Өлеңдер ✍️

  08.07.2021
  179


Автор: Күләш Ахметова

Белгі

Мен заманның сескенем сыңайынан,
Жер сұрқынан, аспанның райынан.
Оңайынан оңалар орайы жоқ,
Ығысады жыр жылап, мұңайып ән.
Үндемесем болмайды, сөйлемесем,
Астарласам көнбейді, бейнелесем.
Баласына ана жүр арақ сатып,
Ұрпағына арақ ішпе дей ме десем!
Мына базар өз заңын елге ұсынды,
Кімге айтамыз өлеңмен енді сырды?
Арды ойламай, барды ойлау —
бұл заманның
Бедеріне соғылған белгі сынды.
Көрінбейтін сыздауық көбеде өсті,
Көкіректің көзімен көреді есті.
Шілдехана азайып, шығасы асса,
Өкінбестей, басымыз көп емес-ті.
Құбылмалы замандар, толқымалы,
Күнге қарай тіршілік талпынады.
Азаттықтан айрылып қалмау үшін,
Көп күш керек болады, халқым, әлі.
Тексіз еткен ол қоғам. Несі ұнайды?
Тегі барлар тозбайды, жасымайды.
Өмірге үйрен,
Адамды адал болса,
Басы мен екі қолы асырайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу