Өлеңдер ✍️
Туған жердің тойына
Сүйінші елім,сүйінші!
Қуанышыма сүйінші.
Қарт Ертісім аққан жер
Мерей тойына жиылшы!
Өлеңнің қанатын жықтым,
Туымды әуенсіз тіктім.
Бір назым кеудеде еді-ол
Көшесі Тәуелсіздіктің.
Ал енді ұзын көшемен,
Армандар жүз бер,еселен.
Ертістің самалы болып
Еркелеп, ес өлең!
Қара кеш ентелегенде,
Қара Ертіс еркеле сен де.
Жағаңда жанды жұбаттым
Жалғыздық желкелегенде.
Кереку кербезім,кеңім,
Арудай келбетті керім.
Өзіңде ақтарылып еді
Бар мұңым,шербетті шерім.
Айдынымен әйбәтті Аққулы елім,
Көңіл құсын ұшырған гәккуі едің.
Керекудің кеңдігін кемелдеген
Ұл-қызымен айбатты Ақсу жерім.
Бір қырыңда Қалқаман қылаңдайды,
Екібастұз даңқсыз тұра алмайды.
Павлодарым ілесіп ел көшіне
Жүргендей желісімен трамвайдың.
Павлодарға патшайым – Баянаулам,
Сырлы сымбат,сұлуым саған ауған.
Сағым қуып кеткенде, самаладай
Сабындыкөл сабынды жағаң қалған.
Ғабдылуахит Хазірет кесенесі,
Шарбақтының шырайын еселеді.
Ұстаз болып,халықтың көзін ашқан
Бабаның өткен күні кеше еді.
Болашақты болжаған Мәшһүр бабам,
Өмірі үлгі,тарихты,тасқын бабам.
Тағлым тұнған тастарға ту тігеді
Ұлыларын жоқтаған қасқыр далам.
Дана да бар жерімде,данышпан бар,
Әлкей кеткен,із қалып Қаныштан да.
Иса,Естай бабалар ән,өлеңмен
Тербеп жеткен,жас ұрпақ қалыс қалма.
Қасиет көп жерімде айта берсем,
Мен тыңдайын жыр далам айта бер сен.
Алпауыт зауыттарың төсіңе орнап
Өсіп,өрбіп қалыпсың қайта келсем.
Патша көрік Павлодар,пырақ қанат,
Сенен қалай өз қызың жырақтамақ.
Сексен жылдың сеңгірін асқаныңда
Сүйіншілеп Самалың жыр ақтармақ.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter