Өлеңдер ✍️

  07.07.2021
  135


Автор: Күләш Ахметова

Көкейкесті

— "Дүрбелең дулы қаланың
Дүкені қайда, қалқам-ай?
Өтердей мына ағаңның
Өзекті шері тарқамай.
Бітпеген аузы жараның,
Ішімде уым, нансаң, көп.
Қалаңа келдім, қарағым,
Домбыра сатып алсам деп.
Күтемін күнді зарығып,
Күтумен көбін кетірдік.
Келгенше жазған кәрілік,
Кеткен жоқ менен жетімдік.
Күтемін түнді зарығып,
Көз ілем кейде сәл мызғып.
Келгенше жазған кәрілік,
Кетпеді менен жалғыздық.
Дария — көңіл басылған,
Опасыз, жалған, тіршілік.
Жәдігер ұлдың
Жасынан
Арманы еді — күйшілік.
Домбыра жарар жолдасқа,
Күйменен көңіл тербетсем,
Үнімді алып қалмас па,
Ілулі тұрсын, мен кетсем". —
Көктемде гүлдер бүр жарған
Ауылдан келіп, нағашым,
Опасыз дедің бұл жалған,
Жақсысын қайдан табасың?
Бермеген маза көңілге
Өнердің сездім дәрменін.
Әміртай көке, өмірде
Домбыра ма еді бар кемің?
Күйқұмар едің о бастан,
Мақсатың емес елге ұнау.
Әміртай көке, адасқан
Арманыңды іздеп келдің-ау!
Мауқын бір адам басар да,
Мақсаты болса табанды.
Өнердің дерті қашан да
Тыншытпайды екен адамды!
Өнерпаз жанға жол — мұра,
Өтсе де жастық — көп қызық,
Береміз, көке, домбыра
Шебер ұстаға соққызып.
Қайтарсың біздің тірліктен,
Бағалап құйттай сый — істі.
Көкіректегі күй біткен
Төгілуге бір тиісті!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу