйелдің даусы дірілдеп шықты. Сөйтті де Ахметбекке бұрыла түсті.—
— Өзің ше?..
Таяу келе жатқан Ақмарал бұрылғанда, оның кеудесі Ахметбекке сол жақ жүрек тұсына тиді... Екеуінің де бойы шымырлап кетті... Ахметбек қолын бірдемеден қорыққандай кейін алып, енді қатарласа жүрді. Бірақ жаңағы кенет пайда болған тәтті сезім бойынан тез арыла қоймады... Қиялы әлдеқайдағы алыс тілекке самғағандай жанын тербеп келеді... Мынау айлы түнде дәл қасында келе жатқан жас әйел бір кезде арманы болған Ақмарал емес пе? Енді сол алыс арман қасында келе жатқанда Ахметбектің көңілі неге жабығады, неге торығады? Жанында келе жатқан бақытқа ол неге қолын созбайды? Неге бауырына қыспайды?
Әлде бақыт дәл бүгінгідей күнде қасында бола береді деп ойлай ма? Жоқ, Ахметбек, бақыт әмірдің өзі секілді ауыспалы: кейде мынау толқи аққан өзен секілді аяғының астында жатады, кейде мұз болып қатып, бойын аулақ салады. Қолында тұрған бақыт құсын ұшырма, артынан қанша дұзақ салсаң да ұстай алмайсың.
— Ахметбек,— деді ақырын сөйлеп Ақмарал,— мен бұл рудниктен кеткім келеді.
— Неге?
«Неге?» Ақмаралға бұл жерде қандай қиын екенін расында да ол түсінбей ме? Жазғы гүл жаңбырсыз тұра алмаса, жас адам махаббатсыз өмір сүре ала ма? Ал сол махаббат жанында жүріп өзінің салған жарасын өзі жазғысы келмесе, дерттенген жүрек тыным таба ала ма? Көңілге түскен күйіктен жанын таса етпесе қалай шыдар?
Ақмарал не болса да шынын айтқысы келді.
— Мен әлдеқашан кеткен болар едім... Тек бір өзің...— Ол сөзін аяқтай алмай тоқтады.
Бірақ Ақмарал айтпағанмен бәрі де түсінікті еді.
Ахметбек бұл жолы да, әнеукүнгі емханадағыдай Ақмаралдан өзін әзер ұстап қалды. Иә, оның Ахметбекке деген махаббаты — шын махаббат еді. Қандай қайғы болса да төзетін, қандай қуаныш болса да өзгермейтін үлкен махаббат еді. Оны Ахметбек те біледі, бірақ өзі Гүлшаратты жақсы көрген соң, Ақмаралдың көңілін жалған сезіммен алдағысы келмеді, адастыруға дәті бармады.
Ол өзен жағасындағы үлкен тастың тұсына келгенде:
— Ақмарал!—деді тоқтап, оның екі қолынан бірдей ұстап.— Кім білсін, өмірде мені сендей ешкім жақсы көрмес, мүмкін Гүлшарат та,— ол Ақмаралға қиыла қарады.— Сеңің маған деген үлкен махаббатың өмір бойы есімде қалсын... Үлкен жалынның кішкентай ұшқыны болсын. Келші, шын жүрегімнен бір сүйейін...
Ахметбек Ақмаралды ақырын өзіне қарай тартты.
Ақмарал осы бір минутты күткендей жігіт құшағына ене берді... Сөйтті де екеуі құшақтарын тез жазып жіберді. Бірақ осы адал, кірсіз таза кішкентай ләззаттан екеуінің де жүрегінде тәтті, жылы үлкен сезім қалды. Мүмкін, бұлардың бұл сүйісулері ең бірінші, ең ақырғы сүйісулері де шығар: мүмкін, бұлар бұдан кейін махаббат мәселесіне қайта оралмас та, бірақ бұл сүйістен кейін екеуінің арасындағы үзілуге тиісті жіңішке жібі біржола үзіліп кетпеді, екеуіне де араларында әлі де бір сыр айтылмай қалған тәрізді көрінді... Мұны Ахметбек те, Ақмарал да түсінді. Енді олар қатарласа поселкеге қарай жүрді. Махаббаттың тынбас бұлағы суалғандай поселкеге жеткенше екеуі де тіл қатысқан жоқ. Ахметбек Ақмаралды үйінің қасына алып келді де, қоштасып, кейін қайтты. Жаңағы әңгімеден кейін, ол енді өзімен-өзі болып, азырақ далада жүре тұрғысы келді. Қайтадан жағаға беттей түсті де, бөгет жаққа бұрылды. Ол поселкадан шыға берген кезде, ең шеткі үйден екі адам оған қарсы жүрді. Таяу келгенде біреуі бас инженердің орынбасарын танып, тоқтай қалды да, екіншісі тәлтіректей басып кейін шегінді. Анадай жерден бұрылып кетті.
Ахметбек жанынан өте бергенде, жаңағы тоқтаған адам:
— Ғапу етіңіз, менің сізбен сөйлесетін сөзім бар еді,— деді ашулы үнмен.
Анау оған қараңғы түнде үңіле қарады. Сауранбай екен. Аузынан арақ иісі мүңкіп тұр.
— Қандай шаруа?
Екеуі қатарласа аяңдады.
— Оны өзіңіз білуіңіз керек?!
— Қалайша?..
— Келмей жатып, біреудің семьясын бұздыңыз... Әңгіме сол жайында.
— Кімнің семьясын бұзыппын?
— Менің!..
Ахметбек Сауранбайдың бетіне таңдана қарады да, оның ашуланып келе жатқанын байқап, көңілін жұбатайын дегендей, қолтығынан алды. Анау қолын қатты жұлқып, босанып кетті.
Ахметбек аңырайып тұрып қалды.
— Сіз қателесесіз,— деді ол аздан кейін даусын көтермей,— мен ешкімнің семьясын бұзған жоқпын, бұзайын деп те жүргенім жоқ.
— Оған кім сенеді? Өзіңіздің әйеліңіз бөтен біреумен жүретін болған соң, басқаның да әйелін бұзғыңыз келеді!
Ахметбек Сауранбайға кілт бұрылды. Оған кенет үйінің төбесі құлап жерге түскендей болып кетті. Әзер-әзер демін алып:
— Кіммен жүріпті менің әйелім?!—деді.
— Бас инженермен ше? Білмейтін шығарсыз!..
Ахметбек не болғанын білмей кетті. Көзі қарауытып, жүрегі алып ұшып, дүрс-дүрс соға жөнелді.
— Өтірік! Жалған!— Оның даусы қатты шықты.
— Ешбір өтірігі жоқ! Нанбасаңыз Сиқымбайдан сұраңыз!
— Сиқымбайыңыз кім?
— Үй коменданты ше.— Сауранбай бөгет жақтан бұларға қарай келе жатқан адамның қараңдаған бейнесін көріп:—Егер өзіңізді де, бізді де бақытсыздыққа ұшыратқыңыз келмесе, менің әйелімде шаруаңыз болмасын! Өз жайыңызға жүріңіз!— деді ол әлгі қараңдаған адам таяп қалғанда, сөйтті де Ахметбекке бұрылмастан өзен жаққа қарай жүре берді.
Ахметбек сенерін де, сенбесін де білмей тұр. «Сауранбай мастықпен айтқан шығар? Мас адам не демейді?! Жоқ, ол мүмкін емес. Гүлшарат ондай іске аяқ баспайды. Егер Гүлшараттың ойы бола қалған күнде де Сұлтан жамандыққа бармайды. Ахметбектің көзіне шөп салмайды. Оған адал, адамгершілік ары көнбейді. Оның үстіне Ахметбек Сұлтанның құшақтасқан жолдасы, анттасқан інісі емес пе? Жоқ, жоқ, Сауранбайдың айтқаны жала!» Кенет Ахметбектің есіне Гүлшараттың соңғы кездегі мінез-құлқы, өзіне сәл салқындай бастаған қылықтары түсті. «Мүмкін бұл салқындық осындай бір себептен шығар?»
Ахметбек біреу төбесінен қос қолдап ұрғандай көзі қарауытып тұра қалды. Жүрегі удай ашып ойнап кетті.
Дәл осы кезде қасына тағы біреу келгендей болды. Жалт бұрылды. Қасында Кентай тұр.
— Қайдан келе жатырсың?— деді Ахметбек.
Ойы басқа жақта болған соң, ол өзінің не сұрағанын да аңғарған жоқ.
— Бөгетте болдым. Түнгі кезектің жұмысын өлшедім.
— Ә!...
— Ертең ерте ауданға жүрем...
— Қайдағы ауданға?..
— Ең бізге жақын... Н... ауданына. Оның өзі осы арадан екі жүз километр...
— Жай ма?
— Комсомол жұмысы жөнінде.
Көңілі бұлқан-талқан боп аласұрған Ахметбек бұдан бөтен ештеңе сұраған жоқ.
Сауранбай Ахметбектен айрылғаннан кейін, өзенге қарай беттеген болатын-ды. Ол алдымен арақтың, ашудың зардабымен қайда келе жатқанын өзі де аңғара қоймаған. Тек өзен жағасына келіп тірелгенде ғана қайда келгенін бір-ақ білді. Сауранбай есін жинағысы келгендей суға қарап сәл кідірді де, шешіне бастады. Суға түскісі келіп, терлеп тұрғанына қарамай, өзенге күмп берді. Шу дегеннен-ақ түнгі салқын су ыстық денесіне мұздай тиіп, тітіркентіп жіберді. Сөйткенше болған жоқ, қолы сермеуге де келмей, кенет тамырлары тырысты да қалды. Құрысқан денесін жаза алмай Сауранбай бір-екі рет жаны шыға айқайлап, бұлқына түсіп, көпірген сұрғылт толқынның астында жоқ болды да кетті.
Ертеңіне жұрт оның жағада шашылып жатқан киімдерін тауып алды.
АЛТЫНШЫ ТАРАУ
«Сауранбай суға кетіп өліпті»,— деген хабарды естісімен-ақ жұрт топ-топ болып өзен жағасына ағылды. Төрт адам екі қайықпен суды жағалай сүзгімен денесін іздеді, бірақ еш нәрсе табылмады. Өлігі табылмағанымен ЖКО бастығының суға кеткеніне ешкім күмәнданбады. Енді жұрт Сауранбайдың қалай суға кеткенін жорамалдай бастады. Біреулер: «Жайын әкеткен болар»,— деп соқса, біреулер: «Жүзу білмейді екен және оның үстіне ішкен көрінеді»,— деп нақ үстінен түспегенмен де шындыққа таяу қорытындыға барып қалды. Дегенмен де «Мас болу керек»,— дегендер көбейді, бірақ, оған қарсы: «Поездың не машинаның астына түсіп, болмаса суға кетіп өлген қандай масты көрдіңіздер? Мас адам ес-түсін білмей, қандай бұзықтық істесе де өзін-өзі өлтіруге бармайды»,— дейтіндер де табылды. Ал енді кейбіреулер «Еркектің әйел деген бір тағдыры бар емес пе, әйелімен соңғы кезде нашар тұрады екен, соның ызасы көрінеді...» ден жорамалдаса, «Әйелімен нашар тұрса суға кетіп өлу керек пе!»—деп, тойтарып тастаушылар да шықты. Осының ішінде өте-мөте бір қауіпті лақап жұрттың құлағын елең еткізе түсті. Ол«Сауранбай мен Ахметбек бір кезде Ақмаралға таласқан екен... Кім біледі, Ахметбектің әдейі қастық істемегенін... Суға түскелі жатқан адамды желкесінен таспен бір қойса, жардан домалап кететінін де білмей қалар... Япырмай, солай да болуы мүмкін ғой... Сауранбай суға кететін түні өзен жағасына қарай бірге кетіп бара жатқанын Сиқымбай көріпті... өзен жағасына неге барды екен?.. Бұл әйел құрғыр не істетпейді дейсің!»—деген өсек болатын.
Асылбек пен Хамза толын жатқан лақаптың қайсы дұрыс екенін біле алмады. Олар тергеуші жіберулерін сұрап, облыс орталығына телеграмма берді.
Директор бұл оқиғаға бас инженер орынбасарының қатысы бар деген сөзге құлақ та қойғысы келмеді. Ал Хамза бұған күдіктене қарады. Парторг, Ахметбек кісі өлтірмеген күнде де, сол кісінің өлуіне себепкер болуы мүмкін деген ойда болатын, өйткені Жарқын руднигінде өзен маңайынан бөтен қыдыратын, дем алатын жер болмағандықтан, сол түні су жағасына бұ да барған еді. Үлкен тастың өзенге қараған жағында отырып алып, ол ұзақ ойға кеткен. Осы кезде тастың ар жағынан әлдекімдердің даусын естіген соң, «Бұлар кім екен?»—деп, тәтті сағаттарын бұзбайын деген оймен тастан басын ғана шығарып қараған болатын. Ол сүйісіп тұрған Ахметбек пен Ақмаралды көрген. Өзі қырыққа келгенше мұндай оқиға басынан өтпеген парторг, бұған таң қалған, Ахметбекке қатты ренжіген. «Сауранбай бишара текке безілдеп жүрген жоқ екен ғой -.»— деп ойлап, Ақмаралға да іштей жаман өкпелеп қалған. Енді Ахметбек туралы әлгідей лақапты естіп, оны кісі өлтіретіндей қылмысқа қимағанмен де, Сауранбайдың өзін-өзі өлтіруіне себепкер болды ма деген дүдамалды ойда отырған-ды.
Парторг өмір бойы партиялық қызметте келе жатқан адам. Ол әр нәрсенің егжей-тегжейін тексермей тез қорытынды істемейтін. Тергеушіні күтпей Ахметбекпен ең алдымен өзі сөйлескісі келді. Әбден етене сырына таныс кісі болмағандықтан, оның шын қандай адам екенін білуді жөн көрді. Осы оймен ол Ахметбекті бүгін кабинетіне шақырды.
Бас инженердің орынбасары келгенде, парторг оны күтіп отыр екен.
— Жоғары шық, Ахметбек,— деді Хамза. Анау барып парторгтың көрсеткен жеріне отырды,— Ахметбек, сенімен әдейі сөйлескелі шақырып отырмын,— деді парторг,— менің сөзім мүмкін саған ауыр да тиер, бірақ тыңда... Біз коммуниспіз, бірімізден-біріміз сырымызды жасырмауымыз керек... Солай емес пе?
— Әрине. Сізден еш нәрсемді жасырмауға уәдемді беремін.
— Жақсы. Ең алдымен мынаны айтыңызшы: сіз ғой әлі жассыз. Басқаша айтқанда жаңа заманның жаңа адамысыз. Олай болса жаңа адам қандай болуы керек? Осыны өзіңіз қалай түсінесіз?
Ахметбек сәл ойланып қалды.
— Жаңа адам жаны кіршіксіз, таза болуға тиісті...
— Дұрыс айтасың. Мен де солай деп ойлаймын. Жаңа адам қанша сан қырлы, алуан сырлы болса да, қай жағынан қарасаң да гауһар тастай бірдей әдемі көрінуі керек. Адалдық оның ең жоғарғы идеалы болуға тиісті. Сонда ғана ол жаңа өмір құра алады. Жаңа бақыт иесі бола алады. Міне бізге керегі сондай адам. Сондай жаңа адамды тәрбиелеп шығару үшін біз де пайдамызды тигізсек дейміз, қолымыздан келгенді аяғымыз келмейді. Мен де сені сондай жаңа адамның бірі ме деп едім, бірақ ол ойым болмай шықты.
Ахметбек қызарып кетті.
— Сөзіңізге түсінбей қалдым ғой...
— Меніңше саған түсінікті болу керек. Айтайын дегенім сенің бойында ескі дүниенің қалдығы бар...
— Ол бекер!
— Бекер болса біреудің семьясын (бұзар ма едің, біреудің өліміне себепкер болар ма едің.
— Жоқ, мен ешкімнің өліміне себепкер болғаным жоқ. Ешкімнің семьясын да бұзған жоқпын.
— Қалайша себепкер болмайсың, егер ол шын болса?
— Қалай шын болады?
— Ұлы сөзде ұяттық жоқ. Ақмарал екеуіңнің сүйіскеніңді өз көзіммен көрдім.
Ахметбек сасып қалды. Үндей алмады.
— Сауранбай суға кетегін түні екеуің өзен жағасына неге бардыңдар?—деді парторг аздан кейін тағы да...
— Мен Сауранбаймен бірге өзен жағасына барған жоқпын.
— Көрген кісі бар!
— Кім?
— Сиқымбай
Бұл Сиқымбай деген кім? Қыр соңымнан қалмайтын қандай пәле? Гүлшарат туралы жаман сөзге де куә сол. Мына жерде де Сиқымбай..»
Ахметбек басын жоғары көтеріп, Хамзаға қарады.
— Мен Сауранбаймен өзен жағасына барған жоқпын. Оған Кентай куә. Ал сол түні поселка шетінде кездесіп: «Семьямды бұзба»,—деді, мен:«Ешкімнің семьясын бұзған жоқпын, бұзбаймын да»,— деп жауап қайырдым. Осымен екеуміз айрылып кеттік... Содан кейін бөгет жаққа келе жатқан Кентаймен бірге поселкаға қайттым.
— Ал өзен жағасына жай қыдырып бардың ба?
Ахметбек қысылып қалды. Тәуекел деп ол Ақмарал екеуінің арасындағы ұзақ сырды толық айтып берді. Өзінің өзен жағасына барып, ақырғы рет жай сүйісіп айрылғандарын жасырған жоқ. Парторг бұған сенді.
— Сауранбай бөтен еш нәрсе айтқан жоқ па?— деді ол тағы.
Ахметбек төмен қарады. Хамзаның бұл жолғы сұрағаны, оған бұрынғыдан да қиын тиді. Сауранбайдың Гүлшарат туралы сөйлеген құпиясын парторгке ашуға аузы бармады. Ондай өсекке Гүлшаратты қимады.
Бірақ сырын жасырмасқа жаңа ғана Хамзаға уәдесін берген жоқ па. Мүмкін Гүлшарат туралы өсек сол Сауранбай, Сиқымбайлар арқылы Хамзаға да жетіп қалған шығар? Олай болса, менің мұндай сырды парторгтен жасырып қалғаным жөн бе?»
Ахметбек ауыр күрсінді.
— Ол тағы бір адам шошынарлық сөз айтты.
— Қандай сөз?!
Парторгтың бағанадан бергі білгісі келіп отырғаны Сауранбай: «Өзімді өзім өлтірем»,—деп айтқан жоқ па деген сөз болатын. Ол егерде Гүлшарат туралы өсекті естісе, мұндай сұрақты Ахметбекке қояр ма еді? Ахметбектің онсыз да күйіп жүрген жанын бұрынғыдан да гөрі күйдіре түсер ме еді? Әрине, оның бірі де болмас еді... Бәрін өзі тексеріп анығына жетер еді де, жас коммунист Ахметбекке қорған болар еді.
Парторг тыңдап тұрмын дегендей, бас инженердің орынбасарының бетіне қарады. Анау қиналып отырды да, әзер дегенде сөйледі.
— Ол маған Гүлшарат Сұлтанмен жүреді деді...
Парторг шошып кетті. Қанша салмақты болғанымен де шыдай алмады, орнынан тұрып, ерсілі-қарсылы жүре бастады.
— Ол мүмкін емес! Оны кім көріпті?
— Әлгі Сиқымбай.
Парторг тұра қалды. «Сұмдық біткеннің бәрін Сиқымбай-ақ көре береді екен. Жоқ, бұл жерде бір пәле бар Сиқымбаймен сөйлесіп, анығына жету керек».
Хамза Ахметбекті шақырғанда ұрыспақшы, ренжімекші болып шақырған еді, енді қарсы алдында жүдеп отырған жас жігітті аяп кетті. Бұрынғы райынан қайтып, жұбатқысы келді.
— Менен еш нәрсе жасырмағаның жақсы болды. Ойыңа еш нәрсе алма, бәрін өзім анықтайын,— деді ол.
Парторг Ахметбектің қолын алып қоштасып жатып
— Есінде болсын, жаңа адамның тағы бір қасиеті — ол өзіне-өзі құрыштай берік болуы керек. Өсек-аяңға берілмеуге тиіс. Ал Гүлшарат туралы Сауранбайдың айтқаны жала,—деді.
Осындай бір қиналын жүрген кезінде біреу қолынан бөліп берері болмағанмен де, жылы сөзін айтса, адам қандай көтеріліп қалады. Парторгтің «сөзсіз өсек» деген сөзі Ахметбектің көңілін көтеріп жіберді. Үйден жарқын жүзбен шығып кетті.
Хамза Ахметбек кеткеннен кейін ойға шомып біраз отырды. Ол қазір Сиқымбайды, Ақмаралды, қала берсе Сұлтанды да шақырып алып, адам жиіркенетін бұл өсектердің анығына жеткісі келді. Бұл іске дереу кірісіп, тығыз шара қолданбақшы болды. Бірақ бұл ойын ол кешке қалдырды... Сағатына қарап, бұрғылаушылармен әңгімелесуге белгіленген уақытының болып қалғанын көріп, парторг қағаздарын жинай бастады.
Тергеуші Айдарбеков көп жылдар заң қызметтерінде болып, адам баласының арасында кездесетін не алуан сырлардың түйіндерін шешкен, тәжірибелі кісі болатын.
Ол Хамза Нұрғалимовичпен оңаша сөйлесті де, іске бірден кірісті.
Айдарбеков Сауранбайдың денесін іздеуге екі қайықпен судың екі жағасын бірдей тексеріп шығуға төрт кісі жіберді де, тергеу ісін бастады. Ол ең алдымен Сауранбай суға кететін түні Ахметбектің онымен бірге болғанын көзімен көрген Сиқымбайды шақырды. Сиқымбай ішінен: «Қамдағы пәлеге қайдан қалдым, аузымды бағып тыныш жүрмей»,— деп өзіне-өзі ренжісе де, «Болар іс болды, енді айтқанымнан танбауым керек» деген қорытындымен тергеуші отырған парторгтың кабинетіне келді. Айдарбеков толтырылған тергеу қағаздарын жазып болды да, Сиқымбайға қарап:
Суға кеткен Сауранбай жайында не білесіз?— деді.
Сиқымбай ойланып отырып, сөзге кірісті.
— Адамның іші — түлкінің ініндей қатпар-қатпар емес пе, біреудің ішіне кіріп шықпағаннан кейін не біле қоясың...
— Сонда да.
— Менің ең алдымен естігенім — бас инженердің орынбасары Ахметбек пен Сауранбайдың әйелі, бізде дәрігер болып істейтін Ақмаралдың арасы жақын деген сөз...
— Жақын болғанда, қандай жақындық.
— Әлгі немене, осы күнгі жастар махаббат дей ме, сүйіспеншілік дей ме, сол жақындық.
— Иә, оны кімнен естідіңіз, әлде өз көзіңізбен көрдіңіз бе?..
— Жоқ. Көрген жоқпын. Ондай іс біреу жоқ жерде, немесе жұрт ұйықтап жатқан кезде істелмей ме... Мен оны марқұм Сауранбайдың өзінен естігем.
— Сауранбай оны сізге қай жерде, қандай жағдайда айтты?
— Сол суға кететін түні айтты...
— Не деп?
— Менің әйелім Ахметбекпен жүреді. Дүниеде не олар, не мен тұрамын деп.
— Сіз өзіңіз Ахметбектің Сауранбайдың әйелімен жүреді деген сөзге сенесіз бе?
Сиқымбай төмен қарап ыржиып күлгендей болды.
— Әрине, сенемін...
— Қалайша сенесіз?
— Еркек емес пе?..
— Сіздің еркек туралы түсінігіңіз қызық екен...— деді қабағын шытып тергеуші.— Жарайды, өз көзіңізбен көрмесеңіз, бұл мәселені қоя тұрайық... Енді сіз мынаны айтыңызшы... Сол түні Сауранбай мен Ахметбек су жағасына бірге кетіпті. Оны сіз көріпсіз. Осы рас па?
— Рас.
— Байқаңыз, шындықты айтыңыз. Ахметбектің су жағасына Сауранбаймен бірге бармағанын көрген де адамдар бар. Өтірік айтып, жауапқа тартылып жүрмеңіз.
Сиқымбай: «Жауапқа тартылып жүрмеңіз»,— деген сөзді естігеннен кейін жаңағыдай емес қорқайын деді...
— Әрине, мен олардың дәл су жағасына барғанын көрген жоқпын. Сол түні Сауранбай біздің үйден шығып, Ахметбекке поселке шетінде кездесті, мен соны көрдім.
— Қайтып көрдіңіз?
— Мен Сауранбайды үйіне шығарып салмақшы болып бірге шыққанмын. Ахметбек кездескеннен кейін қайтып кеттім...
— Сауранбайды неге шығарып салмақшы болдыңыз? Өзі бара алмайтын ба еді? Ол сіздің үйде не істеді?
Сиқымбай сасып қалды. Ішінен: «Біздің үйде болды деп бекер-ақ айтқан екем. Бір пәлесіне қалмасам жарар еді... Енді арақ ішкенімізді де жасыруға болмайды... Оны да біреудің көріп қалмағанын кім білсін»,— деп ойлады да, тергеушіге мүләйімсіп қарап:
— Азырақ қолдан ашытқан сыра ішіп едік, марқұм қызыңқырап қалған соң, шығарып салайын деп едім,— деді.
Тергеуші Сиқымбайдан басқа еш нәрсе сұраған жоқ. Енді ол Сауранбайдың суға кететін күні мас екенін, оның әйелі Ақмарал мен Ахметбектің арасындағы есекті Сиқымбай өз көзімен көрмей тек Сауранбайдан естігенін білді.
Айдарбеков бұдан кейін Кентайдан, Ахметбектен, Ақмаралдан жауап алды. Олардың жауабы бойынша Сауранбай суға кетер түні Ахметбектің онымен бірге өзен жағасына барғанына көзі жетті.
Үш күн өткеннен кейін Жарқын руднигінен он шақырымдай жерде, су жағасындағы талға тіреліп, күптей болып ісіп кеткен ЖКО бастығының денесі табылды.
Медицина экспертизасы бойынша Сауранбайды ешкім өлтірмегені және өзіне-өзі қол салмағаны анықталды. Оның өлімі мас адамның терлеп келіп өзенге шомылғанда, суық судан қол-аяғының тартылып қалғаны анықталды.
Тергеуші істі аяқтап қайтып кетті. Бұл іс осылай біткенмен де мұның салдары үлкен қайғылы оқиғаға соқтырды. Бас инженер мен хатшының арасындағы сөніп бара жатқан отты жел үрлегендей қайта тұтатты.
Сұлтан әнеукүнгі Кентайдың сөзінен кейін, Гүлшаратқа деген сезімін іштей сөндірмегенмен де, ашытқан қамырдай сырт жағынан қымтап, бүркей түскен еді. Сол сезімнің бір күні сыртқа шығатынын да ол жақсы білетін-ді. Сондықтан да бас инженер хатшысына бұрынғыдай емес. Жұрт көзінше қатал мінездер көрсетіп, себеп тауып, кейде ұрсып та қоятын болды. Сұлтанның мұндай мінезіне, сырына түсінбеген Гүлшарат кейде оған өкімситін де, кейде тіпті әжептәуір ренжіп қалатын еді. Ондай күні ол қызметтен шаршап қайтатын да, Ахметбекпен де жөнді сөйлеспей, төсекте жатып алып, кітап оқитын-ды. Ал Ахметбек те Гүлшараттың осындай мінезін көріп, себебін таба алмай құр іштей қапаланатын. Бас инженердің Гүлшаратқа сырттай суық қарауына Кентайдың сөзінен бөтен тағы бір себеп болды. Ол — парторгтың өзімен сөйлесуі. Хамза Сұлтанды шақырып алып Сиқымбай шығарған өсектің жайын сұраған, анау: «Ондай іс тіпті ойыма да келген емес»,— деп құтылғанмен, бұл әңгіменің насырға шауып кетуінен қорқып, хатшысына жұрт көзінше суық жүзбен қарауға тырысқан. Гүлшарат та өзіне кенет өзгерген бас инженердің бұл мінезін көріп, ол оңашада қанша жылы қарап, бұрынғыдай қалжыңдасқысы келгенмен де, өзін-өзі бекем ұстап, бойын аулақ сала берген.
Осы қалпымен Гүлшараттың Сұлтанға деген көңілі тіпті суып кетер ме еді, қайтер еді, әттең, не керек, бір болмашы оқиға екеуін қайтадан жақындатты. Бір күні ол таңертең суға түсіп, қолында жаңа ғана тораңғылдан жонып алған үлкен таяғы бар, карьер жаққа келе жатты, кенет оң жағынан: «Ойбай!»—деген біреудің ащы даусы шықты. Сұлтан дауыс шыққан жаққа жалт бұрылды. Суы құрғап қалған кішкентай сайдың өте беріс шетінде Гүлшарат сұп-сұр болып, көзі шарасынан шыға жаздап қорыққан, қимылдайтын шамасы жоқ, мелшиіп тұр. Қарсы алдында үш метрдей жерде, баялыш түбінде белбеудей қара шұбар жылан басын жоғары көтеріп, ысқырып, келіншекті шаққалы қалған. Сұлтан бір-ақ секіріп қасына жетіп барды. Жылан бұрылғанша, таяғымен басынан салып етті. Жылан тез иіріліп Сұлтанға қарсы атылды. Жігіт оны бар күшімен тағы бір перді... Жыланның басы мылжа-мылжа болып, сұлық құлады.
— Түу, зәрем ұшты ғой,— деді аздан кейін Гүлшарат демін еркін алып,— рақмет сізге.— Екеуі енді карьерге бірге аяңдады.
Осы бір кішкентай оқиға Гүлшараттың көңілінде өшпестей із қалдырды. Оған Сұлтан — ер жүрек, қауіптен сескенбейтін ер мінезді адам болып көрінді. Енді бас инженер сезімге берілгіш жас әйелдің әлсін-әлсін ойына түсе беретін болды. Міне Гүлшарат өстіп жүрген кезінде, Ахметбек пен Ақмарал арасы жақын екен деген лақап оған да келіп жетті. Бұл өсектің аяғы тергеу ісіне дейін барып, жұртты бір дүрліктіріп тастады.
— Гулятай, қалың қалай? Біздің Жарқынның құмы әлі тойдырған жоқ па?—деді күлімсіреп бір күні Сұлтан, Ахметбек пен Кентай скважиналарды өлшеуге кеткенде.
— Айтпаңыз...
— Мен Ахметбектің орнында болсам, сен секілді қызыл гүлді миллион сом төлесе де, мұндай адам тұрмас жерге әкелмес едім.
— Неге?
Сұлтан жұмбақтай сөйледі.
— Оны саған бір сөзбен айтып түсіндіру өте қиын...
Гүлшарат үндеген жоқ.
— Және Ақмаралды сенің басқан ізіңе де айырбастамас едім.
— О да айырбастаған жоқ.
— Ол тергеушінің ойы ғой, өзің қалай дейсің?
Бәсе, өзі қалай ойлайды? «Ахметбек пен Ақмарал жүреді екен, Сауранбайдың суға кетуіне солар себеп болыпты» деген өсек расымен жалған ба? Рас дейін десе, тергеу бітіп, ерінің күнәсі жоқ екендігі анықталған жоқ па? Әрине солай... Бірақ Сұлтанның «Ол тергеушінің ойы ғой, өзің қалай дейсің?» деген сөзі көңілін бір толқытып тастады. Гүлшарат түнімен ұйықтамай шықты. «Бәсе, өзі қалай ойлайды? Осы жұрт бірдемені біліп жүр ме? Расымен Ахметбек сондай іске барғаны ма? Егер бармаған болса, Сұлтан ондай сұрақты неге қояды?» Жас келіншек аунап түсті, көзінен ыза жасы жастыққа мөлт-мөлт тамды. Жігері жоқ, жеңіл мінезді адамның бір қорытындыдан екінші қорытындыға тез ауатыны белгілі, Гүлшарат Ахметбектің көңілін өзі қалай қалдыра бастағанын ұмытып, оның соңғы кездегі салқын қылықтарын енді бөтенге жорыды. Адамның көңіліне бір қылау түссе, жүрісі бұзыла бастайтын сағат секілді, оған сенім аз. Сәл болмашы жорамалдан ұйқысы қашып, мазасы кете бастады. Енді ол ызалы ойға кетті: Бәсе, маған жат көзбен қарай бастап еді, тегін емес екен ғой! Жоқ, жоқ, Ахметбек, сен әлі Гүлшараттың мінезін білмейсің! Қандай Эдик, Эриктерді ұнамағанда бір сөзге келмей қиып кете беретін әйеліңнің жүрегін сен әлі дұрыс ұққан жоқсың! Гүлшарат ешкімге күлкі бола алмайды. Егер өзің сондай іске барған болсаң, әйеліңнен одан да өткен сорақылық шығады. Намысын жерге таптатқызып отыра алмайды!» Ол осындай қайдағы жоқ ойға шомды, біресе ызаланып жастығын бауырына қыса жылады, біресе күні бойы карьерде болып шаршап келіп шырт ұйқыда жатқан Ахметбекті оятып алып, шындығын сұрағысы келді... Бірақ өйтпеді... «Тұра тұр!.. Әлі өкінерсің!..» деген орынсыз екпемен, таңертең тұрды да, қызметіне кетті.
Сұлтан шала ұйқыдан жүдеп тұрған хатшысының түрін көрісімен оның қандай халде екенін аңғарып қалғандай еді.
— Жақсы жатып, жайлы тұрдың ба, Гуляжан?—деді ол Гүлшарат кіріп амандасып болғаннан кейін.
— Жаман емес... Өзіңіз ше?
— О, мен түнімен көз ілгем жоқ...
— Неге?
— Аққудың көгілдіріндей бір әдемі келіншектің суреті түнімен жанымды қинап, ұйықтай алмай шықтым.
Гүлшарат ақырын күлімсіреді.
— Сіз ақындарша сөйлеп кеттіңіз ғой..
— Ақын болмағанмен ақындық сезімімді оятқан сол аққудың көгілдірі қасымда тұрғанында қалайша олай сөйлемессің!..
Келіншек сәл қызарып төмен қарады. Осы күннен кейін оның көңілі екіге бөліне бастады. Гүлшараттың көңілінен екі адам бірдей орын алуға айналды. Бірі — сүйіп қосылған Ахметбегі десек, екінші «Гуляжан!»— деп жанын қытықтап тұрған Сұлтан болды. Осы екі бөлінген сезім жас келіншектің қиял дүниесінде бәйгеге түскен жүйрік аттардай, бірде бірі озып, бірде бірі қалып, ұзақ шапты. Ақырында келіп жасынан идеалы болған «ер кеуде» «ұзын бойлы» жігіт қасиеттері оны өзіне тарта түсті. Күн болса шыжып тұрған ыстық. Ал жүрек ыстығы одан да қапырық. Гүлшаратқа жанын жай тапқызатын бір самал жел керек сияқты. Ал ол самал жел Сұлтанның құшағымен келетіндей тәрізді. Осынау шөлейт сұрқай даладағы тіршіліктің мәні тек Сұлтанға ғана қатысты боп көрінген-ді. Сұлтанды ойлаған сайын ыстық сезім жүрегін шымырлатып, есін белгісіз бір құмарлық жаулап алуға айналды. Ахметбек болса көз алдында күннен-күнге аласарып бара жатқандай. Сүйген жардың жан дүниесіндегі өзгерісті, өзіне деген өгейлікті сезінген күйеуі іштен тынып, жаралы жанына жұбаныш іздеп, аласұрады. Көңіл көкжиегінде ғайыптан болған қорқыныш бұлтының ызғарлы көлеңкесінен қашып құтылар дәрмені болмай, ыза-қайратын қайда жұмсарын білмей ашынған жігіт күндіз демей, түн демей біресе руда карьерінде, біресе құм карьерінде уақыт өткізді. Үйде болуынан түзде болуы көбейді. Қайғы бар қуанышын сорып алғандай көзі шүңірейіп, тіпті жүдеп кетті. Қамыққан көңілі қарадай құлазып, бұрынғыдай емес, жұртпен де көп сөйлеспейтін болды. Ал Сұлтанмен кездесіп қалса, жүрегін бір жеркеніш сезімі билеп, оның жанында көп кідірмеуге тырысты. Аға деген адамның опасыздығы біресе жеркендіреді, біресе ашуландырады... Бірақ ол жүрегін күйдіріп, денесін өртеген сол ашуды, сол жеркенішті сыртқа шығарған жоқ, іштей жанып өз дертіне өзі күйді. Сондықтан да сыртқы жұртқа сыр бергісі келмеді. Гүлшаратпен де ашық сөйлеспеді. Ахметбектің бұл қылығы Гүлшаратты жақындатудың орнына одан алыстата бастады.
Бүгін бір ерекше күн еді. Қасен мен Ақмарал дайындаған көркемөнерпаздар концерті болмақ. Ахметбек жұмыстан кеш босап, үйіне келсе, Гүлшарат концертке кетіп қалған екен. Ол жуынып, тамағын ішті де, үсті-басын жөнге келтіріп, клубқа келді. Қара көлеңке клуб іші көрермендерге лық толы. Тек сахна ғана екі жақтан қойылған софиттермен жарқырап тұр. Ахметбек Гүлшаратты көз қиығымен іздеп көріп еді, тірескен көп адамның ішінен таба алмады, ешкімді түстеп танып болмайды. Сахнада қазақтың ұлттық киімін киген, үстінде ақ жібек қос етек көйлек, белі қиылған оқалы қызыл барқыт қамзол, оның сыртында алтын зерлі биқасап, көк шәйі қынама шапан, кеудесінде күміс теңгелі алқа, басында үкілі кәмшат бөрік қара торы, қой көзді қыз ән шырқап тұр. Ахметбек артынан барып аңғарды. Өзі Жарқынға бірінші келген күні карьерде көрген әнші қыз Дариға екен. Оның сыңғырлаған даусы құлаққа жайлы, жүрекке жылы тиеді. Мұңлы әуен көпшіліктің жан жүйесін қозғап, клуб ішінде ғажайып үнсіздік орнаған.
Бір өкініш, бір үмітке толы ән сазы:
Шыныңмен менен, қалқам, қалғаның ба,
Мойныңа айрылуды алғаның ба
Екеуміз айрылмастай болып едік,
Өкінем берген серттің жалғанына,—
деп аяқталады.
Көңіліне сол әннің сәулесін ұялатқандай Ахметбек көзін жұмып, маужырап ұйықтап кеткен адамдай қозғалмастан тұр.
Екеуміз айрылмастай болып едік,
Өкінем берген серттің жалғанына...
Иә, Ахметбектің көңіліндегі өкінішті, ренжуді осы бір он дәл тауып, жан жарасын ашып жібергендей болды... Ол ақырын күрсініп, көзін ашты. Жаңағы дауысқа таң қалып, демін ішіне ала тынып қалған жұрт ұйқыдан оянғандай серпіліп, енді жер тепкілеп: «Бис!», «Бис!»—деп қол шапалақтап жатыр.
Концерттің бірінші бөлімі бітіп, шам жанды. Ахметбек Гүлшаратты іздеп алға қарады. Кенет жан ауыратын суретті кергендей өңі бұзылып сала берді.
Бірінші қатардағы орындықтардың орта тұсында Гүлшарат отыр. Ол артындағы Сұлтанға бұрылып, әлденені айтып, бақытты адамдай жымиып күлігі қояды. Гүлшарат қаннен-қаперсіз, жарқын жүзбен қасынан өтіп бара жатқан адамдармен амандасты да, тағы да Сұлтанға бұрылды... Ең болмаса жан-жағына қарап Ахметбекті іздейтін де түрі жоқ. Бар ықыласы, бар ынтасы, жады болған адамдай арт жағында отырған бас инженерге ауған. Кенет Ахметбекке Гүлшараттың Сұлтанға қараған көзінен жарқ, етіп бір қуаныш, бақыт нұры ойнаған тәрізді болып көрінді. Қайта қарауға дәті бармай, тез бұрылды да, залдан шығып кетті.
Кімнің жаны ләззат отына күймейді. Қайсымыздың көңіліміз махаббаттың ыстық лебінен жаңа шыққан гүлдей құлпырмайды? Қайсымыз сол махаббаттай ұлы күшке, болашаққа сенгендей сенбедік? Егер сол сенім ақталмаса, егер болашақ қараңғы түнде қу сүйек үстінде жанған шырақ секілді жалған болса, адамның жүрегі қалай бір қалыпта соқпақ? Қалай тыным алмақ? Онда адам ол махаббатқа қарғыс оқып, ол болашаққа лағнет айтпай ма?..
Әрине, сүйтер еді, ол заңды да болар еді. Өйткені махаббатсыз болашақ жоқ. Махаббат — адамның ұлы қуаты, ұлы сенімі. Ол қуат, ол сенім Отанға болсын, халқыңа болсын, сүйген жарыңа болсын кіршіксіз таза келуге тиісті. Оны бұзған адам, оған сенбеген адам, өмірден қуаныш, бақыт тілеуге қақы жоқ.
Ал Ахметбек сол махаббатқа сенбеді ме, одан қуаныш күтпеді ме? Ол сенді де, қуаныш та күтті. Бірақ Гүлшараттың мына қылығы даңғыл жолдан адастырған борандай, сол сенімнен адастырып тұрған жоқ па? Қайда апарып соқпақ?
Ахметбек суға төнген жардың жағасындағы үлкен қара тасқа келіп отырды. Айсыз түн. Аспанды торлаған қалың бұлттың жел қуып арасы ашылса, жұлдыздар жылт-жылт көрінеді.
Төменде жел ойнатып жарды ұрған қап-қара толқындардың шылпылы естіледі. Оқта-текте суық судың шашыраған тамшылары Ахметбектің бетіне келіп тиеді...
Түн де қараңғы, Ахметбектің көңілі де қараңғы. Ол қалың ойда отыр. Аласұрған көңіл, өзінің осы ақырғы кезде қандай күйге ұшырап бара жатқанына есеп бергісі келеді, түйінді шешім алғысы келеді. Сондықтан да оның көз алдына біресе Гүлшарат, біресе анасы Күнжамал елестейді. Әйелі туралы ойласа жүрегі қабынып жарылып кеткендей болады. Қалайша өйтпесін, Гүлшарат жиырмадан жаңа асты, ал әзі болса жиырма жетіге жетті, екеуі қосылып өмірдің есігін жаңа ашқан жоқ па, сол өмірдің қызығын көруге тиісті кездерінде аралары жоқ жерден суына бастады да, өмірдің кең ашылған есігі енді, міне, қайтадан жабылғалы тұрған жоқ па? Бұл оңай азап па! Әлде оны осындай азапқа салған Гүлшараттан қол үзуге тиісті ме? Ол Ахметбекке оңайға түсе ме? Жоқ, өйту өте қиын. Шын сүйсең, махаббат деген үзілмес арқан емес не? Ахметбек сол құрсауды қалай кеседі... Кесе алмаса осылай бітеу жара болып жүре бере ме? Жоқ, енді олай істей алмайды. Өзен ернеуге келіп тасығалы лоқсиды, көңіл сабыры ашынғалы түр. Қаншама өзіне ауыр болса да, Ахметбек бір шешімге келуі керек. Бұдан әрі жан жарасын ушықтырмай, бір ем қолдануы керек.
Ол осы екі-үш күннен ұзатпай Гүлшаратпен дұрыстап сөйлеспекші болды. «Не болса да, содан кейін көрермін»,—деді ішінен. Оның ойы енді бөтенге көшті. Ол анасы жайында еді. Жалғызын сағынған Күнжамалдан Ахметбек кеше хат алған болатын. Хатында ол: «Қалқам, сағындым, енді мені көшіріп ал»,— депті. Хатты қолына алып Ахметбек ұзақ отырған-ды. Ақырында: «Менің мұндай жағдайымды көріп сорлы ана не дейді? Қайғыдан запыран құсып менен жаман сарғаймай ма? Әлде оны әзірге алдырмай қоя тұрсам ба екен? Жоқ, өйтуге болмайды. Бесікте жатқанымда түн ұйқысын төрт бөліп төсегінен тұрған, бала болып көзімнен жас шыққанда, бауырына қысып, құшақ ашып жұбатқан анам емес пе? Оқуымды бітіріп үйге қайтқанда «тілегім орындалды» деп қуанған сол жалғыз шешем емес пе? Енді оның айтқанын орындамауға қандай хақым бар? Гүлшарат екеуміздің арамыз не болса, ол болсын, жалғыз шешемді алыста сарғайтып қоймаймын. Ертең кел деп телеграмманы берем»,— деп шешкен-ді. Ол бүгін сол телеграмманы берген де болатын. Қазір енді Ахметбек, егер анасы үш-төрт күннен қалмай келіп қалса, Гүлшарат пен баласының арасындағы мұндай жағдайды көріп, тағы да бір жүдеп қалады ғой деп қобалжуда еді. Кенет Ахметбек Шіркін-ай, қартайғанда көрген жалғыз келіні Гүлшарат Ақмаралдай жібек мінезді, адамды бағалай білетін абзал жан боп келсе, қандай бақытты болар еді»,— деп ойлады.
Ақмарал! Неліктен екені белгісіз, Ахметбек соңғы кездері Ақмарал туралы да әлсін-әлсін ойлауды шығарған.
Ахметбек осындай шым-шытырық ойда отырғанда қасына біреу таянған тәрізденді... Осы кезде бұлт арасынан ай көрінді. Жер беті алдымен қара күңгірттеніп барып, жарық болды. Ахметбек бұрылып артына қарады. Келе жатқан Асылбек екен. Ол Ахметбекке таяп келді де:
— Сені жаңа клубта көріп едім, қайда кеткеніңді байқамай қалғаным дегенде таптым ғой,— деді Ахметбектің жанына қатарласа отырып.
— Жай іздедіңіз бе?
— Тақа жай емес...
Асылбек азырақ үндемей отырды да, сөйлеп кетті.
— Асылбек, мен сенімен сөйлескім келіп жүр еді. Шаруадан қол да тимейді. Бүгін әдейі іздеп шықтым...
— Айтыңыз... Тыңдауға мен дайынмын.
Ержанов жанында отырған жігітке қарады.
Біреудің ішкі сезіміне үңілу, әрине бөтен адамның ісі емес. Бірақ біз секілді егде адамдарға ол кешірімді, сондықтан сен менімен ашық сөйлес. Мүмкін менің ақылым саған зиян да болмас.— Асылбек әр сөзін ойлана сөйледі.— Соңғы кезде сенің қандай жағдайда екеніңді мен көріп жүрмін. Жүрегіңде бір ауыр зіл бар секілденді, осым дұрыс па?
— Дұрыс...
— Дұрыс болса, егер артық көрмесең, маған соның себебін айтшы...
Ахметбек ауыр күрсінді.
— Асеке, мені жүдетіп жүрген себеп — ауыр себеп. Бірақ сізге айтпағанда оны кімге айтамын...
— Мен тыңдап отырмын.
— Жас бала жігіт болып дүниенің есігін ашқанда алдымен білім мен махаббат деп ашпай ма? Осы екеуі шынында өмірдің прологы да, эпилогы да. Адамның өмірінде кездесетін атақ, бақ, қызмет, тағы бөтен тұрмыстың қилы салалары осы пролог пен эпилогтың ортасындағы кейде бар, кейде жоқ көріністер емес не? Мен де өмірімнің есігін білім мен махаббат деп аштым. Гүлшаратты жанымдай жақсы көріп оған үйлендім. Екеуміздің арамызда ешбір ренжу, алдау болмасқа тиісті еді... Бірақ олай болмай шыққанға ұқсайды. Ол менің сенімімді ақтамай ма деп қауіптенем.— Жігіт ауыр күрсінді.— Осы күні менен гөрі бөтен адамды ұнатқан тәрізді...
— Оған сенің көзің жете ме?
— Асеке, өзіңіз де жігіт болып кердіңіз ғой, мұндай істі көзбен көрмейді, жүрекпен сезеді.
— Оның рас, бірақ жүрек кейде тым қызғаншақ та, жанжалқой да болады ғой... Әсіресе адамның жас кезінде, солай емес пе?
— Жүрек сезбесе, ол қызғаншақтық неден туады? Жақсы көрген адамның бөтенге көңілі ауса, сенің адал сезіміңді таптаса қызғану, намыстану айып па?..
— Оның бөтен шаруа. Бірақ қызғану, не болмаса намыстану үшін тек қана жүрек сезімі жеткілікті дәлел емес. Жақсы көрген адамыңның саған деген көзқарасының өзгергеніне алдымен көңілін сену керек. Меніңше сенде ондай сенім жоқ секілді. Сондықтан саған беретін ақылым...
— Айтыңызшы?!
— Алдымен Гүлшаратпен сөйлесу керек. Істің шын мәнісін білмей адам өзін-өзі отқа салмас болар.
— Өзім де сөйтпекпін.
Асылбек мақұлдағандай Ахметбекке қарады.
— Сонда бәрі де ашылады. Егер сенікі құр қызғаншақтық болса, онда сен айыптысың. Кешірім сұрауға тура келеді. Ал егер ол айыпты болса...
Ержанов сөзін аяқтамай тоқтады.
— Ал, егер ол айыпты болса?..
Асылбек ойланып қалды. Ол аздан кейін ғана сөйледі.
— Міне, мұндай жерде рас, ақыл беру қиын. Егер әйелі мен ерінің арасында ар, намыстарын қозғайтын жағдай туса, оларға бірге өмір сүру өте қиын. Әсіресе кім жақсы көрсе соған. Өйткені тақа жақсы көрмеген адамға махаббат азабы жеңіл тиеді. Оған айырылып кету де оңайлау соғады.— Ержанов тоқтап әлденені ойлағандай аз уақыт үндемей отырды да, қайтадан сөйледі, ерлі-зайыпты адам бірін-бірі шын ұнатпаса, өздерін күнде азапқа салмай айрылысып кетулері керек. Бірін-бірі босқа азапқа салуына екеуі де айыпты. Адам азғантай өмірін бақытты, қуанышты өткізуге қақысы бар. Әркім өз бақытын өзі іздеуге тиісті..
— Иә, Асылбек аға, адам өз бақытын өзі іздеуі керек және оны қорғай да білуге міндетті.
— Адамның бақытын жалғыз өзі ғана емес, оны бәріміз бірдей қорғауға тиістіміз. Сонда ғана өмірде қате аз болады. Сонда ғана адам бақытына сене алады.
— Дұрыс айтасыз, Асылбек аға. Ал кейбіреулер бөтеннің бақытын қорғаудың орнына оны бұзуға тырысады... Оған не дейсіз?
Ержанов енді қызулана сөйледі.
— Ондайлар әлі де бар. Бірақ кім арам болса, адал өмірде шын рақат көре алмайды. Ол — өмір заңы. Ойдан адам кірлі денесіне жаңа киім кигендей, қанша сыртымен бөтендерді алдағанымен де іштегі кірін ұмыта алмайды. Ол бойындағы кірден құтыла алмайды..
Ержанов кенет сағатына қарады.
— Екеуміз пәлсапаға кіріп, отырып қалыппыз ғой,— деді ол түрегеліп.— Жүр, үйде жеңгең пельмен істеп күтіп отыр, сені алып келем деп кетіп едім, күте-күте шаршап та қалған шығар.
Ахметбек Асылбектің әңгімесінен бойы сергіп оның үйіне қарай бірге беттеді.
ЖЕТІНШІ ТАРАУ
Бүгін өзенді бөгеу үшін тоғыз жүз скважина атылып, үш жүз елу мық кубометр тау жыныстары көкке ұшырылмақ. Қандай таңғажайып күш! Қандай жан қобалжырлық уақиға!
Кешеден бері поселке адамдары қауіпсіз болу үшін, жарылғыш заттар атылатын жерден он километрдей алысқа әкетілген еді. Рудникте тек Асылбектен бастап осы істі жүргізетін адамдар ғана қалған-ды. Бұлар «Бөрік тастан» бір километрдей жердегі әдейі арнап қазылған траншеяларға таң сәріден жиналды. Сұлтан мен Ахметбек атылған скважиналарға ток беретін электр сымдарын тағы бір рет тексеріп шықты.
Дәл сағат жетіде «Бөрік тас» алдындағы су ағысын бәсеңдететін қырқаға ток берілді. Кенет жер сілкініп, күн күркірегендей, әлем сатыр-күтір етті де, ғажайып гүрілмен әлгі қырқа көкке ұшты. Іле-шала екінші кезектегі «Бөрік тас» маңайының аспанға топырағы атылды. Екі жүз метрдей жоғары көтерілген тау жыныстары күн көзін қап-қара етіп жауып, жаңа ғана жарқырап тұрған әлем кенет қара көлеңкеленіп түнере қалды... Асылбектер жатқан траншеялар әлденеден сескенгендей сәл қозғалып селк-селк етіп, дірілдей барып әзер тоқтады.. Осы кезде үшінші кезектегі, өзеннің сол жақ жағасындағы тау жыныстары атылды. Тағы да көкке көтерілген шаң-топырақ көрініп, тағы да жан түршігерлік гүріл естілді. Бірақ бұл жолғы қорқынышты әсер алғашқы екі қопарылыстан сәл бәсеңдеу болды.... Бұл жолы елу мың кубометрдей жыныс өзеннің арнасына түсті.
Осының бәрі екі минуттай уақыт алды. Бес минуттан кейін шаң-топырақ сейілгенде, жұрттың ең алдымен кергені суға төне қарауытып тұратын «Бөрік тас» жартасы емес, өзенді тоқтатып кішігірім белестей болып қарайып жатқан бөгет болды.
— Тамаша!—деді Асылбек мына көрініске таңдана қарап, сөйтті де алға қарай жүрді.
Жұрттың бәрі директорға еріп, бөгеттің жағасына келді.
Судың екі жағындағы жартас пен дөңес пышақпен кескендей, кең даламен ұштаса келіп, өзеннің үстіне көлденеңдей түсіпті. Бөгеттің жалпақтығы елу метрдей. Ойдым-ойдым тас, дымқыл құмайт, топырақ төбе-төбе болып шөгіп жатыр. Сұрғылт лайлы толқын, аяқ астынан пайда болған бөгетті ашулана келіп ұрып, одан әрі өте алмай екпіні бәсеңдеді де, әрі-беріден кейін, күншығысқа қарай лықсып, түйетайлы жағаны басып, құрғап жатқан ескі арнамен толқып аға жөнелді.
— Құтты болсын, Ахметбек!—деді Асылбек жас инженерді құшақтап,— сенің бұл жобаң тамаша бір ғажайып табыс болды!
Хамза, Сұлтан, тағы осы жерде тұрған басқа инженерлер мен қопарушылар Ахметбекті құттықтай бастады.
Өз ісінің нәтижесін көру қандай қуаныш! Архитектор жобасы бойынша салынған үйін, жазушы ұзақ түндер бойы сарылып жазған кітабының жарыққа шыққанын көріп қандай қанаттанса, жас инженер Ахметбек те өзінің бірінші батыл ойының нәтижесін көзімен көріп қуанышы қойнына сыймай шаттанды. Оған бұл минутта бүкіл әлем нұрға бөленгендей, барлық адам баласы оның бақытына ортақ болып қуанып тұрған секілденді. Расында да солай! Тек бір адамның ғана жүзі күле қарағанмен де іші алай-дүлей еді. Күншілдік деген улы сезім бойын билеп алған. Бұл адам — Сұлтан. Ол сұрғылт толқынға: «Осы бөгетті ағыныңмен шайып кете алмағаның ба?»—дегендей тұнжырай қарай қапты, долы өзенге әлі де үміттене көз тастайды. Неден ол үміттенеді? Нені ол күтеді? Мұндай зор табысты қандай күш құрта алар? Мынау жарқыраған қуаныш күнін кім сөндіре алар? Әлде мына жұрт текке қуанып тұр ма? Расында да бұл қуаныш ерте еді.
Өзен басын биік қарлы таулардан алатын. Күн ысыған сайын тау басындағы қар еріп, күннен-күнге су көтеріле бастаған. Алғашқы кезде рудник бастықтары бұдан қауіптенгенмен де күн райы өзгеріп, ыстық толастай түскен соң су енді көтеріле қоймас деп қаннен-қаперсіз еді. Кенет бүгін күндіз өте ыстық болып, ал түн ортасынан ауа тау үстінде қалың жаңбыр жауып, өзен күтпеген жерден көтеріліп кетті. Көп кешікпей тасқын бөгеттің орта тұсындағы ойпаттау жерді жырып өтіп, төмен қарай аға жөнелді. Алғашқы кездегі кішкентай ғана жыра әні-міне дегенше кеңейе бастап, әлі тығыздалмаған тау жыныстарын тасқын шайып әкетуге айналды...
Бұл уақытта поселка шырт ұйқыда жатқан болатын. Кенет үйде телефондар шырылдап: «Су бөгетті бұзып кетіпті!» «Әлі бұза қойған жоқ, бірақ бұзуға жақын көрінеді!»—деп қобалжи шыққан дауыстар естілді.
«Су бөгетті бұзып кетіпті!»— деген сөзді естігенде, Ахметбек төсегінен қалай атып тұрғанын білмей қалды. Кеше ғана, бірнеше айдан бері күннің ыстығына қарамай азаппен салынған бөгеттің үстін түс ауғаннан бері ондаған бульдозерлер, автопогрузчиктер тығыздап, тегістеп жатқан-ды. График бойынша енді он бес күннен кейін, негізгі керек металды алу үшін кеншілер құрғатылған арнаны бұрғылауға кірісуге тиісті еді. Міне, сөйткен еңбек енді зая кетпек. Егер бөгетті су бұзса, не болмақ?! Ахметбек дір-дір етіп әзер киінді.
Ол су бұзып өткен жерге келгенде, жұрт та жиналып қалған екен. Тасыған өзеннің қарқыны жұмсақ тау жыныстарын жуып, жыраны әжептәуір кеңейтіп тастапты. Аспан қара бұлтты, түн көзге түртсе көрінгісіз тастай қараңғы. Оңтүстіктен қатты жел соғып тұр. Қап-қара ашулы толқындар көбік атып долдана келіп жаңа салған бөгеттің ернеуін ұрады. Қатар қойылған самосвалдар жарығы бөгеттің қандай халде екенін көрсете бастады.
Ағын бөгеттің орта тұсын тіпті: ойсыратып барады. Ешбір күш оның қарқынын тоқтата алар емес тәрізді, Жұрт жағаға топ-тобымен келіп жатыр.
Әр жерден:
— Не істеу керек?
— Мына тасқынды қалай тоқтата аламыз?
— Бүйте берсе таң атқанша бөгеттен дым қалмайды.
— Ие тұрыс бар, бір шарасын қолдану керек қой!— деген дауыстар шығып жатты.
Асылбек бөгет үстін бір шолып келді де, жұрттың ортасына барып.
— Жолдастар, су бөгеттің арнасын бір-ақ жерден бұзыпты,— деді айқайлап,— ал өзен әлі де көтерілуде. Тез қимылдап, сол тұсты бекітпесек, көп кешікпей бөгетті тасқын бұзып, үлкен апатқа ұшырауымыз мүмкін!
— Қалай тоқтатамыз?!
— Мынандай долы күшке не шыдайды?!
— Тез бұйырыңыз, не істеу керек, біз дайын!
Бұл соңғы сөзді айтқан Кентай еді. Ол бір топ жастарды жанына жинап алып, білектерін сыбанып, құлшынып тұр.
— Мен мехцехқа тез уақ таспен құм және топырақ тасуға бұйрық бердім,— деді Асылбек. — Бірақ оны әкелгенше бөгетті су әкетуі ғажап емес...
Жұрт тағы шулап қоя берді.
— Енді не істеуіміз керек?
Директор қысыла жауап берді.
— Мехцехтің машиналары келгенше, бұл араны зембілмен бөгей беру керек!
— Оны қолмен қай уақытта істеп боламыз! Бұл араға экскаватор әкелу керек!—деді әлдекім, даусы міңгірлеп. Басқа біреу оған қарсы шықты:
— Қайдағы экскаватор? Экскаватор келгенше су поселкені де алып кетпей ме?
— Мынандай тасқынға зембілмен тасыған топырақ не болады? Қазір жуып әкетеді,— деді кенет әлдекім қатты сөйлеп.
— Осындай бір сұмдықтың боларын білген-ақ едім, бірақ тыңдадыңдар ма? Ал енді амалын табыңдар!..
Сұлтанның даусынан әлде табалағандық, әлде қуанғандықтай саз естілді. Онсыз да не істеу керектігін білмей қысылып тұрған бас инженер орынбасарының жүрегі удай ашып кетті. «Не істеу керек! Бөгетті қалай құтқару керек? Зембілмен топырақ тасу— құр әуре болу, тасқын қазір-ақ алып кетеді». Ахметбектің жүрегі жиі-жиі соқты. Осынау өзінің жобасымен салынған бөгетте енді қалған өмірі тұрғандай көрінді. Мынау су әкеткелі тұрған бөгет құр ғана тас, топырақ емес, қазір хат үстінде жатқан бір жақыны тәрізді. «Қайткенмен де оны ажалдан құтқару керек. Ол үшін жаныңды да құрбан ету сөз емес!»
Ахметбектің даусы кенет қатты шықты.
— Жолдастар! Біразымыз мынау су әкеткен жерге қабаттаса тұрып өзеннің қарқынын бәсеңдетейік. Ал қалғандарың ық жағымыздан зембілмен топырақ төгіп, бөгеттің ойыла бастаған тұсын бекітіңдер! Осыған көнгендерің маған еріндер!—деді де өзі бірінші болып қойып кетті.
Жұрт кенет тына қалып, қайтадан шулап қоя берді.
— Одан не шығады?!
— Суға кетіп жүрмесек?!
Осы кезде Кентай алға шықты.
— Біз жиналыста отырмыз ба соншама таласатын? Айтылды — істелу керек! Кәне, жастар, маған еріңдер!— деді, ол сөйтті де, өзі үстіндегі киімін тез шешініп тастап, бір ғана трусимен суға күмп берді. Өзге жанындағы тұрған жастар да тез-тез шешініп, Кентаймен қатарласа сапқа тізіле бастады. Бұл араның суы жігіттердің әзірге кеудесіне дейін ғана келді.
Бұл кезде жыраның ортасына жетіп қалған Люба қатты дауыстады.
— Бірінші жастар бригадасы, бірінші қатарға тұрыңдар!
Үш қатар болып тізілген адамның денесінен «тірі бөгет» құрылып та қалды.
— Ал өзгеміз енді тас тасуға кірісейік!—деді дауыстап Хамза Нұрғалимович. Сөйтті де жанында тұрған ұзын бойлы жұмысшыға таяды,—Қажен, кәне зембілдің бір жағып сен ұста! Екеуміз бірге тасиық.
Өзеннің жағасындағы жұрт жапа-тармағай білектерін сыбанып, жағадағы үйіліп жатқан тастарды тасуға кірісті. Біреулері қолдарымен, біреулері жаңа ғана самосвалмен әкеліп түсірілген зембілдерді көтере «тірі бөгеттің» бер жағына әкеп тас пен топырақты төге бастады.
Жұмыс лезде қызып кетті.
Ахметбекпен иықтаса рудниктің ең қажырлы, сом білекті жұмыскерлері үшінші сапқа тізілген болатын.
Осындай үш қатарлы адам денесінен құрылған «тірі бөгет» көлденеңі жиырма метрдей су алып кеткен бөгеттің орнын жапқан еді. Су алғашқы кезде Ахметбектің кіндігінен ғана асқанмен енді бірте-бірте көтеріліп оның кеудесіне таяды. Бір жағында секундіне үш жүз кубометр су ағызатын долы өзеннің салмағы, екінші жағынан екі қатар болып тірескен жастардың алып күші. Осы екі күш ортасында тұрған Ахметбекті езіп жібергісі келгендей қыса түсті. Бұл аз болғандай желмен ойнаған долы толқын көбігін ата, екпінімен кеп оны дәл жауырын тұсынан ұрады да, басынан асып барып сарылдап құлайды. Ахметбек дауыл ұрған киіз үй тәрізді, тамырлары үзіліп кетердей, сүйектері сытырлап, асау, жойқын долы күшке әзер шыдап тұр. Таудан құлаған мұздай суық толқын арқасынан ұрған сайын ол денесі қалшылдап, тістене, қайсарлана түседі. Табиғаттың сұрапыл күшіне айбын көрсетіп тістене қасарысады.
Бұл кезде жұмыс әбден қызған. Отыз минуттан кейін құм, уақ, тас және балшық толтырылған алты кубометрлік үлкен скреперлерді сүйретіп, гүрілдеп трактор да келіп жетті. Өзен тасқынына төтеп берген жігіттер енді жағаға шықты. Сөйткенше болған жоқ, тізбектеліп ағылып жатқан самосвалдар шамдары қараңғы түнде бөгеттің үстін, жағаны жарық етіп, қаптап кетті. Жел біресе саябырлап, біресе бұрынғысынан да күшейе түсті. Әлдекімдердің: «Ананы әкел, мынаны босат»,— деген дауыстары шығады. Жұмысты басқарып жүрген Асылбек пен Сұлтан біресе тракторларға, самосвалдарға жол көрсетіп, біресе құмды қай жерге төгуі керек екенін айтып, зыр жүгіреді. Екі сағаттан кейін ойылған жер бітеліп болды. Осы кезде сарғайып таң да атты. Көп кешікпей қызғылт алтын арай нұрын төгіп, күн де шықты.
Сұрғылт жусанның арасынан шегірткенің шырылдағаны естіледі. Үйілген тастар үстінде қырылдақ дауысты кішкентай сұрғылт дала кептерлері ойынға кірісті. Өзен бетінде жүзген бір топ бірқазан көрінді.
Шыққан күнмен бірге техника да оянды, шаңды бұрқыратып, ирелеңдеген сұрғылт жолдың бойында тас, құм тиелген самосвалдар ағыла бастады. Поселка шетінде электросварка күнмен шағылысқан бенгаль отын шашыратты. Жұрт түндегі істеген жұмысын көрмек болып жағаға шықты.
Ахметбек тасыған өзенге қарап тұр. Бөгеттен өте алмағанмен өзен арғы беттегі аласалау белестен асып, әрі қарай жөңкіліп ағып жатыр. Құдды теңіз тәрізді. Толқындары күн сәулесімен ойнап, көз шағылыстырады..Ахметбектің көңілі шаттанып кетті. «Мынау теңіздей жарқыраған өзен! Мынау Отан үшін жанын қияр халық! Өмір қандай тамаша! Осы өмірде тек менің ғана жүрегімде қылау бар...» Кенет оның есіне түнде қатты ұйқыға берілетін боп кеткен Гүлшарат түсті. Денесін тағы бір зіл басқандай, жігіт ауыр күрсініп томсара қалды. Ол қайтадан бұрылып өзенге қарады. Өзен шынында да теңіз секілді, адамды сонау алыстағы көкжиекке шақырғандай көз ұшы жетпес жаққа қарай толқынданып ағып жатыр. Әлдеқайдан пайда болған ақ шағалалар әлсін-әлсін шаңқ етіп, ерсілі-қарсылы толқынды қанатымен соға судың үстінде ұшып жүр. Сан толқынды, алуан сырлы өмір де Ахметбекке осы алдында жатқан тасқын тәрізді болып кетті. Ол өзін осы тасқынды жеңгендей өмірдің де тасқынын жеңетін бір алып көрді. Бойында бір жігер пайда болып, кеңілі сергіп кетті. Осы теңіз секілді өзенге қарап тұрып Ахметбектің есіне бір жас жолдасы жазған өлең түсіп кетті.
Жігерлі ойына арқау тартқандай ол күбірлеп осы өлеңді айтты:
Қайғылы, қасіретті келдім бүгін,
Сыртым сау болғанменен, ішім түтін.
Жабығып, жас көңілім қалған жүдеп
Өмірдің көтере алмай ауыр жүгін.
Алдымнан жатты теңіз сонда шалқып,
Үстінде ақ шағала-құстар қалқып
Ақ айдын көбік атып долданады,
Өмірдің мәңгі өшпес күйін тартып.
Көк толқын көтерілген шумақ-шумақ.
Құлаққа бітпес тартыс жырын шулап,
Теңізден сол бір кезде күш алғандай,
Жүрегім соғып жиі, кетті тулап!..
Ахметбек сөйлеген сайын өлеңнің әрбір сөзі ойын толқытып жүрегін жалындата түсті. Ол алдында қандай қиындық қамдай сын болса да бас имей, адам деген ұлы атты ақтап шығуға бұрынғыдан да жігерлене, еңбек істеуге өзіне-өзі серт берді.
Бұл кезде өзеннің жаңа арнасының жағасында тағы бір адам тұрған. Бұл — Сұлтан еді. Бірақ бұл түндегі оқиғаны, не болмаса, Жарқынның келешегін, не сол келешек үшін күресуде өзінің міндетін ойлап тұрған жоқ.
Рас, Ахметбектің жобасы бойынша жасалған бөгеттің осал жерін білетін және түбі бөгеттің бір бұзылатынына шек келтірмеген болатын. Соның бұзылуын тілеген және бұзылмасын деп шара да қолданбаған. Ал бұзылып еді, «Сендерге сол керек»,— деп қарап тұра алмады. Өзінің бас инженер екені есіне түсті. Рудник сәтсіздікке ұшырар болса, өзінің жауап беретінін ұмыта алмады. Сондықтан бөгетті тасқыннан құтқарамын деп, қолынан келген білерін, қайратын аямады. Апат жойылып еді, бұған жұрт та риза, жұртқа бұ да риза болған. Бірақ бөгеттің мықты бола алмайтынына күмәндана тұрып, өзінің шара қолданбағанына өкінбеген. Жалпы, Сұлтан дұрыс болсын, қисық болсын, еткен іске өкінбейтін. Қателескеніне, не біреуге қиянат істегеніне, егер бұл өтіп кеткен жәйт болса, оған жаны күйіп қынжылмайтын. Сондай-ақ өзіне істелген жақсылықты да тез ұмытатын. Неге екені белгісіз, және өзінің қызмет бабында ерте өсіп, құрметке ерте бауыр басып үйренгендіктен бе, жұрттың бәрі өзіне жақсылық істеуге тиісті көретін. Және оның бәрін де табиғи, өзінен-өзі солай болуға міндетті іс деп ойлайтын. Сол себептен де Ахметбектің өзін өлімнен құтқарған оқиғасын да әлдеқашан ұмытқан. Оның әйеліне құмарту арыма, не адамгершілігіме нұқсан келтіреді-ау деген күдік ойына кіріп шықпаған. Бар ойын, көңілін нәпсі жеңіп кеткен Сұлтан махаббат мәселесінде де өзінің қалауын ғана өмір кредосы, адамгершілік нормасы санайтын.
Міне, сол себептен де қазір ол Ахметбектің келіншегі туралы ойлап тұр. Ойлағанда осы менің істемекші ісім жас орынбасарыма қиянат болмай ма, жас семьяны бұзуым азамат атыма лайық па деп қынжылудан туып тұрған жоқ. Жаңа, осы бөгетке келіп, машиналар тасты қайда төгіп жатқанын тексермек боп, өзен жағасына келе жатқанда Гүлшаратты көрген. Ол күле амандасып:
— Бүгін түнде, неге екенін білмеймін, түсімде сізді көрдім,— деген, тұманданып кеткен бота көзімен Сұлтанға мөлдірей қарап.— Кәдімгі өңімдегідей...
— Кәдімгідей, құшақтап сүйіп тұр ма екем?!— деген Сұлтан, енді батыл қимылдаудың реті келгенін түсініп.
— Түу, сіз өйтіп көрген жоқсыз ғой...
— Әлде сөйткенімді жек көресің бе?
Келіншектің екі беті балбырап қызарып кетті. Ұялғандай ұшқындана түскен қарақат көздерін ұзын кірпіктерімен жауып жіберіп:
— Неге?— деді де Гүлшарат әлденеге қуанғандай сыңғырлай күліп, буынына қытық түсіп кеткендей, оқтаудай түзу аяқтарын былқ-сылқ басып жүре берген.
Сұлтан жемістің әбден піскенін білген. Тек енді қолын созып үзіп аузына салса болғаны...
Бас инженер қазір осы жемісті қалай үзуді ойлап тұрған. Поселке кішкентай, өріп жүрген жұрт. Жұмыс сағаты бітер-бітпестен-ақ кеңсеге кабинетті сыпырамыз, жуамыз деп тазалаушы әйелдер жетіп келеді. Ал күндіз Кентай, Ысқақ дегендерден құтыла алмайсың. Өз үйіне шақыруға, не Гүлшараттың үйіне баруға болмайды, көршілердің көзіне түсіп қалады. Түн ортасы жеткенше жұрт үйлерінің жанында отырады, тіпті кейбіреулері далада ұйықтайды. Ал облыстың, не ауданның орталығына сылтау тауып командировка алып кетейін десе, Гүлшарат маман емес.
Піскен астың күйігі жаман. Ойға шомып Сұлтан сан түрлі жоспарға беріліп тұрғанында гүрілдеп, бірінен соң бірі тізбектеліп тас тиеген үш жүк машинасының келіп қалғанын жаңа көрді. Алдыңғы машинаның шофері жерге түсіп қасына келді.
— Тасты қай тұсқа төгейік?— деді ол сәл қарлыққандай дауыспен.
Сұлтан басын көтерді. Кенет кейін шегініп кетті. Қарсы алдында Мәмет тұр, бетіндегі тыртығынан бірден таныды. Өзін өлтірем деген адамның бейнесін қалай ұмытсын. Оның үстіне арада өткен бес-алты жылға қарамай, Мәмет те бәлендей өзгермеген. Ызғар атып, екі көзі оттай жанып тұр. Тек ол қартаяйын деген. Және қайғыдан ба, әлде еткізген ауыр күндерінің салдарынан ба, түрінде бір орасан кейістіктің ізі байқалады.
— Сенсің бе?— деді сасып қалған Сұлтан.
— Иә, менмін,— деді Мәмет,— осы рудникке келгеніме екі айдай болды.— Ол «сені іздеп келдім» деп айта жаздады да, өзін-өзі әзер ұстап қалды.
— Тірі екенсің ғой.
— Иә, тірімін. Абақтыдан да аман құтылдым,— деді ол Сұлтанның істегені есіне түсіп кетті ме, кенет түнере қалды.— Көріп тұрмын, өзің де тірі екенсің! Жарайды, әзірге тірі жүре тұр.— «Әттең, не керек, қасымда кісілер бар» дегендей ол терезелерінен бұларға қарап отырған басқа машиналардың айдаушыларына көз тастады да, сыбырлай сөйледі.— Айтпады деме, мезгіліңді күт!—Сосын дауыстап:—Ал тастарды қайда түсіреміз, тезірек айт!— деді.
— Ана жерге,— дей салды. Тек Мәметтің машинасының номерін көзімен шолып етті де қойды.
Кеңсесіне келгеннен кейін кадрлар бөлімінен Мәметтің жағдайын білді. Ол абақтыдан шыққаннан кейін баяғы өзі бас инженер болған Читовка руднигінде екі жылдай жұмыс істепті. Әлі үйленбепті. Өз бетімен осы Жарқын руднигіне келіп, автотреске жұмысқа кіргеніне екі айдай уақыт болыпты. Тентектігі де, жолдастары да жоқ, екі нормасын орындап жүрген шофер көрінеді. «Егер серіктері жоқ болса, онда көрерміз!»—деді Сұлтан ішінен. Егер оңаша кездесе қалса, бір емес, үш жігітке де төтеп бере алатынын өзі де білетін. Дегенмен жергілікті милиция бастығын шақырып алып, болған оқиғаны, Мәметтің өштігін, одан сескенетінін айтты.
Милиция бастығы: «Оның сөзінің куәсі жоқ. Бастық болсаңыз да сіздің бір өзіңіздің айтуыңызбен біз оны жауапқа тарта алмаймыз. Ондай сөз айтқам жоқ десе не істейміз оған?»—деді. Сөйтсе де милиция бастығы қару-жарағы жоқ па екен, соны тексеріп, сыртынан көз қырларын салып жүрмек болды. Жұмысы көп, және көңілі Гүлшаратта жүрген бас инженер бір сәт Мәметті есінен шығарып алды.
Кешке партия ұйымының жиналысы бар еді. Ахметбектің сол жиналыста болатынын білетін Сұлтан, бағана күндіз Гүлшаратпен поселке сыртында, кеншілер «Кереге тас» деп атайтын, жұрт көзінен тасалау жерде кездеспек болып уәделескен. Әнеугіден бері келіншектің жүрегін әбден қытықтап болған сұм жігіт, мәуенің әбден піскенін, тек үзіп аузына салуы ғана қалғанын білетін. Және енді кешіксе, уақытын өткізіп алып, өзіндей епті бөтен біреу қағып кетіп, бос қалармын деп қауіптенген. Бастығының неге шақырғанын бірден түсініп, жүрегі тулай жөнелген, Гүлшарат, бірден құлап түскенін көрсеткісі келмей: «О жаққа неге шақырасыз? Не істейміз?»—деп күлген. «Келсейші,— деп қиыла өтінген Сұлтан,— оңаша жерде істейтін шаруа табылар. Барған соң көрерсің».
Айтқан сағаттарында екеуі поселкенің екі жағынан шығып, уәделескен «Кереге тас» тасасына келген. Бұл бір дөңестеу тұстың ойпат жағы еді. Әр жерде сұр топыраққа кіріп кеткен қазандай-қазандай қара тастар бар. Төсек тәрізді жалпағы да кездеседі.
Сұлтан бұл араға сәл ертерек жеткен-ді. Айдың толықтанып шығатын кезі болып қалған. Ал әзірге жер беті көмескілеу ағарады. Уәделескен жерінде Гүлшарат әлі жоқ екен. Бағанағы сөйлескеннен бері күнімен тыпыршып, бойында қаны қайнап, өзінен-өзі әбігерленіп жүрген жігіт, келіншектің тезірек келуін күтіп, поселке жақтан көзін алмады. Бар ойы, тілегі «Гүлшарат келсе екен!»— болды. Гүлшарат кешіккен сайын, Сұлтан өлердей ынтыға түсті. Шыдамсыздықтан жанын қоярға жер таппай, ол енді: «Япырмай, келмес пе екен?»—деген қобалжумен поселка жаққа тесіле қарап қалды.
Дәл осы мезгілде біреудің:
— Көп кешігіп қалдым ба?—деп сыңғырлай күлгені естілді.
Бұл кезде ай да сәулесін жер бетіне аямай төгіп, түн сүттей жарық болып қалған еді. Сұлтан жалт бұрылды. Гүлшарат екен. Жоқ, Гүлшарат емес, ай сәулесінен жаралғандай хор қызы! Үстіндегі белі қыналған, кеудесі ашық ақ жібек көйлегімен, айлы түнде пайда болған аппақ періште дерсің! Жұрт көзінен жасырынып поселкенің екінші жағынан шығып жеткен беті екен.
Қуанып кеткен Сұлтанның:
— Әйтеуір, келдің бе?—деуге ғана тілі келді. Ол Гүлшаратты құшақтай алып, шыр көбелек бір-екі рет айналдырды да, келіншектің құмарта сәл ашылған аузынан құшырлана сүйді. Гүлшараттың жүрегі ойнап, денесі балқып кетті. Буындары босап, ақ көйлегінің түймесін ағытуға күші жетпеді. Екеуінің де көптен бері аңсап күткендері осы бір минут емес пе еді, олар бөтен дүниенің бәрін ұмытты.
Ахметбек жиналыстан кеш қайтты. Үйге келсе Гүлшарат жоқ екен. Сосын азырақ серуендеп келейін деп поселкенің сыртына беттеді. Жалпы бау, бақша, басқа қыдыратын жерлері болмағандықтан, жұрт дем алғысы келсе, не жеке жүріп ойға берілмек болса, ылғи поселке сыртына шығатын. Бұл араның ауасы да таза, тынбай соғып тұратын күндізгі аңызақ тынып, түнге қарай самал-салқынды келеді. Адам әжептәуір тынығып, көтеріліп қалатын.
Ахметбек поселке шетінен шыға берген кезде, оған «Кереге тас» жағынан қыдырып келе жатқан бір жас қыз бен жігіт қарсы ұшырасты. Олар Ахметбекке бір түрлі үрейлі қарады. Өздері бірдемеден абыржып, сасып тұрғандай.
Жігіт тас карьерінде бульдозер жүргізетін, бас инженердің орынбасарын жақсы танитын. Ахметбектің «Кереге тас» жаққа қарай бара жатқанын түсініп, жігіт кенет әбігерлене:
— Ағатай, ол жаққа бармаңыз,— деді әлденеге жалынғандай.
— Неге?— деді Ахметбек таңдана.
Бір сұмдықты Ахметбектің іші сезді. Өн бойын ашу, ыза, намыс билеп кетті. Ол «Кереге тас» жаққа қарай жүгіре жөнелді.
Қыз бен жігіт Ахметбектің соңынан ерерін, не поселкеге қайтарларын білмей орындарында қозғалмай тұрды да қалды.
Ахметбек жүгіріп дөңес басына шыққанда, үстеріндегі киімдерін жөнге келтіріп, Сұлтан мен Гүлшарат қол ұстасып жаңа ғана бері қарай келе жатыр еді. Қарсы келіп қалған Ахметбекті көріп екеуі де селтиіп тұра қалды. Ақыл, ойын ашу, намыс билеп, көзі қанталап кеткен Ахметбек Гүлшараттың көйлегінің етегі ұйма-жұйма боп, кеуде түймелерінің әлі салынбағанын бірден көрді. Өзін-өзі ұстай алмай айыбының үстінен шыққан күйеуіне не дерін білмей, екі беті боп-боз боп, ерні дір-дір етіп тұрған әйелінің екі бетінен шапалақпен тартып-тартып жіберді. Сол сәтте.
— Әй, тарт қолыңды!—деді Сұлтан ақырып.
Ашу кернеген Ахметбек оған тіл қатқан жоқ, бұрыла беріп жұдырығымен Сұлтанның дәл бетінен ұрды. Бас инженердің мұрнынан қан бұрқ ете түсті. Бұл Сұлтанның Сұлтан болғалы, ең бірінші алған соққысы еді, ең бірінші жеген таяғы еді. Сондықтан болар, оған Ахметбек бұны біржолата өлтіргендей боп көрінді. Қорланған, намыстанған Сұлтан өзін екінші ұруға жібермеді. Ахметбектің екі қолын қаусыра құшақтай алып, кеудесіне тіреп, барынша қысты.
Ахметбек бұлқынып көріп еді, темір қышқаштай қарулы құшақ тырп еткізбеді. Оң тізесін жоғары көтеріп, Сұлтанның ішінен теппек болып еді, тізесі барып, өзінен бойшаң бас инженердің құр қара санына ғана тиді, Бұл Сұлтанды тіпті ашындырды. Ол енді Ахметбекті «сені осылай қысып өлтірейін» дегендей айқара ұстаған құшағын жазбай, бар күшімен қыса түсті. Ахметбек әлсіреп, көзі қарауытып, демін әзер-әзер алды.
— Жібер...жібер...— деуге ғана тілі әрең келді. Бірақ Сұлтан жібермеді. Дүлей, өлген-тірілгенін ұмытқан алып күш, сол тістене қысқан қалпында мызғымады. Кенет Ахметбектің аузынан қан бұрқ етті. Сонда ғана ұстамалы ауруы қайтқан жандай Сұлтан құшағын жазып жіберді. Ахметбек жерге сылқ құлады. Бұны көрген Гүлшарат кенет шошып кетіп:
— Өлтірдің ғой, өлтірдің ғой бишараны!—деп айқайлап поселка жаққа жүгіре жөнелді.
Бағанағы орындарынан кете алмай тұрған қыз бен жігіт жүгіріп келе жатқан Гүлшаратты көріп, бір сұмдықтың болғанын білді. Жігіт «Кереге тасқа» қарай кетті де, қыз Асылбектің үйіне қарай жүгірді.
Көп кешікпей Асылбек пен Хамза «Кереге тасқа» келіп, ес-түссіз жатқан Ахметбекті машина шақыртып, ауруханаға алып барды.
Ахметбектің өлмей тірі қалғанын түсінген Сұлтан оқиға болған жерде қозғалмай ұзақ тұрды да, бір күрсініп үйіне қарай беттеді. «Ешкім біздің үстімізден шығып, ұстап алған жоқ қой, ал Ахметбектің аузынан қан кетсе, мен өкпесін қысыңқырап жібергенмін ғой, өз обалы өзіне. Ең бірінші соқтыққан өзі емес пе»,— деп ойлады ол.
Ақмарал әнеукүні Ахметбекпен түнде өзен жағасында ақырғы рет сөйлескеннен кейін, Алматыға жүрмекші болған-ды. Сол түнгі әңгіме мұның көзін әбден ашқан еді. Ахметбектің бұған деген махаббатының алыс екенін, оның жүрегі тек Гүлшарат деп соғатынын ол бұрыннан да білетін. Бірақ білсе де оған деген сезімі Ақмаралды Жарқын руднигінен алыстатпады, біржолата ат құйрығын кесуге мүмкіншілік бермеді. Оның мұнда қалғандағы ойы — Ахметбекті Гүлшараттан бөліп алу, не болмаса сүйген жігітімен астыртын ашына-жай болу емес, жанындай сүйген адамын тастап кетуге қимаған. Соның көлеңкесінде жүргенін өзіне бір қуаныш көрген. Ал бұл арадан кетсе оны мүлдем жоғалтатындай сезінген. Сондықтан кете алмады. Махаббат — махаббат үшін жаратылған. Оның бер жағындағы адамның бөтен қылықтары, ойлары, сезімдері сол махаббатты не өршіте, не өшіре түседі. Ахметбектің сонау бір түнгі сөздері, оның шын жолдастық, достық көңілмен сүйгені Ақмаралды одан алыстатудың орнына, бұрынғыдан да жақындата түсті. Кәрі адамды жасартқан, жас адамды жалындатқан махаббат деген бір бальзам емес пе, сол түнгі Ахметбектің ернінен Ақмарал жабырқап жүрген жанына жаңадан бір күш, қуаныш тапқандай болды. Сол күш, сол қуаныш сүйген жігітіне деген сезімді өршітті. Тәтті қиялға шомдырды. Сол түні жас әйел көз ілмей шықты. Енді ол Ахметбекке деген махаббаттың жалғыз ғана емі — одан мүлде күдер үзіп, Жарқын руднигінен кету ғана екеніне әбден көзі жетті. Қанша қиын болса да, Ақмарал осыған бел буды. Екі-үш күннен қалмай Алматыға жүрмекші болды. Бірақ Сауранбай суға кетіп, Ақмарал жүре алмай қалды. Енді жүруім керек деген ойда отырғанда, Асылбек пен Хамза ес-түссіз талып қалған Ахметбекті алып келді. Ақмарал сұп-сұр болып, түсі қашып кеткен Ахметбекті көріп, жаман қорқып қалды.
— Не болды?—деді ол кенет шошып кетіп.
— Соңынан, Ақмарал, қалқам...— деді Ержанов,— қазір тығыз жәрдем етіңіз... Есін жиғызу керек.
Директор, парторг және Ақмарал үшеуі Ахметбекті көтеріп әкеліп, төсекке жатқызды.
Аздан кейін Ахметбек демін ауыр алып, көзін ашты. Ол таң қалғандай жан-жағына қарап, қасында тұрған адамдарды танып, өзінің ауруханада жатқанын түсінді.
— Ғафу етіңіздер... Мен сіздерді шошытып жіберген болармын...
Ақмарал ақырын оның басынан сипап:
— Ахметбек, саған сөйлеуге болмайды... және кеп қимылдай берме,— деді.
Өзінің мұндай күйге ұшырағанына Ахметбек ренжігенін жасыра алмай ауыр күрсінді... Дәрігер әйел оттегі жастығының тиегін алып, оның аузына тосты:
— Ахметбек, азырақ мынаны жұтшы,— деді.
Аздан кейін дәрігер жастықты қайтып алды.
— Әзірге жетеді,— деді ол.
Сөйткенше болған жоқ, кенет Ахметбектің аузынан қан көрінді. Сабырлы Ақмарал шошып кетті.
— Бұған не болған?— деді ол,— жүрегіне зақым келген сияқты ғой.
— Бәрін соңынан түсіндіреміз,— деді Асылбек,— не болса да төбелестен болған дерт.
— Төбелестен болған? Жарайды, енді сіздер үйді босатыңыздар. !
Асылбек пен Хамза орындарынан тұрды,
— Егер Ахметбекке қиын болатын болса, бізге хабар беріңіз,— деді Асылбек.
Хамза да директорды қостай сөйледі. — Мүмкін оны астанаға апаруға тура келе ме, қайтеді?
Ақмарал сәл ойланып қалды.
— Өйтуге болмас. Поезбен тым ұзақ, ал самолетке отыруға... Жақсы, алдымен біз қаралық.
— Ақмарал, қарап көр... Күні бұрын айту қиын ғой... Егер жарасы тым ауыр болса, бөтен де шара қолданармыз...— деді директор.— Мүмкін астанадан дәрігер шақыртармыз...
— Иә, сөйткен жөн болар. Дегенмен алдымен өзіміз қарап көрелік,— деді Ақмарал олардың қиналып қалғанын көріп жұбатқан үнмен.
Директор мен парторг дәрігер әйелмен қоштасып шығып кетті.
Ақмарал түнімен тыным көрген жоқ. Ахметбекке біресе укол салды, біресе дәрі берді. Әйтеуір Ахметбектің аузынан шыққан қан тез тыйылды. Оның көзі тек тан, ата ғана ілінді. Рентген және бөтен аспаптар арқылы Ахметбектің жүрегі қабынып, бір тамыры үзіліп кеткенін Ақмарал соңынан білді. Дәрігер әйел оның қалай аман қалғанына таң қалды.
Ақмарал есікті сәл ашып қарады да, Ахметбектің ұйықтап жатқанын көріп, қайтадан орнына келіп отырды. Екі қолымен басын ұстап алдындағы столға сүйеніп, ол қалың ойға кетті. Ахметбектің қаншалық ауыр кеселге ұшырағанын Ақмарал енді түсінген. Және дер кезінде жазылмаса, әлдеқалай асқынып кетсе, бұл кеселді жазудың тіпті мүмкіншілігі болмайтынын, ал жазылған күнде де қаншалық қиынға түсетінін де Ақмарал бірден ұққан. Бұндай зор күштің зардабымен жүректің қабынуы тәрізді кенет пайда болған ауру жөнінде медицина ғылымындағы сирек қолданылатын хирургиялық әдісті айтпағанда, өлімнен алып қалатын бәлендей сенімді емнің жоқтығын да ол жақсы білетін. Ал сол хирургиялық операцияның өзінен де тек мыңнан бірдің ғана жаны қалатыны оған аян еді. Ал Ақмарал соңғы жылдары өзі де хирургиялық емдеу тәсілдерімен қатты шұғылданып жүрген. «Егер Ахметбектің дерті қазіргі жағдайынан асқынып кетсе, Ақмарал оны құтқара ала ма? Оған операция істеуге қолы бара ма? Егер операция істеген күнде одан Ахметбек аман қала ма. жоқ па?» Міне, осы ойлар жас әйелді мың толқытты, жүз құбылтты.
Ахметбек есін жиғалы көп күн өткен.
Дәрігер әйел бүгін де ойда отырған. Біреу есікті қақты, сөйткенше үйге Гүлшарат кірді. Қатты жүргендіктен бе, екі иінінен демін әзер алады. Ал бет құбылысынан өкіну, не ұялу байқалмайды.
— Халі қалай?— деді ол Ақмаралмен амандасып болғаннан кейін.
— Қазір ұйықтап жатыр.
— Маған кіруге бола ма?
— Жоқ. Егер көргің келсе ақырын ғана есікті ашып қара, бірақ үн шығарма, оянып кетер.
— Жарайды.
Гүлшарат есікті сәл ашып, біраз қарап тұрды да, қайтадан жауып, Ақмаралдың қасына келіп отырды,
— Қалай сұп-сұр болып кеткен...
— Жүрек қабынуы оңай ауру емес қой...
Гүлшарат сәл үндемей отырды да:
— Жүрегі жай қысылып қалған болар?..— деп сұрады.
Ақмарал Гүлшаратты солай деп сендіргісі де келді. Ол сонау түнгі оқиғаны әлі естімеген еді.
— О да мүмкін... Бірақ жүрегі жай қысылмаған секілді, шындап ауырғанға ұқсайды,— деді Гүлшаратты шошытып алмайын деген оймен абайлап сөйлеп.
Бірақ анау одан шоши қойған жоқ, тек:
— Өйткен күнде ұзақ жатар ма екен?—деп сұрады.
— Кім білсін... Ұзақ жатқаны еш нәрсе ете қоймас— аман-есен тұрып кетсе...
Гүлшарат тағы үн-түнсіз отырып қалды. Оның түрінен қайғырып отырғанын, әлде бірдемеге ашуланып отырғанын адам сезіп болар емес, қабағын түйіп, ернін тістеп, сазарыпты да қалыпты. Әлден уақытта барып ол:
— Мен қандай бақытсызбын! Қандай бақытсызбын!—деді әлденеден түңілгендей.
Ақмарал оған таңдана қарады.
— Қалайша сен бақытсыз боласын? Әлі еш нәрсе де белгісіз ғой... Мүмкін жазылып та кетер. Қайдан білесің?— Гүлшарат енді Ақмаралға таңдана қарады.
— Жазылғанмен, ол енді маған жоқ қой.
— Неге «жоқ?».
— Бәрібір мен онымен тұрмаймын. Тек тезірек жазылса екен, соны айтып, развод алар едім.
Ештеңеге түсінбеген Ақмарал шошып кетті.
— Не деп тұрсың? Гүлшарат, саған не болған? Мұндай сөзді қалай аузың барып айтып тұрсың?— деді де, ашуын тоқтата алмай:—Ахметбек сенің жаның сүйіп қосылған жарың емес пе?—деді. Ол сөзін ызадан аяқтай алмай қалды...
— Болса ше?! Гүлшарат Ақмаралдың бетіне сазара қарады, —Жүрегім енді бөтен адамды қаласа, оған мен айыптымын ба?
Ақмаралға кенет көз алдында МХАТ та студентка кезінде көрген Шекспирдің «Леди Макбет пьесасы елестеп кетті. Оған мынау біздің заманымыздың сол тас жүрек «Леди Макбеті» ғой деген ой келді де, «жоқ, жоқ, олай болуға тиісті емес! Біздің заманымызда ондай адамдар болуы мүмкін емес! Гүлшарат жаны қиналғаннан өзі де не айтарын білмей тұр»,— деді ол өзін-өзі іштей жұбатып.
Енді Ақмарал денесін билеп кеткен ашуды басып, сыбырлап сөйледі.
— Гүлшарат, сен жаның сүйіп қосылған адамың мынадай күйде жатқанда не деп тұрсың? Шық, үйден!
Гүлшарат сөзге келген жоқ, аяғын тарс-тұрс басып үйден шығып кетті.
Ахметбек осы әңгіменің алдында ғана оянған болатын. Қатты жабылмаған есіктен екі әйелдің сөзін естіген еді. Бірақ ешбір дыбыс берген жоқ. Ол әзер шыдап жатқан. Осы кезде үйге Ақмарал кірді. Ахметбекті көріп: .. — Қалай, жүрегің бүгін азырақ басылды ма?—деді.
Ахметбектің жүрегі бұл минутта қатты шаншып, әбден мазасын алып жатқан болатын және жаңағы жабылмаған есіктен естіген сөз оған одан да ауыр тиген еді. Ақмаралдың сұрағына жауап берудің орнына:
— Гүлшарат келді ме?— деді ол.
— Келді. Сенің ұйықтап жатқаныңды көріп, соңыра келем деп кетті.
— Не айтты?..
— Не айтсын? Сенің мұндай жағдайыңды көрген адам не айтады?.. Қатты ренжіп, қапа болып кетті.
Ахметбек Ақмаралға аяған пішінмен қарады. Ол ауыр күрсінді.
— Ахметбек, сонша неге ауыр күрсіндің? Бөтен бірдемеге қиналып жатырсың ба?
— Кішкентай ғана жүрекке дүниеге сыймас қайғы берсе, қалай ғана қиналмассың.— Жігіт үлкен қоңыр көзін дәрігер әйелге аударды.— Ақмарал, қандай тамаша адамсың!.. Бірақ несіне жасырасың?.. Мен... Мен оның сөзінің бәрін естідім ғой...
Дәрігер әйел шошып кетті.
— Не дейсің?!
— Иә, иә... Мен бәрін естідім... Ол өте тас бауыр екен!
Ақмарал төмен қарап, көзінің жасын сүртті.
— Жоқ, Ахметбек, сен олай деме, күйінген адам не демейді. Ол сені өте жақсы көреді...
— Олай емес, Ақмарал. Ол мені шын сүймейді екен. Өзі сүймегенімен қоймай, менің кіршіксіз таза арыма кір жағып кетті ғой... Мәпелеп, шаң жұқтырмаған махаббатымның сенімін өлтірді. Енді оны тірілте алмайсың.
— Ахметбек, сен қателесесің. Ол сені шын сүйеді. Сені ол қалай сүймейді?! Сүймеуі мүмкін емес!
Ахметбек ақырын езу тартып, күлімсірегендей болды. «Өз жүрегің солай соққан соң айтып тұрсың ғой, Ақмарал». Енді ол дәрігерге қарап:
— Гүлшарат мені сүйген болса... жоқ, оның ісі жақсы көрген адамның ісі емес,— деді ақырын күрсініп.
— Қандай іс?
Ахметбек жауап бермеді. Гүлшараттың істеген күнәсін айтуға аузы бармады.
Ақмарал қайтадан сөйледі.
— Гүлшараттың саған деген махаббаты — шын махаббат екеніне көзің анық жетер, оған менің ешбір күмәнім жоқ, тек өзің тезірек жазылшы,— деді ол Ахметбекті сендірмекке тырысып, сөйтті де, оған сөйлеу, қобалжудың зиянды екенін ескертіп, — ал енді деміңді ал,— деді.
Ауру жаңағы сөздерден шаршап қалды ма, әлде тағы жүрегі талмаусырады ма, ұйықтап кетті.
Дәрігер аяғын ұшынан басып, ауыз үйге шықты. Гүлшарат келгеннен пайда болған ыза, ашу, мұң, Ахметбекке деген аяушылық — бәрі қосылып оның жүрегін ауыртып, көкірегіне сыймай енді көзінен жас боп ақты. Ақмаралдың түсінігінде махаббат деген бір адамның түріне, не болмаса дарын секілді ерекше қасиеттеріне қызығудан емес, ең алдымен оның ішкі жан сезімін бағалаудан, мінез-құлық адамгершілік деген қасиеттерін ұнатудан тууға тиісті. Сонда барып сенде сүйген адамыңа деген ұлы сенім — махаббат сенімі пайда болады. Сен ол адамды ең алдымен Адам ретінде жақсы көруің, сүюің керек. Міне, сонда ғана махаббат шын мағынасында өмір көркі, екі адамның қуанышына айналады. Осы көзбен қарағанда Ақмаралға Ахметбектей адам жоқ секілді. Оған Гүлшараттың бағанағы сездері, махаббатты масқаралап, сүйген адамның арын жерге таптағаны айғақ. Міне, сол себептен дәрігер әйел ауру жанды шын аяп, оның онсыз да күйікті жүрегін одан да әрі күйдірмейін деп, әйелінің айтқан сөздерін жасырған еді. Қазір енді сол сөзді Ахметбектің өзі де естігенін білді. Бұдан туатын қасіреттің сырқат адамға әсер ететініне, онсыз да ауырған жанын ауырта түсетініне көзі күні бұрын жетіп, Ахметбекке шын жаны ашуда еді.
Ақмарал аздан кейін жылауын тоқтатып, көзіндегі жасты сүртті. Ол барып, есікті ақырын ашып, ауру жанның ұйықтап жатқанын көрді де, орнына келіп қайта отырды. Осы кезде қолтығында портфелі, Ықсан кірді. Ол қалада бір айлық семинарда болып бүгін ғана рудникке келген еді. Ақмаралмен амандасып болғаннан кейін:
— Жаңа ғана естідім, Жүсіпов жолдастың денсаулығы қалай?— деді.
Ақмарал Ахметбектің жағдайының әлі белгісіз екенін, ал қазір бәлендей жақсы емес екенін айтты.
— Ондай ауруы бұрыннан бар ма екен?—деді Ықсан.
— Жоқ.
— Бәсе, солай шығар.
— Егер бұрын ондай ауруы болса не істейін деп едіңіз?
— Как не істейтін едіңіз?! Бүкіл отдых, санаторий біткен біздің қолда. Ахметбек секілді адамнан еш нәрсе жалеть етуге болмайды. Оған мен Сочиге, Қырымға, қайсысына болса да жолдама әперетін едім.
Ақмарал жергілікті комитет председателінің Ахметбекке бұлай жаны ашып тұрғанына риза болып қалды.
— Курортқа жолдамаңыз болса, әлі де кеш емес.
Ықсан қуанып кетті. Ол енді тіпті шапшаң сөйледі.
— Қайсысы керек? Евпатория, Сочи, Алупка, Железноводск, Кисловодск... Облыстан таласып жүріп он путевка әкелдім. Ең жақсысы Ахметбектікі. Қайсысына жазайын.
Ықсан төс қалтасынан қаламын алып, портфелін ашып: «Айта ғой, толтыра қояйын»,—деп, курортқа жолдама қағаздарды біртіндеп шығара бастады.
Жергілікті комитет председателінің құлшынған түріне қарап Ақмарал жыларын да, күлерін де білмей тұр. Оның бұл қылығына шын сүйсінсе де, Ахметбектің жағдайы әлі өзіне де белгісіз болғандықтан:
— Жолдама қағаздарыңызды портфеліңізге қайта салыңыз, Ахметбекке курорт керек уақытында өзім айтармын,— деді...
Анау томсарып ренжіп қалды.
— Біреуге жақсылық істейін десең ылғи осылай. Үнемі керегі жоқ болып шыға келеді,— деді, сөйтті де Ақмаралға қарап:
— Доктор, жолдама керек уақытында маған айтыңыз, Ахметбектей адамнан еш нәрсе аяуға болмайды,— деді.
Ол біраз отырып, бөтен аурулардың хал-жайын сұрап, кешке келмекші болып шығып кетті.
Ахметбек сол күні үш рет талып қалды. Есін жиған сағаттарында жылы сүттен басқа еш нәрсе ішкен жоқ. Ақмарал оған Гүлшаратты да, басқа келген адамдарды да кіргізбеді. Ертеңіне аурудың бір тынышталған кезінде сүйемелдеп апарып, осы аурухананың ішіндегі рентген айнасына түсірді. Рентген суретінен оның жүрегінің бұрынғы қалпынан әжептәуір сыртқы қабы ісініп кеткенін, ауа жүретін өкпе тамырының тарыла бастағанын білді.
Ақмарал Ахметбектің ауруының қиынға айналғанын директор, парторг және жергілікті комитеттің председателінен бөтен ешкімге айтқан жоқ. Сол күннен бастап, әлсін-әлсін тала берген соң, түнде кезекпен адам тұратын болды. Оған ең алдымен Кентай, Люба, Дариға, Михаил белгіленді. «Мен де кезекте тұрамын»,— деген Гүлшаратқа дәрігер: «Әзірге шыдай тұр. Жақсы көрген адамымен жай сөйлесе ала ма, қысылып қалар»,— деп алдаған. Өйткені оған Ахметбек тікелей айтпағанмен, Гүлшараттың келгенін ұната қоймайтынын білдірген. Сол себептен Ақмарал Гүлшараттың әзірге көзге көп көріне бермегені дұрыс деп тапқан. Ал Ахметбекке: «Гүлшарат сенің қасыңда бүгін мен отырмадым деп бөтен адам қойғанына өкпелеп жылап кетті», не болмаса «Бүгін жаныңда Гүлшарат болуы керек еді, мен оны үйіне қайтарып жібердім. Бишара сені ойлай-ойлай әбден жүдеп қалыпты»,— деп, ауру жанның көңілін аулайтын. Дәрігер бұлай өтірік айтуын күнәға санамайтын, өйткені Ахметбектің жағдайында Гүлшаратпен екеуінің арасы алыстау керек емес екенін, көңілдері бір-біріне шын суымай, тілектері жақын тұрса ауру жанға бұл үлкен арқау болар деп түсінетін. Сондықтан өмірінде өтірік айтып көрмеген Ақмарал, игілікті іс үшін бұл жолы жалған айтудан бас тартқан жоқ.
Ахметбектің халі күннен-күнге нашарлай түсті. Ол енді бұрынғыдай әлсін-әлсін талмағанымен жүрегінің қатты шаншығаны жанына батып, қағаздай жұқаланып әбден жүдеп кетті. Шай секілді жүрек соқтыратын тамақтан қалып, тек сүтпен ғана қоректенетін күйге жетті. Бұны көрген Ақмарал не істерін білмей әбден састы. Қолынан келген көмегін аяған жоқ, бірақ Ахметбек жүдеген үстіне жүдей түсті. Оған бұрынғысынан да жаман қиналып түн баласына жөндеп ұйқы көрмей, екі беті бозарып, шаршағаннан мөлдіреген қоңыр көзінің жанары суала түсіп, өзі де бітуге айналды. Ақмаралдың осындай бір жабырқап жүргенінде Гүлшарат келді. Ол әрі-бері сөйлескеннен кейін, қолындағы бір жапырақ қағазды дәрігер әйелге ұсынып:
— Ахметбек мынаған қол қойып берсінші. Әлі айрылған жоқпыз ғой. Маған да өмір сүру керек,— деді.
— Бұл не?
Дәрігер қағазды қолына алды. Ол кезекті жалақыны алуға Ахметбектің атынан жазылған сенімхат екен. Бұл кезде ауру ұйықтап жатқан болатын, сондықтан Ақмарал:
— Ахметбек қазір ұйықтап жатыр. Тастап кет, соңыра қол қойдырып қояйын,— деді.
Гүлшарат Ақмаралдың сөзін ұнатпаған тәрізді сәл қабағын шытты.
— Мынау күннің ыстығында жүре берудің өзі де қиын, оятуға болмас па екен?
Дәрігер әйел ренжіп қалды. Өйткені Ахметбектің дертіне ең керек емнің бірі — ұйқы. Оның қазір тынышталып, ұйықтап жатқанына Гүлшарат қуанудың орнына «оятуға болмас па» дегені жаман батқан еді.
Ақмарал өзін әзер ұстап:
— Жоқ, болмайды,— деді салқын үнмен. Сөйтті де Гүлшаратқа ренжігендей пішін көрсетіп,— өзің де жалақыны алмайсың ба, кішкене ауруының беті қайтқанша мазаламай қоя тұрсақ қайтер еді,— деді.
Гүлшарат өз ойын жасырмай тікелей айтты.
— Менің жалақым неге жетеді? Үй болған соң дүние керек емес пе, дүкенге «Орал» радиоқабылдағышы келген екен, біреуін сақтатып қойып едім.
«Күйеуі хал үстінде жатқанда, бұл дүниені ойлайды. Қандай адам екенін түсінбеймін»,— деді ішінен Ақмарал, бірақ Гүлшаратқа бөтен жауап қайырды.
— Әрине, үй болған соң ол да керек. Жақсы, қағазыңды тастап кет, кешке дайындап қояйын,
— Жарайды.
Гүлшарат қағазын тастап шығып кетті. Ақмарал артынан қарап: «Бұнысы қалай? Әлде ол Ахметбекті шын сүймей ме екен? Олай болса неге қосылады? Неге өзінің өмірін де, басқаның өмірін де қор етеді?»
Осы кезде біреу ақырын есікті қақты.
— Кіріңіз,— деді Ақмарал.
Үйге директорлық қағаз тасушысы кішкентай сары бала Нұржан кірді.
— Амансыз ба, Ақмарал апай.
— Өзің де амансың ба, Нұржантай, жай келдің бе?
— Жоқ, жай емес... Ахметбек ағайға телеграмма әкелдім.
— Кәне әкел...
Нұржан қағазды берді де, шығып кетті. Ақмарал оны қолына ұстап, ойланып қалды. Жай уақыт болса бұны ләм-мим демей апарып берер едім. Ал қазір ше?
Ақмарал қағазды ашып оқыды. Телеграмма шешесінен екен, шықтым деп хабар беріпті.
Дәрігер әйел төргі бөлмеге кірді, ауру ояу жатыр екен.
Бүгін күндегідей емес, сәл бетіне қан жүгіріп, көзінде бір ерекше нұр пайда болған тәрізді.
— Ахметбек, сүйінші, мамаң келе жатыр.
— Қойшы...
Аурудың қуанғанынан көзі жарқ ете қалды. Ақмарал телеграмманы берді. Анау оны әлсін-әлсін оқып шықты да, дәрігерге:
— Бәсе, бүгін бір түрлі көңілім сергіп кетіп еді, мамамның келе жатқанына көрінген екен ғой,— деді ол күлімсіреп, сөйтті де,— шыққанына бес күн болыпты! Бүгіндер келіп те қалар.
— Иә, бүгінгі кешкі кемемен келуі мүмкін.
Ахметбек телеграмманы жастығының астына қойды.
— Оны қарсы алуға кім барар екен?—деді...
— Гүлшарат ше?
Ахметбек үндеген жоқ.
Күнжамалды қарсы алуға кешке таман Гүлшарат, Люба және Дариға барды. Олар таяп келе жатқан кеменің үстінде, қоршаған темірден ұстап тұрған басында ақ жаулық үстінде қара камзол мен ақ көйлегі бар қазақ әйелін анадайдан көрді. Ол жағаға Ахметбегін іздеп тесіле қарайды. Жалғыз ұлының жоқ екеніне көзі жетіп: «Не болды екен қанатыма?»— деп қобалжи қалады. Кемеден түскеннен кейін Гүлшараттың бетінен сүйіп амандасып болысымен:
— Ахметбек қайда? Не ғып келмеді?— деді.
— Балаңыз сырқаттанып жатыр, қазір ауруханада,— деді Гүлшарат тікелей сөйлеп.
— Ауруханада?!
Баласын сағынып келген Күнжамалдың көңілі су сепкендей. басылды. Енді ол ауырып жатқан Ахметбегін көргенше поселкеге жеткенше асықты. Күнжамал мынау салынып жатқан құрылыстың, зыр қағып жүріп жатқан машиналардың бірде-біріне қараған жоқ, тек оның бар ойы баласы болды да тұрды.
Ауруханаға келгеннен кейін, Ақмарал Ахметбегінің бөлмесіне кіруге жалғыз өзіне ғана рұқсат етті. Күнжамал есікті ашып, аяғын ұлына қарай бірер басты да, ақ жаймалардың ішінде қан жоқ, сәл жоқ бозарып жатқан баласын көріп:
— Қалқам, саған не болған?!-—деді де еңіреп қоя берді.
Күнімен көңілді болған Ахметбектің жүрегі жаңа ғана Күнжамалдың келер алдында қысылып, талмаусырап басылған. Сондықтан түрінен шынында да адам шошынарлық еді. Шешесінің жылағанын көріп, онсыз да күйзеліп жатқан ауру тіпті жүдей қалды. Маңдайынан әлсін-әлсін сүйген анасының көзінің ащы жасы бетіне тамып-тамып кетті.
— Жыламашы, апа... жыламашы... өзің келдің ғой, енді мен тез жазылам,— деді шешесінің өмір бойы жұмыс істеп күстенген алақанын сипап.
Күнжамал әрі-бері жылап, көңілін басты да, баласының маңдайынан қайтадан сүйді.
— Қалқам, қай жерің ауырады?
— Жүрегім, апа...
Осы күннен бастап Күнжамал Ахметбегінің бөлмесіне кереует қойғызып алып, күні-түні жанында болды. Ол көп кешікпей, мұсатыр спиртін қалай иіскетуді, валерьянканы қасық суға қанша тамызуды, тамырының соғуына қарай оттегі жастығының аузын қанша уақыт ашып ұстап тұруды, бәрін үйреніп алды. Ахметбегі біреуге инженер, біреуге жар, біреуге аға, біреуге іні болғанмен, өзіне әлі жас баладай көрінетін. Кейбір түнде ұлы сабырсызданып ұйықтай алмаса, өзгеге қатты көрінгенмен Ахметбегіне жібектей жұмсақ, күстеніп қалған алақанымен баласының шашын сипап, кішкентай сәби кезіндегі бесікте тербеткендей ақырын ыңырсып «Бесік жырын» айтады.
Ұйықташы, қалқам, ұйықтай ғой,
Айтсын анаң ертегі.
Бүгінгіден қызық қой,
Бөбегімнің ертеңі!..
Ана осы бір тіліне орала берген әнді, сонау жылдарда толғана, шаттана айтқаны есіне түсе ме, сәл көңілдене жырлайды. Бүкіл ауруханадағылар ана қамқорлығы құшағында тербелгендей мүлгіп, тәтті ұйқыға енеді.
Тауда тоқсан тарау сүрлеу бар. Кім қайсысын таңдайды. Біреу ең биік шыңына шықса, біреу етегіне келіп тіреледі. Өмірдің де дәл осындай сан қилы соқпақ жолы бар. Кім қайсысына түседі, біреу дегеніне жетсе, біреу арманда өтеді.
Ахметбек инженер болу арманына да жетті. Өмірде кім болса да, халқына пайдасын тигізіп, артына жақсы ат қалдыруға тиісті. Өйтпеген адам оған, өмір бойы сан-санатта келіп, артына ең болмаса бір жақсы кітап қалдырып кете алмаған жазушы тәрізді көрінетін. Ахметбекке ондай адамның өмірі аянышты да, өкінішті де болып елестейтін. Сондықтан да осынау өмірдің асау дариясында бірде батып, бірде қалқып кете барғысы жоқ-ты, қолынан келгенше ел-жұртына пайдасын тигізіп, сол дарияда еркін жүзіп өтуді арман ететін. Бірақ өзінің осы уақытқа дейін сол ел-жұрты үшін істегені аз екені, алдында әлі жазылмаған дәптердің беттеріндей, толып жатқан істер бар екені есіне түссе, қынжылғаннан ауыр күрсініп, төсегіне аунап түсетін. Ауырғаннан бері: «Шіркін-ай, ең болмаса тағы бір он жыл өмір сүрсем, халқымның алдында борышымды өтеп кетер едім!»—деген тілек туған.
Ол соңғы кезде кейде осындай зор өкінішті сан алуан ойға берілетін. Сөйтіп жатып, талықсып барып ұйықтап кететін. Ал Күнжамал мұндай кездерінде ептеп басып қасынан тұратын да, өз төсегіне барып жастықты қисая шынтақтап сәл шаршаған көзінің шырымын алдыратын.
Күнжамал көшпелі ауылдың қызы еді. Ұлытау бойындағы қалың Найман жаз Арғанаты, Шойынды көлді жайлап, күз болса Қызыл жыңғыл, Сарысуды басып Сыр бойына, не Шуға қарай көшетін. Арғанатының күнбатыс бөктерін бауырға ала көп ауыл көшіп келе жатқан жаздың бір тамаша күні еді. Көк майса жұпар аңқып мұрныңды жарады. Қызғалдақтар шөп арасынан көзді тартып, жел тербеп ақырын теңселеді. Бетегесі көделі сарғайған сары белден күн шығып көрінген кезде, шық жуған шалғын шепті белуардан кешіп, шұбалып, бірінің артынан бірі тіркесіп, қалың ел сыңси кешіп келе жатты. Әлдекімнің сықылықтап күлгені, кештен оқшау бара жатқан үйірлі жылқыны қайтарған жылқышының «құр» деген айқайы, тынық таңда саңқылдап құлаққа жетеді. Осындай көштің соңында шаңырақ мүйізді қара малға ілесіп, бар мүлкін артқан жалғыз ақсақ қара нарын жетектеп біреу қараңдайды. Бейнетпен әжімделген беті қара қошқылданып күн сүйген, жел сорған ұзын бойлы бұл адам — Күнжамалдың әкесі Әбілқас еді. Түйеге салған қара шоқпыт қомның үстінде орта жастан асып бара жатқан ашаң жүзді әйел мен он алты жасар, басында үкілі қызыл тақиясы бар қара торы, әдемі келген бір жас қыз отыр. Бұл — Күнжамал. Осы көштің сол жақ бүйірінен екі салт атты көрінеді. Олар кешке таяп келіп, көштің бас жағына емес, соңғы жағына бұрылды. Әбілқасқа құрық бойы таяп келіп: «Көш көлікті болсын»,— ден амандасты. Екі жігіт орысша киінген. Үстерінде қара кеңірдек барқыттан істеген, төрт қалталы артын бүрмелеген толстовка, бұттарында көк шұға галифе шалбар, аяқтарында судай жаңа құрым етік, бастарында алдыңғы жағы киіз үйдің есігінің алдына құрт кептіруге істеген сүре секілді алақандай қалқаны бар қоқырайған фуражка. Бұл екі жігіт Әбілқаспен әңгімелесіп тұр. Шеткі қызыл шырайлы, дөңгелек жүз, кішкентай ғана мұрты бар жас жігіт, түйе үстінде отырғандарға анда-санда көз тастап қояды. Күнжамал олардан көзін алмай таңдана қарап отыр. Күнжамал өзінің болашақ ері, Совет өкіметі орнаған кезде партияның қазақ аулына бірінші жіберген халық мұғалімдерінің бірі — Жүсіпті осылай көрген. Қазір де сол Жүсібін еске алса, оның көз алдына жаз ақ жібек киген, қыс құндыз жағалы пальтолы халық комиссары емес, сонау көш-жөнекей кездескен кеңірдек барқыт көйлекті жас жігіт елестейді. Қосылғаннан кейін екі жыл өтпей туған аулын тастап, Күнжамал Жүсіпке еріп көшіп кетті. Содан бері ол қандай жерді, қандай елді керген жоқ! Жүсібімен бірге басынан қандай қызық күндер өткізбеді! Қазір енді ол да жоқ. Көк майсалы Ұлытауы да естен шыға бастаған. Тек дүниеде жалғыз қуанышы Ахметбегі ғана... Оның түрі мынау, бұл не болмақ?.. Күнжамал «Құдай-ай, жалғызымды сақтай көр!»— деп, көзіне жас алды. Анаға баладан артық кім бар? «Бала — бауыр еті» деп қазақ бекер айтқан ба? Сөйткен баласы — жалғыз ұлы Ахметбек мынадай халде жатқанда Күнжамал қалай шыдасын, көзінің жасын қалай көл етпесін!
Ахметбек ұйқысынан оянып, анасының қайғырып отырғанын сезді ме, ақырын ыңырсыды.
Күнжамал ұшып орнынан тұрды да, жанына барды.'
— Не, қалқам?
— Су берші...
Ахметбек шешесі берген стақаннан бір-екі жұтты да, орнына қойды.
— Апа, Гүлшарат келді ме?
— Жоқ, қалқам...
— Ауыз үйде біреу сөйлеген секілді болып еді, сол шығар деп едім...
— Сағынып қалдың ба, қалқам? Әлде шақыртайын ба?
— Жоқ, керегі жоқ.
Ол ақырын қозғалып, қабырғаға қарай аударылып жатты. Гүлшараттың қылығы қанша шошытқанмен де, бір жақсы көрген жүрек Ахметбекті оңай суытар емес. Міне, қазір де сол Гүлшаратты сағынған тәрізді ме, қалай? Ахметбек өздерінің алғашқы қосылған кезіндегідей күле қарап қасында отырғанын тілейтін секілді.
— Қалқам, бірдеме ойыңа түсіп жатыр ма, неге күрсіндің?
— Жәй, әншейін...— Ахметбек шешесіне бұрылып жатты.— Апа, адам өзінің аз ғана өмірінде үнемі неге қуанышта өтпейді?.. Бір-бірінің көңілін неге қалдырады екен?
— Қайдан білейін, қалқам.— Күнжамал баласының шашынан сипады.— Құлыным, біреу әлде көңіліңді қалдырды ма?—Ана жүрегі сезгіш емес пе, осы Жарқынға келген күннен бастап баласы мен келінінің арасында үлкен салқындық бар екенін байқайтын, бірақ жарасының аузын ашып аламын ба деп Ахметбегінен Гүлшарат туралы еш нәрсе сұрамайтын. Бұл жолы да сол әдеті бойынша жай ғана сөйлесіп отыр. Ақылды ана ақырын терезеге бұрылды.
— Қалқам, адамның көңілі мынау терезенің шынысы секілді емес пе, кейде одан түн қараса, кейде одан күн нұрын төгеді... Егер біреу көңіліңді қалдырған болса, жүрегіңе ауыр алма, күнәсін кешіре біл... Сонда өзіңе де, сені өкпелеткен адамға да жеңіл болады.
Ана сөзі Ахметбектің көкейіне қонып жатыр. Ол шешесіне бір рет Гүлшарат екеуінің арасындағы жағдайды айтпақшы да болды. Бірақ онсыз да менің ауруымнан қапа болып жүрген сорлыны тағы бір қайғыға несіне қалдырам деп, жанына қатты батып жүрген сырын оған ашқан жоқ. Тек:
— Көңілімді ешкім қалдырған жоқ, жай өзім ойға кетіп айтқаным ғой,— дей салды.
Күнжамал келінінің шын сырын білмегенмен де, тік мінезділеу екенін сезетін. Келіні ұнамаса, ұлының келіншегі бәлендей болса екен деп бөтенге сырттай қызығатын ана емес пе? Күнжамал да бұл әдеттен cay емес еді. О да: «Ахметбегімнің келіншегі осы Ақмаралдай сұлу, биязы мінезді болып келмегенін қарашы»,— деген өкініштен де құр емес болатын. Күнжамалдың келінге деген өзінің көзқарасы да бар еді. Оған жас әйелдің тым сәнқой болғанынан гөрі, жұпыны, таза киініп жүретіні, тез өзгергіш мінездісінен гөрі бір сөздісі ұнайтын. Сондықтан да ол дәрігер әйелге аналық мейірбандық көрсетіп, өте жылы сөйлесетін еді. Ананың бұл ықыласын сезгендей Ақмарал да оған жылы шыраймен кейде, Ахметбек қатты ұйқыға кеткенде, ұзақ әңгімелер айтып, жүдеп жүрген көңілін көтеретін. Ал баласы туралы сөйлейтін болса, оны ұлының жазылатынына сендіруге тырысатын. Міне, қазір де Ақмарал даладан кірген бетімен Күнжамалды үйге шақырып алып, әдейі қуантқан-ды.
— Ахметбекті Алматыға апара алмайтын болған соң осында белгілі дәрігерлердің бірін жіберуін өтініп, Асылбек пен Хамзекең Алматыдағы басшыларға телеграмма берді,— деді.
— Ә, құдай, сәтін бере гөр,— деп Күнжамал қуана күбірледі.
Ақмарал ақырын жымиып күлді де:
— Сөзсіз сәтті болуға тиісті. Ахметбегіңіздің жазылуына менің күмәнім жоқ,— деді.
СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
...Бөгет салынып біткен сағаттан-ақ өзеннің бергі жағасының түбі ойдым-ойдым болып, бірден тайыз тартты. Су енді лоқси толқып арғы салаға ауысты. Сұлтанның бұйрығы бойынша барлық бұрғылау станогі қайтадан карьерге жеткізілді. Енді карьер үстін жаппай бұрғылап, өзен табанымен бірдей етіп қопару жұмысы басталуы керек... Бұл титан алу ісінің екінші сатысы болатын. Бұдан кейін рутил кенін қазу жұмысы ғана қалады...
Бас инженер енді өзінің кеңсесін, жүздеген бұрғылау станогының жүрісінен үнемі тарсыл-гүрсілі бітпейтін карьерден, жаңадан салынып жатқан кірпіш заводы мен бөгеттің ортасына көшірді. Бұл жер ізбес пештеріне де, жаңа айлаққа да жақын. Өзі өзен жағасы, карьерден де алыс емес, қай жағынан болса да қолайлы.
Бөгет салынғаннан бері жұмыс бір ыңғайланып қалды. Тек Ахметбек екеуінің арасындағы шаруа болмаса дүниенің бәрі де өзінің сабасына түскен секілді. Ал рудник бастықтары бұл екеуінің арасындағы жанжал туралы күні бүгінге дейін ләм-мим деп сөз қозғаған жоқ. Сірә, Ахметбектің жазылуын күтіп жүргендей. Сондықтан бас инженер Ахметбектің жазылуын ғана тілейді. Және ол үшін де тақа қобалжудың орны жоқ ден ойлайды, өйткені Ахметбектің тағдыры Ақмаралдай жаны ашитын сенімді адамның қолында деп өзін-өзі жұбатады. Ал егер Ахметбек жазылып шықса, екеуінің арасындағы жанжал өзінен-өзі бітетіндей көреді. Екі еркектің арасындағы істе кімнің шаруасы бар деп ойлайды ол.
Демек, әне-міне дегенше карьердің үстін әк тасынан босату жұмысы да бітуге таяп қалды. Енді Жарқын руднигі график бойынша келесі айдың аяқ кезінен бастап рутил кенін өндіру ісіне кірісуге тиісті. Жүз тонна порфир тасынан алпыс-жетпіс тонна рутил алынады. Ал алпыс-жетпіс тонна рутилдан қанша титан шығады?.. Сол азғантай ғана титан үшін жүздеген тонна қаттылығы граниттен сәл кем порфир тасын бұрғылап аттырып, оны мыңдаған километр жерге тасу керек.
Осындай маңызы зор металл үшін Жарқын руднигіне жіберілген қаражат мол болғанмен, құрылыс басшылары шамалары келгенше рутил жынысын арзанға түсіруге тырысатын. Сол себептен жақын арада ғана дирекция жанындағы техникалық кеңес Ахметбек пен Хамза екеуінің ұсынысын талқылаған еді. Олардың ойынша атылған порфир тасын мыңдаған километр жерге тасымай, осы жердің өзінде үлкен тас уататын машина дробилка құрып болғанша, бірнеше уақ машиналар арқылы порфирды уатып, ағып жатқан өзенге әдейі арнап жасалған лоток—астау арқылы жуып, тек қана таза рутил кенін тасу керек делінген. Бұған Ахметбек пен Хамза осы араның өзінде мүмкіншілік барын, оған су ағысының да күші жеткілікті екенін толық дәлелдеген. Жалғыз-ақ қыстың күні су қатқанда жұмыс тоқтап қалмау үшін өзеннен жіңішке арна қазып үстіне қар мен жел өтпейтін ағаштан уақытша үй салу ұсынылған. Ахметбек пен Хамзаның бұл ойларын жергілікті техникалық кеңес мақұлдап, министрліктің қарауына жіберген.
Министрліктен бұлардың ұсынысы бекітіліп, кеше тиісті қаражат босатуға, тез арада сметаларыңды жіберіңдер деген телеграмма келген-ді. Содан бүгін Асылбек бас инженерді шақырып алып, өзеннің қай жерінен арна тартуға қолайлы, ең алдымен соны белгілеңдер, содан кейін барып смета істеңдер деген болатын.
Сұлтан, міне, қазір директордың айтқанын орындау үшін Ықсан мен Кентайды ертіп, өзеннің жағасына келді. Бас инженер бөгеттің ең биік жерінен өзен бойына көз жіберіп тұрды да:
— Меніңше арнаны сонау қойнаудан жүргізсе дұрыс болар деймін,— деді ол, өзеннің солтүстік жағын қолымен нұсқап.
— Ол жердің жары биік. Көп қаражат кетеді,—деді Кентай.
— Қай жердің жары аласа? Бәрібір емес пе?— деп, бас инженер күңк етті.
— Жоқ, бәрібір емес. Кей жері аласа, кей жері биік,—Кентай көнбейін деді,—және кеме жағаның бәріне бірдей келе алмайды...
— Жақсы, олай болса...— Сұлтан бұрылып кетті,— қайықпен жүріп өзеннің қай жері терең, қай жері тайыз соны тексерейік... Және судың ортасында тұрып, жардың да қай тұсы биік, қай тұсы аласа екенін білуге болады ғой...
— Бұл дұрыс ақыл. Жүріңдер, ана жерде қайық бар,— деді Кентай.
Ықсан кетіп бара жатқан Сұлтан мен Кентайға ере түсті де, тоқтай қалды...
— Ну, что ж, қайықта кататься етуге мен қарсы емеспін. Только қайық ауып кетсе, маған капут. Мен плавать ете алмаймын.
Сұлтан күліп жіберді.
— Қорықпаңыз, местком председателін суға жібермеспіз...
Олар жарты шақырымдай жердегі, балықшылардың су жағасына байлап қойған қайықтарының бірін шешіп алды да, міне салысымен, карьерге қарай жүзе жөнелді. Сұлтан мен Кентай есіп келеді. Ықсан қайықтың ортасында отырып алып, жан-жағына қарауда. Оған қайық емес, өзеннің сағасы қарсы жүзіп келе жатқан секілді боп көрінеді. Күз түсе бастаған. Күн бұрынғыдай күйіп тұрған жоқ, әжептәуір салқын. Бірақ аспан ашық, оңтүстіктен баяу ғана жел еседі. Сұлтан мен Кентай төмен қарай ағып келе жатса да, қызық көріп суды есе түседі. Қайық сұр толқынды тұмсығымен сүзе алға қарай зымырай жөнеледі. Ықсан тым қорықпағанмен де едәуір қобалжуда, анда-санда «Ну и қайық!»— деп қояды, ақырын жүзіңдер деуге «қорқақ екен» деп айта ма да он қаупі де бар, дегенмен де, қайық бір рет қатты теңселіп қалғанда, зәресі ұшып кетіп, ол қайықтың екі жақ ернеуінен қаттырақ ұстай түсті.
— Ақырын, қайықты аударып жібермеңдер!— деп айқайлап қойды.
— Қорықпаңыз, Ықсан-әке,— деді күліп Кентай, еспені бұрынғысынан да қатты есе түсіп,— Біздің дәуіріміз — жылдамдылықтың дәуірі!
Бұлар бөгеттің тұсына таянғанда, оларды терезеден көріп, Гүлшарат кеңседен шықты да, өзеннің жағасына қарай аяңдады.
Бұлар қайықпен бөгеттің тұсынан бір жүзіп өтті де, бас инженер Ықсанға бұрылды.
— Қай тұстан өлшей бастаймыз?
— Меніңше Гүлшарат тұрған жерден,— деді анау.
Кентай мен Сұлтан нормировщиктің көрсеткен жағына қарады,— Гүлшарат тұрған жер өзге жағадан анағұрлым аласа екен, судың тереңдігін сол жерден бастап өлшемек болды. Бірақ бұған Кентай қарсы шықты.
— Бұл әнеукүнгі ізбес пештеріне су өткен жыраның сағасы,— деді ол.— Бәрібір ол арадан жең істеуге болмайды. Екі жағы өзге жердей анағұрлым биік.
Бас инженер Кентайға қатқылдау үнмен:
— Бұр қайықты! Судың ортасына қарай жүз. Жағадан сәл алысырақ барып қарайық. Жаға тегіс көрінеді,— деді.
Расында су ортасынан жағаның қай жері биік, қай жері аласа екені айқын көрінеді екен. Сұлтан мен Кентай қайықты тоқтатып қойып, бергі жағаға көз салды. Үшеуі әрі-бері қарады да, өзара ақылдасып, жағасы сәл төмендеу ізбес пештерінің тұсын жең өткізуге дұрыс деп тапты. Енді осы жерді өлшемек болды. Бұлар сөйлесіп тұрғанда, қайық ағыспен жылжып, әжептәуір жер төмен барып қалған еді.
Сұлтан Кентайға тағы да:
— Ал қайығыңды бұр, жағаға қарай жүздік,— деді.
Кентай он жақ еспені суға шылп еткізіп кіргізіп, өзінен әрі қарай итерді. Қайық тез бұрыла бастады да, кенет шыр көбелек айнала жөнелді. Көзді ашып-жұмғанша болған жоқ, Ықсан қайықтың бір жағын басып қалып еді, терең өзеннің иірімі қайықты аударып та жіберді. Сөйтті де нақты бір балалардың ойыншық кемесіндей өзен оны төңкерілген қалпымен секірте тез-тез дөңгелете бастады. Қайықтың шетінде отырған Сұлтан мен Кентай бірдей ұшып түсті. Екеуі де жанталасып, шалбарын ағытып жіберіп, әзер дегенде денесіне жабысқан шүберектен құтылды да жағаға қарай жүзе жөнелді. Осы кезде жағада тұрған Гүлшарат пен төңкерілген қайықтың астында қалған Ықсанның «Құтқарыңдар!»— деген даусы бірдей шықты. Қайық аударылған минутта оның екі жақ ернеуінен қатты ұстап отырған Ықсан сол қалпы бірге аударылып кеткен. Суға күмп бергенде жанталасып ұстаған ернеуін қоя беріп, өзі отырған тақтайды шап берген еді. Енді қайықтың екі жақ ағашынан өткізіліп, мықтап шегеленген осы тақтайға ол екі қолымен бірдей жабысып қатқан да қалған. Атты адамды әкететін тұңғиық иірім, қанша төмен қарай өзіне тартса да Ықсан жанталасып тақтайдан айрылмай қайықпен бірге шыр көбелек айнала берді. Әйтеуір, бір жақсы жері төңкерілген қайықтың астау секілді түбі мен қазандай қайнаған су бетінің арасында кішкентай ғана бос жер бар. Нормировщиктің тез суға тұншығып кетпеуіне сол ғана себеп болып тұр. Бірақ үстіндегі су сіңген киімі мен түбіне иіре тартқан су күші шыдатар емес. Ол, екі қары талып, тақтайды босатып жібере жаздап, әзер-әзер демін алады. Қайық дөңгелеген сайын басы айналып, көзі қарауыта түсті. Жәрдем берер жан жоқ. Ықсан бұрынғыдан да бетер: «Құтқарыңдар!», «Помогите!»— деп айқайлап, жанталаса өмірінің жалғыз сенімі — қайық тақтайына кенедей жабысып алды.
«Құтқарыңдар!»—деген дауысты естігенде зәресі ұшып кеткен Сұлтанның көзіне ең алдымен түскені, суға кетіп бара жатқан балапанын құтқара алмай безектеген тауық секілді, жағада ерсілі-қарсылы жүгіріп, үстінде қызыл көйлегі бар Гүлшарат болды. Сол қызыл көйлекке жетсең ажалдан құтыласың деген сенім, оны артына қаратпай алға қарай ұмтылдырды. Ықсанның: «Құтқарыңдар»,— деген әлсіз даусын естісе де, «Өлімнен біреуді құтқармақ түгіл, алдымен өзім құтылып алсам да жарар»,— деген Сұлтан екі қолын кезек сілтеп, алға қарай жүзді.
Қайықтың астынан «өлдім!», «помогите!» деген үн шыққанда, Кентайдың есіне түскені ең алдымен орысша, қазақшаны араластыра сөйлейтін Ықсан еді. «Суға кетіп бара жатса да, әдетін тастамауын қарашы!» деген бір сықақ ой қысылып келе жатқан Кентайды күлдіріп жібере жаздады. Ол тез кейін бұрылды. Кентай Ықсанға жуи алмады. Оған ешбір жәрдем беруге болмайтынын білді. Иірімге жақындаса бұл да суға кетеді. «Жоқ қайткен күнде де Ықсанды құтқару керек. Оны суға кетіруге болмайды». Жасынан, пионер күнінен достық, жолдастық борыш дегенді өзінің өмірімен, арымен тең көріп өскен жігіт, мұндай жерде езі өлуге бар, қайыққа бірге мінген серігін ажал құшағына тастап кете алар ма? Енді ол тәуекел деп қайыққа таяды... Ықсанның даусы бұрынғыдан да әлсірей шықты. Енді кешігуге болмайды... Кентай жүзіп келіп, қайықты ық жағынан итерді. Қайықтың тұмсығы Кентайды бір метрдей жерге кейін сырғытып жіберді. Осы бір секунд бәрін де шешті, долы иірім шеткері жылжыған қайықтың бір басын өзіне тарта жөнелгенде, екінші басын қарсы келген күшті толқын соғып өтті. Толқынның екпінімен қайықтың тең жартысы иірімнің шетінен бір-ақ шықты. Осы кезде әбден титықтаған Ықсан ұстаған тақтайынан айрылып қалды. Әдейі құтқаруға келгендей бірінші толқынмен ілесе жеткен екінші ауыр толқын оны екпінімен ала жөнелді. Енді Ықсан иірімнің құшағынан босанып анадай жерден барып бір көрінді де, сұр толқынның құшағында кете барды. Осы сәтте жағасынан шап берген бір күшті қол оны сүйретіп, су бетіне қайта шығарды. «Суға кеткен тал қармайды» дегендей Ықсан өзін құтқаруға жеткен Кентайдың мойнына жабыса түсті. Кентай оны сүйрете-мүйрете жүзе жөнелді. Бірақ Ықсанның қысқаштай жабысқан білектері оны буындыра бастады. Енді екеуі де суға кетуге айналды. Әлі кете бастаған Кентай Ықсанға қырылдап: «Босат, екеуміз де суға кетеміз. Қорықпа, мен сені жібермеймін»,— деді. Әбден зәресі ұшып кеткен Ықсан Кентайдың сөзіне түсіне қоймады, босатып жібермеді. Енді Кентайға бір қолымен мойнына жабысқан нормировщиктің жағасынан сүйрей, екінші қолымен суды құлаштай сабалап, жағаға қарай жүзуге тура келді. Осынау жанталаста екі-үш минут өтіп кетті, бірақ осы болмашы уақыттың өзі әбден шаршап қалған Кентайға ауыр тиді. Бір жағынан жабысып алған Ықсан, екінші жағынан әбден су сіңіп ауырлап кеткен көйлегі, енді өзі де шаршап, қары тала бастады... Кім біледі Кентай мен Ықсан сонау жағаға жетер ме еді, жетпес пе еді, дәл осы тұста бұларды құтқаруға бөтен жігіттер келіп үлгірді. Ең алдымен Кентай мен Ықсанға таяған Вадим болды. Вадим сұп-сұр болып кеткен Ықсанның көйлегінің жағасынан ұстап, зекіре ұрысты: «Қоя бер Кентайды, суға кетіресің!»—деді. Анау шаршады ма, әлде сөзге түсінді ме, Кентайды босатып жіберді. Комсорг енді ғана демін еркін алды... Осы кезде айқайды естіп кірпіш заводынан жүгірген басқа жігіттер де жетті Олар да асыға жүзіп келіп, Ықсан мен әбден халі біткен Кентайды екі-екіден кезектесе сүйемелдеп, жағаға қарай ала жөнелді.
Сұлтан жағаға шыққан кезде, Вадим да судағыларға жеткен болатын. Жағаға шығып, есі жаңа кірген бас инженер, суға кетіп бара жатқандарды құтқаруға жүзе жөнелген жігіттерді көріп, енді өзендегілерге өзінің жәрдемінің керегі жоқ екенін білді. Жағада көп тұрмай жылдам басып, кеңсеге қарай тартты.
Кабинетінде үстіндегі әбден су болған жұмыс киімін шешіп тастап, шкафта тұрған күнделікті костюмін киіп бола берген кезде, үйге Гүлшарат кірді.
— Түу зәрем зәр түбіне кетті ғой,— деді ол Сұлтанның қасына келіп.
— Қорқып қалдың ба?—деді киініп болған бас инженер, оның, иығынан құшақтап.
— Иә... Жаңа білдім ғой, сенің маған қандай қымбат екеніңді...
Сұлтанның көзі күлімдеп кетті.
— Солай ма?!
— Солай... Сенің аман қалғаныңа өте қуаныштымын.
— Оны немен дәлелдейсің?..
Гүлшарат Сұлтанның мойнына асылып тұрып, қатты сүйді. Сөйтті де еркелей құшағын жазды.
— Енді ризасың ба?
— Ризамын... Бірін-бірі сүйген жүректі кейде қорқыныш жақындатады деген осы екен. Егер әлгі уақиға болмаса ғой, жақсы көргеніңді әлгідей етіп білдірмес едің?—деді Сұлтан келіншекті бауырына қыса күліп.— Ал егерде мен суға кеткен болсам...
Гүлшарат оны сөйлетпей қолымен аузын басты.
— Айта көрме!.. Онда мен жүрегім жарылып өлер едім.
Осы кезде терезе алдында біреу түшкіргендей болды. Сұлтан жалт бұрылды. Терезе алдында бұларға таңдана қарап Вадим тұр... Ол сасып қалды.
— Құтты болсын! Сұлтан жолдас, сізді директор шақырып жатыр.
— Қайда?
— Өзен жағасында.
Бас инженер түнеріп кетті. Ол тез терезе алдына барып, үстері суға малшынып жұрттың ортасында тұрған Ықсан мен Кентайды көрді. Сонда ғана жүрегі орнына түсіп, кейін шегінді. Вадимға қарап:
— Қазір келемін...— деді.
Жағадағы жұрт қастарына келген Сұлтанды үндемей, тұнжырап қарсы алды. Бас инженер жұрттың бұлай қарсы алғанына сәл қысылды да, кенет шамданып кетіп, басын тәкаппарлана жоғары көтеріп, сазара қалды.
— Мен тіпті түсінбеймін,— деді Кентай осы кезде, Сұлтан келген соң тоқтап қалған сөзін қайта жалғап,— Егер біз өз бетімізбен қыдырып келіп, суға кетіп бара жатсақ бір сәрі... Ал бас инженердің өзінің айтуымен жұмыс жайында жүріп, мұндай жағдайға ұшырағанда, бізді оның тастап кетуі... Тіпті түсінбеймін!..
— Бұл нағыз қорқақтық!— деді су жағасына жиналған топтың ішінен бір дауыс.
— Иә, қорқақтық! Жолдасын өлімге қиып кету — нағыз қорқақтық,— деп жұрт шу ете қалды.
— Егер мені Кентай құтқармаса не болар еді?..— деді әлі қорқынышы басылмаған ЬІқсан.
Кентай ақырын езу тартып күлді.
— Иә, кім жауап берер еді, егер Ықсан жолдас суға кетсе?— деді топтан тағы біреу.
— Жауап беретін Ықсан жолдас суға кетпепті ғой. Алдарыңызда тұрған сол емес пе?!—деді Сұлтан қабағын шытып, кекете сөйлеп.
— Болса ше?!— Жұрт тағы шу ете түсті.
— Немене бәрің бірдей маған төне қалғандарың?— деді ашу қысып Сұлтан.— Болған іс болды. Ешкім де суға кеткен жоқ... Әлде арыз беріп сол үшін жұмыстан кет дейсіңдер ме?!.. Олай дейтін болсаңдар, оған мен дайын.
Бағанадан бері үндемей тұрған Асылбек оған тесіле, ренжи қарады.
— Жоқ, өйте алмаймыз, Сұлтан жолдас! Адамды өкімет жұмысына жұмсап, оған жәрдем бермеу, ол оңай қылмыс емес,— Ержанов кенет зілдене сөйледі.— Сол үшін ең алдымен біз сізді соттаймыз! Иә, жолдастық сотпен соттаймыз!—Директор бойын кернеп кеткен ашудан демін әзер алды.— Одан бөтен жол жоқ!
Жұрт тына қалды. Сұлтан өзінің қылмысын жаңа түсінгендей, лезде түрінен тәкаппарлықтың ізі де қалмай, ұнжырғасы түсіп төмен қарады.
Кешке таман оны партком шақырды. Сұлтан Хамзаның текке шақырмағанын бірден сезді. Алдымен ол өзі коммунист болмаған соң парткомның менде не шаруасы бар, бармасам қайтеді деп бір ойлады. Бірақ артынан: «Жұртты ерегістіріп қайтемін, барсам барайын»,— деп, кешке таман парткомның кабинетіне келді.
Хамза бас инженерді салқын ғана қарсы алды.
— Сұлтан, отырыңыз,— деді ол күндікке ашық тұрған терезені жауып.
Бас инженер өзіне көрсеткен жұмсақ орындыққа отырды да, Хамзаға қарады. Анау шылымын тұтатып алды да, Сұлтанға:
— Тартасың ба?— деді.
— Жоқ жаңа ғана тартқамын...
— Жақсы,— деді де Хамза шылым қорабын столының тартпасына салып қойды. Ол енді аспай-саспай сөзін бастады.
— Сұлтан, бүгінгі оқиғаны естідім. Ол өз алдына бір мәселе, менің сенімен сөйлесейін деп отырғаным басқа жайт...
Бас инженер ішінен: «Вадим жеткізген екен»,— деді, Бірақ не болса да бағанағы Асылбектің алдындағыдай еңсесін түсірмей қарсы тұруға бел байлады.
— Иә, қандай әңгіме?
— Сұлтан, есіңде бар ма, мен сенімен Ахметбектің әйелі туралы бір рет сөйлесіп едім ғой.
Бас инженер қабағын шытты.
— Партком тек менімен әйел туралы ғана сөйлесетін болғаны ма?— деді ол кекете.
— Оған өзің кінәлісің!
— Қалайша?!
— Кінәң емей немене, егер Ахметбектің орнында өзің болсаң, көрер ем қалай сөйлегеніңді!—Парторг түйіле түсті... — Сенің бұл істеп жүргенің не?!— Хамзаның даусы қаттырақ шықты.
— Мен не істеп жүрмін?! Егер біздің Гүлшарат екеуміздің арамыздағы мәселе болса, онда, меніңше парторг жолдастың бәлендей шаруасы жоқ секілді... Әркім өзінің ішкі өміріне өзі жауап беретін шығар.
Хамза тамағына келіп түйілген ашуды баса сөйледі.
— Сұлтан, сен коммунист болмағанмен, совет инженерісің біздің коллективтің мүшесісің. Сондықтан сенің ішкі өмірің туралы біздің сөйлесуіміздің ешбір айыбы жоқ. Оны — бір деп біл.
— Жақсы, екіншісі не?
— Екіншісі, Ахметбек те біздің коллективтің мүшесі және коммунист. Оның қайғысы — біздің қайғымыз. Ондай аяулы адам хал үстінде жатқанда әйелін біз ешкімнің қолына қолжаулық еткізіп отыра алмаймыз.
— Ал, егер, ол қолжаулық емес, менімен мәңгілік қосылмақшы болса не айтасыз?!
Сұлтанда Гүлшаратпен қосыламын деген ой жоқ еді, бірақ бұл жерде басына төніп келген бәледен құтылғалы мұндай сөзді әдейі, тәсілмен айтты. Одан мұндай жауап күтпеген Хамза:
— Өзіңмен бірге қызмет істеп жүрген жолдасың ауыр халде жатқанында да ма?— деді сәл абыржып.
Сұлтан үндемеді.
— Бөтенді ренжітіп тапқан өмір мен бақыт шын қуанышты болады деп ойлайсың ба?..— деді парторг қайтадан.
— Ахметбектің Гүлшараттан айрылғанына ренжитінін қайдан білдің?
— Оның Гүлшаратты жақсы көретіні маған аян...
— Ал мен де оны жақсы көремін.
— Сен Гүлшаратты қанша жақсы көрсең де, Ахметбектің қазіргі жағдайында оған үйленуге саған ұлықсат етпейміз!
Сұлтан орнынан түрегелді.
— Бұл не, қорқыту ма?!— Бас инженер ызалана сөйледі,— олай болса мен бүгін үйленемін, қазір үйленемін!
Хамза да орнынан түрегелді, өмір бойы сөзін салмақтап сөйлейтін парторг бұл жолы жанып кетті. Әр сөзін нықтап зілмен айтты.— Жоқ, үйлене алмайсың!—деді ол Сұлтанға булыға кейіп.— Рас, совет заңының статьясында біреудің арасындағы үйлену, айрылу мәселесіне кірісу деген жоқ. Бірақ бұл жолы біз кірісеміз. Кіріскенде қатты кірісеміз. Сендердің ойындарың үшін хал үстінде жатқан адамды ойыншық еткізе алмаймыз. Өзін-өзі ұстай алмайтын жезөкшелер үшін уыздай жас жігітті құрбан еткізбейміз!— Хамза қатуланып кетті, — Түсіндің бе?! Ал егерде біздің айтқанымызға түсінбесең, мәселені төтесінен қоямыз.
— Көрерміз!—деді Сұлтан да ашулана... Сөйтті де қоштаспастан есікті қатты жауып, шығып кетті.
Парторг өзінің қатты кеткенін бірден түсінді. Ол ішінен: «Мүмкін мұным орынсыз да шығар... Бірақ мұндай тоң мойын адамға одан бөтен қандай жол бар?! Енді үйленіп көрсін!»—деді.
Сұлтан шыққан бетінде Гүлшаратқа үйлену мәселесін бір минутқа да кешіктіргісі келмеді. Хамзаның сөзіне ерегесіп қазір барып өз үйіне кешіріп алмақшы болған-ды. Өйткені Гүлшарат, бағана су жағасындағы Асылбектің сөзінен кейін Сұлтанмен тағы жолыққан болатын. Екеуі біраз әңгімелескеннен, сүйіскеннен кейін: «Мен сенімен бүйтіп жасырын жүре алмаймын. Ахметбектен айрылып, біржолата қосылам»,— деп қалған-ды. Бұнысы шыны ма, әлде Сұлтанның көңілін аулайын дегені ме, онысына бас инженер бәлендей зер қойған жоқ, тек: «Әзір асықпа, Ахметбек жазылсын»,— дей салған еді. Ал енді қазір парторгтің мынау қоқан-лоққысына қарай, бұл үйленем десе, Гүлшараттың еріп шығатынына ешбір күмәнсіз сенген-ді. Сондықтан да ол осы бетінде сол ойын орындамақ болып келе жатты. Бірақ неғұрлым Гүлшараттың үйіне таяған сайын, ашуы бірте-бірте басыла түсті. Нәсілі қорқақ жігіт: «Көрерміз!»— деп ет қызуымен айтып қалса да, ойын шын орындауға жігері жетпеді. «Бүгін анау, Ықсанды суға кетіріп ала жаздадым. Оған жәрдем бермедің деп бәле салып отырған жұрттың түрі мынау. Оның арты әлі немен бітері белгісіз... Ал оның үстіне Гүлшаратқа үйленіп, хал үстінде жатқан Ахметбек жазатайым болып кетсе, жұрт оның өлімін менен көруден тайынбас... Сонда менің хәлім не болмақ? Жоқ, көпке топырақ шашуға күшің жетпейді. Әзірге не болса да шыдай тұру керек...» Ол Гүлшараттың үйіне таяп барып, өз кеңсесіне қарай беттеді.
Ал Гүлшарат болса, Сұлтанның қылығын тіпті басқаша түсінді. Ахметбекке деген салқындық күйеуі ауруханаға түскеннен кейін де басылған жоқ. «Ахметбек енді жазылмайды. Өмір бойы жүрек дерті бар адаммен қалай тұрамын?»— деген қорқыныш күйеуінен оны бұрынғыдан да алыстата берді. Және күйеуінен айрылып кетсе, оған ешкім еш нәрсе демейтіндей. Біреу бірдеме деудің орнына «Қайтсін бишара, ауру адаммен өмір сүремін деп өз бақытын, өз тіршілігін қор етсін бе?»— деп аяныш білдіретіндей боп көрінді. Гүлшараттың ойына бұның бәрі жат қылық, өзін-өзі алдау екені кіріп те шыққан жоқ. Осындай дәлелдің үстіне Сұлтанның қиылып, жалынып айтқан сөздері, оны дұрыс жолдан тіпті адастырды. Жасынан өзіне идеал болған «кең иық, ер кеуде» жігіттің бейнесі қайтадан көз алдына елестеді. Оның ішкі сырын қазбаламай, тек сыртқы түріне әуестенді. Майын тамыза айтқан жылы сөзіне құлақ қойды. Күннен-күнге, Ахметбек нашарлаған сайын, кітап арасына салып қойған кепкен жапырақтай болып сарғайып кеткен күйеуінен, екі беті нарттай, екі иығына екі кісі мінгендей, балуан денелі Сұлтанға көңілі ауа түсті. Әйелдік, нәпсілік сезімге жеңдірді ар-ұятты. Сұлтанның бағана айтқан; «Өзімнің бұрынғы әйелімнен айрыламын. Екеуміз тамаша өмір сүреміз»,— деген сөз Гүлшараттың көңілін тіпті көтеріп тастады. Енді өз қуанышына өзі бөленіп, бөтеннің қайғысын байқамаған жас келіншек, Ахметбектен айрылып, Сұлтанға қосылуым ғана қалды деп тым шолақ түсінді. Гүлшарат ертең таң атысымен осылай етпек болды. Ол нелер алуан ойға беріліп, көрер таңды көзімен атқызды.
Ал, Вадим Сұлтан мен Гүлшараттың арасындағы өзі көрген оқиғаны жалғыз Хамзаға айтып қойған жоқ, Кентайға да естіртті.
— Ғажап,— деді анау таңдана.— Адам деген бір айтқан сөзінде тұрмайды екен-ау! Мен бұл туралы бас инженермен сөйлескен болатынмын. Әлі де қоймаған екен ғой.
— Сұлтан секілді адамда ар-ұят бар ма? Оны бағана қайықтарың аударылғанда көрген жоқсын ба?
— Иә, ол солай.— Комсорг терезенің алдына барды. Вадим екеуінің қазіргі сөйлесіп отырған жерлері клубтың бір бос бөлмесі болатын. Кентай көкжиекте қызарып батып бара жатқан күнге қарап ренжи сөйледі.— Маған Сұлтан тіпті ұнамайды... Жұмысты білгенмен, құр ресми міндетін атқарып жүрген біреу тәрізді. Кейде ол маған қазан қайнап жатқанда, босқа бүлкілдеген көбік секілді көрінеді. Осындай адамды қалай бас инженер етті екен?!
— Кім білсін... Бір есебі болған шығар...
— Мұндай маңызы зор өндіріске таңдап жіберу керек емес пе?..
— Қателіксіз іс бола ма? Бір қате кетті де...
— Иә, бұл үлкен қате.— Комсорг Вадимға бұрылды.— Жақсы, Москвадағы адамдар алыста, анкетіне қарап жіберген шығар. Ал Гүлшарат қалай қателеседі? Оның сүюге тұрмайтын адам екенін көзі көрмей жүр ме?
— Оны өзінен сұра.
— Өзінен сұра?!—Кентай бірдеңе ойлағандай сәл кідіріп қалды.— Міне, бұл тапқан ақыл! Гүлшараттың өзінен сұрау керек!
Вадим Кентайға таңдана қарап сөйледі.
— Сен, немене, расымен Гүлшараттан Сұлтанмен неге сүйісесің деп сұрағың келіп тұр ма?
— Сұраса несі бар?
— Екі адамның арасындағы махаббатта қандай шаруаң бар?
— Онда сен маған бұл оқиғаны несіне айтып тұрсың?— Кентай Вадимға түнере қарады.
— Ахметбекті аяғаным үшін.
— Міне, мен де сол үшін сөйлескім келеді.— Комсорг көзілдірігін орнына қойды,— адамға ақыл айтқан айып па?..
— Егер ол ақылыңды азғыру деп түсініп, «сенің жұмысың болмасын, жөніңе тартып отыр» десе не айтасың?
— Тартамын да отырамын. Ал сөйлесу өте қажет. Біз жастар арасында насихат жұмысын жүргізуіміз керек қой.
— Дұрыс, дұрыс,— деді күліп Вадим.— Тек өкініп жүрме.
— Үгіттеудің ешбір өкініші жоқ. Егер тыңдағысы келмесе өз обалы өзіне.
Ертеңіне, Гүлшарат шайын ішіп болып кеңсесіне барайын деп жатқанда, Кентай келіп есігін қақты.
— Кіріңіз!— деді Гүлшарат айнаға қараған бетімен.
Кентай үйге кірді.
— Хәлің қалай, Гүлшарат?
— Жаман емес.
— Ахметбек қалай?
— Бір қалыпта...
Кентай ауыр күрсінді.
— Қандай тамаша адам, көрдің бе, ауырып қалғанын.
— Байқауы керек еді. «Әлін білмеген әлек» деген,
Кентай түксие қалды.
— Мен сенімен сөйлеспек едім.
— Не жайында?
— Өмір жайында.
— Өмір жайында? Қызық тақырып екен!..
— Иә, ол қызық тақырып. Адам — адам болып жаралған соң, өмірін дұрыс өткізуі керек қой...
— Мен өмірімді дұрыс өткізбей жүрмін бе?
— Өмірді дұрыс өткізу деген сөз, ас ішіп, кезінде тұрып, кезінде ұйықтау емес. Адам жақсылық үшін туған жоқ па, оның ісіне өзге жұрт риза болуы керек.
Гүлшарат ернін бояуға ыңғайланып, далап ұстаған қалпында айнадан бұрылып;
— Сонда маған не істе демексің? Мәншүк секілді тарихта қал демексің бе?— деді ол сәл шытынап.
— Жұрттың бәрі Мәншүк бола алмайды. Ол — факт. Адамда орысша айтқанда «норма поведения» деген болады. Кім қандай, сол арқылы сыналады. Кісі батыр болмағанмен, адам болуға тиісті.
Гүлшарат енді шын ашулануға айналды.
— Адам болмай, мен саған бірдеме істедім бе?— деді ол.
— Істеген жоқсың. Бірақ Ахметбекке қиянат істегелі жүрсің. Ол қылығың бізге батады. Жақсы адамға жамандық ойлауға қақың жоқ. Тілімді алсаң Сұлтанменен шатаспа!
Кентай кетпек болып, орнынан түрегелді.
— Егер мен сендердің ақылдарыңды алмасам не болады? Егер мен өз ақылыммен өмір сүргім келеді десем, оған не дейсіңдер?!— Гүлшарат Кентайға ашулана, қадала қалды.
— Ол — сенің шаруаң бірақ өкініп жүрме!
— Өкінбеймін!
— Жақсы.
Кентай шығып кетті. Гүлшарат оның соңынан ашулана бір қарады да, орысшалап:
— Подумаешь, какой идейный! Тоже мне агитатор!— деді бетін тыржитып.
Ахметбектің халі кенет бұрынғыдан да нашарлай түсті. Бірақ ол дерті жанына қанша батса да, Гүлшаратты есінен бір шығарған жоқ. Ахметбекке егерде әйелі келіп, күле қарап: «Сұлтанмен арамызда еш нәрсе болған жоқ»,— деп маңдайынан сипаса, ауруынан айығып кететіндей көрді де тұрды. Сөйтіп жатып кейде ол өзіне де ренжіп қояды. Неге Асылбектің: «Сөйлес, түсініс»,— деген күні Гүлшаратпен сөйлеспедім, түсініспедім екен?! «Неге ертеңге қалдырдым? Ертеңіне осы күйге ұшырағам жоқ па?.. Сол күні сөйлескенімде, не болса да бәрі шешілетін еді... Енді міне ішімнен жегі жегендей қиналудамын. Жоқ, бүйтуге болмайды, әлі де болса кеш емес, бітеу жара болып жатқанша Гүлшаратпен әлі де болса сөйлесемін. Мүмкін, сол түні Сұлтан екеуінің арасында ештеңе болмаған шығар. Әлгі Сиқымбай ит жалған айтқан шығар». Осындай ойға келді де, Ахметбек жанында отырған шешесіне:
— Апа, егер бүгін Гүлшарат келсе бізді оңаша қалдыршы, біздің сөйлесетін бір ісіміз бар еді,— деді.
Күнжамал қарсылық білдірген жоқ, тек:
— Жарайды, қалқам,— деп жауап берді.
Ахметбек таңертеңгі жеңіл асты ішіп болған кезде, Гүлшарат та келді. Күнжамал келінімен жылы жүзбен амандасты да, шығып кетті.
— Гүлшарат, берірек отыршы,— деді Ахметбек әзер қимылдап, оған қарап жатып.
Келіншегі төсектің аяқ жағындағы орындықты жоғарырақ қойып, күйеуінің жанына отырды.
— Гүлшарат, мен сенімен сөйлесейін деп едім...
— Мен де соған келдім.
Ахметбектің жүрегі жылып кетті. «Бәсе, өзі де әзер шыдап жүр екен ғой» деп бір ойлады да, әйелінің сазарып отырған түріне қарап, ол ойынан дереу қайтты.
Ахметбек екі қолын желкесінің астына салып, ауыр күрсінді.
— Гүлшарат, осы екеуіміздің арамыз не болып барады, байқайсың ба?
— Байқаймын, неге байқамаймын. Өзін кінәлісің.
— Неге?— кенет Ахметбекке «Бұның жазығы жоқ екен. Қызғаншақтықпен Сұлтанға өзім тиіскен секілдімін ғой» деген ой келді. Енді ол қинала сөйледі.— Егер айып менен болса, кешір. Бәрі сені тым жақсы көргендігімнен шықты ғой...
Гүлшарат төсектің аяқ жағындағы қабырғаның бұрышына қарады.
— Кешірді не, кешірмеді не, одан не пайда? Бәрібір оның екеумізге ешбір маңызы жоқ.
— Неге?!
— Өзің түсінуің керек. Біз екеуміз бір-бірімізге енді алыс адамбыз.
Ахметбектің жүрегі су ете түсті. Гүлшараттан ең қорқып күткені де осы еді. Сол күткенін өз құлағымен естігеніне сенер-сенбесін білмей азырақ үн-түнсіз жатты. Маңдайынан шып-шып шыққан терді орамалымен ақырын сүртті де:
— Иә, өзімнің де күткенім осы еді, жасырмай дұрыс айттың,— деді.
— Жасырғанмен естімейсің бе?! Бүкіл рудник соны әңгіме етіп жатқан жоқ па?!
Ахметбек үндеген жоқ.
— Мен сенің заттарыңның бәрін жинап қойдым. Кешке таман апаң келіп өз қолымен алып қалсын... Кім біледі, мен кеткеннен кейін біреу-міреу көз тігіп жүрер...
— Қайда кетесің?!
— Сұлтанның үйіне.
Ахметбек демін әзер алды да:
— Жақсы, жолың болсын,— деді. Сөйтті де Гүлшаратқа ақырын ғана: «Есікті бекітіп, кілтін Ақмаралға әкеп беріп кет... Қайтесің, кемпір адамды босқа әурелеп ,— деді.
Гүлшарат кеткеннен кейін, Ахметбек қарсы қабырғадан көзін алмай ұзақ жатты. Гүлшараттың ауыр сөзін естігенде алғашқы минуттарда удай ашып, алқынып кеткен көкірегі енді бірте-бірте басыла бастады. Бұған өзі де таң қалды. Қанша ауыр болғанмен де шыдады. «Қайғыдан адам өлмейді» деген осы екен деді ол ішінең. Ахметбек осылай біраз жатты да: «Гүлшарат расымен кеткені ме?!»— деді ол өзіне-өзі ақырын дауыстап. Жүрегі тағы да шаншыды. «Иә, ол енді маған мәңгі жоқ. Менің осындай ауыр хәлімде неге тастап кетті? Жоқ, жоқ. Осы да махаббат болып па?! Осындай махаббат үшін қайғыруға, өзіңді-өзің азапқа салуға бола ма? Жоқ, болмайды! Сенің шын махаббатыңды таптаған адам үшін еш уақытта да қамығудың, ренжудің қажеті жоқ. Бәрібір ол түсінбейді».
Ахметбек Гүлшараттың бұл опасыздығына қанша қиналса да, енді ол үшін өзін-өзі тауыспасқа серт етті. Осы кезде үйге Күнжамал кірді. Бала дегенде ана көзі қырағы емес пе, Ахметбегінің бетіне бір қарағаннан оны ренжіткен бір үлкен оқиға болғанын бірден сезді.
— Қалқам, түсің тым өзгеріп кетіпті, әлгі келін бірдеме деп кетті ме?—деді ол баласының жанына отыра беріп.
— Апа, ол енді сенің келінің емес,— деді Ахметбек ақырын сөйлеп.— Атын енді есіңнен шығар...
Күнжамал баласы мен келінінің арасы қанша жаман болғанмен мұндай халге жетеді деп ойлаған жоқ еді, енді Ахметбегінен мынадай сөз естіп шошып кетті.
— Қалқам-ау, не болып қалды? Балдай тату емес пе едіңдер, әлде араларына біреу жүрді ме?— деді көзіне келген жасын сүрте, кемсеңдеп жылап.
Ахметбек ақырын қозғалып қойды.
— Сұрама, апа, жасыңды сүрт. Ол — сенің бір тамшы жасыңа тұрмайды.
— Жарайды, қалқам. Тек өзің аман болшы,— деді Күнжамал көзін жаулығының ұшымен сүртіп жатып.
Кешке таман Гүлшарат Ақмаралға Ахметбектің бөлмесінің кілтін әкеп берді...
— Бұны не қылам?— деді анау.
— Ахметбекке бер.
— Өзің бір жаққа барасың ба?..
— Иә, мүлдем...
Ақмарал түсінбей қалды.
— Сен не айтып тұрсың?!
— Не айтатыны бар, біздің арамыздағы «махаббат туралы аңыз» осылай аяқталды,— деді Гүлшарат. Ол енді Ақмаралды кекете сөйледі.— Вакансия открыта, можешь занимать.
Ақмарал жауап қайтарғанша, Гүлшарат үйден шығып та кетті. Дәрігер әйел аң-таң болып, кілтті қалтасына салды. Осы кезде тер үйден Күнжамал асыға шықты,
— Қалқам, Ахметбек тағы қысылып қалды ма, түрі тым адам шошынарлық,— деді.
Ақмарал төргі үйге кірді. Бұл жолы Ахметбектің қысылуы оған басқаша көрінді. Екі беті сұрғылттанып, тіпті демі біткен адамдай ерні кезеріп кетіпті. Ақмарал мүсатыр спиртін иіскетті. Ол бұрынғыдай емес, ес-түссіз ұзақ жатып барып, көзін әзер ашты. Осындай талу екі-үш күннен бері жиі бола бастаған. Дәрігер әйел әбден сасуға айналды. Алматыдан алынған телеграмма бойынша профессор кеше келуге тиісті болатын, бірақ кенет ауа райы бұзылып, кешеден бері самолет ұшпай қалған еді. Ақмарал не істерін білмей әбден дағдарды. Аздан кейін барып, Ахметбек көзін қайта ашты.
Дәрігер осындай қысылыс жағдайда жүргенде, Ахметбек бүгін тағы талып қалды. Бұл — күн батып бара жатқан кез еді. Күнжамал бір шаруамен далаға шығып кеткен болатын. Ақмарал мүсатыр иіскетіп, оттегін жұтқызып, әзер дегенде есін жиғызды. Аз жатқаннан кейін ол кінәлі адам тәрізді Ақмаралға қарап қинала сөйледі.
— Мазаңды әбден алып болдым ғой, Ақмарал,— ол кішкентай айнасына қарап, өзінің боп-боз болған түрін көріп.— Жүрегім әбден тынышталған сияқты. Енді талмаспын деймін,— деді езу тартып күлген болып.
Ақмарал оның шашынан сипады.
— Түу, әбден қорқыттың ғой...
— Екі-үш күннен бері өзгеше қысылып қалып жүрмін ғой, байқайсың ба?— деді Ахметбек күрсініп, сөйтті де дәрігерге көзін бір төңкеріп.—Менің мұндай халге қалай жеткенімді тыңдағың келе ме?—деді.
— Өзіне қиын болмаса...— деп Ақмарал жауап қайтарды. Ахметбек үндемей қалды.
Ақмарал соңғы кезде оның бір үлкен қайғыға кездескенін сезген-ді. Білгісі де келген еді. Бірақ Ахметбекті орынсыз ренжітіп алам ба деп, бұл әңгімені қозғамаған. Сөйтіп жүргенде Гүлшараттың өзі Ахметбектің бөлмесінің кілтін әкеп беріп, бұл сырдың бетін ашқан. Бұл жолы да Ақмарал Ахметбектен еш нәрсе сұраған жоқ. Тек сыр бермей ақырын күтумен болған.
Ауру әлі үн-түнсіз жатыр, бірақ дәрігерге оның қатты жұмылған еріндері даусын естіртпегенмен де, елегізген құлағына ауыр қайғыдан ашынған жанның ащы айқайын естірткендей еді.
— Жоқ, маған қандай қиын болғанмен де, сен білуге тиістісің,— деді бір кезде Ахметбек,— емдеуші дәрігер қарамағындағы аурудың қандай дерті болса да білуге тиісті.
Ахметбек ақырын бір күрсініп, батып бара жатқан күннің қабырғаға түскен ақырғы сәулесіне соңғы рет қарағандай телміре түсті де, сөзін бастап та кетті.
— Гүлшарат маған бір қараңғы түнгі жарық сәуле сынды көрініп еді. Сол жарық дегенім, құр фосфор оты болып шықты. Сәулесі бар да, қызуы жоқ. Оған қосылғанымда жарымды таптым, жанымды таптым деп едім, адасқан екенмін,—деді ол тағы бір күрсініп. Сөйтті де Ахметбек ақырын ыңқылдап жатып, өз қолымен өз жүрегін жалаңаштағандай қиналып, Гүлшарат екеуінің арасындағы болған жағдайды, одан өзінің нәзік сезіміне түскен ауыр жараның аузын тырнап, айтып берді. Ол өзінің Сұлтанмен неге төбелескенін, Сұлтанның тегеурінді құшағыменен өкпе тұсынан қалай қысқанын, содан барып жүрегінің қалай қабынып кеткенін, бәрін-бәрін жасырмады.
— Мінеки, Ақмарал, Гүлшарат екеуміздің арамыздағы махаббат арпалысы осылай аяқталды,— деді ол сөзінің аяғында.— Гүлшарат менің бақыт құсымның — махаббатымның қанатын кесті. Мен тірі болсам да, өлі болсам да оған бұл істеген қиянатын кешпеймін,— деп толқып барып сөзін бітірді.
Жұмбақты сырдың шымылдығы түріліп, екі жастың арасында болуға тиісті емес ауыр оқиғаны естіп, көзінен ыршыған ыстық жасының Ахметбектің алақанына түсіп жатқанын Ақмарал сезбей қалды. Осы минутта ол жүрегінде бұл секілді қайғылы сезімді тудырған аяулы жанның басына ажал төніп тұрғанын байқамады.
— Ахметбек, сен Гүлшарат пен Сұлтанның арасындағы уақиғаны сезе тұра қалай шыдадың,— деді Ақмарал жас балаша егіліп.
— Бақытсыздық қандай іске болса да шыдатпай ма!—деді Ахметбек жауап орнына.—Бірақ енді қорықпа, бәрі де артта қалды, Гүлшарат та, оның опасыз махаббаты да. Мен енді бөтен адаммын. Бұрынғы Ахметбекпін,—деді ол жан-жағына күле қарап.
Ақмарал оның өмірге тағы бір күле қарағанына қуанып қалды.
Ахметбек тіпті жадырап кетті.
— Мен енді дем алайын. Сен бүгін үйіңе қайт, ертең келерсің.
Ақмарал терезе алдына барды.
Қоюланып келе жатқан кеш оған суық көрінді. Түнере түскен түн қараңғысы Ахметбекті алуға оқталған ажалдай үрейін ұшырып жіберді.
— Ж.оқ, мен үйге бармаймын. Бүгін де сенің қасыңда боламын, — деді дәрігер әйел.
Ахметбек ренжігендей қабақ шытты.
— Сен кеше де ұйықтаған жоқсың, бүгін де ұйықтамасаң әбден шаршайсың. Қасымда апам отырғанда еш нәрседен қорықпа. Оның үстіне бүгін жүрегімнің қысылмайтынына көзім жетеді. Сен бір түн болса да деміңді ал.
Осы мезгілде бағанадан ауыз үйде отырған Күнжамал төр үйге кірді. Ақмарал оған керек дәрі-дәрмекті беріп, үйіне кетпек болды. Үстіндегі халатын шешіп, далаға шықты. Қараңғы түн құшағына қарай бірер аттап, Ахметбек жатқан бөлмеге қарады. Оған кенет жаны сүйген ауру жігіт қысылып қалғандай көрінді. Енді Ақмарал жүрегі қобалжып, аяғын алға басуға дәті бармай, үйге қайтадан кірді. Күнжамалды шақырып алып, Ахметбекке білдірмей-ақ қойыңыз деп, өзі осы аурухананың ішіндегі шеткі бөлмеде ұйықтайтынын айтты.
Ақмарал текке қобалжыған жоқ еді. Аз уақыт тыныс алған Ахметбектің жүрегі түн ортасында тағы қысылды. Бұл жолғы қысылуы — ақырғы қысылуы тәрізденді. Өмір деп алас ұрған жалынды асау жүрек жарты сағат қиналып жатты да, суға түсіп сөніп кеткен ұшқын тәрізденіп демі шықпай, тына қалды.
Осы кезде Күнжамалдың шақыруымен асыға кірген Ақмарал киінуге де мұршасы келмей, Ахметбектің кеудесіне құлағын салып, тізерлей жанына отыра кетті. Аздан кейін барып аурудың сәл тоқтаған жүрегі бұзылған сағаттай сырылдап қайтадан ақырын соға бастады.
— Апа,— деді Ақмарал Күнжамалға қарап, екі көзі жасқа толып.— Операция істеуден бөтен еш нәрсе қалған жоқ. Енді кешіксек Ахметбектен айрыламыз,— деді.
— Істесең істе,— деді қажырлы үнмен ана,— құдай мені жалғыз жылатып тастамас. Тәуекел!
Ақмарал кезекшілер отыратын бөлмедегі өзінің екі көмекшісін шақырып алып, операция істейтін аспаптарды тез дайындауға кірісті.
ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
— Мен үшінші!— деді Сиқымбай «уақыты бітті» деп дәл тұмсығының алдынан есікті жауып қойған дүкеннен бір жартылықты алып шыққан екі кісіге.
— Жарайды,— деді ұзын тұра, бота тірсек, бадырақ көз қара жігіт.— Сал қолыма жеті сомыңды!
— Бір адамға жетер-жетпес нәрсеге несіне үшінші адамды қыстырамыз!?—деп жаратпай қалды, тапал келген, бұқа мойын, балуан денелі, былшық көзді сары.
— Вася, біз бұдан әлі үлкен екі сапты аяқ сыра ішеміз,— ұзын бойлы Сиқымбайдан жеті сомды санап алды. Ол көзінің қиығымен ананың күмәжнегінде әлі де ақшаның бар екенін көріп, жанындағы былшық көзге ымдап қойды.— Ал енді бұл зәмзәм суын немен бөлеміз?..
Үшеуі де жан-жағына қарады. Көздеріне оларға арақ бөлуге ыдыс беретін ешкім түсе қоймады.
Сиқымбай үн-түнсіз бір жаққа жоғалып кетіп, бір минут өтпей, қолына бір қырлы стақанды ұстап қайтып келді де, ұзын тұраға ұсынды.— Мә... Бірақ адал құй.
Ұзын тұра арақты құйып жатып, Сиқымбайдың Жарқын руднигінен келгенін естіп құлағы елегізи қалды.
— Мұнда жай келдің бе?..
— Шығарып жіберді. Елге қайтып бара жатырмын.
— Семьяң қайда?!
— Ермей қалды. Әйелім онда үй сыпырушы болып істейтін еді, саған еріп тентірегенше, осы жылы орнымды босатпаймын деп көнбеді...
— Онысы дұрыс болған екен. Адамның басының бос болғанына не жетсін.
— Сөз бар ма?
Ұзын тұра стақанды жұтынып тұрған сарыға ұсынып жатып, Сиқымбайға тағы қарады.
— Бірақ ақшалы келген шығарсың. Күмәжнегің жуан көрінеді.
— Біреудің күмәжнегіне көз салып қандай шаруаң бар?!—деді Сиқымбай кенет шытынап. Бірақ мақтанғысы келіп кетті.— Құдайға шүкір құр қол емеспіз. Өздерің секілді достарды сырамен сыйлауға бірдеме табылады... Мен мына стақанды әлгі әйелге апарып беремін...
— Жақсы, бірақ тез кел...
Сиқымбай стақанды алып, асыға басып кетіп қалды. Ол есігінің алдында тұрған ұзын бойлы, қара пальтолы әйелге қолындағы стақанын беріп жатып:
— Көп рақмет. Алыстан келіп едім, сусыным бір қанып қалды,— деді.
Әйел стақанды ала беріп:
— Қайдан келіп едіңіз?—деп сұрады.
— Жарқын руднигінен.
— Жарқын руднигінен?!— Әйел елең ете қалды.
— Иә, онда біреуіңіз бар ма еді?..
— Күйеуім бар еді.
— Ә... Кім болып істейтін еді?
— Рудниктің бас инженері.
Енді Сиқымбай елең ете түсті.
— Сұлтан Әубәкірович пе?
— Иә...
Сиқымбай не айтарын білмей әйелге таңдана қарады. Жарқын руднигінен кетер алдында Сұлтан мен Гүлшараттың үйленгелі жатқанын естіген болатын. Жасынан біреудің арасына от салып үйренген Сиқымбай, бұл жолы да сол әдеті ұстап, делебесі қозып кетті...
— Ғажап!— деді ол тандана сөйлеп,— сонда қалай болғаны, Сұлтан Әубәкірович жақында ғана өзінің хатшысына үйленді ғой... Әйелі бола тұра бұнысы несі?
Әйелдің даусы шаңқ ете қалды.
— Не дейсің!— Ол өзі тұрған есік алдындағы бапалдақтан төмен түсіп, Сиқымбайға төнді. Әдемі жұпар иісінен ананың танауы жыбырлап кетті. Әйел оған қарап көзі шатынап, екі иінен демін алып, ашуланып тұр. Сиқымбай терезеден түскен шамның жарығымен өзіне төне қалған әйелдің түрін анық көрді. Үстіндегі күзгі қара пальтосы сұңғақ бойына жарасып, қып-қызыл етіп бояған ернінің арасынан екі алтын тісі жылт-жылт етеді. Қалың қою қара шашын желкесіне түйіп тастапты. «Қандай әдемі әйел!»—деді ол ішінен, сөйтті де ананың көзімнің алдындағы уақ әжімдерді көріп «Шамасы отыз бестен асып кеткен болу керек»,— деп тағы бір ойлап қойды. Бұл кезде жаңағы бірге арақ ішкен екі жігіт арт жағынан келіп: «Болсайшы»,— дегендей жөтеле бастады.
— Сіз рас айтып тұрсыз ба?— деді әйел шыдамсызданып.
— Рас болғанда қандай? Біреудің жас келіншегіне үйленді. Аты — Гүлшарат. Сізден жас та, әдемі де...
«Сізден жас та, әдемі де!»—Әйел ар жағын тыңдаған жоқ. Аяғын тық-тық басып, долданған күйі үйіне кіріп кетті. Сиқымбай барып серіктеріне қосылды.
— Немене таныс әйеліңе кездесіп қалдың ба?— деді ана екеуінің біреуі.
— Жоқ. Біздің бас инженердің тастап кеткен әйелі.— Ол тоқтап шылым тұтатты.— Біз қайда барамыз?
— «Көгілдір Дунайға». Онда қашанда болса сыра болады.
— Жабылып қалмаса...
— Демалыс күндері сағат он екіге дейін жаппайды.
— Алыс па?
— Жоқ, тақа алыс емес, қаланың мына жақ шетінде.
Олар бір бұрыштан такси алып, сыртқы бояуына қарай «Көгілдір Дунай» деп атанған «Сыра-су» деген жазуы бар барға келді. Бұлар кіріп келгеннен-ақ бұғағы салбыраған, қысық көз, таңқы мұрын семіз сатушы қуанып кетті. Ол ұзын тұраға қарап Сиқымбайды мегзеп:
— Жамантай, ескі жолдастарыңның бірі ме?—деді.
— Иә, үстінен дәл түстің!..
— Өте жақсы. Сыра құяйын ба?
— Үш сапты аяқ.
Сиқымбай сатушының жанына барды.
— Ақшасын мен төлеймін,— екі-екіден — алтау.
— Құп болады.
Іште жөнді адам жоқ. Есік жақ столда бастарын түйістіре күбірлесіп екі адам отыр. Шамалары жұмыстан шыққан болулары керек, үстері май-май. Алдарында орталанып қалған екі сапты аяқ сыра. Сатушының алдындағы сәкіге сүйеніп бір қартаңдау әйел тұр. Сиқымбай мен Василий есіктің екінші жағындағы столға отырды. Ұзын тұра Жамантай дүкеншінің бөшкеден ағызып жатқан сырасын бұлардың столына тасыды.
Сөйткенше болған жоқ, жартылық та келді, бүркелініп столдың астына қойылды. Жоқ жерден танысқан үш дос, енді ішімдікке қамшыны баса жөнелді.
— Ал, алып қой.
— Уай, иесін айтасың, жарықтық көңілді ашып-ақ жібереді-ау.
— Сенің атың кім?
— Сиқымбай...
— Сиқымбайка, кәне тағы бірден...
Арақ жарты стақандап ішіліп, сыра сапты аяқтап сімірілді. Олар бірін-бірі мақтап отырып сағаттың он бір болып қалғанын білмей де қалды.
— Міне, жігіт болсаң Сиқымбайдай бол! Ақша адамды таппайды, адам ақшаны табады!
— Әкел тағы бір жартылықты!...
Сиқымбай қызып қалды. Ұзын тұра Жамантай оның иығынан құшақтап, бетінен сүйе түсті.
— Алдыр тағы бір жартылықты...
— Әкел де!..
— Міне, енді нағыз той деп айтуға болады.— Жамантай Сиқымбайға асыла түсіп сөйлеп кетті...— Сен менің ең жақсы көретін адамымсың... Түсіндің бе? Иә, сен менің бауырымсың...
Василий қарқылдап күледі.
— Ха! Ха! Екі бауыр — арқалары жауыр...
— Вася!
— Иә, мен Вася! Ал көзіңді неге ежірейтесің?!
— Әй, әкеңнің...
Сарт та сұрт төбелес. Ешкім еш нәрсе біліп болмайды.
Тацертең бет-аузы суға салған көнектей болып күмпиіп кеткен Сиқымбай түнде құлаған жерінен ұшып тұрды. Жатқан жері арықтың жағасы екен. Ол үрейлене жан-жағына қарады. Үстінде киім де жоқ, ақша да жоқ. Түндегі серіктерінің қарасы да көрінбейді. Ол есеңгіреп сәл тұрды да, бетін екі қолымен басып, арықтың жағасына отыра кетті.
— Құдай мені ұрған екен! Масқара болған екем!
...Қатира Сиқымбайдан Сұлтанның үйленгенін естіді де, үйге долдана кіріп, есік алдында мелшиіп тұрып қалды. Денесі дір-дір етеді, екі беті сұп-сұр боп кеткен. Ол осылай сәл тұрды да, төсектерінде құшақтаса түсіп ұйықтап жатқан балаларына көзі түсіп, әкелерінің. күнәсіне осы екі нәресте айыптыдай, барды да, жұлқылап оята бастады. Түндікке далада ойнап әбден шаршаған екі жас балдырған көздерін ашар-ашпастан бақырып жылап қоя берді. «Жылама, бақытсыздар! Сендердің әкелерің барып тұрған сұрқия, сұм!»—деді ашулы ана оларды жұбатудың орнына дүрсе қоя беріп. Сөйтті де ызадан шыдай алмай, үстіндегі көйлегінің кеудесін қолымен екі айырды да, еңіреп жылап, төсегіне барып құлай кетті. Өксіген үстіне өксіп, етпетінен жатып алып, кеудесіне қысқан жастығын біресе умаштап, біресе әлдекімді ұрғандай сабалап, Қатира ағыл да тегіл болды.
Шешесінің жылағанына таң қалып екі сәби көздерінің жасын тыя қойды да, адырайып біраз отырып, қайтадан ұйықтап кетті.
Қатира Қиыр Шығыста жүргенінде түнеукүнгі Сұлтанның Жарқын руднигінен адамның жаны түршігер етіп жазған хатын алған. Бұрыннан Қазақстанның «құмшөл» деп аталатын жерлерінен зәресі ұшатын ерке әйел, күйеуінің сондай қалып қорқыныштың арасында қалай жүргеніне таң болып, қорқып та қалған еді. Бірақ жасынан қайсар, долы Қатира Жарқын руднигіне бармағанмен, соған таяу қаланың біріне кешіп келіп, орналасуды мақұл керген-ді. Осы ойына бекінген кезде Сұлтаннан: «Әзірге жүдеп қалмаңдар, тағы да жіберем»,— деген телеграмма мен молырақ ақша келген. Өзінің ойлағанын істемей тынбайтын Қатира сол күні жүрейін деп тұрған кемеге ең керекті мүлкін тиеп, қалғандарын арзан қолға сатып, Қазақстанға бір-ақ тартқан. «Возрождение» пристанына келгеннен кейін кен зерттеушілердің бері қарай жүргелі тұрған жүк таситын машинасымен Владивостокке жетті. Владивостоктан поезбен он бір күн жүріп, Қазақстанның облыстық Н. қаласына келгеніне он шақты күн болып қалған еді. Содан бері мейманханада жатып, кеше ғана пәтерге шыққан. Жаңа ғана орналасып, енді күйеуінің бөтен жерге ауысып, шақыртып алуын күтемін деген Қатираға Сиқымбайдың сөзі төбесінен жай түскендей болды. Әсіресе оның «Алған әйелі сенен жас та, әдемі де»,— деген сөзі өңменінен етіп кетті. Ол бұрын да, кейбір сауық кештерде, шілдеханаларда күйеуінің мұны тастай салып, жас әйелдерге қырындайтынын білетін. Бірақ ондай жерде бұл кісі бар-ау, біреудің қызығы-ау дегенге қарамайтын, ұрыс шығаратын. Кейде мұның аяғы төбелеспен бітетін. Қатираның мұндай мінезін білетін жас әйелдердің Сұлтанға кейбір көңілі кеткендері, оның күйеуінің бетіне қарауға да бата алмай, құр ішінен зығырданы қайнап, бітеу жара болып кете баратын-ды.
Әйелінің долы қылығын мұндай жерде жұртқа көрсеткісі келмейтін Сұлтан да құр қалжыңдасқаны болмаса, тақа алыс кете қоймайтын. Сөйтіп Қатираның намысы жерге тапталмайтын, махаббатына дәл ондай жерде кір келмейтін. Ал бұл өзі барда. Өзі жоқта ше?.. Күйеуіне иіс сабынның сыртындағы қылмиған әдемі сурет секілді қыздардың ұнайтынын әйелі бұрыннан да білетін. Сондықтан Сиқымбайдың сөзін естігенде, Қатира «Мұндай әйелге қызығуы — Сұлтанның мінезіне ұқсайды»,— деп оның үйленгеніне шек келтірмеген болатын.
Ол түнімен жылап шықты. Екі көзі білеудей болып ісіп кетті. Таңертең ерте тұрып, Жарқын руднигіне жақын кеме жүретін қалаға дейін билеттің қанша тұратынын білді. Бір ретте ол алдымен балаларды пәтеріне тастап, күйеуіне жалғыз өзі барғысы келді. Артынан барып: «Қанша оңбаған болғанмен де әке емес пе, балаларын көріп жүрегі жібір»,— деген оймен балаларын да алып кетуге бекінді. Кешегі басталған ашуды сағат сайын үдете жүріп, Қатира жол қамына кірісті. Қайткен күнде де Жарқын руднигіне тез жетіп, «жас та, әдемі де» келіншектің құшағынан күйеуін босатып алуға бел буды. Бұл сапарда оны Жарқын руднигінің құмы да, өріп жүрген жыланы да қорқытқан жоқ. Не керек, ақыры ол ертеңіне самолетпен ұшып келіп, Н. қаласынан Жарқын руднигіне баратын кемеге мінді.
Сұлтан парторгпен сөйлескеннен кейін, шынында иінінен су кетіп, әбден басылып қалған еді. Ашу қызуымен: «Гүлшарат екеуміз үйленеміз»,— деп айтып салса да, артынан бұл сөздің артық екенін түсінген болатын. Гүлшараттың үйіне таяп барып бұрылып кеткені де содан еді. Бірақ оның бұл бұрылуы әдемі жас келіншектен мүлде бұрылуы емес-ті. Нәпсі ләззаты болса да, ләззат емес пе, ол келесі күні Гүлшаратты аңсай күтті. Бір ретте оған жас келіншекті жүрегі мәңгі сүйіп, шын арман еткендей боп көрінді. Дүниенің бар қызығы соның құшағында тұрғандай. Сұлтанның бар ынтасын Гүлшарат аударып алып кетті. Ол кабинетінде стол қасында отыруға шыдай алмай әлсін-әлсін терезе алдына барды, ұрлана есіктен де сығалады, бірақ әдемі секретарын көре алмады. Ол күні Гүлшарат қызметке келмеді. Көптен аулаған қызыл түлкі қолына біржолата түсті ме деген кезінде, оның бұл қылығы сағынып отырған шыдамсыз жанды жаман абыржытты. Сұлтан Хамза маған айтқан сөзін оған да айтып, Гүлшараттың ойын менен бөліп әкетті ме деп те қорықты. Өзінің кеше кешке барып, оны үйіне көшіріп әкелмегеніне енді шын өкінді. «Піскен астың күйігі жаман» дегендей, құшағында тұрған келіншектің көз алдында жалт беру қаупі әйел құмар, көрсеқызар Сұлтанды шын қобалжытты. Әбден мазасын алды. Директордың «соттаймыз», парторгтық «жерге қағып жібереміз»,— деген айбыны Гүлшараттан айрылып қаламын ба деген қауіпке қарағанда тіпті жеңіл болып көрінді. Дүниедегі ең бірінші қызығы етіп нәпсі мәселесін қойған, сана-сезімі бұзылған жігітке Гүлшараттың бүгін жұмысқа келмеуі, ең болмаса көзіне бір көрінбеуі, опасыздықтан бірде-бір кем соққан жоқ. Сол бір жас келіншекті күткен күн — бір күндей емес, Сұлтанға бір жылдай болған. Ол Гүлшаратқа құмартудың үстіне құмарта түсті. Осындай жағдайда әбден елеуреніп алған жігіт, жұмыс біткен соң үйіне келіп, Гүлшаратқа қалай өзі барып жолығарын ойлап отырғанда, заттарын көтеріп Гүлшараттың өзі кіріп келген болатын. Сұлтан орнынан ұшып тұрып: «Келдің бе, жаным?»— деп құшақтай алған еді. Осы күннен бастап екеуі бірге тұра берген. Қызметке де бірге барып, үйде де, түзде де бірге жүріп, бірінің-біріне айтары «Сүйдім, күйдім» ғана болып, олар әйел мен еркек арасындағы табиғи ләззаттың қызығына берілген. Бұлардың махаббаты бірінің-бірі ішкі сезімін, адамгершілік қасиеттерін сүюден туған махаббат емес, тек көрсе қызар көңілдің, мынау әйел, мынау еркек деп қызығудан пайда болған өткінші ләззат еді. Сондықтан да тез сөнетін жалынның тым жоғары көтерілетіні мәлім, тым «күйіп-пісіп» қалған жүректердің де қызуының тез сууы ешбір күмәнді емес-ті. Мұны өз сезіміне өзі ие бола алмаған Гүлшарат анық байқамағанмен, бұдан бұрын да мұндай «күйдім, пістімнің» талайын басынан өткізген Сұлтан екеуінің арасындағы уақытша ойын екенін қосылғандарына үш жеті өтпей-ақ сезген. Бірақ уылжыған жас келіншектің қызығы, оның қиыла қараған қарақат көзі Сұлтанды одан әрі ойлатпай өзіне тарта түскен, қуаныш құшағынан босаттырмаған. «Осының түбі не болар екен?» деген ойға да келтірмеген. Сөйтіп жүргенде, «Кеме тоқтайтын жерде сіздің әйеліңіз екі баласымен машина жіберуіңізді күтіп отыр» деген хабар алған. Сұлтан әбден сасып қалды. Директор мен парторг не істер екен деп бұрыннан да қобалжып жүрген бас инженер, Қатираның келгенін естігенде шын пәленің жеткеніне ешбір шүбә келтірмеді. Одан қалай аман-есен құтылу жолын қарастыра бастады. Ойлап-ойлап Сұлтан: «Пәледен құтылу жолы Гүлшаратта»,— деп ұйғарды. Ол ауыз үйде отырған келіншекті шақырып алды да:
— Гуляжан, балаларымен Қатира келіп қалыпты!— деді.
— Ол кім?
— Менің бұрынғы әйелім.
— А, бұрынғы әйелің бе... Несі бар, келсе келе берсін.
Сұлтан не дерін білмей азырақ үндемей отырды да:
— Әрине, ол мезгілсіз келді. Екеуміздің сотпен айрылғанымызды күтпепті ғой... Енді амал жоқ, біз арамызды бір ыңғайға келтіргенше сен...— деп сөзін аяқтатамай тоқтады.
— Иә, маған не істе дейсің?..
— Гулятай, өзің де білесің ғой, мен сені қандай жақсы көретінімді... Бірақ бұл жағдайда өйтпеске болмайды,
Біз арамызды әбден ашып, айрылғанымызша мүмкін сен үйіңе бара тұрарсың!
— Қайдағы үй?!
— Өзіңнің Ахметбекпен бірге тұрған үйің ше?!..
Гүлшарат күп-күрең болып кетті.
— Сен немене, маған кет демексің бе?!
— Жоқ, тек Қатирамен арамды ашып алғанша, оның көзінен таса бола тұрғаның жөн бе дегенім ғой...
Гүлшарат Сұлтанның жаман ойын енді түсіне бастады. Егер бұл үйден кетсе, Сұлтаннан мүлдем кететінін жүрегі бірден сезді.
— Мен неге оның көзінен таса боламын, ол менің көзімнен таса болмай?!— деді ол шатынай.
— Қалай дегенмен де, ол менің заңды әйелім ғой. Оның үстіне балаларым да бар...
— Маған қосыларда сен олармен айрыламын дегенсің! Мен сосын ғана саған шыққанмын.
— Бәрі дұрыс. Бірақ қазір жағдай басқаша болып тұр ғой. Қатираның мінезі жаман. Жұрт көзінше екеумізді де масқара етеді.
Гүлшаратты ашу қыса бастады. Енді ол өзін әзер-әзер ұстап сөйледі.
— Қатираның мінезі жаман болғанда, менің мінезімнің жетісіп тұрғанын қайдан білесің?!— Гүлшарат бірдемеге бел буғанда сазарып кететін. Бұл жолы да сол әдеті ұстап, екі бетінен қаны қашып, сұп-сұр бола қалды. Ол Сұлтанның жанынан сәл кейін шегінді де, оған тесіле қарап.— Мен ешқайда бармаймын. Баратын да жерім жоқ. Бір сен үшін жұртқа масқара боп, ауыр халде жатқан Ахметбекті тастап кеткенмін. Енді сенен айрылмаймын. Бұны есіңде мықтап ұста. Ал егер де мені мазақ еткің келген болса, менің әйелдігіме қарама, сені де, өзімді де өлтіремін!—деді.
Гүлшараттың қандай іске болса дайын екенін Сұлтан кескінінен бірден түсінді. Қатираның да мінезі белгілі... Сұлтан терлеп кетті. «Екі түйе сүйкенсе ортасында шыбын өлер» дегендей, ол өзін балуан денесіне қарамастан, сол шыбынның жағдайында сезінді. Не істерін білмей тұрғанда, үйге жүгіре басып кішкентай Нұржан кірді. Ол қарсы алдында тұрған бас инженерге қарамастан, терезеге сүйеніп, қалшиып қалған Гүлшаратқа;
— Гүлшарат апай, сіздің үйлеріңізге екі кішкентай баласы бар бір әдемі әйел кіріп, бар киімдеріңізді, төсектеріңізді далаға лақтырып жатыр,— деді,
— Тый анау әйеліңді, әйтпесе...— Гүлшарат сөзін аяқтамай тоқтады. Оның сұрлана қалған түріне қарап, Сұлтан үрейлене сөйледі.
— Гуляжан, сен сабыр ет. Қазір оған мен өзім барайын. Қолымнан келсе, түсіндіріп бөтен үйге түс дейін.
— Жоқ, түс деме, бөтен үйге түсір!
— Жақсы, жақсы...
Сұлтан Гүлшаратты карьерге тастап, үйіне келді. Ол анадайдан есіктің алдына шығарып қойған Гүлшараттың чемоданы мен шашылып жатқан екі-үш көйлегін көрді. Істің насырға айналғанын енді анық түсінді. Бас инженер үйіне таяп қалғанда, әкесін танып беске шыққан ұлы мен қызы алдынан жүгіріп шықты. Қанша жүрегі тас болып жаралса да әке емес пе, Сұлтан балаларының беттерінен кезек-кезек сүйіп, екеуін екі қолына көтеріп алып, үйге қарай аяңдады. Күйеуі бұларды қалай қарсы алар екен деп, қобалжып тұрған Қатира, есіктің саңылауынан Сұлтанның балаларын көтеріп алғанын көріп, енді алыс кетпейтініне көзі жеткендей, көңілі сәл басылғандай болды, сонда да анау балаларын құшақтай үйге кіргенде ол теріс қараған қалпынан бұрылған да жоқ.
— Қатира, амансың ба?—деді ұл мен қызын жерге түсіріп.
Әйелі тіл қатпады. Екі иығының әлсін-әлсін көтерілуінен Қатираның жылап тұрғанын Сұлтан сезсе де, сөзді қалай бастарын білмей абыржиын деді.
— Қатира, саған не болған?!—деді ол ешбір күнә істемеген адамдай әйелінің жанына таяп.
Қатира жалт бұрылды. Оның көзінен аққан жасы опаланған бетін айғыздап, ерніндегі қызыл бояуын жуа омырауына қарай ойысып кетіпті. Жылап тұрса да, ерні кезеріп, көзі шатынап шығып барады. Әйелінің долы мінезін білетін Сұлтан мұндай ашулы түрін көріп, енді бұрынғыдан да жаман сабырсыздана бастады.
— Не болған? Білмейтін шығарсың не болғанын!— деп Қатира сөзін қарсы сұрақтардан бастады.— Қайда сенің күні-түні көзді ашырмай, үріп тұрған құйының? Қайда сенің өріп жүрген жыланың?.. Бұл арада сенен бөтен бір де жылан көріп тұрған жоқпын! Иә, жалғыз сенен бөтен ешбір жыланды көріп тұрған жоқпын!—
— Қатира...
— Сөйлеме! Бізді алдағанда, үйіңе қатын әкелуге алдаған екенсің ғой?!—Кенет долы әйел бақырып қоя берді.— Ойбай, өлемін! Құримын! Суға құлаймын!.. Мұндай масқара болғанша өлгенім жақсы!— Қатира ызаға шыдай алмай қалшылдап төсекке құлады. Ол бір қояншық аурудай аузынан көбік атып, басын жастыққа ұра бастады. Тек анда-санда ғана «өлемін... өлемін!..» деп қояды. Қатираның бұл айқайын естіп, кешеден етіп бара жатқан Люба мен Дариға үйге кірді. Не істерін білмей абыржып тұрған Сұлтанға қарап Люба:
— Не болған бұл кісіге?— деді.
Сұлтан үндей алмай төмен қарады.
— Басылады ғой,— деді ол аздан кейін, сосын барып өзіне-өзі сөйлегендей ақырын міңгірлеп,— менің әйелім, балаларыммен жаңа келіп түсіп еді...— деді.
— Гүлшарат ше?—деді Дариға таңдана.
Гүлшараттың атын естігенде, Қатира бұрынғыдан да жаман жастыққа басын ұра бастады. Люба зәресі ұшып, жылауға да шамалары келмей тұрған бірінен-бірі айнымайтын екі баланы көріп, екеуінің жанына келіп:
— Аман-есен келдіңдер ме, балақандар?— деді екеуіне қолын беріп. Аналар да қолдарын ұсынды. Люба Сұлтанға бұрыла қарап:—Осындай балаларыңыз бар бола тұра, адамның істемейтінін істедіңіз. Эх, вы!— деді. Сөйтті де терезе алдында тұрған стақанды алып, ауыз үйден су әкеліп, Қатираға берді.— Ішіңіз! Ашуыңызды басыңыз. Жылайтын түк те жоқ. Бәрі де қалпына түседі.
Қатира әрі-бері солқылдап жылап жатты да, жастықтан басын көтерді. Қарсы алдында тұрған Сұлтанды көріп, ол тағы да өкіре бастады. Тағы да долылығы ұстап кете ме деп қорыққан күйеуі оның жанына барып:
— Қатира, жыламашы. Менен бір білместік болды, кешір,— деді.
Люба мен Дариға далада шашылып жатқан Гүлшараттың көйлектері мен чемоданын көтеріп, қыздардың жатақханасына қарай беттеді.
— Ахметбек ағайды қиып кеткен адамның заттарын несіне үйге әкеле жатырмыз?—деп сұрады Дариға жатақханаға таяп қалғанда.
— Енді қайда апарамыз?
— Онда біздің қандай шаруамыз бар, өзі істегенін өзі мойнымен көтерсін. Қайда апарса, сонда апарсын.
— Дариға, олай деуге болмайды. Гүлшарат бұрынғы үйіне бара алмайды. Жаңа үйі қуып жатыр. Ол да адамның баласы, қайда баруы керек? Оның қандай жағдайда Сұлтанмен шатасқанын қайдан білесің?..
— Сұлтанмен қалай шатасса, олай шатассын, онда менің шаруам жоқ. Бірақ сүйіп қосылған жары өлім үстінде жатқанда, оны тастап кету — адам баласының істейтін ісі емес. Тек бүйтіп қаны қара қасқыр ғана істеуі мүмкін! Сол себептен де Ахметбек...
— Дегенмен де біз оны мұндай жағдайда далаға қаңғыртып жібере алмаймыз. Ол — біреудің жалғыз қызы. Кім біледі, қандай тәрбие алғанын? Оның үстіне әлі жас қой, қайдан білесің, өз қатесін өзі түсінер.
— Оны да көрерміз.
Қыздар Гүлшараттың заттарын өздерінің бөлмесіне әкеп қойды.
Сұлтан Қатирамен татуласқаннан кейін, карьерге қайтып келді. Енді .оған Гүлшаратпен сөйлесу ғана қалды. Осы оймен бас инженер өзінің кеңсесінің есігін ашты. Бұл карьерге келген кезде жұмыс уақыты бітіп, жұрт тарап кеткен болатын. Тек Гүлшарат отыр екен.
— Қалай болды, бөтен үйге кетті ме?— деді Гүлшарат Сұлтан есіктен кіре бере.
— Жоқ, Люба мен Дариға сенің заттарыңды қыздар жатақханасына алып кетті.
— Неге?!
— Сөйтуге тура келді.
— Қалайша сөйтуге тура келді?!
Сұлтан Гүлшараттың жанына барып, оның ақырын шашынан сипай өзіне тартты. Сөйтіп құшақтап тұрып мүләйімсіп, қия алмаған адамдай қинала сөйледі.
— Гүлшаратжан, сен ақылды едің ғой, түсінеді деп ойлаймын. Біз бір-бірімізді қанша жақсы көргенмен шын қосыла аламыз ба?
Гүлшарат Сұлтанның құшағынан ыршып түсті.
— Сұлтан, сен не айтып тұрсың? Қосылайық, мен әйелімді тастаймын дегенің қайда?!
— Мен саған қосылайық деген жоқпын. Нәрселеріңді көтеріп келген өзіңсің!— Сұлтан көптен бері Гүлшаратқа күле қараған бетінен жалған маскасын алып, оған зілдене, сұрлана қарады.— Оның үстіне қыздай қосылған жарыңды өлім үстінде жатқанда қиып тастап кеткенде, жол-жөнекей кездескен мені көгертеді екен деп қалай сенемін!— деді.
— Жауыз!— деді Гүлшарат дауыстап. Сұлтанның қандай адам екенін жаңа түсінді. Кенет сонау бір өткен күндер, балдырған жас кезі есіне түсіп, ол өз жүрегіне өзі ең бірінші рет үңіле қарады. Осы бір басына түскен ауыр сын сағатта өзінің қандай адам екенін, бір кезде пионер костерінің үстінен секіріп, болашаққа, шын бақытқа қолын созған балдырған қыздың қалай өзгергенін, қандай қисық жолға түскенін көрді. Сонау жас кезінен қалған ар-ожданның сәулесі ой түбінде тұтанып, Ахметбекке істеген қиянатына жарығын түсірді. Өзінің қандай күнә жасағанын жаңа біліп, бүкіл денесі өкініштен өртеніп кетті. Осы минутта алдында тұрған, осыдан бірнеше сағат бұрын қуанышы болған адам, оған бір құбыжықтай, әзәзіл албастыдай болып көрінді. Ол қайтадан дауыстап:
— Жауыз!—деді де, теріс айналып жүре берді.
Гүлшарат поселкеге қайтқан жоқ. Ол өзен жағасына барды да, суға төнген үлкен тасқа отырып ұзақ ойға кетті. Оның ойына алдымен: «Енді не істеу керек?—деген сұрақ түсті... Бәсе, не істеу керек?! Қайда бару керек? Жұрттың көзіне қалай көрінеді? Кеше ғана ауыр халде жатқан Ахметбекті тастап кеткенде, мұндай жағдайда кездесем деп ойлап па еді?» «Мұның дұрыс емес»,— деген жұрттың ақылын тыңдап па еді?! Жоқ, олардың шын жүректен айтқан кеңесіне құлақ салмақ түгіл, осы жұрт маған достық ойлап отыр-ау, қабырғаммен кеңессем қайтер еді деген ен болмаса бір ой да келген жоқ-ты. Оны мұндай ұшқалақ, қауіпті жолдан арашаламақ болған жалғыз Кентай ғана ма еді? Жоқ, Сұлтанға келетін күні өзімен Асылбек те, Хамза да сөйлескен. Екеуі де ағалық қамқорлық сөздерін айтып, өзін сезімге билетпеуін өтінген. Қосылайын деп отырған адамының қауіпті адам екенін ескерткен. Бірақ олардың сөзін Гүлшарат құлағына ілді ме? Жоқ, ілген жоқ. Өмір бақыты тек Сұлтанның құшағында тұрғандай асықты. Жұрт неғұрлым ақыл айтса, соғұрлым Сұлтанды көргенше шыдамады. Ақырында барып өзін-өзі оңай байлап берді. Ал жаңа шыққан күйеуі болса, Гүлшараттың оған деген махаббатын, жүректен шыққан барлық ыстық сезімін жерге таптады. Адам емес, айуан екенін көрсетті. Кеше ғана «жаным» деп құшақтаған жарын, бүгін «маған керек жоқсың» деп арқадан итере салды. Оның бұл қылығын Гүлшарат тірі тұрғанда ұмытар ма! Жоқ, ұмытпақ түгіл қасынан өзінің масқараланған сезімінің есесін алады. Алдымен оны өлтіреді, содан кейін барып... өзін өлтіреді. Иә, өзін өлтірмегенде бұл өмірде енді күтетін не қалды? Жазықсыз Ахметбекті масқара еткені анау, өзінің масқара болғаны мынау.
Гүлшарат ойынын осы бір жеріне келгенде, жүрегі ойнап, қорланған намыстың ызасына шыдай алмай жылап жіберді. Ашумен ернін қатты тістеп, ол өзіне-өзі үкім айтқандай тағы да өкінішті ойға кетті. «Жоқ, Гүлшарат, өзгеге кең дүние саған тар, сен адамгершілікті ұмыттың енді жер бетінде жүруге тиісті емессің. Бар айып Сұлтанда да емес, сенің өзіңде. Егер өзің қолжаулық болғың келіп тұрса, кім сені қолжаулық етпеді?! Егер өзің бөтеннің махаббатын жерге таптағанда, басқадан сенің махаббатыңды сыйла деп қалай сұрай аласың? Әрине, өйтуге ешбір қақың жоқ. Сұлтан емес, ең алдымен бұл өмірмен қоштасатын адам өзіңсің!»
Бойды алып, жүректі өртеген ашу, намыс, ыза — бәрі келіп оны осы ойға мықтап бекіндірді. Енді ол бұл өмірден ешбір өзіне деген орын таба алмай, тек суға кетіп, алас ұрған жүрегін мәңгі тыныштатпақ болды. Гүлшарат осы ойын орындамақ болып, толқын атып жатқан сұрғылт өзенге үңілді. Ашулы долы өзен: «Кел құшағыма, мазасыз өмірді не қыласың, шаршаған жаныңды жай тапқызайын, жүрегіңді жеген ызалы намыс қайғысын тұншықтырайын»,—дегендей, ауыр толқындарын ойната келіп, аяқ астындағы жарды шылп-шылп ұрады. Сені де дәл осындай етемін дегендей, суға төнген жас қарағаштың күн сүйіп сарғайып кеткен жапырағын бұтағынан жұлып ала жөнеледі. Асау толқын әлгі жапырақты секірте ойнатып, лезде көзден ғайып етеді. Гүлшарат ауыр күрсінді. Осы долы өзеннің суына бір сүнгісе болғаны, бұ да әлгі жапырақтай жоқ болады... Мейірімсіз асау өзенге адам не, жапырақ не, екеуінің де тағдыры оған бірдей ойыншық. Ие, егер шын адам атын ақтай алмасаң, сенің жапырақтан нең артық?
Гүлшарат жан-жағына қарады. Батып бара жатқан күн, қотыр болған түйенің терісіндей әр жерде теңбілденіп қарайып кеткен сұрғылт дала. Тіпті құстың да үні шықпайды. Дүние жас сұлудың өлімін күткендей түксие қалыпты. Бірақ дүние оған қанша өкпелеп түксигенмен де, Гүлшарат жасынан жаны сүйген, құшағында сан асыр салған, талай тәтті минуттар өткізген қымбатты өмірді қия алмай жүрегі өртеніп сәл тұрды. Ал сол өмірден көрген қорлығы бір ойлағанынан қайтпайтын қайсар мінезді, жиырмадан жаңа асқан асау жанды бұрынғыдан жаман ызаландыра, тулата түсті, Гүлшарат жар шетіне барып, көзін жұмып: «Қош бол, өмір!»—деп төмен қарай құлап кеткісі келді. Міне, осы кезде Гүлшаратты іздеп шыққан Люба мен Дариға оған тап болды. Суға құлап өлмекші болған Гүлшаратты екеуі бірдей құшақтап, ақылдарын айтты. Кенет бойын ашу кернеп кеткен Гүлшарат: «Өлемін! Жіберіңдер, жіберіңдер!»—деп суға қарай жұлқынды, бірақ аналар жібермеді. Осындай алыс-жұлыста бірталай уақыт өткеннен кейін барып, Гүлшарат әбден шаршап, екі иінінен демін алып, босаңси бастады. Аздан кейін оның көңілі орнына түсті. Алқымға тірелген ашу жылап басылғандай, жаңағы ыза, намыс өрті, бойдағы қуат — бәрі таусылып сөнуге айналды. Тек жүрегінде удай ащы қайғы дерті қалды. Ол енді ойлаған мақсатына жете алмай, салы суға кеткен адамдай дел-сал болып төмен қарап отыра берді. Осылай үн-түнсіз сазарған қалпынан Гүлшарат кепке дейін өзгерген жоқ. Қолын босатса тағы суға жүгіре ме деген Люба оның білегін әлі де босатпай отыр. Ымырт жабыла, Гүлшарат әбден басылды-ау деген кезде ғана ол қолын алып:
— Гүлшарат, бұның не?— деді ақырын тіл қатып.
Гүлшарат кепке дейін үндемеді.
— Маған бөтен не қалып еді,— деді ол бір кезде ауыр күрсініп.— Люба, мен қандай масқара болдым! Жұрт көзіне қалай көрінем? Бұдан да өлгенім жақсы емес пе?! Сендер мені бекер ұстадыңдар!..
Ол еңірей жылап қоя берді. Люба мен Дариға екеуі бірдей аяп кетті.
— Гүлшарат, айналайын, жаным, жыламашы,— деді Люба басынан сипап.
Дариға да шыдай алмай, Гүлшаратты құшақтады.
— Сізге не болған? «Қолыңмен істегенді мойныңмен көтер» демей ме қазақ. Қанша ауыр болғанмен де шыдаңыз, өзіңізге өзіңіз жігер беріңіз.
— Қалай шыда дейсіңдер? Аз күнә істеппін бе... Қалай шыдаймын?!..
Гүлшарат тағы да өксіп-өксіп жылады.
— Иә, Гүлшарат, аз күнә істеген жоқсың. Оны өзің де түсініпсің. Мұның жақсы,— деді салқын үнмен Люба.— Бірақ сол күнәдан суға түсіп құтылам деуің дұрыс емес. Ол қатеден қорыққандық. Әлі де болса алдыңда ұзақ өмір бар, жүрегіңді адалдай біл. Өмірді сүй. Жұрт саған риза болатын болсын.
— Бүгін суға түсіп өлуге бел байлауыңмен сіз біраз күнәңізді жудыңыз,— деді Дариға Гүлшараттың қолын ұстап,— енді сізге ешкім күлмейді, қайғыңызды түсінеді.
Гүлшарат басын тез көтеріп, қасындағы қыздарға алма-кезек жаутаңдады.
— Рас па?
— Рас!—деді ана екеуі бірдей жауап беріп.
Гүлшарат көңілі сәл көтерілгендей болды. Люба оған жайлап қана:
— Оның үстіне сенің өлгеніңнен кімге пайда?— деді,— қуанса — Сұлтан Әубәкірович қана қуанар. Оның өзі де әлі белгісіз... Ал басқамызға сенің өлімін — зор қайғы болар еді,— деді.
— Мен өлсем, артымнан қайғыратын адам табылар ма еді?— деді Гүлшарат.
Люба оның иығынан құшақтады.
— Табылғанда қандай! Бәріміз де саған дос адам емеспіз бе?!
Гүлшарат өзінің жаңағы өлмекші болған ойынын тіпті түкке тұрмайтынын, қорланған жанның кенет ұстаған ашуы екенін түсіне бастады. Өзін өлімнен алып қалған, қайғысына ортақ болып отырған Люба мен Дариғаға ризалық пішінмен қарап:
— Көп рақмет сендерге,— деді. Сөйтті де екеуінің қолын кезек ұстап қысты.— Бұл достық істеріңді өмірімде ұмытпаспын.
Енді үшеуі қатарласа поселкеге қарай аяңдады. Гүлшарат өзен жағасынан алыстаған кезде артына бұрылып қарады да:
— Дәл осылай, елім, сенен қашқандай, сонау өткен күнәкәр өмірімнен де қашармын,— деді.
Ал карьердің үстін бұрғылау жұмысы қызған сайын, бас инженер күннен-күнге көңілсіздене түсті.
Көп тегеуріні темір үзеді. Сұлтан өзінің басқаларға істеген қиянатын қанша мойындағысы келмесе де, көпшілік оған қоймады. Қай жаққа барса да, сыртынан тесіле қараған әлдекімдердің жаратпаған көзқарасын сезді де жүрді. Жұрт бұрынғыдай жылы шыраймен амандасуын да қойды. Кейбіреулер келе жатқан бас инженерді көре қалса, анадайдан бұрылып кететінді шығарды. Рудник директоры, парторг, местком бастықтары Сұлтанмен қызмет бабында сөйлесуге мәжбүр болса, бұрынғыдай ақ жарқын мінез көрсетпей, тек ресми түрде ғана тілдесіп, қасынан кеткенше асығатындарын жасырмады. Ал Кентайға келсек, ол тіпті бас инженерді адамға санамайтынын, оған деген жүрегінде тек жиіркеніш сезім ғана бар екенін ашып айтпаса да, әр қимылынан, әрбір істен, әр көзқарасынан айдан айқын білдіріп жүрді. Қысқасын айтқанда Сұлтан көп кешікпей жұрттың өзіне деген салқын көңілін сезді. Олар бүйте берсе, бұл арада қызмет істей алмайтынын да түсінді. Өзінікі қате бола тұрса да, қайсарлық көрсетіп, «Мейілдерің, өкпелесең көшке берген тайыңды ал!»— деп жұрттың көзқарасын елемеген боп қисая тартып та көрді, бірақ «Көп қорқытады, терең батырады» дегендей, жұрт бұрынғысынан да жаман оған тітіркене қарап, зілдене берді. Сұлтан енді амалсыздан, көпке топырақ шаша алмайтынын білген соң, енді тезірек татуласудың жолын іздеуге кірісті. Бірақ қалай татуласуы керек? Айып менен деп басын иіп көпшіліктің алдына барғанымен жұрт мұнысын қабыл алар ма? Бұрын қайда болдың демес пе? Жоқ, халық күнәңді оңай кешпейді, татуласудың бөтен жолын табу керек.
Сұлтан ойлап-ойлап ақыры қайтадан Ахметбекті тапты. Ахметбек күнәсін кешсе, жұрт та кешеді. Ахметбекпен татуласса, директормен де, парторгпен де татуласады. Әрине, өзінің орынбасарымен сөйлесу оңайға түспейді, бірақ бөтен жол жоқ...
Сұлтан Ахметбекке үлкен қиянат істегенін, бұнысының зор күнә екенін де түсінетін. Ол будан тіпті қиналатын да, кейде қатты ұялатын да сияқты еді соңғы кезде. Ахметбекке істеген қиянаты оның жанына бата бастағандай тәрізді... Көп жылдан бері көкірегінде тұншығып жатқан ар, ұят үні кенет қайта оянып, істеген жамандығын бетіне басып, көңілін қынжылта түскендей ме, қалай? Осындай жағдайдағы Сұлтан, бір күні түс ауа ауруханаға келді.
Бас инженерді көріп, Ақмарал оған таңдана қарады.
Сұлтан амандасып болғаннан кейін одан: .— Ахметбекпен жолығуға болар ма екен?—деп сұрады.
Ақмарал іштей «қандай бетімен жолыққысы келіп тұр» деп ойласа да, дұрыс жауап берді.
— Қайдан білейін... Сізбен сөйлесу ауыр болып жүрмесе... Дегенмен де өзімен ақылдасып көрейін,..
Бас инженер дәрігер әйелге жалынышты пішін көрсеткендей болды.
— Айтып көріңіз... Мен оған өте жолыққым келеді.
— Жақсы.
Ақмарал төргі бөлмеге кіріп кетті де, аздан кейін қайта шықты.
— Бөтен уақытта келмесеңіз қазір болмас.
— Неге?..
— Ұйықтап жатыр екен.
Шынында Ахметбектің Ақмарал кірердің алдында ғана көзі ілініп кеткен еді. Үйге жайлап кірген дәрігер әйел оятар-оятпасын білмей сәл тұрды да, қайта шыққан. Аурудың ұйқысын бөлгісі келмеген. Бірақ «Ахметбек ұйықтап жатыр екен», — деген сөзге Сұлтан нанған жоқ. Оның менімен сөйлескісі келмеген екен деп бұрынғыдан жаман көңіліне күдік алды.
— Мүмкін... Оятып көрерсіз,— деді ол Ақмаралға жабырқай көз тастап.
Дәрігер қабағын сәл шытты.
— Өйтуге болмайды. Мұндай жағдайда оған әрбір минут қымбат...
— Япырмай, менің тығыз шаруам бар еді...
— Бөтен жолы сөйлесерсіз. Қазір ұйқысын бөлуге рұқсат етпеймін.
Ақмарал соңғы сөздерді бір түрлі суық айтты. Сұлтан оны анық сезді. Дәрігер әйелдің өзіне салқын рай көрсетіп тұрғанына ренжіді ме, әлде бөтен бір себебі болды ма, бас инженер тез бұрылды да, үн-түнсіз төмен қарап, аяғын баяу басып, үйден шығып кетті.
ОНЫНШЫ ТАРАУ
...Сұлтанның ісі қаралатын жолдастық талқылауға рудник басшылары ерекше көңіл бөлуде. Әсіресе Хамза. Ол: «Осы жолдастық талқылау жүргізуіміз дұрыс болар ма екен? Қалай дегенмен де рудниктің бас инженері ғой»,— деп әлсін-әлсін ойлаған да еді, ақырында «Сұлтанның істегені аз ба? Бала-шағасы бола тұрып Ахметбектің өміріне зор қиянат етті, ақырында Гүлшаратты жұртқа күлкі етіп, далаға тастап кетті. Сын сағатта қорқақтық жасап, қайыққа бірге мінген жолдасын, Ықсанды өлімге душар ете жаздады. Егер Кентай да жүрексіздік көрсеткенде не болатын еді?.. Жоқ, істеген күнәсі аз емес. Өзіне сабақ, бөтендерге үлгі болсын, жолдастық талқылау өткізу керек»,— деген қорытындыға келген еді.
Сол себептен рудник клубының алдында: «Ертең сағат алтыда жолдастық талқылау мәжілісі. Бас инженер Сұлтан Әубәкіровтің ісі қаралады»,— деген үлкен қағазға бадырайтып жазылған хабар да пайда болған.
Жұрт ертеңгі күнді ынтыға күтті. Кейбіреулер бас инженерге жолдастық талқылау болады екен дегенді қызық көріп, таңдана елеңдесе, кейбір Сұлтанның істеген қылмысынан хабары бар жандар әділетті сөздерін айтпақ болып шыдамсыздық білдірді. Бірақ бұл талқылау болмай қалды. Оған үлкен трагедия себеп болды.
Сағат сегіз кезінде ауруханадан келе жатқан Сұлтанның клуб алдындағы жазуға көзі түсті. «Бұл не екен?»— деп әдейі бұрылды. «Жолдастық талқылау» деген сөзді оқығанда-ақ жүрегі зу ете қалды... Асылбек Ержанович «Ықсанның суға кете жаздауына себепкер кім? Көпшіліктің талқылауына саламыз, соттаймыз»,— деген сөзі алғашқы кезде қобалжытып, қатты састырғанмен де, бірте-бірте ұмытылуға айналған болатын. Қалай ұмытылмасын, оның бер жағында аз оқиғалар өтті ме? Гүлшаратқа қосылды. Әйелі келіп, одан айрылды. Үйінен қуып жібергенде, Гүлшараттан бір шатақ шығады ден қорқып еді, Сұлтанның бағына ондай еш нәрсе де болған жоқ. Бәрі де тыныштала бастағандай еді... Енді бас инженерге бәлендей қобалжи қоятын себеп жоқ секілді көрінетін. Оның үстіне өзі де рудниктің басшыларының бірі емес пе, дирекция мен партком жолдастық талқылау секілді адамды ұялтатын әрекетке бара қоймас деген сенімі де аз емес. Осының бәрі Сұлтанның көңілін орнықтыра түскен еді. Сөйтіп жүргенінде күтпеген мынау хабар Сұлтанды қатты толқытты. Өз көзіне өзі сенбей құлақтандыруды қайта оқып шықты. «Иә, бәрі де анық,.. Ертең жиналыс... Енді не істеу керек?» Бас инженер шаршап кетті. Оның ендігі бар ойлағаны: «Ертең қалайда талқылауға бармау, өзінің намысын қалай да қорғап қалу болды. Асылбек Ержановичпен немесе Хамза Нұрғалимовичпен сөйлессем бе екен? Жоқ, жоқ, өйту тым ерсі... Бар пәлені істеп отырған өздері емес пе... Жалынғанмен жаның қалмайды. Енді не істеу керек!» Кенет бір ой түскендей Сұлтан елең ете қалды. Әрине, тез ауданға жету керек. «Өлген-жіткен адам жоқ, аудан басшылары арқылы бұл талқылауды тоқтату керек». Осы ой бекісімен Сұлтан үйіне де бармастан, бірден рудник гаражына қарай беттеді.
— Қайда апарайын?—деді қара торы, қошқылдана күнге күйген бала жігіт, кабинада өзімен қатарласа отырған бас инженерге.
— Ауданға.
— Ауданға?!— Бала жігіт Сұлтанға тандана қарады.— Түн болып қалғанда ма?
— Онда сіздің шаруаңыз болмасын. Жүріңіз!—деді қабағын шытып, ызғарлы үнмен бас инженер.
Машина айдаушы үндеген жоқ. «Бұған не болып қалды?» дегендей тағы да бір рет Сұлтанның бетіне таңдана қарады да, машинасына от алдырды.
Бұлар рудниктен шыққан кезде, күн де батып кеткен еді. Көп кешікпей көкжиектегі күн сәулесінің қызғылт нұры сөніп, ымырт қараңғысы қоюлана түсті. Қара көк мақпал аспанда қадалған күміс теңге тәрізді жұлдыздар да көріне бастады. Арт жақтарында жерге шашылған шоқ секілді рудник шамдары жылтылдайды. Машина ауданға баратын жіңішке қисық жолмен ағып келеді. Спидометр жетпіс километр жылдамдықты көрсетеді. Қара түнді қақ жарып зымыраған машина өкшелеп қуып келе жатқан қырсықтан құтылғысы келгендей зымырай түседі. Машина айдаушымен қатар отырған Сұлтан машина жүрісі аз болғандай сабырсыздана, асыға, алға қарай қозғалып қояды.
«Сұлтан неге асығады? Алдында оны күтіп тұрған қуаныш бар ма, қайғы бар ма, қолымен істеген күнәсің мойынымен неге көтермейді?» Жоқ, өмірді олай түсінуден Сұлтан аулақ. «Тартыста кім жеңсе, соныкі дұрыс» деген жасынан ақыл-сезіміне сіңген пәлсәпадан қол үзер емес. Ол сол пәлсәпаның құлы. Осыншама асығып ауданға тез жетсем деп бара жатқанда да оны билеген — өзі егеске түскен адамдарын жеңіп шықсам деген тілек, ызаланған жанның «берілмеймін» деген соқыр сезімі.
Бірақ жеңіп шыға ала ма? Көңіл сөйтсем екен деп қанша көк дөнендей жүгіргенмен де, тілегі орындалар ма? Сұлтанның қабағы қатып, көңілі қобалжып келеді. Бас инженердің бұл жағдайын сезгендей, қайдағы жоқ бір ауыр ойлар екі иығынан басып, онсыз да нала көңілін бұрынғыдан да бетер шырмай береді.
«Тыныш ұйқымды бөлдің ғой» дегендей, қараңғы түнде зымыраған машинаны бір құпия қорқынышпен бөлегендей үрейлене, түксие түседі. Сұлтанның жүрегі де әлденеден сескенгендей, тітіркенгендей. Оған көзге көрінбесе де, бір қауіп кенет жылжып таяп келе жатқан секілді болып кетеді. Бұл не? Қорқу ма?.. Әлде әбден толқыған ойдың шаршағаны ма?.. Кенет адам көтере алмас бір ауыртпалық басқандай Сұлтан ауыр күрсінді.
Бас инженер енді: «Не болса о болсын, ауданға бармай-ақ қойсам қайтеді?»— деген ойға келді. Осы ойын айтпақшы болып шоферге бұрылды.
— Аудан әлі алыс па?
— Жоқ... Жақын қалдық...
Сөйткенше болған жоқ, құлан жалдана тұтаса біткен қырқадан аса бергенде, машинаның оң жақ алдынан ойпаттағы аудан орталығының, кедір-бұдырлы қара көлеңкелі шамы көрінді.
Сұлтан қаланы көргеннен кейін еңсесі көтеріліп кеткендей иығын қозғап машина айдаушыға бұрылды да:
— Жүре түссейші!— деді.
— Келіп те қалған жоқпыз ба?!.
Жүргізуші Сұлтанның суық үнінен қынжылғандай болды, дегенмен де стартерді үшінші жылдамдыққа қойды. Машина бұрынғыдан да тез құйындата жөнелді, Сұлтан да әлденеге тістене, алға қарай еңкейе берді... Кенет қарсы алдарынан кішкентай ғана судан өтетін темір көпір көрінді. Көпірдің алдыңғы жағында көлденеңі бір жарым метрдей қазылған ор бар секілді... Әлде бұл бұлт арасынан сығалаған айдың жерге түскен жіңішке сәулесі ме? Шофер жігіт анықтап қарай да алған жоқ, Сұлтанның асықтыруымен қатты жүріп келе жатқан жеңіл машина кенет бірдемеге тірелгендей болды да, гүрс-гүрс секіріп, анандай жерге ұшып түсті... Машинаның ашық есігінің қасында отырған Сұлтанның ең ақырғы көргені қарсы келген ор мен көпірдің бетоннан құйылған ернеуі және «жол жоқ» деген үш бұрышты қаңылтыр белгі болды. Ол кілт тоқтаған машинадан ұшып кетіп, көпірдің бетон бағанасын құшақтай барып құлады. Одан әрі еш нәрсе де білген жоқ. Жарты сағаттан кейін қаладан шыққан жүк машинасы көпір үстіне таяу кеп тоқтады. Жүргізуші де, Сұлтан да жеңіл жараланған болып шықты.
Гүлшарат өзінің жұрт алдында масқара боп, осыншалық бақытсыздыққа ұшырағанына Сұлтанды айыпты санаған. Бір кездегі тәтті ләззат — енді өшпенділікке, ызаға айналған болатын. Сондықтан да ол бас инженердің жараланғанын естігенде, кенет шошып кетті де, ойына оның істеген қиянаттары түсіп, бойын тез жиып алды. Бұдан кейін ол Сұлтан жайында ешкіммен сөйлескен де жоқ, ол туралы ешкімнен еш нәрсе сұраған да жоқ. Бар ойын ішіне түйіп, түнерді де қалды
Гүлшарат опасызды тез есінен шығарғысы келді. Сондықтан да ол туралы тіпті ойланбайтын да болды. Енді оның ойынан Ахметбектің бейнесі кетпей қойды. Ол сонау бір Алматыда гүлдер алаңында кездескеніндей, Гүлшаратқа күлімсіреп қарайды да тұрады. Кейде өкпелеген жандай, қыздай қосылған жарына ренжіп көз тастайды. Кейде түсіне де кіреді... Гүлшарат сонда ғана Ахметбекті Сұлтаннан жақсы көргенін, жүрегінде оған деген шын тәтті сезім болғанын түсінді. Даңғыл жолда келе жатып төте жолға түсемін деп бұрыс кеткен жолаушыдай, Сұлтанның жылы шырайына арбалып өзінің адасқанын, шын бақытын жоғалтқанын жаңа ғана білді. Енді Гүлшараттың жүрегін өкініш биледі. Су ішпеген гүл тәрізді сарғайып, жүдеп кетті. Бұрынғыдай емес, көпшіліктің көзіне де көп көрінгісі келмей, кешке таман далаға шықпай жатақханада жалғыз отырып қалатынды шығарды. Өткен күніне көз жіберіп, өзінің осыншама қателесуінің себебінің не екенін білгісі келіп, қайғыға берілді. Гүлшараттың осындай көңілсіз сәтінде оған Ақмарал кездесті.
Дәрігер әйел қыздардың жатақханасын аралап жүріп, жалғыз отырған Гүлшаратты көрді. Анау күн сәулесі сөніп бара жатқан көкжиектен көзін алмай, тапжылмай терезе алдында отыр. Ақмарал Гүлшараттың қырын көрінген бетінен екі жағы суалып, мұрнының үсті сүйірленіп, жүдеп кеткенін бірден байқады. Өз басынан талай бақытсыздық өткен жас әйел Гүлшараттың қасіретін айтпай-ақ түсінді. Ақ көңіл Ақмарал жас келіншекті тіпті аяп кетті.
— Гүлшарат, сенсің бе?— деді ол ананың жанына келіп. Гүлшарат мойнын бұрды. Алдында тұрған Ақмаралды көріп, қызарып кетті. Жүзінде ұялғандық па, әлде сасып қалғандық па, бір ұяң сәуле найда болып, төмен қарады.
— Иә, менмін ғой...
— Неғып отырсың?..
— Жай, әшейін...
Ақмаралдың Гүлшаратпен сөйлескісі келіп кетті. Басқа жанның бақытсыздығын өз бақытсыздығындай көріп, бөтенге де жаны ашып тұратын әйел, жас келіншектің қайғысына ортақ болып, аз да болса сөзімен жігер бергісі, көңілін сергіткісі келді.
— Гүлшарат, жүр, жатақханаларды бірге аралап шығайық... Әлсін-әлсін келіп қарап тұрмасаң, комендант тазалыққа көңіл бөлмей кетеді,— деді.
Айлы түн. Көк жүзін селдір бұлт жапқан. Күздің келіп қалғаны түн салқынынан сезіліп тұр. Поселкеден шыға берістегі, асфальттанған үлкен жол шетін жағалай екі әйелдің әңгімелесіп келе жатқанына біраз уақыт болып қалды. Бұл екеуінде айтылмаған сыр, қозғалмаған мұң қалмаған секілді. Өмірінің өте бір жабырқау кезінде, Ақмаралдың келіп, қайғысына ортақ бола айтқан сөздері Гүлшараттың сезім пернелерін қозғап, көңілін босатып жіберді. Көзінде іркіліп тұрған жасын Ақмаралға көрсеткісі келмей, қол орамалын аузына апарып, жөтеле берді. Гүлшараттың бұл жағдайын сезген дәрігер әйел енді оны жұбата сөйледі.
— Сенің қайғыңды мен жақсы түсінем,— деді ол, ойлы көзін Гүлшаратқа аударып,— өмір сүру оңай емес, әсіресе көңіліңде ол үшін қобалжу, қорқу бар кезінде... Менің де басымнан ондай кезең аз өткен жоқ... Алдағы қызығыңа, жаныңдағы серігіңе сенімің жоғалған кезінде адам өзін жардан құлап бара жатқандай сезінеді екен... Жоқ, олай емес, тіпті нағыз бір ұшып бара жатқан самолеттің қанатының үстінде тұрғандай көресің.., Қашан құлайсың, қай жерде құлайсың, бәрі белгісіз. Тек күні бұрын зәреңді алып, қобалжи қорқасың да тұрасың... Менде осындай жағдай көп болды... Жаңағы өзің естіген әңгіменің бәрі бір басымнан өтті.
Гүлшарат Ақмаралға сүйсіне қарады. Апа, сіңлісі емес, тіпті қала берді бұрын-соңды сырлас болған адамы да емес, осынау бөтен жанның Гүлшаратқа өзінің басынан өткен мұңын айтып келе жатқаны жас келіншектің көңілін қозғап жіберді. Енді оның жүрегінде Ақмаралға деген бір жылылық пайда болды.
Гүлшарат та оған сырын ақтара сөйлеп кетті.
— Бірақ сіздің сонау өткен қасіретіңізге бөтен адам себепкер болды ғой... Ал менің бақытсыздығыма ше?... Мен өзім себепкермін...
— Мәселе енді қайғының себебінде емес, сол қайғыдан құтыла білуде... Адам қандай дағдарысқа тірелсе де, жаңадан жол табуға тиісті. Өзінің арманы, тілегі. үшін күресе білуі керек...
— Қалай күресу керек?— Гүлшарат төмен қарап сыбырлай сөйледі,— мен білмеймін... Үйретіңізші..: Ақылыңызды айтыңызшы...
Ақмарал өмірден әлі ауыр ештеңе көрмеген, бірінші көздескен қиыншылықтан шын күйреп қалған Гүлшаратқа қолдан келген жәрдемі болса бергісі келді, ақылы болса айтқысы келді.
— Ең алдымен өмірден түңілмеуің керек. Қасіретті кездерінде адам өмірден түңілсе, онда өзін-өзі өлімге байлап бергені. Дүниеде өмір деген ұлы күш бар. Соған табын! Соны сүйе біл, сонда сенің қысың өтіп жазың келеді, өкінішің ұмытылып, жалыны сөнген махаббатың қайта тұтанады...
— Ол мүмкін бе?..
— Неге мүмкін емес?.. Адамның өмірінде көктем жалғыз рет қана кездесе ме?
— Ол табиғат көктемі ғой... Онда жаратылыс заңы бар.
— Ал өмір көктемінде ше?.. Егер адам бір рет бақытсыздыққа кездессе, өмір бойы жылап өтуге тиісті ме?.. Жоқ, ол мүмкін емес! Адам бақыт үшін жаралған! Сондықтан оның шын бақыты көктемі де болуға тиісті! Әйтпесе дүниеге келудің не қызығы бар? Алдағы күнге сенімің жоғалған күні адам өмірге де сенімін жоғалтады. Сен сеніміңді жоғалтушы болма, сонда ғана өмір сені ұмытпайды.
Ақмаралдың айтқан мына бір аяулы сөздері Гүлшараттың да жүрегін жылытып барады. Жанында келе жатқан жас әйелдің өмірге деген, адам бақытына деген сенімі Гүлшараттың да еңсесін көтерді.
— Тек сол бақыт, сол көктем үшін күресе білу керек,— деді Ақмарал аздан кейін.
Дәрігер әйелдің бұл сөзі де Гүлшаратқа тағы бір жаңа күш бергендей болды.
Ол сәл ойланып келе жатты да: ...
— Иә, өмір үшін, өзіңнің бақытың үшін күресу керек,— деді кенет сергіп кетіп,— осы уақытқа дейін өзімнің қуанышым, көктемім үшін тіпті күреспей келдім... Әлі де болса кеш емес тәрізді...
— Әрине.
Осы кезде бұлар аяңдап келіп, поселкенің шетіне кірген еді. Кейбір үйлердің шамдары сөніпті. Сірә, түгі ортасы жақындап қалған болуы керек.
— Көп рақмет, Ақмарал,— деді Гүлшарат қыздар жатақханасына жеткен кезде бұрылмақ болып,— маған көп ақыл айттыңыз... Сенім бердіңіз,— сөйтті де Ақмаралдың қолын алып,— сіз қалай көресіз, Ахметбекпен сөйлескенім жөн бе?..
— Не жайында?
— Шын жақсы көрсе, менің бір білместігімді кешіруге тиісті ғой,— деді Гүлшарат төмен қарап қысыла,— өзім білмей келген екенмін, мен оны шын жақсы кереді екенмін... Тіпті маған онсыз өмір жоқ секілді... Егер айыбымды мойныма алып, шынымды айтсам, маған Ахметбек қатемді кешіретін секілді болады да тұрады.
— Ә...— Ақмаралдың жүрегі дірілдеп кетті, бірақ сыр берген жоқ. Тек:—Мүмкін... сөйлесіп көр...—деді күбірлеп.
Сұлтан «Жедел жәрдем» емханасында бір жеті жатып, жарақатынан жазылып шыққаннан кейін, аудан басшыларына барып, Жарқын қызметкерлерінің бұны көпшілік талқысына салудан құтқаруларын өтінді. Аудан басшылары рудник директорымен, парторгпен сөйлесуге уәделерін берді.
Сұлтан аудандық атқару комитетінен шыққанда күн бесінге таяп қалған еді. Ертең жолға шығам деген шешімге келген ол қонақ үйге қонып шықпақ болды. Көңілі жайланған жігіт алансыз бір ұйықтап, дем алғанды жөн керді. Ақ жаймаға «уһ!»— деп құлай кеткен ол, шым-шытырық түске шырмалды...
...Ол аудан шетіндегі Жарқынға баратын жолға келіп, ұзақ тұрды. Жайшылықта ағылып жататын машиналардың бірде-бірі жоқ. Енді ауданға қайта барып, рудниктен машина шақырмақшы болын тұрғанында, кенет аудан жақтан шұбатылған шаң көрінді. Үстіне әлдеқандай жәшіктер тиелген жүк машинасы екен. Әне-міне дегенше келіп те қалды. Алдыңғы жағында «ЖК» деген (Жарқын руднигі) әріптері мен бірнеше сөздер бар. Жолда тұрған адамды көріп, сақал-мұрты өсіп кеткен, ультракүлгін сәуледен сақтайтын үлкен қоңыр көзілдірік киген шофер машинасын кілт ттатты.
Сұлтан кабина тұсына жақындап:
— Мен рудниктің бас инженері боламын,—деді.
Шофер оны бөліп жіберді.
— Көріп тұрмын.
— Машина шақыруға асығыс едім, мені ала кетсең...
— Отырыңыз,— деді шофер қысқа сөйлеп. Сөйдеді де кабинасының есігін ашты.
— Рақмет,— деді Сұлтан кабинаға көтеріліп жатып.
Машина жүріп кетті. Сұлтан әбден жайғасып алған соң, қырын отырған шофердің бетіне қарады. Шырамытқан секілді болды.
— Немене, ұмытып қалыпсыз ба?— деді шофер кекете күліп.
Сұлтанның жүрегі дір ете қалды. «Япырмай...»
— Иә, соның өзі!— деді шофер, көзілдірігін алып, Сұлтанға бұрылып.
Мәмет! Сұлтанның енді зәре-құты қалмады. Денесін бір зіл басқандай болды. Ал жүрегі кеудесінен шығып кеткісі келгендей тулай жөнелді. Енді ол бір сәт машинаны тоқтатып, түспек болды:
— Қорықпа, отыра бер,— деді Мәмет оның ойына түсінгендей,— машинамның ішін сенің қаныңмен ластамаймын. Уақытың жеткенде өзім де «түс!» деймін...
Сұлтан бұрынғыдан да қорқа түсті. Әйткенмен әрі-беріден кейін бойын жинап, өзін-өзі басуға тырысты. Ол енді, анау бұған алда-жалда қастық ойлар болса төтеп беруге, он қолын ыңғайлы болсын деп шоферге сәл бұрыла отырды.
— Жаңа айттым ғой, кабинаның ішінде саған тимеймін деп,— деді шофер тағы да оның ойына түсінгендей,— және көрдің бе, мына есікке ілініп қойылған пышақты? Мен солақаймын, сен бірдеме істегенше, мен пышағымды жүрегіңе қадап та үлгіремін. Одан да тыныш отыр...
Сұлтан өзі де машинаны жақсы айдай білетін, шоферді есіктен итеріп тастап, бір сәт рульге өзім отырсам ба деп те ойлаған. Ол енді бұл ойынан ештеңе шықпайтынын түсінді. Бойын тағы қорқыныш биледі. Дегенмен өзін-өзі ұстауға тырысты. «Несіне осыншама әбігерленемін. Өзі де айтып отырған жоқ па, кабинаны сенің қаныңа боямаймын деп. Ал жерге түсер болсақ, құдайға шүкір, бір кісілік күшім бар емес пе, өзімді-өзім дәл мынаған пышақтатып қоймаспын». Осыдан кейін екеуі үн-түнсіз біраз отырды.
— Жол қысқарсын, әңгіме айта отыр,— деді шофер әлден уақытта.
— Өзің айт...
Бұл кезде күн де батуға таянып қалған еді. Көкжиекте қызара батып бара жатқан күн бүкіл әлемді қызғылт сәулесіне бөлеп сұстана қалған. Мүмкін батып бара жатқан күн мұндай кәрлі емес те шығар, бірақ көңілі орнықпаған Сұлтанға бүкіл әлем қанға боялып жатқандай бір түрлі айбарлы көрінді.
Сұлтан бүгін бір қанның төгілетініне шек келтірмеді. Бірақ кімдікі? Өзінікі ме? Әлде мына машина айдап келе жатқан Мәметтікі ме? Ол жан-жағына қарады. Бұдыры жоқ, қарайып келе жатқан жазық дала...
Дәл осы кезде оның құлағына ызғарлы үн естілді.
— Түс енді машинадан!— деді жүргізуші.
— Неге?!
— Бағана айтқан жоқпын ба, машинамның ішінде қаныңды төкпеймін деп?—Мәмет оң қолымен рульді басқара келе жатып, сол қолына машина есігіне іліп қойған пышағын алды...
Шофердің солақай екені есіне түскен Сұлтан, пышағын сілтеп жібере ме екен деп, өн бойы мұздай боп, асыға, әбігерлене, жерге құлай жаздай машинадан түсті.
Шофер жерге түскен жоқ.
Бұны керген Сұлтан бір сәт мені осы араға тастап кеткісі келген екен деп ойлады. «Алайда. Түн болса келе жатыр. Құба жонда өлсін деген ғой... Бірақ бұл бірден жүрегіңе қадалған пышақ емес қой... Кім біледі, әлі тірі қалармын». Сұлтанның көңілінде кіп-кішкентай үміт сәулесі жарқ еткендей болды. Бірақ бұл үміт сәулесін Мәмет заматта сөндірді.
— Түс алдыма!—деді ол зекіп.— Жүгір! Қуып жетсем басып өлтіремін!
Сұлтан бір сәт айдалаға қаша жөнелмек болды. Бірақ қоюланып келе жатқан қараңғылық оған құбыжықтай көрінді. Бірақ жаны құрғыр тәтті ғой, оп-оңай өлгісі келмеді, ол көп ойлап тұрмады, кенет секіріп, суға сүңгігендей қоюланып келе жатқан түннің құшағына кіре, айдалаға қаша жөнелді. Дәл осы уақытта машина да гүр ете қалды. Сұлтан бір жүз метрдей жүгірген кезде үстіне біреу су құйып жібергендей, арт жағынан жарқырай түскен машина шамының жарығын көрді. Сөйткенше болған жоқ, өзін өкшелей, жазық далада желкесінен жетіп келген машинаның гүрілін естіді.
— Егер жан керек болса жолға түс!— деп бұйырды машинаның есігінен айқайлап шофер.
Жазық дала, қашып құтыла алмайтынын Сұлтан білді. Енді оны қамшысымен қойды жөнге түсірген қойшыдай шофер машина шамының жарығымен айдап әкеп, жолға түсірді. Осы сәтте өлім мен өмір жарысы басталды.
Біздің заманымызда қандай адам болмасын, айдалада жеке біткен ағаш емес, ол қоғам өсірген қалың ормандағы ағаштың бірі. Қайың ба, емен бе, әлде басын аспап сүйген қарағай ма, оны тек сол адамның жаратылысы, өзінің басына біткен қасиеті ғана айырады. Орман құлпырса, ол да құлпырады, орман қуарса ол да қуарады. Жалпы алғанда, адам сол қоғамның өткенінің, бүгінгісінің, біркелкі болашағының қорытындысы. Бірақ сол адамның, жаратылыстың дегеніне қарай өскен ормандағы ағаштан бір айырмасы бар. Ол — оның сана-сезімі. Міне осы сана-сезім адамды өзін өсірген сол қоғамның гүлденуіне, көркеюіне қолынан келгенше ат салысатын шын ұлы ете алса, бұл үлкен бақыт. Ал адам құлқы оны кейде бөтен жолға бұрады. Мұндай адам қоғамға беруден көрі, алғанын жақсы көреді. Және өмірдің бар қызығы қоғамның өркендеуінде емес, өз басының қадірленуінде деп есептейді. Және сол коғамның арқасында жоғары білім алып, мәдениетіне қатынасы болмаса, бұл — Фолкнердің «Солдат наградасындағы» өмірді тек «ас ішіп, ұйықтау және нәпсіге берілу» деп түсінетін Джанс тәрізді кейіпкердің ең жаман түріне жатар еді.
Сұлтан да осындай адамның бірі еді.
Өзімшіл Сұлтанның ең жаман қасиеті, ол өзінен туған сонау ұл мен қызын да шын жүректен жақсы көре білмейтін. Олардың кейде маңдайынан сипаса, не ойыншықтар әперсе, бұнысы тек әке міндеті деп қана қарайтын. Рас, ол соңғы күндерде бұл міндеттерден де арылған. Күйеуіне әбден ашуланған, өкпелеген Қатира Сұлтанның өзін қалай алдағанын көргеннен кейін, оның пәтерінің бір бөлмесін бөліп алып, жеке тұра бастаған. Өзі рудниктің асханасына меңгеруші болып кіріп, ұл мен қызын балалар бақшасына берген. Және олардың әкесі Сұлтанға енді екі баланың маңайынан жүрмеуге бұйырған.
Сұлтан бұған қуанбаса, ренжіген жоқ.
Сол аямаушылықтың арқасында Мәметтің үй ішінің быт-шытын шығарды, Ахметбек пен Гүлшаратты қайғылы халге жеткізгені мынау. Дәл бұлардың трагедиясындай болмағанмен, Сұлтанның қырсығы тимеген басқа да осындай аянышты жағдайлар аз емес. Бірақ жіп қанша ұзын болғанмен, оның да бітетін ұшы бар, енді міне өзі істеген көп қиянаттың біреуі үшін Сұлтанға жауап берер кезек келді. Әркім-ақ мұндай сағатта басынан еткен өмірін, сол өмірді дұрыс өткізді ме, бұрыс өткізді ме соны ойлайды дейді кейбіреулер. Ал Сұлтан адамға жалғыз-ақ рет берілетін сол өмірін бос өткізді ме, жоқ дұрыс өткізді ме ойлаған жоқ. Ойлауға да мұршасы келмеді. Тек бір сәт қана: «Бекер-ақ Мәметтің әйеліне барған екенмін!»—деп өкінді. Ол осы бір мезетте өзінің бұл қатесін де, басқа қатесін де түсінді. Бірақ кеш түсінді. Өкшелей қуып келе жатқан машина үстіне келіп қалды. Ол жанталасып, артына алақтай қарап жүгіре жөнелді.
Құмайт жолмен өкпесі өше, алға қарай ұмтылған Сұлтан қара терге малынды. Қос шамын жарқыратып, гүрілдеп соңынан қалмаған ауыр жүк машинасы бұны жұтқалы қуған айдаһар тәрізді. Демі бітіп, сәл тоқтаса, не жүгіруін бәсеңдетсе бас салғалы келіп қалады. Өмірімді сақтап қалам деп өлім-өмір арпалысында жанталасқан Сұлтан кенет бақырып жіберді. Адамдардың обал-сауабын оңай жүк көретін оның жүрегі жарылып кеткен еді...
Ахметбектің халі нашарлай берді. Бұл Ақмаралға жаман батты.
Жанындай жақсы көрген адамының денесіне пышақ тигізу түгіл, оған қатты сөйлеудің өзі қандай қиын. Әсіресе жақсы көрген адамың хал үстінде жатса, ешбір емі жоқ жүрек ауруының енді ақырғы мүмкіндігі — операция істеу еді. Ақмарал бұны жақсы түсінген. Осы екі ұдай ойда Ақмарал ұзақ жүрді. Бірінен-бірі күшті екі сезім итжығыс түсіп, Ақмаралдың тәуекелге бел бууына мүмкіншілік бермеді. Міне, сондықтан да ол рудник директорына барып, Алматыдан атақты хирургтардың біреуін шақыруды талап еткен. Астана да жібереміз деп хабар берген болатын. Сол күткен профессордың кеше келетін күні еді, жоқ жерден ауа райы бұзылып, самолет ұша алмай қалды. Бірақ ауру күтсін бе, кезеріп кеткен ерні, қан жоқ, сел жоқ сұрланып кеткен жүзі, көзінде пайда болған ерекше сәуле, маңдайынан шыпылдап шыққан тер, Ахметбектің ең ақырғы сағаттарының таяғанын анық көрсетіп тұр. Егерде енді операция істемесе, оның таң атқанға дейін шыдауы беймәлім, ал операция істеген күнде, ол тірі қала ма, жоқ па, бұ да екіталай... Қайткен күнде де аурудың басына өлім қаупі шын төніп келген. Енді оны аяусыз ажал тырнағынан алып қалу үшін шын ерлік, батылдық керек. «Алып қаламын» дер зор сенім керек. Бұл Ақмаралға оңай сын болған жоқ. Жаны сүйген адамынан айрылып қалам ба деген сезім оны бір міндеттесе, ауру адамға қолдан келген жәрдемін аямайтын дәрігерлік борышы Ақмаралды: «Енді ойлануды қой, тәуекелге белді бу»,— деп міндеттеді. Ақмарал операция жасауға бекінді. Операцияға керек аспаптары мен өзі ойлап тапқан сүйір ұшты үлкен тебен инелерін ыстық суға қайнатып, соңынан операция уақытында адамның тамырына, денесіне тигенде қан тез ұйып қалмас үшін электр тогы арқылы арнайы істеген аяз жәшігіне қойып, қол тисе қарып жібермейтіндей етіп мұздата бастады.
Ахметбектің дерті — медицина тілінде өкпе тамырларының стенозы деп аталатын кенет пайда болған жүрек ауруы — порок сердца болатын. Бұл тамырлар екпеге кіре беріс жерінде тым тарылып, оған ауру жүректен қанды аз апарып, адамның денесіне ауа жеткізбей әбден қинайтын. Дертті кісі демін әзер алып, ауық-ауық талып та қалатын. Сол күні эксперименттік химия аппараттары мен аспаптарын істейтін Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институтының хирургтарға жәрдем беретін түрлі аппараттарының жаңа тарай бастаған кезінде Ахметбектің жүрегіндей қан жетпей, суға салған еттей ағара түсіп мәңгі тоқтауға айналған жүрекке операция істеу қиын-ақ еді. Ол үшін қыранның өткір көзі, арыстанның батыр жүрегі, әйелдің жібектей жұмсақ қолы керек. Бұлардан бөтен, әсіресе дәрігерге өз ісін жетік білумен қатар, қайтсем де ауруды өлімнен алып қалам деген сенім өте қажет. Осы қасиеттің бәрі Ақмаралдан табылды. Ол мың дәрігердің бірінің-ақ қолынан келетін үлкен шеберлікпен осы қиын операцияға кірісіп кетті. Ақмарал өзінің көмекшілерімен бірге ғылымның соңғы табыстары — тамаша ғажайып аппараттарды пайдалана отырып, интратрехеалдық наркоз арқылы Ахметбекке бір жарым сағаттай операция істеді. Операция кезінде талай қауіпті минуттар да болды. Әсіресе тарылып кеткен тамырларды Ақмаралдың сүйірдей саусақтары жайлап кеңіте бастағанда, кенет дәрігер әйелдің денесі дірілдеп кетті... Ақмарал ұстап тұрғам тамырын қоя бере жаздады... Бірақ қажырлы жас әйел тез есін жинап алды. Дәрігер әйел қабына алғашқы рет пышақты тигізгенде тоқтап қалған жүрек, екі минут өтпей, тамырдағы қан ұйымай, қайта жүре бастады. Дерті жанына батқан, Гүлшарат секілді сүйгенінен айрылуға себеп болған сорлы жүрек, пышақ жүзінде әлсіздік білдірмеді. Ахметбекке істеген бар қиянатын адалдағалы, аяулы жанды өлімге бергісі келмей, төніп келген ажалмен таласа бір тоқтап, бір жүріп, тез-тез соқты...
Операция бітсе де жаны әлі де өлім үстінде болып Ахметбек есі кірмей екі сағаттай талып жатты. Ақмарал тырп етпей аурудың тамырын ұстап отырды да қойды. Ахметбектің тамыры тек таң ата ғана тоқсаннан жетпіске түсіп, ол әзер дегенде тыныштала бастап, ұйықтап кетті. Сонда ғана Ақмарал орнынан тұрып, Күнжамалды құшақтап:
— Апа, Ахметбек өлімнен аман қалды ғой деймін...— деді сыбырлай сөйлеп.
Күнжамал күндікке көзінде тұрған жасқа ерік беріп, үнсіз жылап келіп, Ақмаралдың бетінен сүйді. Содан кейін оған:
— Айналайын, құлыным, жаным, Ахметбегімді өлімнен алып қалғаның үшін өмір бойы күңің болып өтсем де арманым жоқ,— деді.
Түнімен ұйқы көрмеген, әбден қажыған екі әйел шаршағандықтарын жаңа сезіп, бірін-бірі сүйемелдеп ауыз үйге шықты. Осы кезде таң әбден атып, күн шыға бастады. Ақмарал Күнжамалды ауыз үйге қалдырып, әзі коридордың есігін ашып, әлденені сәл ойлап тұрды да, жедел барып қабырғада тұрған телефонның трубкасын алды. Сосын коммутатордағы қызға:
— Хамза Нұрғалимовичтің пәтерін қосыңызшы,— деді.
Телефонның тырс етіп қосылғаны естілді.
— Иә, менмін,— деді ар жағынан Хамзаның даусы.
Ақмарал асыға сөйледі.
— Амансыз ба, Хамза ағай? Иә, Ақмаралмын ғой...
Өзіңіз де сәлеметсіз?.. Жоқ, жай емес... Түнде Ахметбек... жоқ, жоқ. Қорықпаңыз... Қазір бәрін түсіндірейін. Түнде Ахметбек жаман қысылды. Операция істемесе болмайтын болды,—Ақмаралдың даусы кенет дірілдеп кетті,— Оны өлімнен алып қалатын басқа жол қалмаған соң, амалсыз жүрегіне операция жасадық...
Арғы жақтан Хамзаның тағы қобалжыған үні естілді.
— Жүрегіне операция істедік дейсің бе?! Япырай! Әйтеуір, өзі тірі ме?!— Парторгтың даусы өте қорыққандық сазын білдірді.
— Тірі. Тірі. Операция жақсы өткен тәрізді. Қазір ұйықтап жатыр.
— Көп рақмет, қалқам!— Хамзаның қуанып кеткені кенет көңілдене шыққан үнінен естілді.— Асекеңе хабар бердің бе?
— Жоқ
— Жақсы. Қазір келеміз.— Парторг телефонды іліп қойды.
Ақмарал үйге қайта кірді де, Ахметбектің қасына барып, бетіне үңілді. Ауру демін бір қалыпты алып, ақырын пысылдап ұйқыда жатыр. Ақмаралдың көзіне оның кеше ғана көгілдір тартып кеткен жүзі бүгін өзгеріп, бетіне азырақ қан жүгіргендей болып көрінді.
Ол енді Ахметбектің аман қалғанына әбден сенді. Осы сенім көңілін көтеріп, ауыз үйге күлімдей шықты.
Бұл шыққанда ауыз үйде Ержанов пен Нұрғалимов күтіп отыр екен. Дәрігер әйел парторгке телефон соққанына жиырма минуттан асқан жоқ, олар сол екі ортада келіп те үлгеріпті.
Ақмарал: «Қайтсін, жандары шын ашиды ғой... Жеткен екен»,— деп ойлады ішінен.
— Халі қалай?!—деді Асылбек, Ақмарал үйге кірісімен, онымен амандасуды да ұмытып кетіп.
— Жаман емес,— деді ол. Сөйтті де түндегі оқиғаны, өзінің қалай операция істегенін, Күнжамалдың қандай шыдамдылық көрсеткенін — бәрін тегіс айтып берді,— егер де операция істемегенде Ахметбектен айрылатынымыз сөзсіз еді,— деді.
Соншама жауапкершілікті мойныма алып, Ақмаралдың істеген ерлігіне директор мен парторг өте сүйсінді. Оған екеуі бірдей алғыс айтты. Тек Ержанов барлық жағдайды сөйлесіп болғаннан кейін барып:
— Әйтеуір, операция жақсы өтіпті. Бұл — үлкен қуаныш. Мұндай істе кейде адам өкінішке де ұрынады. Бізге түнде хабар беруің керек-ақ еді,— деді.
Ақмарал сәл қысылыңқырап қалды.
— Хабар беруге мұршамыз да келмеді. Уақыт тығыз болды, ғафу етерсіздер.
— Оқасы жоқ. Операция ойдағыдай өтіпті. Енді өкінетін еш нәрсе де жоқ,— деді Хамза, сөйтті де, Ақмаралға өтіне сөйледі.— Енді тек Ахметбекті дұрыстап күте көріңдер.
— Оған сөз бар ма!
— Ал енді бөтен бір жаман хабар бар,— деді ол кенет,—осыдан екі сағат бұрын, рудникке келе жатқан Сұлтан аяқ астынан қайтыс болыпты.
— Не дейсіз?!— Ақмарал шошып кетті.
Ахметбек келесі күннен бастап дұрыс ұйықтай бастады. Бір жеті өткеннен кейін шамалы тіл қатып, бұрынғыдай емес, азырақ тамақ ішуге де жарап қалды. Тіпті екі жеті өткеннен кейін бетіне кәдімгідей қан жүгіріп, көзінде дүниеге күле қараған қуаныш нұры пайда болып, ол айығайын деді. Ахметбектің мұндай халін көріп Күнжамал мен Ақмарал да сергіп кетті, Олардың да жүздерінде шаттық сәулесі ойнап, сөздерінде қалжың, әзіл пайда болды. Осындай бір күні жанында ұршық иіріп отырған Күнжамал анандай жерде, есік алдында тұрған Ақмаралға:
— Келін шырағым, қолыңдағы не?— деп айтып қалды.
Ақмарал не айтарын білмей ұялып төмен қарады, сөйтті де шылдырлаған телефонды сылтау етіп, үйден шығып кетті...
Ахметбек шешесі Ақмаралға «келін» деген сөзді жаңылыс айтты ма деп бір ойлап қалды да, шығып кеткен Ақмаралдың соңынан оның күлімдеп қарап отырған түрін көріп, әлгі сөзді тегін айтпағанын сезді. Ол жастықтан басын сәл көтеріп:
—Апа, жаңа Ақмаралға кімім дедің?— деп сұрады.
— Келінім дедім...
— Ол сіздің келініңіз емес қой.
— Болмаса, болады да.
— Оны қайдан білдің? Ақмарал сізге келін болғысы келмесе қайтесіз?..
Күнжамал иіріп отырған ұршығын тоқтатып Ахметбекке қарады.
— Қалқам, сірә, менде көз жоқ деп ойлайсың ғой. Сен дегенде құр шықпаған жаны ғана бар екенін көріп жүрген жоқпын ба..
Күнжамал ұршығын қайта иіре бастады. Ахметбек ақырын езу тартып күлді.
— Ал егерде мен көнбесем қайтесің?
— Сен неге көнбейсің?!
— Қайдан білесің, маған басқа біреу ұнайтын шығар...
— Ақмарал тұрғанда басқа ұнайды дегенге сенбеймін.
— Неге?
— Мұндай келіншек тек дүниедегі ең бақытты адамға кездесуге тиісті. Түр десең — түрі бар. Мінез десең — мінезі қандай! Ал өнеріне келсең,- адам баласы мұндай өнерлі болады дегенге еш сенбеймін.
Ахметбек Ақмаралдың шешесіне өте ұнағанына іштей қуанса да, бірақ одан оңай жеңілгісі келмеді.
— Оның бәрі сенің көзіңмен қарағанда ғой...
Күнжамал ұршығын қайта тоқтатты.
— Сенің өзіңе де ол ұнайды. Оны мен жақсы білемін.
Ахметбек ақырын күлді. Күнжамал ұршығын қайта иіре бастап:
— Оның үстіне!...— деп келе жатқанда тоқтай қалды.
— Иә, оның үстіне?... ..,,..
— Сенің көзіңмен Гүлшаратты таңдағанбыз. Бұл жолы менің көзіммен Ақмаралды таңдаймыз,— деді Күнжамал баласына жас кезінде ақылын айтқандай сөзін тұжыра.
Ахметбек тағы бірдеме айтпақшы болып келе жатыр еді, үйге Ақмарал кірді.
— Ахметбек, саған бір топ жастар келді, кірсін бе?— деді ол есіктің алдында тұрып.
— Кірсін,— деді де, Ахметбек үстіндегі көрпесін жөндей бастады.
Үнге қолдарында гүлдері бар Кентай, Люба, Қасен, Вадим және Жақып кірді.
Ахметбек бұларды көріп қуанып кетті.
— Түу, тегіс келіпсіңдер ғой!— деді ол күліп.
— Дариға мен Михаил да келеміз деп еді. Олар сменада болып, қолдары тимей қалды,— деді Люба.
— Оқасы жоқ.
Ахметбек келгендермен амандасып болғаннан кейін Кентайға қарап:
— Жұмыс қалай жүріп жатыр?—деді.
Анау әдетінше көзілдірігін жоғары көтеріп қойды.
— Жұмыс жоғары сатыда тұр. Әк қабатын тазалап бітірдік. Қазір негізгі руданы бұрғылап жатырмыз. График бойынша он бес күннен кейін алуымыз керек. Уақытында үлгереміз.
— Өте жақсы. Ал өзенге рутил жуатын астау-арна істеліп жатыр ма?
— Бұл мәселе де дұрыс жолға қойылды. Қазір жұмыс қызу жүруде.
Ахметбек Любаға бұрылды.
— Ал, Люба, сендердің жұмыстарың қалай! Ізбес пештері әлі сөнген жоқ па?
— Жоқ — деді Люба көзіне түскен шашын қолымен кейін серпіп,— қазір біз ізбеспен өзіміздің рудникті қана қанағаттандырып коймай, өзеннің арғы бетіндегі жаңадан салынып жатқан совхоздарға да жөнелтіп жатырмыз.
Ахметбек аз уақыт үндемей тұнжырап жатты да; күрсіне дем алды. Сосын:
— Гүлшарат пен Сұлтан қайда?— деді ол қинала; ақырын күбірлей сөйлеп.
Жастар Сұлтанның өлгенін білсе де, Ахметбекке айтқан жоқ. Текке қобалжытармыз деп ойлады. «Ол ұзақ командировкаға кеткен көрінеді»,— дей салды.
Ахметбек бұлардың әңгімесі біткенше басын жоғары бір көтерген жоқ, тұнжыраған қалпында тыңдап шықты. Тек аналар сөзін аяқтағанда ғана барып:
— Ал Гүлшарат не істеп жүр?—деді Ахметбек ақырын.
— Гүлшарат кеңседен ауысып, скрепер жүргізуді үйренбекші, қазір Дариға бригадасында,— деді келгелі үндемей тұрған Жақып,— қайдан білейін одан не шығатынын...
— Шамаларың келгенше оны ренжітпеуге тырысыңдар,— деді Ахметбек төсегінен басын көтеріп.
Жастар Ахметбектің үнінен өзін ауыр халде жатқанында аямай кеткен, бұрынғы әйеліне деген әлі де адамгершілік сезімінің жоғалмағанын сезді. Олар бас инженер орынбасарының тілегін тапсырма ретінде түсінді. Іштей ұғып, үнсіз мақұлдасты.
Олар кеткеннен кейін Ахметбек қатты ойға шомды. Жұрт көзінше бәлендей сыр бермегенмен де, Гүлшараттың жайы оны қатты толқытқан болатын. Сұлтанның сөзіне сеніп алданған, өз сезімін әзі қор қылған жас келіншектің қайғылы халі оның сезімтал жүрегін жаман жабырқатып тастаған еді. Қылығына қанша жиіркенішті қарағанмен де, оны аяушылық, әлі де болса сол адамгершілік жолына түссін деген шын тілек Ахметбектің көңілінен шықпайтын. Мүмкін, олардың жолы енді кездеспес те, ал кездескен күнде де екеуі екі жаққа бара жатқан жолаушыдай өмір деген үлкен жолда амалсыз ұшырасып, бірінің-бірі тек қарасын көріп өте шығар, бірақ араларында болған махаббат бітпей қалған дастан тәрізді екеуінің де көңілінде ұзақ сақталуы ғажап па? Олай болған күнде сол дастанның жалғасы жолдастық, достық деген сезімдер болуы мүмкін емес пе? Сондықтан да Ахметбек Гүлшараттың бұдан әрі қапа болмай, өмірден өз орнын табуын шын тіледі. Сондықтан да Люба және басқа жастарға да оған жәрдемдесіңдер деп өтінді. Ахметбектің жүрегінде Гүлшараттың қайғылы халіне қапаланудан басқа, оны табалау не болмаса қорлау деген тұрпайы сезімдердің бірі де болмайтын. Міне, сол себептен де, бұрын өзі жақсы көрген адамның тағдыры Ахметбекті көп ойға салды. Гүлшаратқа деген әлі сөніп бітпеген іңкәр сезімі жанын қайдағы жоқ күңгірт елестерге бөледі. Ол осылай жатып қалай ұйықтап кеткенін де білмей қалды. Міне, осы кезде Ақмарал мен Гүлшарат қыздардың жатақханасында кездесіп, екеуі жол бойында қатарласа жүріп, түн ортасына дейін әңгімелескен болатын. Ақмарал Гүлшараттың Ахметбекте әлі де үміті барын білген.
Ноябрь айының бас кезінде Ахметбек әбден айығып ауруханадан шықты. Үш күннен кейін рутил кенін алу жұмысы басталды.
Таңертең жұрт шырт ұйқыда жатқанда, кенет күн күркірегендей болып атылған бұрғы қондырғыларының үні естілді. Алыста сілкінген жердің толқыны жеткендей шамдар қимылдап, кейбір бос жабылған есіктер ашылып кетті. Біріне-бірі жалғасқан гүріл бес минуттай созылып барып басылды. Жұрттың бәрі ұйқысынан оянып, далаға шықты. Кейбіреулер карьерге қарай кетті. Ахметбек карьерге келгенде тереңдігі тоғыз жүз метр үш жүз скважина атылған жер бір үлкен тау қопарылғандай, негізгі траншеяны баса жаздап, астан-кестен болып опырылып қалыпты. Ол жаңа ғана жарылған қазандай-қазандай үлкен тастардың үстіменен жүріп келе жатып, жан-жағына қарап: «Құрығанда жүз мың тонна руда атылған болар»,— деп ойлады ішінен.
Ахметбек карьердің биік жеріне шыққанда, ар жағынан Асылбек пен Хамза және Кентай бірнеше оқ-дәрі атушылармен жоғары көтеріліп келе жатқанын көрді.
Бұлар амандасып болғанша поселкеден Ақмарал, Люба, Дариға да келді. Әне-міне дегенше төбе басына жұрт жиналып та қалды.
Ахметбек жан-жағына қарады. Кенет өзі келген күнгі Жарқын руднигінің сыртқы көрінісі есіне түсті. Онда жиырма-отыз үй мен ақ шатырлардан бөтен жөнді еш нәрсе болмайтын. Ал қазір ше? Ал қазір Жарқын руднигі кіші-гірім қала секілді, клуб, аурухана, мектеп, электростанция — бәрі де бар. Поселке мен рудниктің ортасында кірпіш заводы, ганча күйдіретін үйлер, оған таяу салынып жатқан цемент заводы, автомобиль жөндейтін шеберхана, жаңа кинотеатр... Бүкіл рудниктің ана жерінде, мына жерінде сорайған крандар, экскаватор, бульдозерлер көрінеді... Өзен бойында жүзген кемелердің саны да өздері келген күнгіден анағұрлым көп...
Ахметбек поселке жаққа тағы қарады да, жымиып күлді.
— Нағыз өндіріс қаласы!
Осы кезде жапалақтап қар жауа бастады. Асылбек «рас қар жауып тұр ма?» дегендей азырақ қолын тосып тұрды да, жұртқа қарап:
— Қар түспей рутил рудасын өндіреміз деген партияға берген уәдемізді орындадық!—деді дауыстап.— Бүгін Жарқын руднигінде үлкен той! Тойлаңдар, жігіттер, тойлаңдар! Бұл үлкен той, еңбек тойы!
— Той тойға ұлассын!—деді егде жұмыскер жиналған халықтың арасынан.
— Иә, той тойға езі ұласайын деп тұр,— деді Хамза күле сөйлеп.— Бүгін кеште клубта Михаил мен Любаның, Жақып пен Дариғаның қосылу тойы. Бәріңізді соған шақырады.
Жұрт шулап кетті.
— Құтты болсын!
— Барамыз!
— Бүгінгі күн шын сәтті күн екен!
Асылбек Ахметбекке қарап:
Рас, бүгінгі күн бір сәтті болуға тиісті,— деді, сөйтті де, оның қолын алып.— Сізді де құттықтаймын, Ахметбек, біздің өтінішіміз бойынша сізді рудниктің бас инженері етіп тағайындау туралы кеше кешке телеграмма келді.
Енді жұрт Ахметбекті құттықтай бастады.
— Құтты болсын, Ахметбек!
— Бұрыннан-ақ сөйту керек еді ғой.
— Дұрыс еткен екен!
Ахметбек жұрттың қолын кезек алып:
— Көп рақмет!— деді шын жүректен.
Осы кезде қар жапалақтап жауа бастады. Ахметбек пен Ақмарал рудникке қарай бірге жүрді. Екеуі жұрттан бөлінін оңаша қалған кезде Ақмарал сәл тоқтап азырақ үнсіз тұрды да:
— Ахметбек, кешке тойға барасың ба?— деді.
— Әрине, барамын.
— Кіммен?
Енді Ахметбек тоқтап қалды.
— Өзің кіммен деп ойлайсың?
— Қайдан білейін... Кімді сенің жүрегің қалайтынын...
— Менің жүрегім кімді қалауға тиісті?.. Әрине, өзіңді... Ол жүрек тек сен деп қана соғуға тиісті.
— Рас па?
— Рас.
Ақмарал Ахметбекке еркелей қарап, қолтықтай жөнелді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter