Өлеңдер ✍️
Ақ Жайықтан қайтарда
"Қоғалы көлдер, қом сулар"
Қонысы болған бұл елге
Бір тілек айтып кетейік
Ауылға қарай жүрерде.
Жігерге қанат бітірген
Жауынгер жерге
Тірерге
Табанның бүрі керегін
Кейбіреу кейде білер ме?
Егеулі найза алған ел
Ерекше бүгін Отан боп,
Ерлердің ісі біткендей,
Қайтқандай ескі қатал кек.
Қатар кеп қалған даму да
Даңқ қосып атын атар деп,
Мақтанар кезі туғанда
Мазасыз әлі Махамбет!..
Ақ Жайық суы!
Ақ көңіл елдің мінезі ең.
Еркесі елдің
Екеу де болса,
Бірі — өзің ең.
Аман бол,
Ару ақ айдын!
Жарасар жағаң елменен,
Шөлдеген жақтың көрмеген
Арманы болған ұлы өзен!
Жағаңда аз күн
Естілді менің
Наз үнім.
Күйіне қанып
Дина мен Құрманғазының.
Азының өзі көптен кем
Бола да қоймас,
Нәзігім.
Қызықтап келіп,
Қия алмай,
Қайтқаным —
Жалғыз жазығым.
Қаталға— қатал.
Мейірімге сонша бос ем мен.
"Қарлығаштайын қайта орал
Жыл сайын аман-есенде" —
Десең де,
Сезім
Аңсатқан
Айналып аппақ нөсерге,
Ұзатқан қыздай ұзақтан
Тілеулес болып,
Әрдайым
Жүрермін мен де осы елге!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter