Өлеңдер ✍️
Қара жорға
Шiлденiң тамған кезi болатын-ды,
(Ажалға қандай тылсым ара тұрды).
Кенет, кенет дүрлiгiп жылқылы ауыл,
Кекiлi күлтеленген,
Асау құлын желiге оратылды.
Болар, бәлкiм, тәңiрi құптамаған,
Түсiнедi мән-жайды ұққан адам.
Жеткенше құлын кеттi шейiт болып,
Ақ боз үйден жүгiрiп шыққан Ағам...
Деушi едiк: айуан не түсiнедi,
Тағдырдың кез келтiрмес iсi ненi.
О дүниелiк құлынын ұғып ене,
Жанұшыра шұрқырап кiсiнедi.
Естi-ақ екен, демесең нәтi мал-ды,
Адаспайтын түндерде не тұманды.
Құлынының тұяғы тиген жерге,
Жалын жайып жануар жатып алды.
Қайғылы осы көрiнiс нықтайды ойды,
Айғырдың да кәрiнен ықпай қойды.
Үш күн бойы су iшпей, оттамастан,
Кiсiнеумен желiден шықпай қойды.
“Тағдырыңа қалайша толғанбайын,
Толғанбайын, қолда өскен сормаңдайым.
Сормаңдайым сен емес бұл жалғанда,
Талай ана осылай болған дәйiм.
Тұлпарлар да, тұғыр да туды мұнда,
Қиқулатар дүбірді, дуды мұнда.
Жемтiк болды бөрiге абайсызда,
Тұңғышың –
Құлындаған қулығыңда.
Кiмдердi елiтпеген жарау көрiк,
Мақпал қара құлынға тақау келiп.
Сұқтанатын бiр көздер,
Екiншiң де –
Өлдi солай ауырып “сақау” болып.
Құлын мүше жетiлген шақта, сiрә,
Арқасына талай ер батпасына,
Сенбеп едiм.
Үшiншiң уыз кезде,
Оратылды, мiне, ендi ноқтасына.
Қиын мұндай мұңлықты ұғып тұру,
Ұғып тұру, үн-түнсiз бұғып тұру.
Төрт аяғы тең жорға қарағым-ай,
Керек саған қайғыны ұмыттыру”, –
Дедi де ағам, ер-тұрман түгендедi,
Түгендедi,
Қара жорға биенi жүгендедi.
Әбзелдерге жинаған бар асылды,
Өмiлдiрiк құйысқан жарасымды.
Күнi бойы қыдыртып жүрдi-жүрдi,
Түнге қарай қаңтарып, таң асырды...
Су төгiлмес тайпалған сауырынан,
Қара жорға жарады бауырынан.
Жал-құйрығы төгiлiп мүсiнделдi,
Арылғандай қайғының ауырынан.
Ең сұлу түс дүниеде қара ма екен,
Көздерi де жарқырап жанады екен.
Билегендей секiлдi кербез жүрiс,
Кербез жүрiс мұндай да болады екен.
Ұмытқандай кешегi бар азапты,
Алған жөн деп өмiрден алашақты.
Бір айдан соң бағыты тойлы ауыл боп,
Ағамның тақымында,
Жайқалып бара жатты...
...Осы сырдан ерекше дәрiс ұғам,
(Кiм бөлiсер қайғыны, қол ұсынар?!)...
Содан берi бас бәйге алады ылғи,
Қара бие жорғалар жарысынан.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter