Әңгімелер ✍️
Ән
Атам ӨТЕГЕННІҢ әруағына бағыштадым
Бұл ауыл Бесқала асқан қалашыларды ұзақ күтті. Еш хабар болмады. Күдіктенушілер де көбейді.
— Аман-есен болса игі еді.
— Жолда ұры-қарыға тоналмай дегендей...
Күздің кенеттен суытқанынан қауіптенген ауыл ақсақалы Қалмырза тосын байлам жасады.
— Ертең таң рауандап келе жатқанда қыстауға көшеміз. Жинақталыңдар. Аман ердің аты шығады, — деген.
Шағын ауыл көш қамына кірісті.
«Жер жөргектей боп бітті алашұбар,
Құс та қайта бастады даласынан.
Екі ай өтті несі екен кешіккені,
Кешіккені!
Япыр-ау, қалашылар?
Жау алардай міні жоқ жарағында,
Жігіттері татитын дара мыңға,
Келе жатыр соңынан,
Ертең ерте,
Көштің басын түзеңдер Қарақұмға».
Сыйлады ауыл сыйынып жақсы атаны,
Беделі асып шырқаған жақсы атағы.
Бірі жарын,
Бірі — ұлын күтсе дағы,
Шешті осылай ауылдың ақсақалы,
...Елден ерте сол таңда тұрды келін,
Шелегін ап желіге жүрді келін.
Кенет, кенет боз інген бауырынан,
Ұққандай бір алапат сырды керім.
Түндігін ата жатқан ақбоз үйдің,
Шалқасынан айқара түрді келін...
Тосын оқиға болды. Жұрт не істерін білмей аңтарылды. Кешегі атаның рәсімі бойынша көш басын Қарақұмға түзеуі керек еді. Ал мынау... Ақсақалдың ақбоз үйінің түндігі сыпырылудың орнына ашылып қалды... Ақсақал орнынан тұрып дәрет-суын алып, таңғы намазға бас қойғалы жатқанда, кенет түндік жаңа туған әсем айдың қиығындай болып сәулеленді.
Ақсақал ақ боз үйден сыртқа шықты. Өзінің үйінен өзге үйлердің бірінің түндігі сыпырылып, бірінің уықтары алынғалы жатыр. Ал:...
Желі жақтан шелек толы сүтін алып келе жатқан жас келінге көзі түсті.
Шелегін жерге қойып Келін Атаға иіліп сәлем етті. Сосын сояудай қара кірпік көтерілмей біраз тұрып, аялы жанарын жарқ еткізіп:
— Ата! — деді.
— Иә, балам!
— Ата, бүгін, иә, бүгін көшпей-ақ еру болсаңыз, Өйткені қалашылар... балаңыз келе жатыр.
— Оны қайдан білдің?
— Ба-ла-ңыздың жаңа ғана салған әнін естідім... Ақсақалдың миығына күлкі үйірілді. Кенже келінінің батылдығына, әрі жақсы ырымына риза болды. Сосын түйелерді қомдап жатқан жігіттерге:
— Бүгін еруміз, қалашыларды күтелік деді:
Бастамасын мейлі елдің әскерін,
Күйеуінде болмайтынды әсте мін.
Ақбоз інген бауырында тұрғанда,
Рас, Рас.
Естіді үнін жас Келін.
Соның даусы, соның даусы, дәл соның,
Мүмкін емес, мүмкін емес жаңсақ үн.
Келіп-ақ тұр сөзі де анық құлаққа:
«Сәулем сені, сәулем сені аңсадым!»
Көп ішінде жалғыз өзі қылаң-ды,
Шөп ішінде дара өсетін ыраң-ды.
Жиын тойда домбыраны ап үкілі,
Жиі айтатын, жиі айтатын бұл әнді.
Сәске болды жоқ қалашы, қалашы,
«Көш тоқтатқан»... көбейді елдің таласы.
Қысылайын деді енді жас келін:
«Менің ерім, ал олардың баласы,
Менің ғана сол әнді
Естуімді қарашы»
«Бай қызы еді шашбау, моншақ тағынған,
Жарлы Атасы болды соған жағынған.
Ерке келін көшті жолдан қалдырды,
Сағынған соң, байын әбден сағынған».
Деген сөздер шығып жатты әр тұстан,
Ағайын ғой бірін күндеп, тартысқан,
Түс кезі еді кенет керуен көрінді,
Сонау-сонау түлкісі мол Op тұстан...
Таппай жүрген азаматтар мігірді,
«Қалашы», — деп бәрі солай жүгірді.
Ал жас келін жанарынан бақыт жасын бір сығып,
Амалсыздан ақбоз үйде кідірді.
Көптен күткен қалашылармен қауышып ауыл мәре-сәре болды.
— Бүгін көшкелі жатыр едік!
— Егер көшсек орнымызды сипап қалады екенсіңдер!
— Айтпақшы көшті тоқтатқан Жиде келін.
— Иә, сол.
— Қалай?
— Ол... келін... таң сәріде күйеуінің даусын естіпті.
— Дұрыс. Ауылға жеткіміз келіп, түнімен қонбай жүрдік. Таң алдында бәрімізді ұйқы қысты. Сонда ұйқы ашар болсын деп ән салғанмын.
— Даусыңды әйелің түстік жерден естіген сенде де арман барма, жігітім!
— ?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter