05.07.2021
  187


Автор: Оскар Уайльд

Миллионер қайыршы

Қолынан іс келмесе, жігітке көрікті келбет пен сымбатты түр-тұлғаның пайдасы шамалы. Өмір осы қағиданы Хуги Эрзкайнға жақсылап ұқтырды. Шашы қоңыр, көзі сұр, келбеті келісті Хуги қандай кәсіпті қолға алса да, шаруасын дөңгелете алмай-ақ қойды. Сауданың түр-түрімен айналысып көрсе де, тәжірбиелі кәсіпкерлермен бәсекелесе алмады. Марқұм әкесі оған мұраға екі-ақ нәрсе қалдырған еді: қылышы және «Шығанақ соғысының тарихы» атты кітабы. Біріншісін Хуги бөлмесіне қабырғаға іліп қойса, ал екіншісін кітап сөресіне орналастырған болатын. Әкеден мұраға басқа ештеңе қалған жоқ. Сөйтіп, Хуги кәрі апасы бір жылға беретін 200 фунтпен* ептеп күнелтіп жүрді.



Ақша табуға ебі жоқ сымбатты әрі сері жігіт Хуги Лаура Мэртон есімді бір аруға өлердей ғашық еді. Лаура да оны сүйетін. Екеуі Лондондағы жұрт қызыға да қызғана қарайтын жарасымды жұп болатын. Бірақ қыздың Үндістанда әскери қызметте болған қарт әкесі екеуінің үйленуі үшін Хугиға бір шарт қойды. «Балам, он мың фунт ақша тауып, Лаураны асырай алатыныңды дәлелде. Қызымды саған содан кейін ғана беремін», — деген еді қарт офицер.


Хуги бір күні таңертен Алон Трэвор атты суретші досының үйіне барды. Хуги Аланды сурет өнерінің майталман шебері болғаны үшін сыйласа, ал суретші Хугиді екіжүзділік пен жасандылықтан ада, ақкөңіл болмысы үшін құрметтейтін. Екі дос бір-бірімен туған бауырлардай етене жақын араласып кеткен-ді. Хуги суретшінің үйіне кіріп келгенде, ол жұмыс үстінде еді. Қайыршының бейнесін салып жатқан Алан суретін тәмамдауға таяп қалған-ды. Бөлменің бұрышында тұрған кәрі қайыршының әжімді жүзі Хугиға шаршаңқы әрі солғын көрінді. Бір иығына қырық жамау шекпені ілінген, аяқ киімі жыртық, үсті-басы алба-жұлба бақытсыз қайыршыны Хуги аяп кетті. Мүсәпір тіленші бір қолымен таяғына сүйеніп, екінші қолымен жұрт ақша салсын деп тозығы жеткен қалпағын ұстап тұр екен.


— Сурет салуға тамаша кейіпкер тауыпсың! — деді Хуги досымен қол берісіп амандасып жатып, таңданысын жасыра алмай.


— Тамаша кейіпкер?! — деп бар даусымен ышқына айқайлап жіберді Алан Трэвор, — Мен де солай ойлаймын. Мұндай қайыршыны күнде кездестіре бермейсің. Бүгін жолым болды! Шіркін, бұдан Рэмброндт қандай туынды жасар еді!


— Байғұс қария! Тұрпаты неткен аянышты. Алайда тіленшінің аянышты түрі оның табысы емес пе? — деп сұрады Хуги.


— Әлбетте, — деп жауап берді суретші, — сен жүзі бал-бұл жайнаған қайыршыға садақа берер ме едің?!


— Осылай суретін салғызған адамға қанша төлейсің? — деді Хуги бір ыңғайлы орынға жайғасқан соң.


— Сағатына бір шиллинг.**


— Ал суретің үшін өзің қанша табасың?


— О-о, мұндай сурет үшін 2000 фунт аламын.


— Табысың жақсы екен. Меніңше, кейіпкеріңмен де бөлісу керексің. Өйткені, ол да сен сияқты ауыр жұмыс істейді ғой, — деді Хуги күліп.


— Әй, қайдам. Бір орында тұрудың несі қиын?! Ал суретші туындысы ойындағыдай шығу үшін сабырын түгесіп, жүйкесін жұқартып бітеді. Хуги, мен негізі жұмысымды әлі бітірген жоқпын. Сондықтан ойымды бөлмей, тыныш отыр.


Үнсіз өткен аз ғана уақыттан соң, бөлмеге қызметші кіріп, Алан Трэворға жолығуға рама жасаушы келіп тұрғанын айтты.


Суретші бөлмеден шығып бара жатып:


— Хуги, кетіп қалма. Мен көп бөгелмеймін, — деді.


Алан шығып кеткен соң, қайыршы сәл де болса отырып демалуға мүмкіндік алды. Оның тым аянышты түрі Хугиды қанша ақшасы бар екенін білу үшін, әмиянын қарауға мәжбүр етті. Бір фунт, бірнеше пенниі ғана бар екен. «Егер бұны берсем, алдағы 1-2 апта ақшасыз жүремін. Бірақ ақшаға менен гөрі ол әлде-қайда мұқтаж сияқты» деп ойлаған Хуги тиын-тебенін тіленшінің қалпағына салды. Қария орнынан ыршып түсті. Сәл ғана күлімсіреп: «Рахмет сізге, мырза! Үлкен рахмет» — деді. Осы уақытта бөлмеге Алан кіріп келді де, істеген ісінен ыңғайсызданып қалған Хуги досымен қош айтысып, шығып кетті.


Соңғы ақшасын қайыршыға беріп, қоғамдық көлікке төлейтін тиын-тебені болмай, үйіне жаяу қайтқан Хуги сол күнді Лаурамен бірге өткізді. Болған жайды естіген Лаура бұрқан-талқан боп ашуланды.


Кешқұрым Хуги суретші досымен тағы жолықты.


— Суретің ойдағыдай шықты ма? — деп сұрады Хуги.


— Иә, ойдағыдай шықты, рамаға да салып қойдым. Айтпақшы, әлгі қария сен туралы жақсы ойда қалыпты. Менен сен жайлы мәлімет сұрады. Мен оған сенің кім екеніңді, қайда тұратыныңды, қандай армандарың бар екенін түгел айтып бердім.


— Алан-ау, шын айтып тұрсың ба? Байғұс қария енді менің жолымды тосатын болды ғой. Оған мен қандай жақсылық істей аламын? Үйде көнетоз киімдерім бар еді. Соларды берсем, алар ма екен?


— Маған өзінің алба-жұлба киімдерін киген кездегі бейнесі ұнайды. Егер киімі бүтін болса, мен оның суретін ешқашан салмас едім. Әйтсе де, сенің ұсынысынды оған жеткізейін.


— Алан, — деді Хуги салмақты үнмен, — сені мұнша мейірімсіз деп ойламап едім.


— Суретшінің жұмысы — көргенін бейнелеу. Көргенін жақсарту оның міндеті емес. Сен одан да маған Лаураның жағдайын айт. Әлгі қария Лаура жөнінде көп қызығушылық танытты.


— Оған Лаура жөнінде де айттың ба?


— Иә, Лаура жөнінде де, қатал әкесінің шарты туралы да, он мың фунт жайлы да айттым.


— Сен кәрі қайыршыға менің жеке өмірім туралы бүкіл мәліметті айтқаның не?! — деп айқайлап жіберді Хуги.


— Қайран досым-ау, — деді Алан Трэвор жымиып, — сен кәрі қайыршы деп тұрған адам шындығында Еуропадағы ең бай адамдардың бірі. Ол бүкіл Лондонды сатып алса да, банктегі ақшасы таусылмас еді. Әлемдегі барлық астаналарда үйі бар, алтын ыдыспен тамақ ішетін адам ғой ол.


— Сен не айтып кеттің?! — деді Хуги түкке түсінбей.


— Рас айтамын. Бүгін менің үйімнен көрген қария Барон Хаузберг болатын. Екеуміз жақсы доспыз. Ол үнемі менің суреттерімді сатып алып жүреді. Бір ай бұрын «менің қайыршы бейнесіндегі суретімді салып бер» деп өтініш жасады. Мен келістім. Қайыршының киімінде ол әдеттегіден ерекше көрінді маған.


— Барон Хаузберг! О, Құдайым-ау! Мен оған бүгін садақа бердім ғой! — деді Хуги қатты таңданып.


— Садақа бердім дейді! — Алан ішек-сілесі қата күлді.


— Оның кім екенін маған бірден айтқаныңда, мен мұндай ақымақтық жасамас едім, — деді Хуги ренішін жасыра алмай.


— Сендей кербез де сері жігітті қайыршыларға садақа береді деп ойламап едім. Оның үстіне, Хаузберг мырза қайыршы киімінде болғандықтан, есімі аталғандығын қаламас деп ойладым, — деді Алан.


— Мені ақымақ деп ойлап қалған шығар, — деді Хуги күйініп.


— Жоқ, олай емес. Ол саған риза болып қалды. Әрі ұзақ уақыт өз-өзіне күлумен болды. Сен туралы сонша сұрауының мәнісін енді ұқтым. Ақшаңды келесі жолыққанға дейін өзіңе арнап сақтап қоймақшы. Сонымен қатар, бұл жайды қызықты оқиғасы ретінде әрдайым айтып жүрмек.


— Мен жолы болмайтын бір сорлымын. Қолымнан келетіні — төсекке жатып ұйықтау ғана. Сенен сұрайтыным, Алан, бұл жағдайды ешкімге айта көрме. Әйтпесе, ұяттан жұрт көзіне көріне алмаймын.


— Жоға, бұл сенің жаныңның жайсандығы мен жомарттығыңды көрсетеді.


Осындай әңгімеден соң көңілсіз Хуги үйіне қайтты.


Келесі күні таңертен таңғы асын ішіп отырған Хугидің үйіне Густав Наудин есімді адам келді. Оны Барон Хаузберг жіберіпті. «Кешегі қылығым үшін кешірім сұрауымды талап ететін шығар» деп ойлады Хуги. Алтын көзілдірікті, шашы сұр мырза:


— Маған Эрзкайн мырзамен сөйлесу мәртебесі бұйырар ма екен? — деп сұрады.


Хуги іздеген адамы алдында тұрғанын айтты.


— Мені Барон Хаузберг жіберді, — дей беріп еді, Хуги қонағының сөзін бөліп жіберіп:


— Кешегі ісіме қатты қынжылатынымды Хаузберг мырзаға айта барыңыз, — деді жұлып алғандай.


— Хаузберг мырза мына хатты сізге әкеліп беруімді тапсырды, — деді Густав Наудин күлімсіреп.


Хаттың сыртында былай жазылыпты: «Хуги Эрзкайн мен Лаура Мэртонның үйлену тойына кәрі қайыршыдан сыйлық». Ал ішінде он мың фунтқа чек бар еді...



*Британия ақшасы


** ескі Британия ақшасы, бір фунтта 20 шиллинг бар




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу