Өлеңдер ✍️
Айым қайда, ол неге тумайды,- деп
- Айым қайда, ол неге тумайды,– деп,
Көлеңкені көңілімнен қумайды, – деп.
Жүрегім орман болып шулайды кеп,
Жүрегім толқын болып тулайды – кеп.
Гүлденсін өмірімнің көгалы, – деп,
Мен шығатын асулар көп әлі, – деп.
Мақсатым орындалған жоқ әлі,– деп.
Жүрегім соғады кеп,
Соғады кеп.
Кеудеде нөпір толқын тасып ізгі,
Тағы бір жыл есейтіп жасымызды.
Онжетінің өріне шыққан кезде,
Қайырдық шалқасынан шашымызды.
Бұрынғыдан толысып толғанбыз ба,
Жігіттік жайлауына қонғанбыз ба.
Сол жылы...
Ғашық болдың асыл досым,
Жанымменен мен ғашық болған қызға.
Батырлардай майдан сап ұрыспадық,
Кектеспедік, серттесіп, тұрыспадық.
«Қайсымызды сүйсе қыз, сол барсын»- деп,
Жүріп жатты дос көңіл дұрысталып.
Бірт төсектен және біз өретін ек,
Талай сырды екіге бөлетін ек.
Әттең, әттең екіге бөлінбейтін,
Сол аруды шын жақсы көретін ек.
Түн болып...
Не таң болып ата алмадым,
Достық-ай жібіңді үзіп өте алмадым.
Балаң сырды арманға ақтаруға,
Мен сенен бата алмадым,
Сен менен бата алмадың.
...Тағыда қуа алмадық түріп кекті,
Бір ыза ішімізді бүріп кетті.
Бірімізге біріміз қимай жүрген,
Сол сұлу өзге жанмен жүріп кетті...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter