Өлеңдер ✍️

  09.07.2021
  225


Автор: Айтуар Өтегенов

Бұрғылау алаңына сапар

1. Шаңқай түс
Құйып тұр күн ыстығын,
Күйіп тұр сағым дала.
Мол түсті жүріс бүгін,
Мезгіл жоқ дамылдаған.
Шоферім – бала қыран,
Ауызсу тасығаны
Бұрғылау алаңына,
Жеткенше асығады.
Қып-қызыл темір сырты,
Таба нан пісетіндей.
Тастасаң бір тал шырпы,
Мына дала
Лау ете түсетіндей.
Қыр жолы әрқилы екен,
Шілдеңіз тым ыстық, ә?
Өрт лебі шарпиды екен,
Тарылтып тынысты да.
Соққан жел ескен жігер,
Мотордың гулегені.
Қосына көшпенділер,
Осылай су келеді.
Аптапта төзіп сынға,
Көруге келем нені?
Бір кезде көз ұшында,
Мұнара көлбеңдеді.
Мақтаным, – дегізуде,
Шөлде өскен шынар – олар.
Ақ сағым теңізінде,
Жүзеді мұнаралар.
Қуанам Етем үміт,
Барлаушы батыр қандай.
Табаны көтеріліп,
Мұнаралар
Ұшып бара жатырғандай.
Дүбірге толы мына,
(Демеңіз айта берді),
Біз жеттік
Орынына
Мұнара қайта қонды.

2. Маңдай тер
Бұрғылау алаңы да,
Заводтай кішігірім.
Сыр күткен табанынан,
Қилы өмір іші мұның.
Үстіне – спецовка,
Басына каска киген.
Барлаушы түспесе отқа,
Ізінен қаулар ма еді
Асқақ үйлер,
Басқару пультіндегі,
Жас жігіт Иман деген.
Онсыз сыр шертілмейді,
Бейне сом құйған дене.
Бәрі сай.
Мотор үні,
Ерекше гүрілдейді.
Төмендеп, көтеріліп,
«ГИВ» тілі дірілдейді.
Осында қызығың да,
Ерекше сыр аңдалар.
Тынымсыз сызылуда,
Динамограммалар... –
«Дүлей күш ұтылады» –
Бұрғышы бір ән білер.
Тойымсыз жұтынады,
Кеңірдек – шлангілер,
Өзге одан күй біліп пе,
Маңдай тер тамшылайды.
Ерлікке, игілікке,
Маңдай тер қамшылайды.

3. Мұнара басына қонған күн немесе іңір
Жүрекке жыр ұсынған,
Тылсымнан бұл аралар.
Батысым, шығысымда,
Самсаған мұнаралар.
Елітіп құмның әні,
Қараймын құмарлана.
Барлаушы бұрғылары,
Түссе деп шын арнаға.
Батыс жақ арайлана,
Алтын күн – алқызыл шар
Басына мұнараның,
Ілінген қалай ғана.
(Ынтыққан талай дана)
Данышпан суреткер,
Ғажабы-ай табиғаттың.
(Жаза ғой күбір еткен
Таза ойды тани қап бұл)
Бақылап әр ізді енді,
Бұрғылар үңгіп кеткен.
Алтын күн тәрізденді
Забойға сүңгіп кеткен.

4. «Авария боп кетпесін...»
Тұңғиық дала гүлін
Тергесін бе,
Фонтаннан қара бұрым
Өргесін бе.
Өр көңіл балаң інім,
Отыр екен
Рация бөлмесінде.
– Қабылда!
– Қабылда!
«Шағаламын».
Бара алман ауылға,
Ағаларым.
Колонна шегенделді...
Алмазды қашау керек...
Қысым күші ерекше,
Асау бөлек...
Өзге істер жоқ амалым.
– Қабылда!
– Қабылда!
Мен «Шағаламын»...
Бастығының жауабы қысқа болды
Ол былай нұсқау алды:
– Авария боп кетпесін қарағым,
Ертең сонда бас геолог барады. ...
Тәрізденіп лала гүл,
Осы сәтте от-моншағын тақты әсем,
Толғақ қысқан дала бұл.

5. Жатақхана қабырғасындағы жазу
Жазу тұрды қабырғада:
«Ты - с - с.
Жігітім дабырлама
Қайыспаған
Ауырға да, дауылға да
Вахта жатыр тынығып,
Мынаны сен біл ұғып.
Емес әсте торыққан,
Келген бойы жорықтан.
Жақындату үшін жерді ең алыс,
Жауынгерге аса қажет демалыс.
Мазалама ең рахат шағы бұл,
Күтіп алда тұр оларды шабуыл».
Дидарлассам деп ем
Батыр кісімен
От жүректі барлаушылар ішінен,
Оқыдым да мына сөзді амалсыз,
Кейін шықтым басып аяқ ұшымен.
...Түсінем ғой,
Жазу сырын түсінем.

6. Түн
Барлаушылар түні деген
Ғажап-ау!
Аймалайды нұрымен,
Газ – алау.
Тыңдатады бұлақ үнін,
Бізге ояу.
Сыр келбеті бұл араның,
Мың бояу.
Жымыңдаған нұр-гүл жүзі,
Астасып.
Жер жұлдызы, көк жұлдызы,
Қос ғашық.
Тамаша екен осындағы,
Түн деген,
Ертегінің иран бағы гүлдеген.

7. Таң немесе мұнара басынан шыққан күн
Қызыл арай
Жалқын сәуле таратып,
(Осы кезге қызығам-ай)
Келе жатыр таң атып.
Вахта мінген машиналар,
Қозғалғанда гүр етіп,
Бұлдырықтар, дуадақтар,
Ұшты аспанға дүр етіп,
Таң келеді күлімсіреп,
Ғажабын-ай, қарашы әне.
Көріп тұрмын бірінші рет,
Мен мынандай тамашаны.
Көтерілді қызыл шар күн,
Шығыстағы мұнараның басынан.
Міне, осы күміс таңым,
Мен іздеген ғашық ән.
Фотоаппарат – жанарыма,
Түсіруге асығам.
Алтын күнді (мол-ақ бақыт,
Кең әлемге ұсынған).
Мұнараға қонақтатып,
Мұнарадан ұшырған.
Барлаушылар от өңді,
Кілең-кілең,
Нарқасқалар екенін,
Білем-білем...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу