Өлеңдер ✍️
Араб әліппесі
Әріпте жиырма тоғыз келеді “Әліп”
Атасы Әзірет-Әлі Әбутәліп.
Жан беріп, күнәкәрді тірілтіп ап,
Тарттырар көр азабын отқа салып.
Әріпте жиырма тоғыз келеді “Би”
Көреді иманды құл Алладан сый,
Қылығы бұл дүниеде жаққандардың
Сайланар сегіз жұмақ ішінен үй.
Әріпте жиырма тоғыз келеді “Ти”,
Көңілді беріп Хаққа, нәпсіңді тый.
Құдайдан шыныменен қорықсаңыз,
Таста да харам нәпсі, адалдан жи.
Әріпте жиырма тоғыз келеді “Си”,
Пәк тұтып киіміңді тазадан ки.
Алланың ақ бұйрығы келген күні
Еркіңмен мойныңды ұсын, жаныңды қи.
Әріпте жиырма тоғыз келеді “Ки”,
Озады ошағына тер төккен үй.
Ас ішсең бір қазаннан бір қауым жан,
Меймансың бір-біріңе, көрсетші сый.
Әріпте жиырма тоғыз келеді “Жұм”,
Малынан зекет бермес кей жаман сұм.
Зекетін көзі қиып бермегенмен,
Өлгенде көзге толар топырақ құм.
Әріпте жиырма тоғыз келеді “Һай”
Жаманға жанап кетсең салар айқай.
Шайтанның мейманасы тасымасын,
Жақсыны хан көтерші даңқына сай.
Әріпте жиырма тоғыз келеді “Дал”,
Ғалымға көпті білген құлағың сал.
Тоқысаң ғалым сөзін бойға жиып,
Ақылдан жұтамайтын құрадың мал.
Әріпте жиырма тоғыз келеді “Зал”,
Иеңді жан бітірген жадыңа ал.
Шыбының сені тастап кеткен шақта,
Қалмайды ара тұрып жинаған мал.
Әріпте жиырма тоғыз келеді “Шын”,
Пендеге махшар күні болады сын.
Қарындас ораза ұста, намаз оқы,
Жаныңның тазалығы – дінің үшін.
Әріпте жиырма тоғыз келеді “Ре”,
Жүреді желеп-жебеп ердің пірі.
Тірлікте “Алла” деген ақ пенденің,
Жанында өлген күні қалмас кірі.
Әріпте жиырма тоғыз келеді “Зе”,
Мұсылман көңіл тазарт, дінің түзе.
Періште махшар күні жауап алар,
Жасаған, жансақ кетсем жөнім түзе.
Әріпте жиырма тоғыз келеді “Тай”,
Сүйектен өлсең кетер ет пенен май.
Жаныңа періштелер ие болар,
Күнәсін бар мұсылман кешір, Құдай.
Әріпте жиырма тоғыз келеді “Зай”,
Көрінде иманды жан жатады жай.
Қылығы бұл дүниеде жаққан құлдың,
Жаны да ол дүниеде иманға бай.
Әріпте жиырма тоғыз келеді “Сат”,
Адамға өлсе дайын болады зат.
Жақсылық, жамандықтың арасында,
Періште екі иіңде жазады хат.
Әріпте жиырма тоғыз келеді “Зат”,
Кебіні нәрестенің жалаң қабат.
Тақылдап тілін безеп жүргендерден,
Сұрасаң бере алмайды дұрыс жауап.
Әріпте жиырма тоғыз келеді “Айын”,
Сыйламас жаман қатын келген байын.
Абалап ел көзінше шаптығады,
Өлтіріп мың сан рет өлген сайын.
Әріпте жиырма тоғыз келеді “Ғайын”,
Һүр қызы имандыға болар дайын.
Әйелге бұл дүниеде ерін күткен
Төрінен сегіз жұмақ қылар жайын.
Әріпте жиырма тоғыз келеді “Пи”,
Пенделер, ізетпенен иманды жи.
Жетімнің жұлып-тартып ауызынан,
Боқтықты дүние деп жиғанды ти.
Әріпте жиырма тоғыз келеді “Кеп”,
Жүреді періштелер қамыңды жеп.
Жаратқан бар әлемді Құдіретке -
Табыншы қасиетке бір Алла деп.
Әріпте жиырма тоғыз келеді “Қап”,
Тірінің о дүниеге бармағы хақ.
Жүрегі адал жанға ары алдында
Болады махшар күні Алласы жақ.
Әріпте жиырма тоғыз келеді “Нұн”,
Алланың әміріне мойныңды ұсын.
Күнәлі іс ахыретте жаман дейді,
Мәңгілік күтер алдан қараңғы түн.
Әріпте жиырма тоғыз келеді “Уау”,
Өлгенде жеті мүшең өзіңе жау.
Қылығың бұл дүниеде жақпаса егер,
Қимылдап аузы басың қылады дау….
Әріпте жиырма тоғыз келеді “Иай“
Күтеді сегіз жұмақ жаратқан жай.
Ақылға, шарапатқа бейіл болсаң
Иманды осы әріптер таратқандай.
Әріпте жиырма тоғыз келеді “Ләм“
Жұмақтың бәріне ие иманды жан.
Бес парыз мұылмандық бойда болса
Алланың нұры шашып атады таң.
Әріпте жиырма тоғыз келеді “Мим“
Садақа әруаққа берген сыйың.
Тазартар ниетіңді пітір, зекет -
Оларсыз дүниеде жайың қиын.
Әріпте жиырма тоғыз келеді “Вав“
Тұрмасы бұл дүниенің басында хақ.
Көрсет те шыдамдылық тауқыметке
Пәниден кетпей тұрып қанағат тап.
Әріпте жиырма тоғыз келеді “Иа“
Адамның көзі тоймас дүнияға.
Құнықпа келген олжа табысыңа
Жүгінші ұят пенен қайырына.
Әріпте жиырма тоғыз келеді “Ләм-Әлиф“
Жаратқан күллі әлемді Алла халиф.
Түйіні бар әліппе тоғыз торап,
Түйсініп ұққандарға бұл бір ғажап!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter