Өлеңдер ✍️

  11.07.2021
  192


Автор: Ақан Сері

Көңіл сыры

Көзіңнің құмартамын қарасына,
Ғашықтық құлағың ал наласына.
Бәйге алған топтан асып Құлагердей,
Үш жүздің мәшhүр болдың баласына.
Мен болып қыран бүркіт ілер едім,
Түлкі боп шықсаң таудың баласына.
Өзіңнің мәртебеңе хат жазамын,
Қалдырма дұшпанымның табасына.
Ежелден қыз - бозбала болғаннаң соң
Біреудің біреу қалар жаласына.
Адасқан жалғыз қаздай үнің шықпас,
Ілінсең жайған тордың шарасына.
Шен алған ақ патшадан князьдайын,
Біліндің тоғыз дуан қаласында.
Көңілім сені көрсем болады шат,
Қонғандай бәйтеректің панасына.
Перизат көркің артық тамам жаннан,
Сөйлесең сөзің тәтті шекер - балдан.
Сүмбіл шаш, оймақ ауыз, меруерт тісің,
Құрбыңда сені құшқан қалмас арман.
Асыл зат, алқызыл гүл сен болмасаң,
Жаманға кісі емеспін қолқа саллған.
Айтатын бір - екі ауыз бар еді назым,
Айтайын сол назымды көңіліме алған.
Қыз - жігіт теңін тауып ойнап - күлмек,
Бұл мирас бұрынғыдан бізге қалған.
Бір күні қапа болып өкінерсің,
Басыңда тұра бермес дүние жалған.
Перизат, бір сен үшін қапаландым,
Сағынып сипатыңды хатқа салдым.
Ойласам сіз тараптан жауабыңды,
Баса алмай аяғымды естен тандым.
Етпесең өзің біліп бір дауасын,
Тәңім дерт, көңілім қапа, от боп жандым.
Ей қалқа, сенің үшін жайдым торды,
Танитын кезің болды оң мен солды.
Сүмбіл шаш, қарақат көз, жазық маңдай,
Көретін күн болама бейне хорды.
Жүзіңді көптен бері көрмеген соң,
Жүрекке бітпейтіндей қайғы толды.
Тас есік тамнан үйді мекен етіп,
Жүзіңді көре алмайтын заман болды




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу